Accessibility links

СЭС: «Кальянды әркім өз үйінде шексін»


Қорқор тартушылар. Көрнекі сурет
Қорқор тартушылар. Көрнекі сурет

Дүйсенбі күні бір топ кальян бизнесінің өкілдері бас санитарлық дәрігердің қоғамдық орындарда шишамен қорқор тартуға салған тыйымына қарсы уәждерін айтты. Бірақ олардың банкротқа ұшырау қаупі мен «контрафакталық кальян» туралы ескертулері СЭС-ке әсер етпеді.

Рустам Лазгиев Алматыда кальян бизнесін алғаш ашқан кәсіпкерлердің бірі екенін айтады. 13 жыл бұрын Түркиядағы туыстарының көмегімен ісін бастаған ол, тек кальяннан пайда тауып келеді.

БАНКРОТ

- Алғашында, әрине, бүгінгідей емес, сұраныс аз болды. Осыдан төрт жыл бұрын жеке «кальянная» ашып, жұмыс істеп келдім. Егер өзге кафе, мейрамханаларда кальянды тамаққа қосымша беріп келсе, мен тек кальянды ғана ұсынып келдім. Менің қонақтарым тек жақсы кальян шегуге келетін. Тек осы кальянмен күн көріп, отбасымды асырап, 20-дан аса азаматты жұмыспен қамтып келдім. Енді жұмыс тоқтап тұр, - деді жеке кәсіпкер.

Кәсіпкер, кальянға салынған тыйым оның астыртын, әрі бақылаусыз бизнеске айналуына себеп болады деген пікір айтады.

Рустам Лазгиев, Қазақстанның кальян өнеркәсібі кәсіпкерлерінің қауымдастығының мүшесі. Алматы, 1 сәуір 2013 жыл
Рустам Лазгиев, Қазақстанның кальян өнеркәсібі кәсіпкерлерінің қауымдастығының мүшесі. Алматы, 1 сәуір 2013 жыл
- Өзін құрметтейтін кез-келген кәсіпкер ұсынып отырған қызметінің сапалы болуына назар аударады. Қазір сұраныс көп болғандықтан, кальян ұсынушылардың да көбейіп кеткені рас. Меніңше, олармен «тыйымнан» гөрі, санитарлық, әрі гигиеналық талаптарды күшейту арқылы «күрескен» жөн. Біз әрине сол талаптарға сай жұмыс істеуге дайынбыз. Әйтпесе, қазір жұмыссыз қалған кальян жасаушылар, өзара бірігіп, астыртын кальян шегетін орындар жасап алса, оларды кім тексеріп, қалай бақылайды? Ауыру мен заңсыздықтың көкесі сонда болады, - дейді кәсіпкер.

«Қазақстанның кальян өнеркәсібі қауымдастығының» мәліметінше, Қазақстанда бес мыңға жуық кальян ұсынатын мейрамхана, кафе мен барлар бар. Оларда шамамен 15-20 мың адам қызмет етеді.

- Елдің бас санитар-эпидемиолог маманы Жандарбек Бекшин қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салатын қаулы шығарғасын бұл азаматтар жұмыссыз қалып, бірқатар жеке кәсіпкерлер банкротқа ұшыруы мүмкін, - дейді қауымдастық жетекшісі Дидар Өтелбаев.

ВИДЕО: Кальянды қалай жасайды?
Кальянды қалай жасайды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:56 0:00
Жүктеп алу

ШЕКТЕУ

Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі (СЭС) биыл Астанадағы кальян ұсынушы 12 мекемені тексеріп, олардан зиянды бактериялар анықтаған. Бұдан кейін ақпанның 6-сында Астанада арнайы жиын өткізген мамандар, «кальян темекіден он есе зиян» деген пікір айтқан еді.

«Орташа бір грамм кальянда 8,32 мг никотин бар. Ал бір темекіде ол 1 мг ғана. Сонда кальянның бір дозасында никотин он есе көп. Ал түтінді алсақ, бір кальянның сессиясында жүз темекінің түтіні бар» деп мәлімдеген Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Оның сөзінше, «кальян құрамы мен оның ыдысындағы сұйықтықтан туберкулез бактериясы, гепатит секілді қауіпті заттар бөлініп шығады. Оны аз мерзімге шегудің өзі бауыр, өкпе, бүйрек пен жүректі зақымдайды. Түтінге құмартушылар арасында герпесті жұқтырып алатындар да бар» екен.

Осы жайттарды негізе ала отырып, наурыздың 14-сі күні Қазақстанның бас санитарлық дәрігері «қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салу» туралы қаулы қабылдады. Бұл шектеуге сәйкес талапты орындамағандарға 10-40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

БІТІМГЕ ШАҚЫРУ

СЭС-тің бұл қаулысынан кейін, кальянан табыс тауып келген, Астананың 5, Алматының 65 кәсіпкері бірігіп, «Қазақстанның кальян өнеркәсібі кәсіпкерлерінің қауымдастығын» құрды. Сәуірдің 1-і күні олар қаулыға қатысты өз наразылықтарын білдіріп, мәлімдеме жасады.
Дидар Өтелбаев, Қазақстанның кальян өнеркәсібі кәсіпкерлерінің қауымдастығының төрағасы. Алматы, 1 сәуір 2013 жыл
Дидар Өтелбаев, Қазақстанның кальян өнеркәсібі кәсіпкерлерінің қауымдастығының төрағасы. Алматы, 1 сәуір 2013 жыл

- Біз кальян бизнесімен айналысып отырғандардың ісіне балта шаппай, конструктивтік диолог орнатуға шақырамыз. Әрине денсаулық қауіпсіздігі бірінші кезекте, дегенмен оны тыйым салу арқылы шешуге болмайды. Себебі астыртын кальян шегіп, контрафакталық тауар таситындар көбейіп кетеді. Оның орнына бизнесін бір жолға қойған, ісін ашық, әрі заңға сай жүргізетін кәсіпкерлерге талаптар қойып, сол арқылы бірігіп жұмыс істеуге шақырамыз, - деді қауымдастық жетекшісі Нұрболат Сейпішев.

Қауымдастық кальянға қолданылатын құбыршектерді (шланг) бір реттік етуді, қоғамдық орындарда кальян жасауға бөлек орын белгілеуді, кальян импорты мен сертификациясын қолға алу және кәмелетке толмағандарға кальян сатуға қатысты талаптарды күшейтуді ұсынып отыр. Олар кальянды СЭС мамандары айтқандай «зиянды, әрі қауіпті» деп санамайды.

Бірақ баспасөз маслихатына келген Алматы қаласының СЭС мамандары да қарап тұрмады. Олар жиналған журналистерге «қаулыдан кейін республика бойынша тағы да 55 кальян ұсынған мекемені тексеріп, олардан да түрлі бактериялар тапқандарын» айтты.

- Кальян – аралас қорқор (курительная смесь). Оны әсіресе қоғамдық орындарда шегу – қауіпті. Егер келген адам туберкулезмен ауырса ше, тымау немесе өзге де вирусқа шалдыққан болса ше? СЭС жалпы кальянға тыйым салып жатқан жоқ қой, тек қоғамдық орындарда. Сондықтан егер оны шегемін деушілер болса, үйлерінде-ақ шексін, - деді СЭС маманы Маржан Апсеметова.
XS
SM
MD
LG