Accessibility links

"Заң бұзылады, әкімдік елемейді". Автопарк жұмысшылары еңбек жағдайына наразы


Семейдегі жолаушы автобусы. 24 қаңтар 2020 жыл.

Семейлік қоғам белсенділері өзі үлескер саналатын автопаркте еңбек заңы бұзылғанына көз жұма қарап отыр деп жергілікті әкімдікті кінәлайды. Жұмысшылар кәсіпорында еңбек шарты жасалмағанын, 16 сағат жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтады.

Семей қаласының азаматтық белсенділері жарты үлесі жергілікті әкімдікке тиесілі Semey Bus автобус паркінде жұмысшылардың еңбек құқығы бұзылып жатыр деп мәлімдеді. Олар автопарк жұмысшылары тәулігіне 16 сағат жұмыс істеуге мәжбүр екенін, олар үшін зейнетақы жарнасы аударылмайтынын және басшылық тарапынан қызметкерлерге қысым көрсетілетінін айтады.

Жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы белсенділер сөзін жоққа шығарып, "мекемеде еңбек құқықтары бұзылған жоқ, ал наразылар жағдайды әдейі ушықтырып отыр" деген пікір білдірді. Semey Bus компаниясындағы кикілжің жұмыс басталған бірінші аптада алдын-ала келісімшартқа қол қойған 50 жүргізуші жұмысқа шықпай қойған кезде басталып, әлі күнге жалғасып келеді. Жергілікті журналистер сол кездің өзінде "Автопаркте жүргізушілер әлден тапшы болса, жолаушы бағыттары бойынша қызмет көрсету тендерін дұрыс өтті деп бағалауға бола ма?" деген сұрақ қоя бастаған.

Шенеуніктердің "жағдайды реттейміз" деген уәдесіне қарамастан, жаңа автопарктың айналасындағы дау толастар емес.

Көре отырыңыз: Алматы маңына қатынайтын автобус жүргізушілерінің шағымы

"Полиция жөнсіз тоқтатып, жұмыс істетпейді". Автобус жүргізушілерінің шағымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00


ДАУ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

2018 жылы "БРК-Лизинг" компаниясы Қазақстандағы автобус парктерін жаңарту бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен. Жолаушылар тасымалы саласындағы бұрыннан қордаланған мәселелерін шешу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысқан Семей қаласының әкімдігі бірден іске кірісіп, "Семей" автобус паркі" жауапкершілігі шектеулі компаниясымен бірлесіп Semey Bus жаңа паркін құрған. Әкімдік 2019 жылы "БРК-Лизинг" компаниясының талаптарына сәйкес, төрт миллиард теңгеге 170 автобус сатып алынып, электронды билет жүйесі енгізілетінін мәлімдеген. Жақында мұндай өзгерістер облыс орталығы Өскемен қаласына да жетеді.

Қоғамдық көліктің жаңа жүйесі 2019 жылдың қыркүйек айында іске қосылған. Бірақ жаңа жүйе өзін жақсы жағынан көрсете алмаған: автобус саны 99 данаға қысқарған, жүргізушілерге жаңа еңбек шарты ұнамаған, жұмыс басталған бірінші аптада қала шетіндегі бір ауылда тұрғындар автобустың жолын жауып тастады. Жұрт автобустардың лық толы болуынан діттеген жеріне жете алмағанына наразылық білдірді.

- Біз жүргізген мониторинг нәтижесі бойынша, бір адамдар әлеуметтік желіде 20-ға жуық парақшада халықты ереуілге шығуға шақырған. Бірақ олар халықты рұқсат етілмеген митингіге шақыру арқылы соңы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатын қылмысқа итермелеп отырғанын түсінуі керек. Біреу шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып, жағдайды пайдалануға тырысып жатыр, - деген еді сол кездегі Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов.

