Accessibility links

Қарлаг балалары мен тұтқын әйелдер бейітіндегі темір қазықтар


Карлагта туып, төрт ай өмір сүрген баланың бейіті. Қарағанды облысы, Долинка кенті, 26 мамыр 2017 жыл.

Елдің орталық бөлігіндегі «Карлагқа» қатысты орындардың бірі - «Мамочкино бейітін» бірыңғай мемориалды кешен құрамына енгізуді ұсынады. Экскурсия жүргізушілер мен жергілікті тұрғындар Карлаг балалары мен тұтқын әйелдер жерленген орынды сақтап, абаттандыратын шығар деген үмітпен әлгі идеяны құптайды.

ГУЛАГ-тың ең ірі еңбекпен түзету лагерлерінің бірі – Карлагтың 1930-1940 жылдары қайтыс болған балалары мен тұтқын әйелдері жерленген әрі толық сақталмаған «Мамочкино бейітін» Қарағанды облысындағы әйгілі орындардың бірыңғай мемориалды кешені құрамына енгізуді парламент депутаты Нұрлан Дулатбеков ұсынған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы қызметкерлері бұл тарихи зиратты сақтап қалуға көбірек назар аударуға септігі тиеді деп, идеяны құптайды.

КЕСІЛГЕН КРЕСТЕР

Жергілікті өзен арнасынан асып тасыған кезде Қарағанды облысы Долинка кенті маңындағы «Мамочкино бейітінің» бір бөлігін су шайып кеткен. Қазір Жартас деп аталатын «Қарағандылық» совхозында үйлер салу кезінде кей бейіттер тапталып қалған және қираған. Бұған қоса, бейітті тонаған.

«Мамочкино бейіті» аталып кеткен Карлаг балалары мен тұтқын әйелдер зираты. 26 мамыр 2017 жыл.
«Мамочкино бейіті» аталып кеткен Карлаг балалары мен тұтқын әйелдер зираты. 26 мамыр 2017 жыл.

Азаттық тілшісі бұл жерде екі жыл бұрын болған еді. Сол кезден бері мүлде ештеңе өзгермеген деуге болады. Тек кей молаларда гүл шоқтары пайда болған, жуырда, мүмкін Ата-аналар күні біреулер бейіт басына барған болуы мүмкін. Кіреберісте бұл жер - «Мамочкино бейіті» екенін көрсететін жаңа тақтайша қағылған. Бейіт аумағы қараусыз қалған деуге болмайды, бірақ абаттандыру қажет.

Жуырда интернетте бейітті тонап жатыр екен деген ақпарат тараған болатын. Экскурсия жүргізуші, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы қызметкері Иван Кондрашев оны ескі ақпарат деп санайды. Оның айтуынша, кейінгі кезде тонау оқиғалары болмаған. Бейітті 1990 жылдары қатты тонап, қоршауларды, балалар крестерін кесіп әкеткен. Енді көп тұстарда жерден крестке онша ұқсамайтын темір қазықтар шығып тұр.

КӨБІРЕК НАЗАР АУДАРУ

«Мамочкино бейіті» мемориал мәртебесін 14 жыл бұрын, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – 31 мамырда алған. Ертеректе бұл датаға арналған митингілерді осы жерде де өткізетін. Қазір ондай шаралар Долинка кентіндегі Қарлагтың бұрынғы бас басқармасы ғимаратында тура алты жыл бұрын ашылған мұражай территориясында өтеді.​

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына жолдаған сауалында депутат Нұрлан Дулатбеков «Мамочкино бейіті» территориясында Спасск зиратындағы (Қарағанды облысы Абай ауданындағы Қарлагтың бөлімшесі болған ауыл) сияқты мемориал кешені құрылса, ел тарихын тереңірек тануға жағдай туады деп мәлімдеген.

Спасск зиратындағы мемориал. Қарағанды облысы.
Спасск зиратындағы мемориал. Қарағанды облысы.

Бейіт территориясында алып архитектуралық кешен, яғни Қарлагта туып, қайтыс болған балалар мен олардың аналары – лагерьдің тұтқын әйелдеріне ескерткіштер орнатуды және бейіт территориясын абаттандыруды ұсынады. Бірыңғай мемориалды кешен құрамына енгізілсе, «Мамочкино бейіті» жұрт аруақтарға тағзым етіп, гүл қойып, дұға оқу мақсатында келетін негізгі және маңыздың орындардың біріне айналмақ.

Саяи қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы қызметкерлері бұл идея іске асса, есте тұтатын орынға көбірек көңіл бөлінеді деп үміттенеді.

- Қаза тапқандардың аруағына тағзым ету үшін шетелдік делегациялар көп келетін болады. Қазір делегациялардың көбі 30-дан астам ұлт өкілдері жерленген Спасск мемориалдық кешеніне барып жүр ғой, ол жақта ескерткіштер орнатылған. Меніңше, мына жерде де соған ұқсас орын жасауға болады. Ертеректе «Мамочкино бейітінде» аруақтарға тағзым етіп, дұға оқуға болатын шағын шіркеу сияқты бөлме салу үшін іргетасын құйған болатын. Бірақ әлгі іргетастың құйылғанына үш жыл өтті. Оны міндетті түрде бітіру керек, мұсылмандар үшін де ғибадат ететін орын салу керек. Бұған қоса, крестер қалған тұстардың тым болмаса тақтайшаларын ауыстыру керек, - дейді Иван Кондрашев.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қызметкері, экскурсия жүргізуші Иван Кондрашов. Қарағанды облысы Долинка кенті, 26 мамыр 2017 жыл.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қызметкері, экскурсия жүргізуші Иван Кондрашов. Қарағанды облысы Долинка кенті, 26 мамыр 2017 жыл.

Ескі бейітке әсіресе шетелдік туристер мен репрессияға ұшыраған жандардың ұрпақтары көп барады. Бірақ екеуінің арасы төрт километрге жетпегенімен, Долинка кентінде «Мамочкино бейіті» басына бармаған тұрғындар бар екен.

- Долинкада тұрғаныма талай жыл болды, бірақ «Мамочкино бейітіне» бір рет те бармаппын. Ол жаққа барып, көру керек екен, әйтпесе жұрттың бәрі айтады, ал мен ол жердің қандай екенін де білмеймін. Ондай орындарды күтіп ұстап, қорғау керек – тарихи жады ғой, - дейді Долинка кенті тұрғыны, зейнеткер Надежда Сидякина Азаттық тілшісіне.

ҚҰПИЯЛАНДЫРЫЛҒАН ТАРИХ

Лагерьде өте көп нәресте өлген. Олардың ішінде туған күні шетінеп кеткен нәрестелер көп. Мұны мұражайда сақталған құжаттар ғана емес, «Мамочкино бейітінде» сақталып қалған кей крестердегі тақтайшалар да көрсетеді. Мұнда жас босанған аналарды да жерлеген.

Мұражай қызметкері Иван Кондрашев Қарлагтағы балалардың көп өлгенін растайтын әлдебір құжаттың сақталып қалғанын айтып берді. Қарлагтың саяси бөлімі бастығына ГУЛАГ саяси бөлімі бастығы жазған хатта Қарлагта сол кезде лагерьде болған 530 баланың 98-і 1945 жылдың қыркүйек, қазан айларында шетінеп кеткені жазылған. Қарлаг жұмыс істеген 28 жылдың ішінде лагерь территориясында қанша бала дүниеге келіп, қаншасы өлгені жайлы нақты деректер жоқ.

"Мамочкино бейітінің" 2013 жылғы суреті.
"Мамочкино бейітінің" 2013 жылғы суреті.

- Қарлагта балалар, әсіресе емшектегі сәбилер көп шетінеген. Аналарына оларды тәулігіне ең көбі төрт рет қана емізуге рұқсат еткен. Әр емізуге күзетшінің бақылауымен апарып отырған, бұған қоса, лагерьдегі ауыр жағдайдың кесірінен әйелдердің омырау сүті тартылып қалған, балаларға беретін тамақ болмай, олар аштықтан әбден әлсіреген. Сәбилерге арналған сондай қасіретті үйлердің бірі қазіргі Жартас ауылы территориясында болған. Бұдан бөлек, кішкентай балаларды суық, сыз, кір-лас барактарда ұстаған. Мұның бәрінен балалар көптеп қырылған, - дейді экскурсия жүргізуші Иван Кондрашев.

Қарлаг 1930 жылдан 1959 жылға дейін жұмыс істеген. Сол жылдары лагерьде бір миллионға жуық адам отырған деп болжанады. Бірақ Қарлаг архивтері әлі құпия болғандықтан, оның тұтқындарының санын шамалап болса да атау мүмкні емес. «Мамочкино бейітінде» кімнің қабыры екенін көрсететін аты-жөні жазылмаған крестер әлі көп.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Карлагтың қазіргі қалпы (суретті басыңыз)

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG