Accessibility links

Киберспорт па әлде өмір салты ма?


Feive киберспорт командасының мүшелері Мұхит Әбдімүтәліпов, Роман Гришин және Сайлау Әбдімәлік Dota 2 ойынына талдау жасап отыр.
Feive киберспорт командасының мүшелері Мұхит Әбдімүтәліпов, Роман Гришин және Сайлау Әбдімәлік Dota 2 ойынына талдау жасап отыр.

Қазақстанда киберспортпен айналысатын өз ойыншылары шыға бастады. Бірақ олар «тағдырымыз кісі қызығарлық емес, инфрақұрылым жоқ, демеушілердің аздығынан жаңа әлемдік спорт қарапайым хоббиге айналудан аспай тұр» дейді.

Қазақстан әлемдік киберспорт орбитасына еніп келеді, яғни компьютерлік видеоойындардан өтетін жарыстарға қатыса бастады. Қазақстандық Роман Гришин (22 жаста), Сайлау Әбдімәлік (18 жаста) және Мұхит Әбдімүтәліпов (22 жаста) – Dota 2 «пәнінен» өтетін турнирде кәсіби деңгейде ойнап, жергілікті және халықаралық жарыстарға қатысып жүрген киберспортшылар. Олардың командасы Feive деп аталады.

Киберспорт санатына кіретін ойындардың ресми тізімі жоқ, бірақ ең танымал ойындар - Counter-Strike, StarCraft, FIFA, WarCraft, Quake, League of Legends және Dota. Dota 2 ойыны үшін бес адамнан тұратын команда керек, олардың негізгі міндеті – өзге командалардың картадағы ғимараттарын жою. Ойыншылар күніне бірнеше сағат кәсіби деңгейде жаттығып, өзге командалардың матчтарын талдап, мықты-осал тұстарын анықтауы, ықтимал инвесторлармен байланыс орнатуы, жергілікті және халықаралық жарыстарда ұтымды нәтиже көрсетуі тиіс. Әуесқой ойын мен кәсіпқой киберспорт арасындағы айырмашылық командалардың турнирдегі жетістіктеріне қарай анықталады. Команда мүшелерінің бәрінің карьерасы жасөспірім кездегі қарапайым әуестіктен басталған.

БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛЫП ЕДІ?

6-сыныпта оқып жүргенде әке-шешесі Сайлау Әбдімәлікке туған күніне компьютер сыйлаған. Ол Dota 2 ойынымен алғаш сол кезде танысқан. Ол кезде халықаралық жарыстар мен турнирлер өтіп тұратынын да білмеген, кәсіпқой киберспортшы болуды да ойламаған - достарымен ермек үшін ойнап жүрген. Кейінірек оның қабілетін Feive командасы менеджері Роман Гришин байқап, командаға шақырған, шындап жаттығуға да сол кезден бастап кіріскен.

Dota 2 ойыншысы Сайлау Әбдімәлік.
Dota 2 ойыншысы Сайлау Әбдімәлік.

- ҰБТ тапсыратын күннің алдындағы түнде Шымкенттегі жергілікті турнирге қатыстым. Ойындар әдетте түнде өтеді. Біз екінші орын алып, ойынды түнгі сағат бірде аяқтадық. Ал таңғы сағат бесте автобусқа отырып, ҰБТ тапсыруға кетіп бара жаттым. Тесті жақсы тапсырдым, - дейді Сайлау.

Мұхит Әбдімүтәліповтің киберспорттағы тағдыры сыныптастарымен компьютер клубтарына барудан басталған. Әке-шешесі үйде сағаттап болмайтын жігітке ұрыспаған, өйткені ол кілең беске оқитын үздік оқушы болған. Кейін Мұхит Назарбаев университетіне оқуға түскен әрі оқу мен хоббиін ұштастыруға тырысқан. Бірақ екінші курста жүргенде әке-шешесіне мүлде ұнамаған шешім қабылдаған. Мұхит оларға «оқуды тастайтынын» хабарлаған.

- Анам жылады, әкемнің зығырданы қайнады. Астанада болатынмын, үш ай бойы үйге баруға жүрегім дауаламай жүрді. Кейін анама телефон соқтым, үйге барып әке-шешеме бәрін түсіндірдім. Екеуі мені түсінгендей болды, бірақ бәрібір моральдық жағынан ауыр тиді, - дейді Мұхит.

Dota 2 ойыншысы Мұхит Әбдімүтәліпов.
Dota 2 ойыншысы Мұхит Әбдімүтәліпов.