Осыған қарамастан, әлеуметтік желідегі топтарда жаңа автопарктегі заңбұзушылықтар туралы ондаған хабарлама жарияланды. Олардағы видеоларда жұмысшылар өздерінің ақша жасырмағанына көз жеткізу үшін шешінуге мәжбүрлейтінін, "айыппұл саламыз" деп қорқытып, қызмет міндетіне кірмейтінін жұмыс істетіп, тыс автобус салонын жуғызатынын, айыппұл салатынын, тәулігіне 16 сағат жұмыс істеуге мәжбүрлеп, ұйықтауға төрт сағат қана уақыт беретінін айтады.

2019 жылы желтоқсанның 26-сы күні Facebook-те Semey Bus компаниясының қызметкерлері көп шағым айтқан, жүздеген адамның қатысуымен өткен кикілжіңнен тікелей видеотрансляция жарияланды. Видеода жиналғандар әлі күнге қолына еңбек шарты тимегенін, зейнетақы жарнасы аударылмайтынын айтып, наразылық білдірген. Осыдан кейін мәселеге қоғам белсенділері араласқан.

"МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР БҰЛ ЖАҒДАЙҒА ӘДЕЙІ КӨЗ ЖҰМА ҚАРАП ОТЫР"

Қаңтарда өткен ереуілде автопарк жұмысшылары көп адамға еңбек шарты берілмегенін тағы да ескерткен. Олар мемлекеттік органдардан көмек болар деп үміттенгенін, бірақ олардан келер қайран болмағанын айтады.

- Мысалы, маған әлі күнге өзім қол қойған еңбек шартын берген жоқ. Оның орнына тараптардың міндеті өзгертілген басқа келісімшарт үлгісін ұсынып отыр, - дейді кондуктор Наталья Борисевич.

Муниципалдық автопарк жұмысшылары еңбек құқығының бұзылғанына шағым айтып тұр. Шығыс Қазақстан облысы, Семей, 26 желтоқсан 2019 жыл.
Муниципалдық автопарк жұмысшылары еңбек құқығының бұзылғанына шағым айтып тұр. Шығыс Қазақстан облысы, Семей, 26 желтоқсан 2019 жыл.

Семейлік құқық қорғаушы Илья Бароховскийдің сөзінше, жүргізушілер мен кондукторлар шынымен тәулігіне 16 сағат жұмыс істейді.

- Бір бағыттағы автобуста таңертең және кешке жүріп көрдім. Таңертең де, кешке де сол жүргізуші мен кондуктор болады. Осының өзі заң бұзуға барып отырғанын көрсетеді. Бұл заңбұзушылық 500 адамды қамтиды. Semey Bus автопаркінде 200-ден астам ескі және жаңа автобус бар. Олардың әрбірінде кемі екі адам - жүргізуші мен кондуктор істейді. Бірақ әкімдік бұл мәселеге назар аудармады, ал еңбек инспекциясы мораторийді алға тартып, шағымдарымыз бойынша тексеру жүргізбей отыр, - дейді Илья.

Автопарк қызметкерлері қоғам белсенділерінің көмегімен еңбек инспекциясына төрт шағым берген. Бірақ еңбек инспекциясы мекемеде еңбек заңы қалай орындалып жатқанын тексеруден бас тартқан.

Еңбек инспекциясының жауабында "Мемлекет басшысының "Қазақстан Республикасында тексерулер жүргізуге, профилактикалық бақылау және тексеріспен баруға мораторий енгізу" туралы жарлығына сәйкес, шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жарияланған. Сондықтан сіздің шағымыңыз бойынша тексеру жүргізу мүмкін емес" делінген.

Ресми жауап мәтініне Semey Bus компаниясы жұмысшы саны 15-тен аспайтын микрокәсіпкерлік ұйымы екенін растайтын анықтама тіркелген.

Қазақстандағы жолаушы автобусы. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы жолаушы автобусы. Көрнекі сурет.

Көлік бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов компанияны "бұл 700 адам жұмыс істейтін үлкен мекеме" деп сипаттады. Шынымен, 300 мың халқы бар Семейде жолаушы тасымалдау қызметін көрсетумен 15 адам ғана айналысады дегенге сену қиын.

- Не болып жатқанын түсінуден қалдық. Бұл микрокәсіпкерлік субъектісі болса, қызметкер санының жеткілікті болмағанына қарамастан, сан миллиардтық тендерді қалай жеңіп алған? Ірі кәсіпкерлік (250 қызметкерден көп адам жұмыс істейтін мекеме ірі кәсіпкерлік субъектісіне жатады) болса, ол мораторийге кірмейді. Онда неге еңбек инспекциясы мәселеге назар аударғысы келмей отыр? Көлік бөлімі мен еңбек инспекциясы бір ғимаратта отырады. Бірақ олардың бір-бірімен байланыспайтыны анық. Еңбек инспекциясы бір айдың ішінде Semey Bus автопаркінде жүздеген адам жұмыс істейтінін анықтай алмады, - дейді Илья Бароховский.

ҚҰҚЫҚТАРДЫҢ БҰЗЫЛУЫ БӘРІНЕ ӘСЕР ЕТЕДІ

Қоғам белсенділері бұл мәселеде мекеменің қай санатқа жатқанына қарамастан, оған тексеру жүргізуден бас тартуға мораторий сылтау бола алмайтынын айтады. Өйткені шағым берушілер кәсіпорынды емес, ондағы еңбек құқығының бұзылғаны туралы деректі тексеруді сұрап отыр.

Семейдегі жемқорлыққа қарсы күрес бойынша арнаулы мониторинг тобы басшысының орынбасары Николай Исаевтың пікірінше, мұндай жағдайда әкімдік мәселеден шет қалмауы керек.

- Жолаушы тасымалдайтын компаниядағы құқықтардың бұзылуы бәріне әсер етеді. Жүргізушіге көп нәрсе байланысты. Мұнда жолаушыларды, жолдағы басқа көліктер мен жаяу жүргіншілерді айтып отырмын. Кондукторды автобус жууға мәжбүрлеу туралы айтсақ, бұл оның міндетіне кірмейтін, жұмыстан тыс уақыттағы еңбек саналады. Ал бізде адам құқықтарынан жоғары тұратын ештеңе жоқ. Біз кәсіпкер үшін емес, кәсіпкер халық үшін өмір сүреді. Аталған компанияның 49 пайызы қалаға тиесілі. Әкімдік бірлескен қызмет жұмысын жақсартуы керек. Бұл жерде әкімдік еңбек процесінің толық құқылы қатысушысы болып отыр, - дейді Николай Исаев.


Қоғам белсенділері осы мәселемен екі айдан бері айналысып келеді. Олар блогерлермен бірге ондаған эфир өткізіп, әкімге хат жазып, еңбек инспекциясы мен прокуратураға шағым тапсырған.

Ақпанның 7-сі күні Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов баспасөзге берген сұхбатында жолаушы бағытының кемшіліктері барын айтып, оны қайта қарауға уәде еткен; әкімдіктегі бөлім басшыларын жұмысқа қоғамдық көлікпен келуге міндеттегенін, бұл туралы өзіне жазбаша есеп өткізіп отыруды тапсырғанын мәлімдеген. Сол кезде автопарк директоры ауысты.

Қоғам белсенділерінің пікірінше, аталған шаралар Semey Bus жұмысшыларының жағдайын жақсартпаған, қайта текетіресті жаңа деңгейге шығарған.

"ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАҒАН"

2020 жылы қаңтарда Semey Bus компаниясының бірнеше қызметкері әкімге хат жазып, оған 38 адам қол қойған. Жұмысшылар жергілікті биліктен жұмыс берушімен келіссөз жүргізуге көмектесуді сұраған. Хатта нөмірі көрсетілген қызметкерге дәл сол күні жұмыстан босағаны туралы хабарлама келген. Semey Bus қызметкерлері өкілдерінің айтуынша, бірнеше күн ішінде хатқа қолдау көрсеткендердің басым көпшілігі райынан қайтып, әкімге жазылған хатқа қойған қолынан бас тартқан.

