Accessibility links

Петропавлда табылған адам сүйектерінің жұмбағы


Петропавл қаласындағы бұрынғы Депутаттар кеңесі ғимаратының қазіргі көрінісі. Жергілікті өлкетанушы Вера Яворская бұл ғимаратқа бекінген венгр коммунистерінің чех легионерлерімен соғысқанын айтады. 12 маусым 2017 жыл.
Петропавл қаласындағы бұрынғы Депутаттар кеңесі ғимаратының қазіргі көрінісі. Жергілікті өлкетанушы Вера Яворская бұл ғимаратқа бекінген венгр коммунистерінің чех легионерлерімен соғысқанын айтады. 12 маусым 2017 жыл.

Петропавлда құрылыс жұмыстары кезінде табылған адам сүйектері бір ғасыр бұрынғы тарихи оқиғаларды еске салды. Жергілікті кей мамандар азамат соғысы жылдары қаза тапқан чех легионерлері осында жерленген болуы мүмкін деген болжам айтады.

2016 жылы жаздың соңында Петропавл қаласындағы Береке шағын ауданында жылу құбырын тарту үшін жер қазып жатқан жұмысшылар адам сүйектерін тауып алған еді. Бір бөлігін экскаватор шөміші сындырып, кейбірі топырақпен араласып кеткен сүйектерде оқ ізіне ұқсас тесіктер бар.

Петропавл қаласындағы Береке шағын ауданында жылу құбырын тарту үшін жер қазғанда табылған сүйектер. 2016 жылдың жазы.
Петропавл қаласындағы Береке шағын ауданында жылу құбырын тарту үшін жер қазғанда табылған сүйектер. 2016 жылдың жазы.

Бұл сүйектердің кімдікі екені жайлы түрлі жорамал айтылып жатыр. Осы жерде 1918-1919 жылдары Қызылжар аймағында азамат соғысы тұсында ақ чехтар мен Қызыл армия арасындағы шайқастарда қаза тапқандардың зираты болған деген болжам бар.

Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің өкілі Динара Сағындықованың сөзінше, жергілікті сот-медициналық сараптамасы сүйектердің нақты қай жылға тиесілі екенін анықтай алмаған. Топырақ астында көп жыл жатқан сүйектер әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет етеді дейді мамандар.

Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті өкілі Динара Сағындықова. Петропавловск, 12 маусым 2017 жыл.
Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті өкілі Динара Сағындықова. Петропавловск, 12 маусым 2017 жыл.

- Сүйектер зақымдалмаған. Өлім себебі де анықталмаған. Сараптама нәтижесі сүйек қалдықтарының жер астында 15 жылдан артық жатқанын көрсетті. Нақты анықтау мүмкін емес, - дейді Динара Сағындықова.

Сүйек қалдықтары биыл мамырда Астана қаласындағы сот-медициналық сараптама институтына жіберілген.

Тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков топырақ астынан табылған сүйектердің жасы бірнеше белгілері бойынша анықталатынын айтады. Оның сөзінше, бұл істе «сүйек көмілген топырақтың құрамы қандай болғандығы да маңызды».

- Сүйектердің сақталу мерзімін бірнеше белгіге: сіңірлердің жұрнағына, ұзақ жылдар бойы сақталатын шашқа қарап анықтайды. Оған қоса көп нәрсе топырақ құрамына да байланысты. Мысалы, Ботайдағы жас шамасы 5000 жыл болған сүйектер небәрі 100 жыл бұрын көмілген сүйектер сияқты. Ылғал әрі топырақты жерде сүйектер мүжіліп қалады, - дейді Анатолий Плешаков.

Тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков. Петропавл, 12 маусым 2017 жыл.
Тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков. Петропавл, 12 маусым 2017 жыл.

Жергілікті тарихшылар жер астынан табылған сүйектердің қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы аумағында бұдан бір ғасыр бұрын болған тарихи оқиғалармен байланысы болуы мүмкін деген болжам айтады.