Ол командадағы болашақ серігі Роман Гришинмен Dotа 2-ны ойнап жүріп танысқан. Гришин ертеректе Feive командасы менеджері болған, бірақ бірнеше мықты ойыншы кетіп қалғаннан кейін турнирлерге өзі қатыса бастаған. Киберспортшылар өзге командаларға кетіп қалғаннан кейін Feive командасы кәсіпқой ұжым мәртебесінен айырылған. Роман енді Мұхит пен Сайлауды қосып алып, команданың кәсіпқой деген атағын қайтарып алуға тырысып жүр.

Feive командасына компьютерлік клуб қожайындары, ойынды ұнататын меценаттар мен компьютерлік девайстар шығаратын компаниялар демеушілік көрсетеді. Команда мүшелерінің қала сыртында тұрып, жаттығатын коттеджі, яғни Gamehouse-тары бар. Қазір ол жақта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, сондықтан жігіттер әзірше компьютерлік клубта жаттығып жүр.

Feive командасының менеджері әрі мүшесі Роман Гришин.
Feive командасының менеджері әрі мүшесі Роман Гришин.

Feive командасы киберспортшыларының әдеттегі күн кестесі - таңғы сағат 5-6-да ұйқыға жатады, түсте тұрады, сосын ойынға кіріседі. Әуелі қарапайым - жаттығу матчтары ойналады, ал кешкісін турнирлерде ойнай бастайды. Турнирлер көбінесе Еуропа немесе Мәскеу уақыты бойынша ойналады.

- Турнирлер шамамен кешкі сағат 10-нан кейін басталады. Демек кешкі сағат 10-ға қарай мүлде сергек болуың керек, - дейді Роман.

Маусымның 23-інде Feive командасы жүлде қоры 20 миллион доллар болатын және жыл сайын өтетін «International» халықаралық турнирінің ашық іріктеу турына қатысқан. Турнирге қатысқан 1024 ұжымның ішінде Feive тобы үздік 16 команда тізіміне іліккен, бірақ финалға өте алмаған.

КИБЕРИНДУСТРИЯНЫҢ ШЕТҚАҚПАЙ КҮЙІ

Киевтегі Esm.one компаниясында жұмыс істеп жүрген қазақстандық Артем Одинцов (22 жаста) Esport Charts жобасында ірі киберспорт турнирлеріне сараптама жасаумен айналысады. Оның айтуынша, киберспортпен кәсіби деңгейде айналысатын қазақстандықтар әдетте елден кетіп қалады, өйткені командамен бірге ортақ үйден немесе клубтан шықпай жаттыққан кезде «әлдеқайда жақсы нәтижелерге жетуге болады». Қазақстанда ондай инфрақұрылым әзірше тиісті деңгейде дамыған жоқ.

Артем Одинцов (микрофон ұстап тұр)киберспортқа қатысты шарада сөйлеп тұр. Фото Артем Одинцовтің архивінен алынды.
Артем Одинцов (микрофон ұстап тұр)киберспортқа қатысты шарада сөйлеп тұр. Фото Артем Одинцовтің архивінен алынды.

2010 жылдан бері Қазақстанда Артемнің өзі де турнирлер ұйымдастырған, бірақ ол жұмыс істеген компания жабылып қалғаннан кейін Одинцов Киевке көшіп кеткен. Қазір Артем ойындар трансляциясына жарнама жариялау арқылы Қазақстаннан барған киберспортшыларға қаржылай демеу көрсете алатын ықтимал серіктестер іздеуге көмектеседі.

Мысалы, кейінгі бірнеше апта ішінде Қазақстанда ең танымал ойындардың бірі - Dota 2-ні 140 мыңнан көп адам ойнаған, демек бұл ойынды осы елде тұратын халықтың 1 пайызына жуығы ойнады деген сөз, ал ондай ондаған ойын бар ғой.
Артем Одинцов

- Ірі сараптама агенттіктерінің ресми дерегінше, қазақстандықтардың бір миллионнан көбі компьютерлік ойындар ойнайды екен, - дейді Одинцов Азаттыққа. – Бірақ әлгі статистика онлайн-ойындар және түрлі ойын алаңдарында сатылған ойындар негізінде жиналады, яғни онлайн режимде және компьютерлік клубтарда ойнамайтындарды қоссақ, бұл сан екі есеге көбейеді. Мысалы, кейінгі бірнеше апта ішінде Қазақстанда ең танымал ойындардың бірі - Dota 2-ні 140 мыңнан көп адам ойнаған, демек бұл ойынды осы елде тұратын халықтың 1 пайызына жуығы ойнады деген сөз, ал ондай ондаған ойын бар ғой, - дейді Одинцов.

Наурызхан Әбдікәрім – онлайн-режимдегі ойындарды трансляциялаумен және Қазақстанда киберспорт түрлерінен турнир өткізумен айналысатын Q Hub ұйымын құрған жігіт. Наурызханның негізгі жұмыс орны – комментатор отыратын жеке бөлме.

- Экранда бір секундқа жетпейтін қас-қағым сәтте өтетін бүкіл экшнге комментарий беріп үлгеруің керек. Менің міндетім – жұртқа әлгі сәттің атмосферасы мен ерекшеліктерін сипаттап жеткізу. Біз киберспортты дамытуға мұрындық болғымыз келеді. Шеттен ешкім қаржыландырмайды, бәрін өз құлшынысымызбен істеп жатырмыз. Ақшаны өз қалтамыздан шығарамыз, - дейді Әбдікәрім Азаттыққа.

Киберспорт жүйесі ішінде жүргендіктен, Наурызхан Әбдікәрім қазақстандық «аренаны» өзге елдердегі алаңдармен салыстыра алады. Комментатордың сөзінше, айырмашылық жер мен көктей.

- Ресей мен Украинада бұл салаға үлкен мән береді. Ол жақта қомақты инвестиция да құяды. Екі жыл бұрын Ресейде белгілі бизнесмен Әлішер Усманов киберспорт индустриясын дамытуға 100 миллион доллар бөлді. Маусымның аяғында Қытайда киберспортқа 14,6 миллиард доллар инвестиция құюды ұйғарды, - дейді Әбдікәрім.

Q Hub ұйымын құрушы Наурызхан Әбдікәрім. Сурет оның жеке архивінен алынды.
Q Hub ұйымын құрушы Наурызхан Әбдікәрім. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Әлемдік ауқымдағы спорт түрі ретінде киберспорт қазірдің өзінде танылып үлгерді, әлемдік спорт телеарналары көрсететін кибержарыстарды көруге құштар көрермен де көп. Feive командасы ашық іріктеу турына қатысқан жыл сайынғы Іnternational турнирі АҚШ-тың Сиэтл қаласында өтіп жатыр. Қазақстан ойыншыларына оған қатысуға әлі тым ерте, бірақ дара ойыншылар рейтингінде қазақтандықтар бар. Олардың ішіндегі ең үздігі - кей рейтингтерде жоғары – 30-орында көрініп жүрген астаналық Рамазан Құдайберген.

ВИРТУАЛДЫ ӨМІР

Feive командасы киберспортшыларының айтуынша, Қазақстанда Dota ойыны арқылы танылып, «аты аңызға айналған» ойыншылар болған. Бірақ киберспортшылардың кәсіби карьерасы қожырап «жүрмеген».

- Білесіз бе, бәрінің тағдыры біркелкі болып шықты. Қазақстанда тұратын адамдар үшін оқу, жұмыс, үйлену - бірінші орында. Сосын отбасыңды асырауға тиіссің. Dota ойнауға жұртты ынталандыратын қосымша себептер жоқ, инфрақұрылым жоқ, ойын үшін төленетін қаламақы жоқ. Елде Еуропадағы сияқты киберспортты ұйымдастырушылар жоқ, - дейді Мұхит Әбдімүтәліпов.

Екі жыл бұрын Ресейде белгілі бизнесмен Әлішер Усманов киберспорт индустриясын дамытуға 100 миллион доллар бөлді. Маусымның аяғында Қытайда киберспортқа 14,6 миллиард доллар инвестиция құюды ұйғарды.
Наурызхан Әбдікәрім

Қазақстанда Dota 2 бойынша танымал ойыншылардың бірі саналатын Илья Дорман Азаттықпен әңгімесінде киберспорттан кетуге себеп болған негізгі нәрсе - қаржы мәселесі, Қазақстанда әйтеуір бір кезде киберойыншылардың қолы молшылық пен жайлы тұрмысқа жетеді деп үміттену бекер дейді.

- Екінші себебі – өте әлсіз дамыған инфрақұрылым мен мықты ойыншыларды дамытуға ақша салатын демеушілердің жоқтығынан нәтижелерің нашар болып шығады, ал оған қаншама жүйкең кетеді, қаншама денсаулық пен күш жұмсайсың. Құлшынып жұмыс істеуге жақсы жағдай жасалса, қаржы жағы мықты болса, карьерамды жаттықтырушы ретінде жалғастырып, талай мықты ойыншы тәрбиелеп шығарар едім, - дейді Дорман.

Киберспорттан кетіп қалған Илья Дорман. Фото оның жеке архивінен алынды.
Киберспорттан кетіп қалған Илья Дорман. Фото оның жеке архивінен алынды.

Кезінде Дорманның командасы беделді турнирлердің бәріне қатысып, жылына $4000-5000 тауып жүрген. Илья «бұл студенттер үшін әжептәуір қомақты ақша болғанымен, ересек адам үшін жақсы табыс деуге болмайды» дейді.

- Қазір қазақстандық командалардың ешқайсысы [тіпті] мұндай деңгейде де ойнай алмай жүр, - деп түйіндеді Илья.

XS
SM
MD
LG