Осыдан кейін Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов автопарктің бірнеше қызметкерімен кездесу өткізген. Осы кездесуден үзінді видео Instagram желісіне жарияланған. Видеода әкім автопарк жұмысшыларына жүргізушілердің автобусты ерікті түрде жуып жүргенін айтады.

- Сіздерге қате ақпарат жеткен. Қазір автопаркте жүргізушілер автобус жумайды, - дейді Сәлімов.

Видеода автопарк қызметкерлері әкіммен сөз таластырады. Олар жүргізушілердің автобусты ресми түрде ғана ерікті жуатынын, шын мәнінде лас автобус үшін айыппұл салынатынын, ал автобусты компаниядағы көлік тазалайтын қызметкерлерге жуғызу үшін 16 cағаттық жұмыс күнінен кейін тағы үш сағат кезекте тұру керегін айтады.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов қоғам белсенділерінің дерегін жоққа шығарды:

- Бірден айтайын, мұндай нәрсе жоқ. Біз комиссиямен барып, көрдік. Мұндай фактілер анықталған жоқ. "Тәулігіне 16 сағат жұмыс істейміз" деп, жағдайды ушықтырып жүрген жекелеген адамдар бар. Облыс әкімінің орынбасары келді. Онымен қала әкімі сөйлесті. Ондай фактілер болмаған. Адамдар сондай көңіл-күйде болған ғой... Біз жұртты [әкімнің атына жазылған хатқа қол қойғандарды] жинадық, олар "Бізге бір адамдар келіп, қолымызды алып, кетіп қалды" деді. Жағдай осылай болған. Онда директор ауысты. Ол инженерлік-техникалық құраммен, жүргізушілермен, кондукторлармен кеңес өткізді. Қазір осы мәселені реттеп жатыр. Бес күн бұрын ғана құрылтай жиналысының шешімімен директор болып тағайындалды. Бұрынғы директор орынбасар болды. Одан бөлек, электронды билетпен айналысатын оператор бекіту керек. Қазір ол осы мәселелермен айналысып жатыр.

Қазақстандағы жолаушы автобусы. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы жолаушы автобусы. Көрнекі сурет.

Сөз арасында Серікқали Жұманов мекемеде экономикалық қиындық барын айтып қалды. "Автопарк шығынын өтей алмай жатыр, оған лизингтен өту керек, енді салық төлеу басталады. "Қазір ең үлкені – салық екенін білесіз ғой" деді ол.

Қазір қоғам белсенділері автопаркке сотқа дейінгі талаптарын дайындап, еңбек инспекциясымен жағдайды анықтауға, "мекемені тексеруге шынымен президенттің жарлығы қолбайлау болып отыр ма?" деген сұрақтың жауабын табуға тырысып жатыр. Белсенділер ұйымда жұмысшылардың басын қосатын кәсіподақ жоғын айтады. Бірақ олар осы жағдайды сипаттап жазып, Қазақстанда бөлімшесі бар халықаралық еңбек ұйымына хат жіберген.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы жұмысшылардың бірігу және ереуіл өткізу құқығының бұзылуы бойынша (ITUC) "2018. ITUC индексі. Әлемдегі жұмысшылар үшін ең нашар жағдай жасалған елдер" рейтингінде Қазақстанды "Құқықтарға кепілдік берілмеген" мемлекеттер тобына қосқан.


  • 16x9 Image

    Хадиша АҚАЕВА

    Хадиша Ақаева - Азаттықтың Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі. Шәкәрім атындағы университетті журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Армения және Грузиядағы басылымдарда тәжірибеден өткен. Азаттықпен 2019 жылдан бері серіктес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG