Accessibility links

Жүргізушілер наразылығынан кейін Shymkent bus басшылығы жалақыны көтеруге келісті


"70 мың теңге кімге жетеді?" Шымкентте жүргізушілер, кондукторлар айлықты өсіруді талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

3 ақпанда Шымкенттегі Shymkent bus компаниясының автобус жүргізушілері жалақыны көбейтуді талап етіп, жұмысқа шықпады. Олармен келіссөзде басшылық "компанияның шамасы жеткенше" жұмысшылар талабын орындауға келісті.

"ЖАЛАҚЫНЫ КӨТЕРСІН!"

Сәрсенбі, 3 ақпан күні таңертеңнен Шымкент қаласындағы қоғамдық көлік аялдамаларында жұрт автобусты сарыла күтіп тұрып қалды. Шаруасына асыққандар такси ұстап кетіп жатты.

Қала ішінде жолаушы таситын Shymkent bus компаниясының алдына жиналған жүзден астам автобус жүргізушісі мен кондукторы басшылықтан жалақыны көтеруді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартты.

Қала ішінде жолаушы таситын Shymkent Bus компаниясы жүргізушілері жұмыс берушіден еңбекақыны көтеруді талап етіп тұр. Шымкент, 3 ақпан 2021 жыл.
Қала ішінде жолаушы таситын Shymkent Bus компаниясы жүргізушілері жұмыс берушіден еңбекақыны көтеруді талап етіп тұр. Шымкент, 3 ақпан 2021 жыл.

Наразылар жиналған жерге барған Азаттық тілшісіне жұмысшылар мардымсыз жалақы алатынын, жұмыс берушінің "орынсыз" талаптарына қарсы екенін айтты. Олар компанияда төлем картасы енгізілсе де, жұмыс берушінің қоғамдық көлік қызметін қолма-қол ақша төлеп пайдаланатын жолаушылардан түсетін ақшаға жоспар жүктеп қойғанына шағымданды.

– Айына 150 мың теңге аламын. Қолға таза 120 мыңы тиеді. Кондуктордың алатыны мүлде төмен. Жалақысы 70 мың теңге болғанымен оның өзін де дұрыс бермейді. Біз төлем картасына қарсы емеспіз, тек жүргізушілерге нақты жалақы белгілеп, көбейтсін. Жоспарды алып тастасын. Жағдайды жақсартсын, – деген талап айтты жүргізушілердің бірі.

Наразылар жұмыс беруші автобусты жуу, компания қызметкерлерін түскі тамақпен қамтамасыз етуі тиіс болса да, ол міндетін орындамайды деп те шағынды. Олар компания басшылығын жүргізушілерге жоспарды "орынсыз көтере береді" деп кінәлайды.

– Кешке келесің – жоспарды көтеріп тастайды. Екі мың теңге, бес мың теңге қоса салады. Не кондукторға айлық жоқ, не жүргізушіні жарытпайды. Егер кондуктор болмаса халық төлем картасын валидаторға ұрмайды. Біздің жанайқайымызды кім естіп жатыр? 70 мың теңге айлық кімге жетеді? Біреудің несиесі бар, біреудің пәтерақысы бар. Директор "осы жерге қоныңдар" дейді. Сонда бала-шағамызды кім бағады? – дейді кондукторлардың бірі.

Shymkent Bus компаниясы басшылығынан еңбекақыны көтеруді талап етіп тұрған автобус жүргізушілер мен кондукторлар. Шымкент, 3 ақпан 2021 жыл.
Shymkent Bus компаниясы басшылығынан еңбекақыны көтеруді талап етіп тұрған автобус жүргізушілер мен кондукторлар. Шымкент, 3 ақпан 2021 жыл.

Таңертеңгі сағат 8 шамасында ереуілде тұрғандарға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов келген. Әкім олардың мәселесін "кешке дейін шешіп беруге" уәде етіп, оларды жұмысқа шығуға үгіттеген. Бірақ жұмысшылар басында оған көнбеген.

"БҰДАН АРТЫҚ КӨТЕРУГЕ КОМПАНИЯНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖОҚ"

Сәрсенбі күні таңертеңгі сағат 11-дің шамасында жүргізушілердің бір тобы Shymkent bus компаниясы өкілдерімен келіссөз жүргізді. Олардың сөзінше, компания басшылығы жүргізушілерге 200 мың теңге, кондукторларға 100 мың теңге айлық төлеуге, автобусты жууды кәсіпорын мойына алып, жұмысшыларды тасымалдауға автобус шығаруға уәде еткен.

Бұдан соң, наразылық білдіріп тұрғандардан ондаған адам жұмысқа шығуға келісті. Ал отыз шақты жүргізуші мен кондуктор компаниядан жалақыны 300 мың теңгеге дейін көтеруді талап етті. Бірақ компания басшылығы оған келіспеді.

Қала ішінде жолаушы таситын Shymkent Bus компаниясы жүргізушілері мекеме басшысы Азат Фархатовтан (сол жақ шетте) еңбекақыны көтеруді талап етіп тұр. Шымкент, 3 ақпан 2021 жыл.
Қала ішінде жолаушы таситын Shymkent Bus компаниясы жүргізушілері мекеме басшысы Азат Фархатовтан (сол жақ шетте) еңбекақыны көтеруді талап етіп тұр. Шымкент, 3 ақпан 2021 жыл.

– Жалақыны көтеру компанияның кірісіне байланысты. Бүгін мынадай жағдай болған соң жүргізушілердің жалақысын 200 мың теңгеге көтердік. Кондукторларға 100 мың теңге жалақы белгіледік. Оған да келіспей жатқандар бар. Бірақ жалақыны бұдан артық көтеруге компанияның экономикалық жағдайы келмейді, – деді компания директоры Азат Фархатов.

Бұл сөзге көңілі толмаған наразылардың кейбірі жұмыстан шығатынын айтты.

Директор Азат Фархатовтың айтуынша, Shymkent bus компаниясы күнделікті Шымкент қаласында 22 бағыт бойынша жолаушы тасымалдауға 250 автобус шығарады. Компанияда 500-ден астам жүргізуші еңбек етеді.

Бұған дейін компания кейінгі бір жылда иелігіндегі автобустарды толық жаңартты деп хабарланған.

Shymkent bus компаниясында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақы мәселесіне байланысты наразылық білдіруі алғаш рет емес. 2019 жылы да дәл осындай талаппен жүргізушілер жұмысқа шығудан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG