Accessibility links

Уэльс тілін қалай тірілтті?


Уэльс тілі мәселелері бойынша комиссар Алед Робертс.
Уэльс тілі мәселелері бойынша комиссар Алед Робертс.

Ұлыбритания құрамындағы Уэльсте уэльс тілі мәселелері бойынша арнайы комиссар жұмыс істейді. Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметіне берген сұхбатында уэльс тілі мәселелері бойынша комиссар Алед Робертс тілді дамыту бойынша тәжірибелерімен бөліседі.

Арнайы комиссардың жұмысы уэльс тілінде сөйлейтін азаматтардың құқығын қорғайтын Омбудсменге көбірек ұқсайды. Жеке аппараты бар комиссар түрлі салада уэльс тілінің қолдану аясын кеңейтуге күш салып, түрлі құрылымдардың тілге байланысты міндеттерін орындауын қадағалап отырады.

Азаттық: Уэльсте қанша адам уэльс тілінде сөйлейді?

Алед Робертс: Аймақтың 19 пайызы немесе 562 255 адам ана тілі ретінде уэльс тілін көрсеткен. Егер балаларға келсек, 5 пен 15 жастағы балалардың 40,3 пайызы немесе 152 255 адам уэльсше сөйлейді. Уэльстің барлық бөлігінде уэльс тілінде сөйлейтіндер бар. Бірақ аймақтың солтүстік және батыс бөлігінде көбірек шоғырланған. Алайда соңғы жылдары бұл тіл елдің оңтүстік-шығысы мен қалаларында да таралып жатыр. Бұл орта мектепте уэльс тілін енгізумен байланысты.

Уэльс орталығы Кардиф қаласы.
Уэльс орталығы Кардиф қаласы.

Азаттық: Аппаратыңызды кім қаржыландырады? Мемлекеттен тәуелсіз жұмыс істейсіздер ме? Билік қызметіңізге әсер ете ала ма?

Алед Робертс: Біз тәуелсіз ұйымбыз. Бізді Уэльс үкіметі есебінен мемлекет қаржыландырады. Тәуелсіз жұмыс істейміз және тәуелсіз ұйым ретінде аппарат қызметі заңмен реттеледі.

Азаттық: Сіз ұйымдарға уэльс тілін қолдану бойынша міндет жүктейсіздер. Түрлі органдарды талаптарыңызды орындатуға қалай міндеттейсіздер?

Алед Робертс: Міндет - бұл талап емес. Заңнамада уэльс тілін қолдану бойынша ұйымдарды міндеттеу процесі көрсетілген. Негізінен бұл мынадай сатылардан тұрады: Ұйымдарға міндет жүктелмес бұрын олар заңнамадағы тізімде болуы тиіс. Тізімде бар ұйымдармен, қоғаммен кеңес өтіп, нормативті актіде нақты бір ұйымға байланысты қандай стандарт болуы керек, осы мәселе талқыланады. Біз оның нәтижесін уэльс үкіметіне жеткіземіз. Біздің кеңестерімізді уэльс үкіметі қарап, регламент әзірлейді. Онда уәкілдің (комиссар) әрбір ұйымға қандай міндет жүктеуі мүмкін екені жазылған. Бұдан соң бұл ережелер уэльстің ұлттық ассамблеясына таныстырылып, онда талқыланып, дауыс беріледі. Бұған уэльс үкіметі жауапты. Ассамблея ережелерді бекіткен соң уәкіл әрбір ұйыммен кеңесіп, оған қандай міндет жүктелгенін, қашан орындауы керектігін айтып хабарлайды.

Көп жағдайда тіл жайлы міндеттер мемлекеттік ұйымдарға жүктеледі, бірақ кейбір жағдайда кәсіпорындар (мемлекеттен көп қаржы алатын) да міндеттеледі.

Азаттық: Уэльсте қалғысы келетін мигранттардың уэльс тілін білуі міндет пе?

Алед Робертс: Жоқ, міндетті емес. Алайда уэльс тілі - мемлекеттік мектептердің барлығында барлық оқушы үшін міндетті пән. Қазіргі кезде оқушылар уэльс тілін ана тілі ретінде де, екінші тіл ретінде де меңгереді. 2022 жылдан бастап оқушылардың барлығы тіл бойынша бір оқу бағдарламасымен оқиды. Бірақ ағылшын тілінде оқитындардың тіл бойынша уэльсше оқитындардың деңгейіне жетуі шарт емес.

"Халықаралық" тілдерді бастауыш мектепке енгізу бойынша жоспар бар. Уэльс үкіметі мұғалімдерде қажетті дағды болуына көңіл бөліп отыр.

Азаттық: Шектеулі ғана аймақта тараған аз ұлттар тілін меңгеруге адамдарды үгіттейсіз бе? Уэльс тілі ағылшын тілімен қалай бәсекеге төзіп жатыр?

Алед Робертс: Уэльс тілін зерттеу бойынша ұлттық орталық уэльс тілін зерттеу секторының барлық аспектісіне жауап береді - оқу бағдарламасы мен курстарды әзірлеуден бастап, оқытушы, зертеуші, маркетинг және электронды оқытуға арналған ресурстарға дейін дайындайды. Бұл мәселелерді олар кеңірек баяндап береді деп ойлаймын.

Азаттық: Аз ұлттар тілін насихаттау сепаратизмді туындатуы мүмкін деген күмән кейде айтылып қалады. Бұл туралы не айтар едіңіз?

Алед Робертс: - Жоқ. Тіл бір жекелеген топтарға ғана тиесілі емес. Шыққан тегіне қарамастан адамдар тілді меңгереді, зерттейді. Уэльс тілін түрлі себеп бойынша таңдаған көп адамды көрдік: бірі жұмыс орнында қолдану үшін меңгереді, бірі тұтас уэльс мәдениетін танығысы келгендіктен үйренеді, хобби ретінде де меңгеретіндер де бар.

Егер кімде-кім уэльс тілін қолданған үшін дискриминацияға ұшыраса, тікелей комиссарға шағымданса болады. Ресми сайттан осы жайлы ақпарат табуға болады.

Уэльсте таза уэльс тілінде хабар тарататын S4C арнасы бар. Осы арнаның арқасында уэльс тілінде киноиндустрия пайда болды. Аймақта өзгелердің өнімін аударып, дыбыстап қана қоймайды, сонымен бірге өздері де жеке мультфильмдер жасайды. Олардың кейбірі түрлі халықаралық фестивальдарда жүлде алған. Уэльс мультфильмдерін әлемнің 70 елінде сатып алады. Оларды "Дисней" арнасынан (АҚШ), тіпті ресейлік орталық арналардан да көруге болады. Олардың арасында ең танымалы - SuperTed.

Азаттық:​ Сұхбатыңызға рахмет!

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG