Accessibility links

Жамбыл ақын көкпар төрешісі болған


Қазақстанның орталық мемлекеттік музейі қызметкері Гүлсара Жапақова 1943 жылы өткен Орта Азия халықтары спартакиадасы фотоальбомын көрсетіп тұр. Алматы, 25 қаңтар 2017 жыл.

Алматыда Қазақстан спорты тарихына арналған екі көрме араға күн салып ашылмақ. Көрмелердің бірінде әйгілі ақын Жамбылдың спорт төрешісі болғаны туралы да мәлімет бар.

Қаңтардың 29-ы мен ақпанның 8-і аралығында өтетін дүниежүзілік 28-қысқы универсиаданың Алматыда ашылуына санаулы күндер қалды. Универсиада спортқа тікелей қатысы жоқ мекемелер өткізетін шаралар үшін ақпараттық желеуге айналды.

СПОРТ ТАРИХЫ - ҚҰЖАТТАРДА

Қаңтардың 25-і күні Қазақстан президенті архивінде «Қазақстан спорты - архив құжаттарында» деген тарихи-деректі көрме ашылды әрі сол күні осы тақырыпта дөңгелек үстел де өтті. Көрмеге ВКП(б) Қазақ өлкелік комитеті, Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитеті, Қазақстан президенті әкімшілігі қорында сақталған, 1936-2004 жылдарды қамтитын құжаттар қойылған.

Көрме «Бастамасы. Еңбек пен қорғанысқа әзірлік. 1936 - 1946 жылдар», «Дене шынықтыру мен спорттың қалыптасуы. Биігірек, алысырақ, шапшаңырақ. 1949 - 1991 жылдар», «Дене шынықтыру мен спортты дамыту. Жасампаздық пен табыс рухы. 1992 - 2004 жылдар» деген үш бөлімнен тұрады.

СССР халықтарының спартакиадасындағы Қазақстан делегациясының суреті. Алматы, 25 қаңтар 2017 жыл.
СССР халықтарының спартакиадасындағы Қазақстан делегациясының суреті. Алматы, 25 қаңтар 2017 жыл.

Дөңгелек үстелде жасаған баяндамасында архив директоры, профессор Борис Жапаров дене шынықтыру мен спорттың жаңа сапалы деңгейде жаппай қалыптасуы 1936 жылы басталғанын айтты.

1936 жылғы шілдеде республикалық дене шынықтыру және спорт істері комитеті құрылды. Ол кезге қарай Қазақстанда дене шынықтыру және спорт техникумы (1932 жылы құрылған) мамандар даярлап жатқан. Оқытушылар арасында Мәскеу мен Ленинградтың дене шынықтыру институттары түлектері ғана емес, жергілікті қазақ оқытушылар да болған.

Мұрағат директорының айтуынша, 1970 жылға қарай Қазақ ССР-інде 10 мың 336 дене шынықтыру ұжымы, 3 мың 222 білікті бапкер болған, ал Қазақстанның ең үздік спортшылары 1972 жылы және одан кейінгі жылдары СССР құрамасы сапында Олимпиада ойындарына қатысқан.

Құжаттар экспозициясымен танысу үшін көрме бір ай бойы ашық болады. Ұйымдастырушылардың уәде етуінше, көрмеге қойылған әр құжаттың сандық форматтағы нұсқасы кейін мұрағат сайтында жарияланып, оларға виртуалды экскурсия өткізуге болады.

ЖЕКЕ ЗАТТАРДАН ҚҰРАЛҒАН МҰРАЖАЙ

Көрмеде мұрағат құжаттарымен қатар Қазақ спорт және туризм академиясы жанындағы спорт даңқы мұражайы уақытша берген бірнеше спорттық кубок, Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевтың бокс қолғабы және олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің трикосы, белгілі қазақстандық спортшылардың фотосуреттері сияқты бірнеше экспонатпен де танысудың сәті түсті. Бірақ олар көрмеге бір күнге ғана қойылған, сондықтан Сейфуллин даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесі қиылысындағы революцияға дейін салынған жекежайда орналасқан мұражайға қайтарылуы тиіс.

1980 жылы классикалық күрестен олимпиада чемпионы болған Жақсылық Үшкемпіров жас шағында түскен фотографиясын көрсетіп тұр. Алматы, 25 қаңтар 2017 жыл.
1980 жылы классикалық күрестен олимпиада чемпионы болған Жақсылық Үшкемпіров жас шағында түскен фотографиясын көрсетіп тұр. Алматы, 25 қаңтар 2017 жыл.

Азаттық тілшісіне қазақ спорт және туризм академиясы жанындағы туризм ғылыми-зерттеу институты директоры Болат Арыстанов әлгі мұражай жайлы телефон арқылы толығырақ айтып берді. Ол «ғылыми-зерттеу институты мен мұражай бір ғимаратта орналасқандықтан мұражайға да бас-көз болуыма тура келеді» деп түсіндірді.

Негізі, әлгі мұражайдың ашылғанына 10 жылдан асқан. Қазір мұражайда ұлттық спорт түрлеріне, совет кезеңіне және олимпиадаларға арналған үш зал бар. Экспонаттар белгілі спортшылардың мұражайға берген жеке заттары есебінен жиналған. Ведомстволық мұражай болғандықтан, ол мемлекеттік мұражайлар реестріне кірмейді.

Болат Арыстановтың Азаттыққа айтуынша, қазір Қазақстанда спортқа арналған бір де мемлекеттік мұражай жоқ. Ол «ондай мұражай Астанада ашылады деген сөз бар, тіпті ол жақтан ұлттық олимпиада комитеті өкілдері де келген» дейді. Арыстановтың пікірінше, елде спортқа арналған мұражайлар ашу ғана емес, жалпы мұражайлардың жағдайы нашар.

- Туризм дегеніміз халықтың жан басына шаққандағы қонақүй саны ғана емес, мұражай, театрлардың да саны. Сондықтан осы көрсеткішті қаузап көрсеңіз, Қазақстан бұл жағынан алдыңғы позицияға жуықтай да алмайтынын байқайсыз, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Алматыда спортпен байланысты тағы қандай ведомстволық мұражай бар екенін анықтап көрді. Орталық стадион, «Шымбұлақ » тау шаңғысы курорты, «Медеу» спорт кешені сияқты ертеректен келе жатқан көрнекті нысандардың ішінде әлемге әйгілі «Медеу» мұз айдынының ғана өз мұражайы бар болып шықты.

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ТЫМАҒЫ МЕН ТӨРЕШІ ЖАМБЫЛ

Алматыда соңғы күндері қарбалас тудырған негізгі трендтен Қазақстанның орталық мемлекеттік мұражайы да қалыс қалмапты. Қаңтардың 26-сы күні мұражайда «Қазақстан спортының тарихы» көрмесі ашылады. Ол да дүниежүзілік 28-қысқы универсиадаға орайластырылған. Азаттық тілшісі көрме ашылардан бір күн бұрын мұражайға барып, дайындық барысын бақылап қайтты.

Мұражай қызметкері көрмеге келушілер ардагер спортшылардың жеке заттарын, мысалы, Жақсылық Үшкемпіровтің олимпиадалық формасының пиджагы, волейболдан СССР-дің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Октябрь Жарылғаповтың волейбол добы мен өзге заттарын көре алатынын айтты. Көрмедегі орталық сөрелердің бірі қазақтың ұлттық ойындарына арналған. Енді бір сөреге аты аңызға айналған қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың фотосуреттері, үлкен портреті мен тымағы қойылған. Балуанның тымағын мұражайға мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков беріпті.

Қазақстанның орталық мемлекеттік музейінде тұрған Қажымұқанның тымағы. Алматы, 25 қаңтар 2017 жыл.
Қазақстанның орталық мемлекеттік музейінде тұрған Қажымұқанның тымағы. Алматы, 25 қаңтар 2017 жыл.

Мұражай қызметкері Қажымұқанның әлгі тымағына қоса 1943 жылы Алматы мен қала іргесіндегі ауылдық жерде өткізілген Орта Азия республикаларының спартакиадасына арналған фотоальбомды да бірегей экспонат деп санайды. Альбомның 100 жылға жуық өмір сүріп, суырып салма ақын ретінде де, социалистік реализм жанры жаршысы ретінде де даңқы шыққан қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың фотосуреттері бар парақтарын ашып қойған. Ол әлгі спартакиада ұлттық спорт түрлерінің бірі - көкпардан төреші болыпты.

Спартикиада бағдарламасына аударыспақ, сайыс, күрес, бүркіт салу, бәйге сияқты ұлттық спорттың өзге түрлері де кірген. Спартакиадада еуропалық спорт түрлері де болған. Ол кезде екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан, сондықтан спорттың әскерилендірілген (мысалы, дуалдан секіру, гранат лақтыру, винтовкамен найзаласу) түрлерінен де жарыстар өткен. Әскери жорық жаттығулары жеке бағдарлама бойынша ұйымдастырылған.

Орталық мемлекеттік мұражай көрмесіне келушілер Азиада-2010 ойындарына қатысқан қазақстандық спортшылар мен қазақстандық олимпиадашылар киген формаларды да көре алады. Көрме екі айға созылады.

XS
SM
MD
LG