Accessibility links

"Нұрсұлтан таратқан академияны, Қасым-Жомарт қайтармақ". Тоқаев ғалымдарға уәде беріп, орден үлестірді


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым академиясының сессиясында. Алматы, 1 маусым 2022 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым академиясының сессиясында. Алматы, 1 маусым 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беруге, бюджеттен қаржыландыруға және академиктерге өмір бойы стипендия төлеуге уәде етті. Ғылыми зерттеумен айналысуды ынталандыруға бұл жеткілікті ме? Отандық ғылымды дамыту үшін не істеу керек? Қазақстандық бірнеше ғалымның пікірін сұрадық.

«ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҚ ЭКСПЕРИМЕНТ»

1 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясы қоғамдық бірлестігін 75 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Ресми ақпарат құралдары Алматының көрікті жерінде орналасқан сәулетті академия ғимаратының музейге айналған залдарын Тоқаевтың аралағанын көрсетті. Совет билігі тұсында салынған еңселі ғимараттың ұшар басындағы «Қазақ ССР ғылым академиясы – Академия наук Казахской ССР» деген жазу әлі күнге өшпеген, бірақ ақ қабырғадағы ақ жазу алыстан бадырайып көріне де қоймайды.

Кездесуге қатысқан ғалымдардың сөзінше, бұл Қазақстан президентінің Ұлттық ғылым академиясы ғимаратына кейінгі 20 жылда алғаш рет келуі. Олар мемлекет басшысымен кездесу бұл жолы да Абай атындағы опера және балет театрында өте жаздағанын, ғалымдардың өтінішінен кейін академия ғимаратына ауыстырылғанын айтады.

Ғылым академиясының ғимараты.
Ғылым академиясының ғимараты.

Елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы, 2017 жылы ғалымдармен Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында кездескен еді.

«Бүгінгі ахуалына қарап, академияның болашағы бұлыңғыр деп санайтындар, өкінішке қарай, аз емес. Тіпті, академиктердің өзі оған күмәнмен қарайды» деген Тоқаев бұл жолы академияға мемлекеттік мәртебе беруге және бюджет есебінен қаржыландыруға үкіметке тапсырма беріп қойғанын айтты.

– Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналып, сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз, – деді Қазақстан президенті.

Тоқаев кезінде академияны қоғамдық бірлестікке айналдыру туралы шешім қабылдауға не себеп болғанын ашып айтқан жоқ.

– Біз түрлі жағдайға байланысты бір кезде өзгеше жолды таңдауға мәжбүр болдық. Ұлттық ғылым академиясы көптеген қоғамдық ұйым қатарына қосылып кетті. Салдары қандай болғанын қазір көріп отырмыз, – деді Қазақстан президенті. Ол мұнан былай Ұлттық ғылым академиясы академиктеріне өмір бойы стипендия төленетінін хабарлағанымен, нақты көлемін айтпаған.

Қазақстан ғалымдары арасында Қазақ ССР ғылым академиясын әлі күнге сағынышпен еске алатындар аз емес. Олар енді Тоқаевтың уәдесінен кейін, 2003 жылы қатардағы қарапайым қоғамдық ұйымдардың біріне айналғалы ғылымдағы жетекші рөлі мен бұрынғы статусынан айырылған академияға жан бітеді деп үміттенеді.

Президентпен кездесуге қатысқан тарихшы, академик Хангелді Әбжанов пен Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті Ерден Қажыбек академияның жаңа статусы бұрынғы советтік ғылым академиясының статусына жақындайды деп санайды.

Әбжанов биліктің осыдан жиырма жыл бұрын академияны бюджеттен қаржыландыруды тоқтатып, қоғамдық бірлестікке айналдырғаны үлкен қателік болды деген пікірде.

– Ғылымның үлкен ошағы 2002 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта экспериментке түсіп қалды. Ол эксперимент өзін ақтамады, ғылымға үлкен зиянын тигізді, – дейді ғалым.

ҒЫЛЫМ ФЛАГМАНЫНЫҢ КӨП ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМНЫҢ БІРІНЕ АЙНАЛУЫ

2002 жылы бір топ академиктің ғылымды ұйымдастырудың өзгеше жолын таңдауды ұсынып жазған «өтініш» хатынан соң, келесі жылы президент Назарбаев Ғылым академиясын таратып, ол қоғамдық бірлестікке айналған. Оның құрамындағы қырықтан астам ғылыми институт Ғылым және білім министрлігінің қарамағына өткен.

Хангелді Әбжанов ол хатты академиктер «өз еркімен емес, биліктің нұсқауымен жазды, оған академия президентін сайлау нәтижесі себеп болды» дейді.

Совет кезінде академиктердің өздері сайлаған Ғылым академиясы президенті тікелей Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысына бағынатын, ол үрдіс кейін де жалғасқан.

Академик Хангелді Әбжанов
Академик Хангелді Әбжанов

– 1996 жылы академия президенті сайлауына президент Назарбаевтың өзі қатысты. Ол төрағалыққа академик Өмірбек Жолдасбековті, ғалымдар Кенжеғалив Сағадиевті, академик Еділ Ерғожин өз-өзін ұсынды. Сағадиев көпшілік дауыспен жеңді. Назарбаев «сіздер академик емес, мүше-корреспондентті төраға етіп сайлап, академия жарғысын бұздыңыздар» деп айыптады. Оған академик Салық Зиманов «ғалымдар жақында Сағадиевті де академик етіп сайлағалы отыр» деп жауап берді. Бұл сайлау Назарбаевқа қатты тиді, өзі ұсынған кандидатураны өткізе алмай, жердің үстімен келіп, астымен кеткендей болды. Осылайша академия президенттің қырына ілігіп, ақыры тарап кетті, – дейді ол.

1946 жылы белгілі қазақ совет ғалымы Қаныш Сәтбаевтың ұйымдастыруымен құрылған Ұлттық ғылым академиясы Қазақстан ғылымының флагманы саналды, совет идеологиясы оны «ел жетістігі» деп насихаттады.

Ғалымдар 2017 жылы Нұрсұлтан Назарбаев академияның 70 жылдығымен құттықтауға келгенде де «академияны қалпына келтірер» деп үміттенген, бірақ олай болмады.

МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕ БЕРУ – ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛЫ МА?

Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ерден Қажыбектің пікірінше, академия қоғамдық бірлестікке айналғалы Қазақстанда ғылымды ұйымдастыру мен басқару, нәтиже көрсету «кері кеткен».

– Ғылымды басқару мәселесі ғылымнан хабары жоқ шенеуніктер қолына өтті. Ғылымды көп жыл бойы тек бір жылдық жобалар аясында қаржыландырды. Тек кейінгі жылдары ғана үш жылдық жобаларға көшті. Ғылым бір жылда немесе үш жылда жасала салатын жай ғана құрылыс емес. Ғылымды ғалымдардың өздері басқарып, дұрыс ұйымдастырса пайдасы болады, егер министрлктің кезекті департаментінің біріне айналса пайдасы жоқ, – дейді ол.

Тарихшы Қанат Өскенбай Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беру – ғылымды дамытудың жолы деген пікірге күмәнмен қарайды.

Қанат Өскенбай.
Қанат Өскенбай.

– Ғылымды қаржыландыруды өзгерткеніне ондаған жыл болса да, Қазақстан ғылымы ауыз толтыратындай нәтижеге жете алмады. Енді «совет кезінде оң нәтиже берген» деп бұрынғы жүйені қайтармақшы. Меніңше, мәселе формасында емес, мазмұнында. Қандай жүйені әкелсе де ғылыми кадр, ғылыми база жасамаса, нәтиже де болмайды, – дейді ол.

Қанат Өскенбай академиктерге стипендия беруден гөрі, жас мамандарға көбірек қолдау көрсету керек, өйткені ақшасы жоқ ғылыммен айналысуға жастар құлшынбайды деп санайды.

– Бірер күн бұрын бір топ академикке түрлі орден-медаль берді. Енді өмір бойына стипендия бермекші. Бұл жағынан ғалымдардың көңілін аулауға ұқсайды. Себебі Тоқаевқа қазір қоғамның әр саласынан қолдаушы керек, – дейді ол.

Президент Ұлттық ғылым академиясына барардан бір күн бұрын 22 ғалымды түрлі орденмен марапаттап, жарлық шығарған.

Тоқаевтың уәдесінен кейін ғылым академиясының бұрынғы құрылымы қалпына келе ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың пікірін білуге талпынған едік, бірақ ол «қолы бос емесін» айтып, кейін хабарласуды сұрады.

– Бұрынғы ғылыми институттар қайтадан академияға қарай ма, жоқ па, білмейміз. Ол мәселе алдағы бір жыл ішінде анықталады, – деді Ұлттық академияның аты-жөнін жарияламауды өтінген қызметкері Азаттық тілшісіне.

«ҒЫЛЫММЕН ШЫН АЙНАЛЫСАТЫНДЫ ҚАЛДЫРЫП, ПАРАЗИТТЕН ҚҰТЫЛУ КЕРЕК»

Ұлттық ғылым академиясы қоғамдық бірлестігі сайтындағы мәлімет бойынша, қазір академия құрамында 163 академик, 76 корреспондент мүше бар. Ұлттық ғылым академиясының 2020 жылы өткен сайлауында жаңадан 37 академик қосылған. Жарғы бойынша, сайлау 5 жыл сайын өтуге тиіс.

Академиктер арасында ғылым саласындағы еңбегімен танылған белгілі ғалымдармен қоса, ғылыми жұмыс атқармаған адамдар да бар. Мысалы, тізімде елдің бұрынғы президенті мен оның қызының, құдасының, парламенттің бұрынғы депутаттарының, кейбір бұрынғы министрлердің, университет ректорларының аты-жөні кезігеді.

Қазақстандағы ғалымдардың 30 пайызы ғана ғылыммен күнделікті айналысып жүрген зерттеушілер. Қалғаны ғылымға мінгескен паразиттер

Хангелді Әбжановтың сөзінше, академиктерді қайта сайлау дауға ұласуы мүмкін, сондықтан оларды қалдырған да дұрыс, бірақ кімге стипендия беру мәселесін академия өзі нақтылауға тиіс.

– Қазақстандағы ғалымдардың 30 пайызы ғана ғылыммен күнделікті айналысып жүрген зерттеушілер. Қалғаны ғылымға мінгескен паразиттер. Корреспондент мүше болмай-ақ академик бола салғандар көп. Ғылыми дәреженің барлық сатысынан өтсе ғана академик болуы керек, – дейді академик ғалым.

Академияның корреспондент мүшесі Ерден Қажыбек академия қоғамдық бірлестікке айналған соң академик болу бұрынғыдан әлдеқайда оңайлағанын айтады.

– Қаржысыз қалған академия бейшараның күйін кешті. Ықпалды, қалталы адамдар академик болып алды. Меніңше, ғылыми нәтижелері жоқ адамдарды академиктіктен босату керек, – дейді Қажыбек.

Ғылым академиясына бұрынғы статусын қайтару туралы пікірталас Қазақстан ғалымдары арасында көп жылдан бері жалғасып келеді. Елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы құптамай:

– Марқұм Салық Зиманов: «Барлығын тындырып жүрсің ғой, енді академияны да қалпына келтірсең дұрыс болар еді» деген еді бір кездескенімізде. Ол академия соны аңсаған академиктерге жақсы болатын шығар, бірақ ғылымның болашағына сай келмейді, – деген.

Назарбаев бұл сөзін 2011 жылғы 1 желтоқсанда отандық ғалымдармен Алматыдағы опера және балет театрында кездескенде айтқан. Сол жиында сөйлеген ғалымдар Назарбаевқа мадақ айтудан жарысып, Ұлттық ғылым академиясы Нұрсұлтан Назарбаевқа «әлемдік ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі үшін» «Ғасыр ғұламасы» деген атақ берген еді.

XS
SM
MD
LG