Қызылжар өлкесінде жиырмасыншы ғасырда талай тарихи оқиғалар өткен. 1917 жылғы Октябрь революциясы қазақ даласына кештеу жетсе де, оның ізінше тұтанған азамат соғысының оты бұл өлкені де шарпыған. Ресей империясынан қалған Транссібір темір жолы осы аймақ арқылы өтетіндіктен, азамат соғысы кезінде қызылдар мен ақтар үшін Қызылжар аймағының ерекше маңызы болған. Қала қолдан қолға өтіп жүрген кезеңде Ресей патша әскерінің құрамында болған Чех легионы да Орал өңірінен Қиыр Шығысқа ұмтылған әйгілі тарихи жорығы кезінде Петропавлда бір қыстаған. Олар осында қызылдармен шайқасқан, ол соғыстан жергілікті халық қатты зардап шеккен.

Солтүстік Қазақстан облысында 1930 жылдары аштық нәубеті де көп адамның өмірін қиды, ашаршылық құрбандарының көбінің сүйегі қайда қалғаны да әлі күнге дейін белгісіз. 1937 жылы сталиндік репрессиялар шырқау шегіне жеткенде елдің талай бетке ұстар азаматы да, қарапайым тұрғыны да атылды, совет билігі оларды әртүрлі жерге жасырын көмген, көбінің ортақ моласы қайда қалғаны да кейін ұмытылып кеткен. Жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар бұл сүйектер азамат соғысы кезінде қаза тапқандардікі, тіпті чех легионерлерінікі болуы мүмкін деген жорамал айтады.

Елу жылдық тәжірибесі бар өлкетанушы, жоғары санаттағы экскурсия жетекшісі Вера Яворская табылған сүйектер чехтарға тиесілі болуы мүмкін деп топшылайды.

Жергілікті өлкетанушы Вера Яворская. Петропавл, 12 маусым 2017 жыл.
Жергілікті өлкетанушы Вера Яворская. Петропавл, 12 маусым 2017 жыл.

- Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде көптеген еуропалықтар соғысқа қатысқылары келмеген. Оларды Автро-Венгрия империясы әлсіреткен. Олар өз еркімен тұтас роталарымен, полктарымен, дивизияларымен тұтқынға берілген. Сондай 20 мыңға жуық тұтқын Ресей жерінде шоғырланған, - дейді өлкетанушы.

Вера Яворскаяның сөзінше, соғыс тұтқындары арасында чех легионерлері де болған, олар 1918 жылы жаңадан құрылып жатқан Чехословакияға Ресейден төте бара алмай қалған, себебі ортадағы елдер арқылы жүру қауіпті болған және совет үкіметі де оларды өткізбеген. Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен чехтарды Трансібір теміржолы арқылы Владивостокқа баруға мәжбүрлейді, кейін сонда кемеге отырып, Тынық мұхиты арқылы бүкіл Азияны айналып, туған жері Чехословакияға оралуды жоспарлаған. Бірақ жол-жөнекей олар ақ әскері қатарына қосылып кеткен.

1918 жылы Петропавлда совет үкіметі орнаған тұста чех легионерлері ақ әскердің бастамасымен түрлі қақтығыстарға араласып, ақтар көтерілісіне қатысқан, өздері де қатты қырғынға ұшыраған.

- 1918 жылғы мамыр айының соңында Петропавл бекетінде екі мыңға жуық чех болған. Олардың барлығы қаруланған, әрі қолбасшыларымен бірге болған. 31 мамырға қараған түні ақ чехтар әскері көтеріліс бастап кетті. Екі жақ бір-бірімен соғысты. Әсіресе консерві зауытының маңында кескілескен шайқас болды. Депутаттар кеңесін қызыл әскер қатарындағы отызға жуық венгр коммунистері ғана күзеткен. Венгрлердің күл-талқаны шықты, - дейді Вера Яворская.

Петропавл қаласындағы Депутаттар кеңесінің ғимараты. Сурет 20-ғасырдың бірінші жартысында түсірілген. Суретті көрсеткен жергілікті өлкетанушы Вера Яворская бұл ғимаратқа бекінген венгр коммунистерінің чех легионерлерімен соғысқанын айтады.
Петропавл қаласындағы Депутаттар кеңесінің ғимараты. Сурет 20-ғасырдың бірінші жартысында түсірілген. Суретті көрсеткен жергілікті өлкетанушы Вера Яворская бұл ғимаратқа бекінген венгр коммунистерінің чех легионерлерімен соғысқанын айтады.

Өлкетанушы Береке ауданында табылған адам сүйектері азамат соғысы кезіндегі қарулы қақтығыста қаза тапқандардан қалған деген болжам жасайды.

- Табылған сүйектер сол 1918 жылғы оқиғаларға қатысушылардың қалдықтары. Орыстар, венгрлер мен чехтар сол жерде қаза тапқан. Өте сұрапыл шайқас болған, - дейді зерттеуші.

Оның сөзінше, совет үкіметі орнаған соң венгр коммунистерге ескерткіш қойылған, бірақ қазіргі уақытта ол ескерткіштің орны да жоқ.

Вера Яворская Қызылжар өлкесіндегі әскери операциялар сол дәуірдің екі ірі қолбасшысының тағдырына үлкен әсер еткенін айтады. Петропавл үшін шайқас сол уақытта әскери және саяси беделі аспандап тұрған ақ әскер қолбасшысы, 44 жастағы адмирал Александр Колчактың басынан бағының кетуінің бастауы болса, 26 жастағы Михаил Тухачевскийдің Қызыл армия қолбасшысы болып қалыптасуына жол салып, жұлдызын жандырған оқиғаға айналды.

Тарихшылар 1919 жылғы қазанның 30-ына қараған түні Петропавлды ақ әскерден азат ету операциясы басталған деген дерек келтіреді. Вера Яворскаяның сөзінше, Колчак осы оқиға туралы былай деп айтқан: «Петропавлда менің тағдырым шешіліп жатыр. Қызылдардың қайратын сындыру көп артиллерия мен қаптаған жаяу әскерді осында салдым. Петропавл операциясы менің немесе қызылдардың тағдырын шешетінін біліңіздер».

Қала үшін кескілескен шайқас төрт сағат бойы жалғасқан. Ақ әскер Петропавл бекінісі салынғалы болмаған зеңбіректің небір түрін майданға қосқан. Соған қарамастан, мықты қаруланған Колчактың әскері нашар қаруланған қызыл әскерден жеңілген.

Жергілікті өлкетанушы Вера Яворская "Петропавлдағы чех легионерлері мен коммунистер соғысты" деген бұрынғы консерві зауытының қабырғасының қазіргі қалпы. 12 маусым 2017 жыл.
Жергілікті өлкетанушы Вера Яворская "Петропавлдағы чех легионерлері мен коммунистер соғысты" деген бұрынғы консерві зауытының қабырғасының қазіргі қалпы. 12 маусым 2017 жыл.

Өлкетанушы Вера Яворская соғыстан кейін кейбір чех легионерлерінің Петропавл қаласында жергілікті орыс қыздарына үйленіп, осында тұрақтап қалғандарын айтады.

Қазіргі кезде Чехияда өткен ғасырдың басында тұтқынға түсіп, Сібір жерінде небір шырғалаңды басынан өткерген чех легионерлерінің тарихы қастерленеді, олар ұлт-азаттық қозғалысы ретінде қарастырылады. Чехия қорғаныс министрлігінің қамқорлығымен Ресейде азамат соғысы жылдары чех легионерлерінің ізі қалған жерлерде бірқатар белгі қойылған. Алайда Петропавл қаласында чех легионерлері туралы да, азамат соғысы жөнінде де естелік тақта жоқтың қасы, қазіргі қоғамда да тарихтың сол кезеңі жайында мүлде айтылмайды десе болады.

XS
SM
MD
LG