Accessibility links

Ирандағы наразылыққа Қазақстаннан қарау


Тегеран университеті маңындағы наразылық шеруі.

Қазақстандық сарапшылар Иран билігі тез арада мәмілеге келуге тырыспаса, ішкі тұрақтылықтың шытынауы мүмкін деп санайды.

Иранда желтоқсанның 28-інде Мешхедте билікке қарсы наразылық акциясы басталып, бірден басқа қалаларға жайылды. Содан бері шерулерде 20-дан астам демонстрант пен бір полиция қызметкері қаза тапты.

Азаттыққа Ирандағы наразылық туралы айтқан қазақстандық сарапшылардың пікірі «билік мәмілеге келуге барынша тырысады» дегенге сайғанымен, наразылықтың басталуына итермелеуші ретінде көрсеткен себептері әр түрлі.

Расул Жұмалы, саясаттанушы.
Расул Жұмалы, саясаттанушы.

Оқи отырыңыз: Ирандағы наразылық бесінші тәулікке ұласты

Саясаттанушы Расул Жұмалы «азық-түлік бағасының қымбаттауы секілді әлеуметтік мәселелер – айсбергтің басы ғана» дейді. Сарапшының сөзінше, халықтың наразылыққа шығу себебі араб әлемінде болған дүмпудікіне ұқсас – қоғам режимнен шаршаған, жастар жаңғыруды қалайды.

- Бұл наразылық – қоғамдағы әділетсіздіктің, жемқорлықтың, жастар мәселесінің шешілмегенінің көрінісі; жастардың аятоллалар билігінен шаршағанының нышаны. Әрі Иран Қазақстан секілді мұнай мен газға тәуелді ел екенін ескерсек, соңғы 4-5 жылда шикізат бағасының арзандауы (биліктің – ред.) әлеуметтік саладағы шығынды үнемдеуге алып келді, - дейді ол Азаттыққа.

Расул Жұмалы «Иран өзі орналасқан аймақтағы ірі мемлекет: онда саяси бәсекелестік пен баламалы кандидаттар бар» дейді. Дегенмен, оның сөзінше, бұл толқулар ішкі келіспеушіліктер мен әлсіздіктер барын көрсеткен. Саясаттанушы «елдегі наразылық ірі өзгеріске әкелмейді, себебі қазіргі биліктің ықпалы зор, тұғыры мықты» деп санайды.

Саясаттанушы Мұхит Асанбаев.
Саясаттанушы Мұхит Асанбаев.

Тағы бір саясаттанушы Мұхит Асанбаевтың пікірі де осы шамалас – «бір жыл бұрын ғана санкциядан шығып, әлі есін жимаған Иранның сыртқа көп көмектесуі халықтың наразылығын туғызған». Оның ойынша, билік наразылықты басып тастайды. "Бірақ, - дейді ол, - үкімет компромиске келіп, бағаны біршама түсіреді".

​Ал саясаттанушы Досым Сәтбаевтың сөзінше, Иран халқының наразылық көңіл-күйі барын көрсеткен бұл - алғашқы шеру емес. Ол "Араб көктемі" басталғанға дейін – 2009 жылы Иранда сол аймақтағы ең ірі наразылық шерулеріің бірі болғанын айтады. Сол кезде батыс сарапшылары «әлеуметтік жағдайы нашарлаған аймақтағы жаппай қарсылықтың ұшқыны Ирандағы тоғыз жыл бұрынғы толқу кезінде тұтанды» деп болжаған көрінеді.

- Ал қазіргі наразылық акциясының әлеуметтік мәселеден саяси контекске ауысуы елдегі қарсылық деңгейінің жоғары шамаға жеткенін көрсетеді. Оның үстіне, биыл алаңға шығып жатқандардың көбі жастар екенін ескеру керек, - дейді саясаттанушы.

Досым Сәтбаев 2015 жылы Иранға барып, жергілікті зерттеуші ғалымдармен жұмыс істеген кезінде елде 1979 жылғы шах әулетін биліктен кетірген революцияны көрмеген, ол туралы естіп қана өскен буын қалыптасқанын байқаған. "Олардың көбінің, - дейді саясаттанушы, -билікке қоятын талабы күшейген".

- Осы уақытқа дейін Иран билігі халықтың басын елді ортақ жауға қарсы қою арқылы біріктіретін идеологиямен құрап келді. Қазір елдегі жастар бірігудің мұндай формасына көнгісі жоқ. Сондықтан елдегі наразылық алаңында әлеуметтік мәселе тудырған экономикалық және екі буын арасындағы идеологиялық сипаттағы екі қақтығыс жүріп жатыр, - дейді ол Азаттыққа.

Сарапшының сөзінше, «жаңа буын еркін жұмыс істеуді қалайды, олардың байығысы келеді».

Оқи отырыңыз: Ирандағы наразылар кімдер?

- Жастар Иранның саяси-әскери қақтығыстар алаңына айналғанын қаламайды. Себебі, олар Иранды өзі орналасқан аймақтағы ықпалы зор ел және мұсылман әлемінің орталығы деп санайды, - дейді Сәтбаев.

Маман Иран билігі конфликтіні шешкенде жастардың демографиялық үлес салмағының біраз өскенін ескеруі керек деп санайды. Оның сөзінше, билік амалсыз компромиске барады – себебі, (үкімет – ред.) жүйені реформалауға тырыспаса, құрылым іштей ыдырай береді де, осы сәтте «сыртқы күштер» бұл процесті жеделдетуге сөзсіз септеседі.

Cаясаттанушы Досым Сәтбаев.
Cаясаттанушы Досым Сәтбаев.

Досым Сәтбаев «Ирандағы жағдайдан Қазақстан билігі қатаң саяси бақылаудағы теократиялық мемлекеттің өзінде азаматтарды наразылыққа итермелейтін көңіл-күй болады, ал бұл күй белгілі бір сәтте халықты биліктен қорықпайтындай деңгейге жеткізетінін ұғуы тиіс» деп есептейді.

Қымбатшылық пен күнкөрістің төмендеп кетуіне қарсы ұранмен шыққан шерудің соңы Иранның жоғары басшысы саналатын рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің ішкі саясаты мен Таяу Шығыстағы сыртқы саясатына наразылыққа ұласқан. Көшеге шыққандар Хаменеидің портреттерін жыртып, ел басшылығына қарсы ұрандаған. Қазір Иранда инфляция – 9,6 пайыз, жұмыссыздық көрсеткіші 13 пайызға жеткен. Алайда ресми емес дерек көздерінде бұл сандар екі есе көп.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

     

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG