Accessibility links

Өзбекстан Сирия мен Ирактағы 156 азаматын елге қайтарды


Сирия мен Ирактан Ташкентке жеткізілген өзбек азаматтары. 30 мамыр 2019 жыл.
Сирия мен Ирактан Ташкентке жеткізілген өзбек азаматтары. 30 мамыр 2019 жыл.

Өзбекстан билігі "Мейірім" гуманитарлық операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс болған аймақтардан 156 өзбек азаматын елге эвакуациялады. Олардың басым бөлігі - әйелдер мен балалар.

156 өзбек азаматы мінген ұшақ Ташкент әуежайына мамырдың 30-ы күні қонған. Билік органдары таратқан суреттерде балаларын жетектеп, нәресте көтерген әйелдердің суреттері бар. Кейбір балаларды бетін жапқан әскерилердің көтеріп алғаны байқалады. Суреттердің бірінен жерге маңдайын тигізіп тұрған әйел көрінеді - ол ұшақтан түскен бойда эмоцияға беріліп, туған жерін сүйіп тұрған сияқты.

"[Олар] Мамырдың 30-ы күні арнайы авиарейспен Ташкентке жеткізілді. Адасып елден кетіп, қиын кезеңді бастан кешірген бұл азаматтарға үкімет медициналық, психологиялық, материалдық және моральдық көмек көрсетеді" делінген Өзбекстан президенті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Өзбекстандағы әйелдер комитетінің төрайымы Танзила Норбоева жергілікті ақпарат құралдарына 156 адамның 106-сы - бала, 48-і әйел екенін айтқан. Комитет жетекшісі гуманитарлық операцияның әрі қарай да жалғасатынын айтқан.

Өзбекстан - Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарына кеткен азаматтарын қайтарған Орталық Азиядағы үшінші ел.

Сәуір айында Тәжікстан билігі Ирактан 84 тәжік баласын Душанбеге жеткізген. Олар - Таяу Шығыстағы соғыс аймағында қаза тапқан я хабарсыз еткен "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылған тәжік содырларының балалары. Олардың көбінің әкелері әскери операция кезінде қаза тапқан. Ал аналары "террористермен ымыра жасағаны" үшін түрмеге қамалған. Ресми дерек бойынша, қазіргі кезде Ирак түрмесінде 43 тәжік азаматы жазасын өтеп жатыр.

Ирактан ұшақпен жеткізілген балаларды Душанбе әуежайында күтіп алған адамдар. Тәжікстан, 30 сәуір 2019 жыл.
Ирактан ұшақпен жеткізілген балаларды Душанбе әуежайында күтіп алған адамдар. Тәжікстан, 30 сәуір 2019 жыл.

Ақпан айында Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі биліктің Сирия мен Ирактағы қырғыз азаматтарын елге қайтаруға күш салып жатқанын хабарлаған. Министрлік сол кезде осы екі елдегі қырғыз азаматтарының санын, аты-жөнін анықтау бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтқан. Биліктің айтуынша, бұған дейін Сириядағы қырғыз әйелдер ел билігінен Қырғызстанға оралуына көмектесуін сұраған. Журналистерге берген сұхбатында олар өздерінің этникалық күрдтердің қолына түскенін, бірақ олардың елдеріне кетуге рұқсат бергенін айтқан.

Биыл қаңтардың 9-ы күні Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Жусан" арнайы операциясы аясында Сириядан 47 қазақстандықтың елге қайтарылғанын жария еткен. Назарбаевтың сөзінше, олардың арасында "әйелдер мен 30 шақты бала" болған.

Мамырдың 7-9 күндері Қазақстан Сириядан тағы 231 азаматты елге эвакуациялағанын хабарлады. Билік "олардың 156-сы - бала, көбі мектеп жасында" екенін мәлімдеген. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мамыр айының ортасында Сириядан Қазақстанға келген 16 адамның терроризм бабы бойынша қамауға алынғанын хабарлаған.

2018 жылы шілде айында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Азаттыққа Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлаған. Комитет Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда Қазақстаннан кеткен 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтқан. Нұр-Сұлтан Сирияда әлі 300-ден астам қазақстандық қалғанын мәлімдеген.

2013 жылдан бері Таяу Шығыстың қақтығыс аймақтарына Орталық Азиядан мыңдаған азамат барған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG