Accessibility links

Олимпиада жүлдегерлерінің сәтсіздігі және легионерлер медалі


Надежда Лихачева Ашғабаттағы әлем чемпионатында (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан алынды).
Надежда Лихачева Ашғабаттағы әлем чемпионатында (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан алынды).

Қазақстан ауыр атлетика құрамасы Ашғабаттағы (Түркіменстан) әлем чемпионатында бір күміс, бір қола медаль иеленді. Екі жүлдегер де – басқа елден келген легионер.

-25 КЕЛІ

Күмісті Қазақстанға Қытайдан келген Арли Чонтей (55 кг, ерлер), қоланы Ресейде туған Надежда Лихачева (75 кг, әйелдер) алды. 26 жастағы Чонтей қоссайыс қорытындысы бойынша 355 келі көтерді. Әлем чемпионы атанған солтүстік кореялық Ом Юн Чхольдан 20 келіге қалып қойды.

Қола жүлдегер Лихачева (242 кг) чемпион болған Қытай спортшысы Ван Ли Чжаннан 25 келі аз көтерді.

Лондон олимпиадасында алтын алып, кейін "допингпен ұсталған" Зүлфия Чиншанло (55 кг, әйелдер) қоссайыс қорытындысы бойынша 213 келі көтеріп, 5-орынмен шектелді. Ол 2014 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында 53 келіде 232 келіні еңсеріп, чемпион болған.

Зүлфия Чиншанло Ашғабаттағы әлем чемпионатында (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан алынды).
Зүлфия Чиншанло Ашғабаттағы әлем чемпионатында (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан алынды).

Рио олимпиадасының чемпионы, Әзербайжаннан келген легионер Нижат Рахимов (73 кг) Ашғабатта 337 келі көтеріп, 8-орын алды. Риодағы ойындарда ол 77 келіде сынға түсіп, 379 келіні еңсерген.

Жарыстан кейін Ашғабатта жүрген қазақстандық журналистерге берген сұхбатында Рахимов "нәтижесіне көңілі толатынын" айтқан.

"Алты ай дайындалдық. 70 пайызға дайын болдым. Шынымды айтсам, жарыс басталуға екі апта қалғанда арқамды жарақаттап алғанмын. Оны ешкімге айтқым келмеген. Енді жарақатымды емдеймін" деді ол Qazsport телеарнасының тілшісіне.

2016 жылы Рио олимпиадасында қола медаль алған Карина Горичева, Александр Зайчиков, Денис Уланов, Фархад Харки (Қытайдан келген) да Ашғабаттағы әлем чемпионатында жүлдесіз қалды.

"ҚАЗАҚСТАН АТЛЕТТЕРІ БАБЫНДА ЕМЕС"

Ең көп спортшысы допингпен ұсталған ел ретінде Қазақстан ауыр атлетика құрамасы 2017 жылы қарашадан Ашғабаттағы әлем чемпионатына дейін, бір жыл, жарыстардан шеттетілген еді. Түркіменстандағы біріншілік - Қазақстан құрамасының соңғы бір жылдағы алғашқы турнирі. Бұл елдің атлеттері 2017 жылғы әлем чемпионатына, 2018 жылғы Азия ойындарына және жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарына қатысқан жоқ.

Қазақстандық спорт журналисі Айдос Рымқұлдың пайымдауынша, Ашғабатқа барған қазақстандық атлеттер бабында болмаған.

- Ашғабаттағы әлем чемпионаты Қазақстан ауыр атлетикасындағы жағдайды анық көрсетті. Олимпиада жүлдегерлері бабында емес. Бір жылдық жаза да өз кесірін тигізді. Бірақ Қазақстанмен бірге жазаланған Қытай құрамасы Ашғабатта жақсы нәтиже көрсетті. Айдар Казов бұл әлем чемпионатында 81 келіде 331 келі көтерді. 2015 жылы Таиландтағы Азия чемпионатында 77 келіде қатысып, 350 келі көтерген. 75 келіде Лихачева 242 келі көтерді. Ал Рио олимпиадасында күміс алған Жазира Жаппарқұл 69 келіде 259 келі еңсерген. Жалпы алғанда, Қазақстан құрамасының нәтижесі төмендеген, - дейді ол.

Нижат Рахимов Ашғабаттағы әлем чемпионатында. (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан алынды).
Нижат Рахимов Ашғабаттағы әлем чемпионатында. (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан алынды).

Ал қазақстандық спорт шолушысы Мадияр Арыстанбаевтың пайымдауынша, Қазақстан атлеттеріне бір жылдық жаза кері әсер еткен.

- Біріншіден, Ашғабаттағы әлем чемпионы жаңа салмақ дәрежесінде өтті. Бұл өзгеріс те әсерін тигізбей қоймады. Екіншіден, құрама бір жыл бойы допинг дауы кесірінен халықаралық турнирлерге қатыспай, тек ел чемпионаты және Қазақстан кубогымен шектелді. Расында, команда мүшелері Қазақстаннан қарсылас таппай жатады. Ол дегеніңіз бәсекелестік төмендейді деген сөз, - дейді сарапшы.

Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Юрий Мельников олимпиада жүлдегерлерінің сәтсіздігіне қатысты өз айтары бар.

"Зүлфия Чиншанло төрт жыл жарысқа қатыспады. Сондықтан 5-орын жаман нәтиже емес. Бәрін басынан бастауы керек. Шындығын айтқанда, Рахимов бабында емес. Алда оның жеңісті сәттерін көретін боламыз деп ойлаймын. Уланов иығын жарақаттап алған. Кедергі келтірді. Соған қарамастан нәтижесі жақсы. Карина Горичева – мықты. Бірақ онда психологиялық кедергі бар. Жақсы нәтиже көрсетуіне психологиясы кедергі келтірді. Әрі қарай жұмыс істейміз, жаттығуды жалғастырамыз" деді ұлттық құрама жаттықтырушысы қазақстандық vesti.kz сайтына.

Қазақстан ауыр атлетика құрамасы енді желтоқсанда Дохада өтетін Катар кубогына қатысады. Ал 2019 жылы Қытайдағы Азия чемпионатына барады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG