Accessibility links

"Әжетханада оқушы зорлау" айыбы тағылған адамға үкім шықты


Сот ғимаратында айыпталушыны кісенмен алып бара жатқан айдауыл. Көрнекі сурет.
Сот ғимаратында айыпталушыны кісенмен алып бара жатқан айдауыл. Көрнекі сурет.

Таразда кәмелетке толмаған баланы зорлау айыбы тағылған 38 жастағы азаматқа үкім шықты. Сот оны 25 жылға бостандығынан айырып, химиялық кастрация жасауға пәрмен берді. Адвокатының айтуынша, айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған.

ЖАБЫҚ СОТТАҒЫ ҮКІМ

Қаңтардың 24-і күні Тараздағы Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "мектеп әжетханасында оқушыны зорлау" ісі бойынша айып тағылған 38 жастағы жергілікті тұрғынды аса ауыр қылмысқа айыпты деп тауып, 25 жылға бостандығынан айыруға үкім етті. Істі қараған судья Кенжеғали Кенжебеков шығарған үкімге сәйкес, сотталушыға химиялық кастрация жасалады. Бұған қоса сот айыпталушыны жәбірленушіге моральдық зиянның өтемақысы ретінде бес миллион теңге төлеуге міндеттеді деп хабарлады Азаттық тілшісіне Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі.

Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кенжеғали Кенжебеков. Тараз, 24 қаңтар 2020 жыл.
Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кенжеғали Кенжебеков. Тараз, 24 қаңтар 2020 жыл.

Айыпталушының адвокаты Абдулла Бақбергеновтің Азаттыққа айтуынша, прокурор соттан айыпталушыны өмір бойына бостандығынан айыруды сұраған.

- [Айыпталушы] сол күні арақ ішкенін, мас болып, өте ауыр қылмыс жасағаны үшін қатты өкінетінін айтты. Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Алғашқы бес жылында алкоголь мен есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделеді, - деді адвокат.

Қорғаушының сөзінше, айыпталушы тарап үкімге апелляция шағымын бермейді. Сот үкімі сотталушының қолына тиген сәттен бастап 15 күн ішінде күшіне енеді деді адвокат.

Айыпталушы бұрын да қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған: 21 жастағы әйелді зорлады деген айыппен бес жылға сотталып, жазасын өтеп шыққан. Еш жерде жұмыс істемеген. Тергеу кезінде жүргізілген сараптама қорытындысы айыпталушының алкоголь мен есірткіге тәуелді екенін анықтаған.

"Оқушы баланы зорлау" ісі бойынша сот процесі қаңтардың ортасында басталған. Жәбірленушінің кәмелет жасына толмағанына байланысты сот процесі жабық өтті.

МЕКТЕП ӘЖЕТХАНАСЫНДА ЖАСАЛҒАН ҚЫЛМЫС

2019 жылы қарашаның 15-і күні Тараз қаласындағы мектептің ауласындағы әжетханада кәмелетке толмаған оқушы қызды белгісіз ер адамның зорлағаны туралы ақпарат тарады. Көп ұзамай полиция қылмысқа күдікті ретінде 38 жастағы жергілікті тұрғынның ұсталғанын хабарлады.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің сөзінше, күдікті адамды видеокамерадағы бейнежазбаның көмегімен анықтап, тұтқындаған. "Жәбірленуші таныған күдікті кінәсін мойнына алды" деп мәлімдеді полиция басшысы.

Қазақстандағы мектептердің бірінің ауласындағы әжетхана. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы мектептердің бірінің ауласындағы әжетхана. Көрнекі сурет.

Күдіктінің үстінен кәмелетке толмаған баланы зорлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі қозғалып, Қылмыстық кодекстің 120 ("Зорлау") және 121-баптарының 4-тармағында ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық") қарастырылған қылмыстық іс-әрекетке байланысты айып тағылды.

Мектеп әжетханасында оқушыны зорлау қылмысы қоғамда резонанс туғызды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатуды бұйырды. Қала әкімімен қоса тағы бірнеше лауазымды қызметкер – Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, Тараз қаласы білім бөлімінің жетекшісі Мүбәрак Жинақбаева және ауласында қылмыс жасалған мектептің директоры жұмыстан кетті.

Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке ескерту жасады.

ҚАТАҢДАҒАН ЖАЗА

Өткен жылдың соңында Қазақстан президенті зорлау қылмысын жасағандарға жазаны қатайту туралы заңға қол қойған. Оған сәйкес, зорлау қылмысы ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына ауыстырылған. Бұрын жәбірленуші тараппен өзара татуласқан жағдайда айыпталушыны жауапкершіліктен босататын ереже заңнан алынып тасталды.

Ал кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жасалған сексуалдық сипаттағы іс-әрекет аса ауыр қылмыс түріне жатқызылып, қылмысы дәлелденген адамды 20 жылға немесе өмір бойы бостандығынан айыру жазасы енгізілген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан педофилдерге жазаны қатаңдатуды талап етіп келген әйелдер. Нұр-Сұлтан, 23 шілде 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан педофилдерге жазаны қатаңдатуды талап етіп келген әйелдер. Нұр-Сұлтан, 23 шілде 2019 жыл.

2019 жылғы шілдеде Нұр-Сұлтанда министрлер үйінің алдына жиналған бір топ әйел Қазақстанда балаларға сексуалды зорлық-зомбылық жасау оқиғалары жиілеп кеткенін айтып, биліктен педофилдерге жазаны күшейтуді талап еткен. Қыркүйек айында парламентте алғашқы жолдауын жариялағанда президент Тоқаев зорлау қылмысын жасағандарға жазаны қатайту қажетін айтып, үкіметке екі айдың ішінде заңға тиісті өзгертулер әзірлеп ұсынуды тапсыратынын мәлімдеген.

ХИМИЯЛЫҚ КАСТРАЦИЯ

Қазақстанда 2018 жылдың басынан бастап химиялық кастрация жасау туралы заң күшіне енген.​

Қылмыстық кодекске сәйкес, химиялық кастрация "кәмелетке толмағандарды зорлады" деген айып тағылып, қылмысы дәлелденген 18 жастан асқан адамдарға қолданылады.

Өткен жылы желтоқсан айында Қазақстан ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті елде "Зорлау" бабымен сотталған төрт азаматқа химиялық кастрация қолдану үкімі орындалып жатқанын хабарлаған.

Кастрация педофилия мәселесін шеше ме? (Шілде, 2018 жыл)

Кастрация педофилия мәселесін шеше ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG