Accessibility links

Теміртау: Шағын қаладағы зор проблемалар


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы метталургия комбинатының мұржалары. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2018 жыл.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы метталургия комбинатының мұржалары. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2018 жыл.

Ауасы, топырағы мен су ресурстары ластанған Теміртау тұрғындарын мазалайтын тағы бір экологиялық проблема пайда болды. Қоғамдық экологиялық зерттеу бұған дейін тазартылған Нұра өзенінің алқабында тұрғындар өміріне қауіпті сынап барын көрсетті.

Қарағанды облысында құрылған "Жасыл кеңес" ұйымы шағын қалада бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан зор проблема - экологиялық мәселені шешу жолдарын ұсынды. Әзірше проблеманы шешу жолдары талқыланып, белгілі бір шаралар қабылдау енді қолға алынса, экобелсенділер мен қала тұрғындары түсі қарайған қар мен қою түтін басқан қаланың фото және видеосын әлеуметтік желіде күнде жариялап жатыр. Әсіресе желсіз аяз болған күні бұл проблема қатты білінеді.

"Теміртау экологиясы" тобы интернетте парақшасын ашты. Жергілікті тұрғындар "қаланың ауасын көріп, иіскеп қана қоймай, қолмен ұстап көруге де болады" деп әзілдейді, зиянды қалдық терезе мен киім-кешекке, машинаға жабысады.

Жақында "Отражение" қоғамдық экологиялық бірлестігі (ауаны зерттеу жөніндегі экологиялық білім жобасына грант ұтып алған) белсенділерінің арқасында Теміртауда ауа атмосферасына мониторинг жасайтын датчиктер пайда болды. Оларды қаланың тоғызыншы ықшамауданы мен "соцгород" деп аталатын бөлігіне және шығыс жағына орнатты.

Шағын құрылғы тозаң құрамында зиянды бөлшектердің бар-жоғын анықтайды. "Отражение" бірлестігінің экологы Елена Варганованың айтуынша, үш датчиктің екеуі мектепте орнатылған, оқушылар көрсеткіш өзгерісін бақылап, ондағы өзгерістерді шенеуніктерге хабарлайды.

Қоғам өкілдері ауа сапасын кез келген уақытта интернеттегі онлайн-картаға кіріп бақылай алады. Биыл Теміртауда осындай тағы 5 датчик орнату жоспарланған, және екеуі Қарағанды мен Қарағанды облысының Шахан кентіне қойылады.

СЫНАП ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ

Тәуелсіз экологтар шенеуніктер Теміртауға қауіп төндіретін басқа да ластану көздеріне назар аударса дейді. Тәуелсіз экологтар жүргізген қоғамдық экологиялық бақылау жұмыстары тазарту жұмыстары жүргізілген Нұра өзені алқабында сынаптың шамадан артық екенін көрсетті.

Бастамашыл топтың экологтары Нұра өзеніндегі сынаппен қайталама ластану және бұрынғы "Карбид" өндірістік бірлестігінің коллекторы сияқты экологиялық мәселелерді шешу үшін қаржы бөлуді сұрайды, аталған жерлер республикалық деңгейдегі экологиялық мәселелер тізімінде көрсетілген.

"Қарағанды облыстық экологиялық музейі" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дмитрий Калмыков. Теміртау, 24 қаңтар 2018 жыл.
"Қарағанды облыстық экологиялық музейі" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дмитрий Калмыков. Теміртау, 24 қаңтар 2018 жыл.

- Нұра аңғарын сынаптан тазалау жұмыстарынан кейін ластану деңгейін бағалау жұмыстары жүргізілген жоқ. Соған байланысты сынаптың қазіргі деңгейін бағалау үшін Нұра өзені алқабын және жағалау аймағын кешенді зерттеу жөнінде ұсыныс енгіздік, - деді Азаттық тілшісіне тәуелсіз эколог, "Қарағанды облыстық экологиялық музейі" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дмитрий Калмыков.

Ацетальдегид өндіретін "Карбид" өндірістік бірлестігі бұрынғы химиялық өнеркәсібі кәсіпорнының орнын басқан "ТЭМК" акционерлік компаниясы ("Теміртау электр-металлургиялық комбинаты") зарарлы коллектордың мәселе тудырып тұрғанын растады, онымен бұрын сынап мөлшері жоғары ағын су тасымалданған екен.

"ТЭМК" қаржыландыру болмағандықтан Теміртаудың батыс бөлігіндегі өндірістік ағын суды бейтараптандыру және тазалау торабын қалпына келтіру жұмыстарын тоқтатып қойыпты. Эколог Дмитрий Калмыковтың айтуынша, жоба "ТЭМК" компаниясына өнеркәсіптік және шаруашылық-нәжіс ағын суларын қажетті нормативке дейін тазарту және зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін еді.

Алайда қаржы министрлігі республикалық бюджеттен ақша бөлінеді деп саналған жобаны қаржыландырмады. Биыл Қарағанды облысы әкімдігі қайтадан бюджеттен қаржы бөлуді сұрап өтініш жібермек.

"ТЭМК" компаниясы Теміртау қаласын сауықтыру жөніндегі кешенді шаралар жоспарына енгізілген әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыру кейінге қалады немесе мүлдем орындалмайды деп алаңдайды.

- Бұл мәселені бірлесіп, келісіп шешу керек, себебі мемлекет аталған экологиялық проблеманы шешуге араласпаса, аймақтағы экологиялық жағдай нашарлап, әлеуметтік шиеленіс ұлғая береді. Соған қоса екінші үлкен проблеманың шешімін тапқаны үшін алғыс айтамыз, "ТЭМК" аумағынан "Карбид" кәсіпорыны іс-әрекетінен қалған зиянды қалдықтарды тасу сәтті аяқталды. Соның арқасында қалдықтарды сақтаған ыдыстар ескіріп, тот басу салдарынан ашылып кеткен жағдайда болатын экологиялық апаттың алдын алдық, - деді Теміртау қаласындағы жиында "ТЭМК" басқарма басшысының орынбасары Иван Леннов.

Қазір Теміртау қаласынан бірнеше километр жердегі сынабы бар қалдықтар көмілген "Апан" полигонын ары қарай сақтау үшін мамандандырылған ұйымға тапсыру мәселесі туындап тұр. Полигонға көмген сынап Дүниежүзілік қалпына келтіру және дамыту жөніндегі банктің қаржыландыруымен мемлекет тапсырысы бойынша Нұра өзенінен алынған ластанған топырақпен бірге алынды. 1990 жылдары "Карбид" кәсіпорны жұмыс істеп тұрғанда өзен маңына қалдықтар шығарылған, өзен түбіне шөккен шығарынды сынаппен улаған.

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ОТЫРҒЫЗУ, ГАЗҒА КӨШУ ЖӘНЕ ПЕШ ЖАҒУДАН БАС ТАРТУ

Қоғам сынанан соң билік ауаның ластануына қарсы күрес ретінде жасыл желек отырғызу жоспарын ұсынды. Билік биыл қоғамдық орындарға жалпы сомасы 39,4 миллион теңге болатын 200-ге жуық ағаш, мыңға тарта тал-шілік егеміз деп уәде берді. 2030 жылға дейін 42 мың түпке жуық жасыл желек отырғызу жоспарланған, оның көбі тал-шіліктер.

Бұған бір миллиардтан астам теңге жұмсалмақ. Бірақ қоғам өкілдері тиісті күтім жасалмағандықтан ағаштардың көбі солып қалады деп қорқады, мұндай жағдай бұрын да болған.

Биліктің пікірінше, ауа пешке көмір жаққандықтан да ластанады.

"Жасыл кеңестің" отырысы. Теміртау, 24 қаңтар 2019 жыл.
"Жасыл кеңестің" отырысы. Теміртау, 24 қаңтар 2019 жыл.

- Ауаны ластаушы заттарды азайту мақсатында пеші бар үйлерді газбен жабдықтауға көшпекпіз. "КАТЭК" жобалаушы ұйымы Теміртауда газ тарату желісін салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірледі. Жоба қазір мемлекеттік сараптамаға берілді, - деді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов Жасыл кеңестің отырысында.

Теміртаудың ауасын жақсарту мақсатында қоғамдық көлік пен коммуналдық автокөлікті газға көшіру жоспарланған. Бірақ тұрғындар газдың сапасы күмәнді екенін айтып шағымданады, себебі мұндай автобустарда тыныстау мүмкін емес дейді. Бірнеше аялдамадан соң газдың исінен жүрек айнып, бас айналады, көзге жас толып, тыныстау ауырлайды, ал көшеде қолқаны күйдіретін ащы иіс ұзақ сақталады.

"НЕГІЗГІ ЛАСТАУШЫЛАРДЫҢ" ЖОСПАРЫ

Қоршаған ортаны негізгі ластаушы - "Арселор Миттал Теміртау" акционерлік қоғамынан бөлек қала экологиясына зиян келтіретін "ТЭМК" акционерлік қоғамы, "Карцемент" акционерлік қоғамы, "BasselGroupLLS" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәрізді өзге де өнеркәсіп кәсіпорындары бар. АМТ металлургиялық комбинатындағы негізгі қалдық шығаратын үш нысанға ТЭЦ-2, ТЭЦ ПВС және Аглопроизводство жатады.

Теміртаудағы өнеркәсіп нысандарынан ауаға тараған түтін. (Көрнекі сурет.)
Теміртаудағы өнеркәсіп нысандарынан ауаға тараған түтін. (Көрнекі сурет.)

- ТЭЦ ПВС және ТЭЦ-2 мен өзге де нысандарды табиғи газға қосып, мазут пен көмірден бас тартпақпыз. Сонда электр станциясының қалдықтары айтарлықтай азаяды, - деген болатын бұған дейін "Арселор Миттал Теміртау" акционерлік қоғамының атқарушы директоры Вадим Басин. Бірақ ол газға нақты қашан көшетінін айтпады.

АМТ дерегі бойынша, 2019-2020 жылдары экологиялық жобаны жүзеге асыру үшін 35 миллиардтан астам теңге жұмсалмақ. Электр сүзгі орнатып, шаңды тазалау жабдықтарын қайта қалпына келтіріп, әк күйдіру пешін жаңарту, газ цехының күкіртін тазалауды қалпына келтіру жұмыстарын жасау жоспарда бар. Бұған құса күл-қоқыр жинағыш жасау жобасы жүзеге асып жатыр, кокс газы мен кокс-химиялық өндіріс құрылғыларын тазарту жүйесін қалпына келтіру жөніндегі жоба да іске қосылды. Басинның сөзінше, жобаны аяқтау үшін 4 жыл керек.

Теміртау тұрғындарына қазір "BasselGroupLLS" акционерлік қоғамына тиесілі бұрынғы электр станциясы шығарған күл үйіндісі де мәселе тудырып тұр.

- Станция өте ескі, 1942 жылы салынған. Бізде күл үйіндісіне арнап бөгет салу жобасы бар, сонда оның көлемін арттырып, суға толтыра аламыз, солайша шаң-тозаңды азайтамыз. 2020 жылы бұл жобаны аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді "BasselGroupLLS" өкілі Жасыл кеңес отырысында.

Қоғам өкілдері қалдықтардың онлайн-мониторингісін жасап, ластаушы компаниялар эмиссия үшін төлейтін қаржының 50 пайыздан кем емес бөлігін аймақтағы экологиялық мәселені шешуге бағыттауды талап етеді. 2018 жылы аймақтағы стационарлық көздерден шыққан қалдық көлемі 587 тоннаны құрады.

Адамдардың шағымы көбейіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "экологиялық жағдайды жақсарту үшін кешенді шара қабылдау" туралы тапсырмасынан соң "Жасыл кеңес" құрылды, ол аймақтағы, соның ішінде Теміртаудағы экологиялық мәселені шешумен айналысуы керек. Жоспарлар керемет, бірақ соның бәрі орындала ма? Бұл сұраққа әзір жауап жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG