Accessibility links

Жоғарғы сот қаулысы: баспасөзді қорғау ұйымы өкілдерінің күдігі мен үміті


Жоғарғы сот ғимараты. Көрнекі сурет.

Баспасөзді қорғау ұйымдары журналистер сотқа тартылған жағдайда судьялар басшылыққа алатын жоғарғы соттың "Ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау" туралы қаулысын өзгерту қажет дейді. Бұрынғы қаулыға байланысты журналистер мен ақпарат құралдарының көп мәселеге кез болғанын алға тартқан заңгерлер “жоғарғы соттың жаңа қаулыны журналистік қауым өкілдерімен талқылауы өте маңызды” дейді. Жоғарғы сот жоба жыл соңына дейін талқыланатынын айтады.

ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ ЖОБАСЫ

Қазақстанның жоғарғы соты 1992 жылы қабылданған "Ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау туралы заңды сот тәжірибесінде қолдану туралы" қаулыға өзгеріс енгізу мақсатында жаңа жоба әзірлеп, ресми сайтына жариялады.

"Әділ сөз" баспасөзді қорғау қоры жоғарғы сот әзірлеген нұсқаның кемшін тұстары барын айтып, оны өзгерту қажет деп санайды. Ұйым өкілдері бұған дейін жоғарғы сотқа өз жобасын жібергенін, бірақ олардың ұсыныстары әзірге ескерілмегенін айтып отыр.

Жобаға сараптама жасаған "Әділ сөз" қорының заңгері Тамара Симахина құжаттағы келіспейтін тұстарға тоқталды.

Тамара Симахина.
Тамара Симахина.

- Біріншіден – "іскерлік бедел" ұғымына байланысты түсініктеме қажет. "Іскерлік беделге нұқсан келтірді" деп әдетте мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік қызметкерлер шағымданатынын білесіздер. Іскерлік бедел тек коммерциялық ұйымдарда немесе жеке кәсіпкерлерде болады деп есептейміз. Себебі олардың беделі табысына тікелей байланысты. Ал мемлекеттік сектор мемлекеттік және қоғамдық жұмыс атқарады, олардың қызметі пайда табуға бағытталмаған, олардың бюджеттен белгіленген тұрақты жалақысы бар. Яғни, іскерлік бедел дегеніміз ұйым немесе жеке кәсіпкердің табысына әсер ететін бедел, - деді заңгер мамырдың 22-сі Алматыда өткен баспасөз жиынында.

Симахинаның айтуынша, жоғарғы сот ұсынған қаулы жобасында "БАҚ-та жарияланған ақпараттың рас екенін жауапкер дәлелдеуі керек" деп жазылған. Ал заңгердің пікірінше, ақпараттық рас-өтірігін шағым беруші өзі дәлелдеуі керек. Оның айтуынша, жаңа жобаға қолданыстағы ескі қаулы тұжырымдамасы енген.

- Шынымен де 2009 жылға дейін Азаматтық кодекстің алғашқы бөлімінде "егер мәліметті таратқан адам оның рас екенін дәлелдей алмаған жағдайда" ар-намысына нұқсан келген адам өзіне қатысты мәліметті терістеуге құқылы деп көрсетілген. Міне, дәл осы жайт процессуалдық теңсіздік тудырды. Яғни шағым беруші сотқа қолына газетін ала келіп "мында жалған ақпарат жазылған" деп көрсетсе жеткілікті. Ал ол ақпараттың рас екенін дәлелдеу машақатын жауапкер яғни журналистер, бас редакторлар мен БАҚ иелері тартатын. Біз бұл тұжырымды алып тастау үшін ұзақ күресіп, ақыры 2009 жылы алынып тасталған еді. Қазір процессуалдық теңдік орнап, шағымданушы өз сөзін, ал жауапкер өз сөзін бірдей дәлелдеуі керек. Дегенмен жоғарғы соттың жаңа жобасында ескі тұжырымдама жазылған, - дейді заңгер.

Жобада бұл категориядағы істер бойынша шағым берушінің ресми кешірім талап ете алатыны көрсетілген. Шағым беруші әдетте журналистерді сотқа бергенде моральдық өтемақы, мәліметті терістеу мен кешірім сұрауын талап етеді. "Көп жағдайда сот бұл талапты қанағаттандырып жатады" дейді заңгер.

- Бірақ бұл дұрыс емес және Азаматтық кодекске қайшы. Кодекстегі 143-бапта ар-намыс пен абыройына нұқсан келтірген үшін екі жаза көрсетілген: ақпаратты терістеп, мақала жариялау, екіншісі – тегін түрде [қарсы тараптың] жауабын жариялау. Ал кешірім сұрау ол ой-пікір болып саналады, ал Конституциямызда әркімнің пікір айтуға құқығы бар, - дейді Тамара Симахина.

Қазақстандағы бірқатар басылымдар. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы бірқатар басылымдар. Көрнекі сурет.

"Internews-Қазақстан" медиа ұйымының заңгері Ольга Диденконың пікірінше, жобаның кемшін тұстарымен қатар жақсы жақтары да бар.

- Мысалы, жобада ақпарат көзі сол ақпаратты таратқан БАҚ сияқты жауапкершілікті арқалайды деп жазылған. Ол да сот процесіне тартылуы керек. Ақпарат қаншалықты шындыққа сәйкес келеді, оны қайдан алды және не үшін таратты және осы сияқты өзге де сұрақтарға жауап беруі тиіс деп көрсетілген. Қазір кей кезде редакция "ар-намыс, беделді қорғау" бойынша түсірілген шағымға байланысты жалғыз жауапкер болып қалады. Ал ақпарат көзі жауапқа тартылмайды, - дейді Ольга Диденко.

Диденко журналистік қауым өкілдерінің жобаны халықаралық медиа сарапшыларға жібергенін, солардың да жауаптарын күтіп отырғанын айтты. Ол жуырда жоғарғы сот журналистік қауым өкілдерін шақырып, жобаны бірге талқылайтын шығар деп үміттенеді.

"БҰЛ СОҢҒЫ НҰСҚАСЫ ЕМЕС"

Ал жобаны дайындаған жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов құжаттың ашық талқыланып отырғанын, қоғамның және медиа саласы ұйымдарының пікірі ескерілетінін атап өтті.

- Бұл ұжымдық жұмыс. Жергілікті соттардағы осындай мәселелерге байланысты сот практикасы қорытылады, талданады. Құрылымдық бөлімшелер сараптайды. Сосын жоғарғы соттың жанында ғылыми консультативтік кеңес бар, ғалымдардан құралған олардың ұсыныстары ескеріліп қоғамның ашық талқылауына беріледі. Яғни бұл бір адамның жұмысы емес - ұжымдық еңбек, - деді Айдос Садуақасов.

Оның сөзінше, наурыз айында басталған талқылау жылдың аяғына дейін созылмақ. "Қазірдің өзінде "Әділ сөз" және өзге тағы бірнеше медиа саласындағы ұйымдар өз талап-тілектерін жолдады" дейді.

- Бұл қаулы заңның бір түрі ғой, бірақ бір ерекшелігі - заңдарға түсініктеме береді, қолданыстағы заңның нормаларын судьялар қалай қолданып жүр, біркелкі қолданып жүр ме, егер олай болмаса оған не себеп екені, қандай мәселелер назарға алынуы керек екенін түсіндіреді. Егер медиа саласының мамандарының келіспейтін тұстары болса, оны да талқылаймыз. Одан кейін мүдделі мемлекеттік органдар бар, прокуратура, адвокатура сияқты әртүрлі сала мамандарына, оның ішінде ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберіледі. Бұл соңғы нұсқасы емес, өзгерістер болуы әбден мүмкін, - деді жоғарғы сот өкілі.

Қазақстандағы сөз бостандығын бақылайтын "Әділ сөз" ұйымының дерегінше, 2017 жылы – "ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау" бабы бойынша - 76 шағым, 2018 жылы - 62 талап-арыз тіркелген.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG