Accessibility links

Мыңдаған студентке жатақханадан орын тимеді


Жазғы демалыстан соң қалаға оралған студент. Алматы, 27 тамыз 2019 жыл.

Қазақстанның жоғары оқу орындарында жаңа оқу жылы басталып кетті. Грант саны еселеп артып, студенттер шоғыры көбейген тұста кей университеттер студенттерін жатақханамен қамтамасыз ете алмай әуре. Азаттық тілшісі Алматыдағы бірнеше университетті аралап, жатақхана үлестіру тәсілімен танысып қайтты.

"ЕҢ ӘУЕЛІ 1-КУРС СТУДЕНТТЕРІ, СОСЫН - ҚАЛҒАНЫ..."​

Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің екінші курс студенті Рақымжан оқу тамыздың 19-ы күні басталып кетсе де, әлі күнге дейін жатақхана таба алмай қиналып жүргенін айтады.

- Қызылордадан келдім. Қазір апамның үйінде тұрып жатырмын. Бізге жатақхана берген жоқ. "Бірінші курстарға жеткізе алмай жатырмыз" деді, - дейді ол.

Университеттің жатақхана басқармасына барған Азаттық тілшісі онда Рақымжан сияқты жатақханадан орын ала алмай жүрген студент көп екенін көрді. №1 жатақханада орналасқан басқарма есігі жабық тұр. Журналист есікті қағып көрді, бірақ ешкім ашпады.

Есік алдында отырған бірнеше студент Азаттық тілшісіне "Екінші курста оқимыз. Жатақхана ала алмай жүрміз. "Сендер бара тұрыңдар, онсыз да бірінші курсты сыйғыза алмай жатырмыз" деп бізбен сөйлеспейді" деді жарыса сөйлеп.

Балаларын жатақханаға орналастыру үшін ауылдан келген ата-аналар. Алматы, 27 тамыз 2019 жыл.
Балаларын жатақханаға орналастыру үшін ауылдан келген ата-аналар. Алматы, 27 тамыз 2019 жыл.

Студенттердің бірі жатақхана мәселесін "бұл жерде емес, он қабатты ғимаратта отырғандар шешетінін" айтып жөн сілтеді. Бірақ есік алдындағы күзетші журналисті ғимаратқа кіргізбеді.

Бас корпус алдында тұрған қарт әйел Түркістан облысы Жетісай ауданынан келіпті. Университеттің екінші курсында оқитын кенже баласының жатақхана ала алмай, әр жерді паналап жүргенін айтып, "Жетісайдан осы жатақхана үшін келдім" деп шағынды.

Баласына жатақхана алып беру үшін Жетісайдан келген Фатима Қарсыбаева. Алматы, 27 тамыз 2019 жыл.
Баласына жатақхана алып беру үшін Жетісайдан келген Фатима Қарсыбаева. Алматы, 27 тамыз 2019 жыл.

- Атым Фатима Қарсыбаева. Жасым жетпісте. Шалым жоқ. Мынау кенже ұлым еді. Сабағы басталғанына он күн болса да әлі жатақхана ала алмай, әр жерде қонып жүр екен. Бұл жақта туыстарымыз да жоқ. Сосын бастықтарына кірейін деп келген едім. Мына күзетшілер ішке жібермейді, - деп кейіді ол.

Есік алдында тұрған күзетшілер Фатима Қарсыбаеваға "басшылыққа кіру үшін тіркелу керектігін" айтты.

Жұрт арасында "политех" деген атпен танымал университетке биыл 2500 студент бірінші курсқа қабылданған. Ал университет жатақханасында 1700 орын бар.

"Студенттерді академиялық қолдау туралы және жатақханада тұру ережесіне сәйкес, бірінші курс студенттеріне және әлеуметтік қорғалмаған санаттағы студенттерге артықшылық беріледі. Бұл санатқа әлеуметтік жағдайы мен қаржылық жағдайын ескере отырып, резидент емес студенттер, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қамқорлыққа алынған балалар кіреді. Жоғарғы курс студенттеріне арналған орындарды осы ережеге сәйкес институттар комиссиясы бөледі. Алматы қаласынан 100 шақырымнан аспайтын (жерде тұратын) адамдар үшін жатақхана қарастырылмаған" деп жазған университет баспасөз қызметі Азаттыққа берген жауабында.

Университет Азаттықтың "Жатақханаға мұқтаж қанша студент бар?", "Грантпен білім алып жүрген жоғарғы курс студенттері қайда тұрады?" деген тәрізді бірнеше сұрағына жауап бермеген.

"16 МЫҢ СТУДЕНТ ЖАТАҚХАНАҒА МҰҚТАЖ"

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жаңа оқу жылы қарсаңында барған Азаттық тілшісі оқу орны әкімшілігінен жатақхана сұрап жүрген бірнеше студентті кездестірді.

Аты-жөнін атағысы келмеген студенттердің айтуынша, университетте арнайы электронды база енгізілген. Жатақханадан орын сол базадағы мәліметтер арқылы бөлінеді.

Университет әкімшілігінің дерегінше, оқу орнында жалпы саны 27 мың студент бар. Соның ішінде 10 мың студент биыл бірінші курсқа қабылданған. Оның тең жартысы мемлекеттік грант бойынша оқуға түскендер.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алдындағы автобус аялдамасында тұрған адамдар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алдындағы автобус аялдамасында тұрған адамдар.

Аталған жоғарғы оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі департаментінің директоры Жұлдыз Есімова қазіргі кезде жатақханаға мұқтаж 16 мың студент бар екенін айтты.

Оның сөзінше, биылғы қазан айында 1500 орындық тағы бір жатақхананың құрылысы басталмақ. Университеттің әзірге жеті мыңға жуық студентті жатақханамен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар дейді ол.

- Студенттерді жатақханаға орналастыру электрондық жүйе бойынша жүргізіледі. Яғни әрбір студенттің жеке парағында оның әлеуметтік жағдайы көрсетілген. Мысалы, биыл 1500 студент автоматты түрде жатақхана алды, - дейді департамент директоры.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәрбие ісі жөніндегі департаментінің директоры Жұлдыз Есімова.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәрбие ісі жөніндегі департаментінің директоры Жұлдыз Есімова.

Жұлдыз Есімованың айтуынша, жатақханадан орын бөлген кезде ата-анасы жоқ және балалар үйінде тәрбиеленгендер, мүгедек адамы бар отбасыдан шыққан студенттер, университетте кілең беске оқығандар, шетелден келгендер мен оралман студенттерге басымдық беріледі.

Қазақстанның қай аймағынан келсе де аталған алты категорияға жатпайтын студенттің "жатақханадан орын алуға мүмкіндігі жоқ екенін" алға тартқан Есімова "елде әрбір грантқа бес миллиондай теңге бөлінеді, ал ата-анасы білім грантын алған баласын жатын орынмен қамтамасыз етсе болады ғой" деп санайды.

"Егер ол грантқа түсе алмай қалған жағдайда ақылы түрде де оқытады ғой. Ал студенттерді "мынау жақын жерден келді, анау алыс аймақтан келді" деп жіктеу дұрыс емес" дейді Есімова.

БАСЫМДЫҚ БЕРУ ТӘСІЛІ

Электрондық базамен орналастыру жүйесін қолға алып жатқан жоғары оқу орындарының тағы бірі - Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті.

Университет ғимаратының алдында балаларымен бірге жатақханаға орналасуға берілетін рұқсат қағазын күтіп отырған ата-аналар "Балаларымызға орын болады деді. Сондықтан әзірге үндемей, қоя тұрайық" десті.

Университетте оқу қыркүйектің екісінен басталатындықтан жатақханадан орын әзірге тек бірінші курс студентеріне ғана бөлініп жатыр екен.

Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінде ілінген хабарландыру. Алматы, 29 тамыз 2019 жыл.
Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінде ілінген хабарландыру. Алматы, 29 тамыз 2019 жыл.

Өзін Бақыт Күзембаева деп таныстырған оқу орны өкілінің айтуынша, 2019-2020 оқу жылында үш мыңға жуық студент бірінші курсқа қабылданған. Бұл оқу орнының жатақхана үлестіру тәсілі де "политехтікіне" ұқсас – ата-анасы алыс аймақтарда тұратын студенттер, мүгедек адамдар, көп балалы және аз қамтылған отбасыдан шыққандар және мектепті үздік бітірген немесе алтын белгі иегерлеріне жатақханадан бірінші орын беріледі.

- Мұндай студенттер бірінші кезекте жатақхана алады. Университетте алты мыңнан астам студент бар. Бұларға магистранттар да кіреді. Бірақ жатақханада қанша орын бар екенін және қанша студенттің мұқтаж екенін айта алмаймын, - деді Бақыт Күзембаева.

ЖАҢА ЖАТАҚХАНА САЛУ ЖОБАСЫ

2018 жылы Қазақстан білім және ғылым министрлігі елде 100 мыңнан астам студенттің жатақханаға мұқтаж екендігін айтқан болатын. Өткен жылдың қазан айынан бастап, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге арналған үш жылдық бағдарлама жасалынып, оған республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлінген.

2018 жылғы мәлімет бойынша, Алматы қаласында 30 мың студентке жатақханадан орын жетпейді. Бүгінге дейін бес жоғарғы оқу орны жатақхана құрылысын бастаған. Олардың арасында жоғарыда айтылған үш университет те бар.

Бөлмелері жекешелендірілген бұрынғы студенттік жатақхана. Алматы, 13 шілде 2019 жыл.
Бөлмелері жекешелендірілген бұрынғы студенттік жатақхана. Алматы, 13 шілде 2019 жыл.

"Білім туралы" заңның 8-бабында "Мемлекет студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханамен қамтамасыз ету үшін жағдай жасайды" деп жазылған.

2019-2020 оқу жылы мемлекет ұлттық бірыңғай тест қорытындысы бойынша тиісті балл жинағандарға 51 мыңнан астам грант (магистранттар мен докторант әзірлеуге бөлінген гранттарды есептемегенде) бөлінген. Бұдан бөлек, үкімет әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасының балаларына арнап, қосымша бес мың грант бөлді.

Соңғы жылдары бюджет есебінен оқуға мүмкіндік беретін грант саны күрт ұлғайған. 2016 жылы шамамен 32 мың грант бөлінсе, 2017 жылы 37 мыңнан асқан. 2018 жылы бұл көрсеткіш 53 мыңға жетті. Бұған дейін кей мамандар грант санының көптігі білім сапасына кері әсер етуі мүмкін деп болжаған.


  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG