Accessibility links

Бас прокурор Асановтың «мемлекетшілдігі» мен «аңдап басуы»


Бас прокурор Жақып Асанов. Астана, 3 қараша 2016 жыл.

Жақып Асановтың бас прокурор қызметіне тағайындалғанына бір жыл толды. Жұмысына белсене кіріскен оны «қазіргі саяси жүйе белгілеген шектен аса алмайтын мемлекетшіл тұлға» деп сипаттаушылар да, «бұл орында ұзақ отыра алмайтын адам» деп жорушылар да бар.

Бір жыл бұрын – 2016 жылы сәуірдің 25-інде бас прокурор Асхат Дауылбаев қызметінен кетіп, орнына орынбасары Жақып Асановтың тағайындалуы жұртшылыққа биліктегі кезекті ауыс-түйістің бірі болып көрінген. Ұзақ жыл прокуратура саласында қызмет еткен Асанов өзіне дейінгілердің ісін әрі қарай жалғастыра беретін шенеуніктердің бірі ретінде қабылданған.

Бірақ көп ұзамай-ақ Жақып Асановтың прокуратура мен Қазақстанның құқықтық жүйесі туралы сын пікірлері ақпарат құралдарында жиі тарап, әлеуметтік желіде таңданыс туғызған. Шенеуніктердің қасаң сөйлеу мәнеріне үйренген жұртшылыққа Жақып Асановтың көп алдындағы шешендігі де, құқық қорғау органдарын сынағаны да тосын көрінген.

«ЭССЕ ЖАЗУ ЖӘНЕ КІТАП ОҚУ»

Жақып Асанов бас прокурор болып тағайындалғанына үш ай өтпей «Танысың, көкең болмаса өз күшіңмен бізге орналасу мүмкін емес деген ой қалыптасты» деп мәлімдеген. Көпшілік оның «2 мың кандидаттың ішінен 120 адамды прокуратураға қызметке екі конкурспен іріктеп, ешбір тамыр-таныссыз алғанын» сенер-сенбес ақпарат ретінде қабылдаған.

Жақып Асановтың қатысуымен өтіп жатқан прокурорлар жиыны. (Көрнекі сурет)
Жақып Асановтың қатысуымен өтіп жатқан прокурорлар жиыны. (Көрнекі сурет)

«Төрт ай бұрын 9 мың қылмыстық істің тең жартысы заңсыз қозғалған болып шықты», «екі-үш адам бастығын «қылмыс жасады» деп көрсетіп береді, содан соң бастығын қамап, әлгілерді куәгерге айналдырады, басқа дәлел жоқ» деген сөздерін қазіргі құқық қорғау органдарына қатысты шындық деп санайтындар әлеуметтік желіде жиі таратты.

Қарамағындағы прокурорларды «халықпен түсінікті тілде сөйлесе алмайды» деп сөккен Жақып Асанов прокурорларды жұмысқа эссе жазу арқылы ой-өрісін тексеріп барып қабылданатынын ескертіп, көркем әдебиет оқып, тіл ұстартуға шақырған. Көп ұзамай-ақ кейбір ақпарат құралдары прокурорлардың «кітап іздеп, кітап дүкендерін аралап жүргені» туралы ақпарат жариялады.

Бас прокуратураның кадр жұмыстары бойынша департаментінің бастығы Александр Огай прокурорлар Сингапурдың бұрынғы президенті Ли Куан Юдың «Үшінші әлемнен бірінші әлемге» деп аталатын кітабын көбірек оқи бастағанын айтқан.

«ПРОКУРАТУРА ҚАБЫРҒАСЫНА ПЛАКАТ ЖАЗДЫҚ»

Азаттық тілшісі бірнеше облысқа хабарласып, бас прокурордың кітап оқу туралы тапсырмасы қалай орындалғанын сұрастырып көрген еді. Атырау облыстық прокуратурасының қызметкері Тұрсынай Бурабаева бас прокуратура наурыздың соңынан бастап «Өзгерістер бағдарламасын» енгізгенін айтады.

Сол бойынша барлық қызметкерлер өзін-өзі жетілдірумен айналысып жатыр. Прокуратура қабырғасына «Көп оқы», «Ойлан тап», «Өзіңді өзгертпей айналаңды өзгерте алмайсың» деген плакат жазып, ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

- Сол бойынша барлық қызметкерлер өзін-өзі жетілдірумен айналысып жатыр. Прокуратура қабырғасына «Көп оқы», «Ойлан тап», «Өзіңді өзгертпей айналаңды өзгерте алмайсың» деген плакат жазып, ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Жамбыл облыстық прокуратурасы кадр басқармасының бастығы Сәкен Жорабеков те «қызметкерлердің бәрі кітап оқып жатқанын» айтты. Ал Петропавл қалалық прокуратурасының аты-жөнін айтпаған қызметкері жоғарыдан тапсырма болғанымен, кітап оқуға уақыт таба алмай жүргенін айтып күлді.

Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрділдә Ораздың Азаттыққа айтуынша, прокурорлардың шешендік өнерді игеруі мен сауаттылығын арттыру үшін прокуратура сайтында арнайы айдар да ашылған. Нұрділдә Ораз бас прокурордың бастамалары біртіндеп жүзеге аса бастағанын айтады. Оның сөзінше, «қызметке тамыр-таныссыз алудың жаңа форматы қабылданған, бизнеске қысымды азайту үшін прокуратураның бастамасымен бизнесті қорғаудың жол картасы жасалған, басшы прокурорларға жылына екі рет халыққа видеоесеп беріп, оны әлеуметтік желіге орналастыру жүктелген, қылмыстық процесті электронды форматқа ауыстыру және прокуратураның азаматтардан өтініш қабылдау тәртібін жеңілдету көзделген».

«АЯҚТЫ АҢДАП БАСУ» ЖӘНЕ «ЖОҒАРЫ БИЛІКТІҢ ҚОЛДАУЫ»

Әлеуметтік желілерде Жақып Асановтың пікірлері жиі таралып, бастамалары қолдау көре бастағанына сыни көзқараспен қарайтындар да бар. Кейбір қоғамдық белсенділер «Жақып Асанов саяси астары бар қылмыстық істерге келгенде ештеңе айта алмайды» деп сынаған. Ондай пікір иелері «Асанов бас прокурорлыққа тағайындалардан бір күн бұрын – 2016 жылы сәуірдің 24-інде Атырауда басталған жер мәселесіне байланысты митингілерге қатысушылардың кейін жазаға тартылуын, тәуелсіз ақпарат құралдарының қысымға ұшырауын, жабық соттардың көбеюін» сөздеріне дәлел еткен.

Кезінде Жақып Асановпен бірге мәжіліс депутаты болған Айгүл Соловьева «бас прокурорды жоғары билік қолдайды» деп есептейді.

Жақып Асанов пен Айгүл Соловьева (бергі қатарда) сыбырласып отыр. Астана, 14 желтоқсан 2010 жыл.
Жақып Асанов пен Айгүл Соловьева (бергі қатарда) сыбырласып отыр. Астана, 14 желтоқсан 2010 жыл.

- Ол қандай да бір қызметке тәуелді адам емес. Бас прокурор болғанда Қызылордада іссапарда жүрген. Сонда «бұл қызметті күтпегенін» айтқаны есімде. Прокуратурада өзін туған күнімен құттықтауға да тыйым салғанын естігенмін. Ол депутат кезінде де белсенді болатын. Қазіргі айтып жүргендерін Павлодар облысының прокуроры болып тұрғанда өзі жүзеге асыруға тырысқан, – дейді ол.

Бас прокурорды «жүйені өзгертуді қалайтын қарапайым адам» деп сипаттаған Айгүл Соловьева «Еуропада оқып келген ұлын Қызылордаға қарапайым мектепке мұғалім етіп жіберуі – оның халықтан алшақтағысы келмейтіндігінің белгісі» деп санайды.

Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бас прокурордың бір жылдағы әрекеттерін «аяқты аңдап басу» деп бағалайды.

- Жақып Асанов адамды азаптауға, зорлық-зомбылыққа қарсы жұмысты жетілдірді, бас прокуратураның жұмысын неғұрлым ашық жүргізуге тырысты. Бірақ сөз бостандығы, пікір еркіндігі, азаматтардың жиын өткізу құқығы сияқты саяси мәселелерге келгенде белгілі бір шектен шықпай аңдап басуға мәжбүр. Өйтпесе президенттің командасындағы «ақ қарғаға» айналуы мүмкін. «Қазақстанға демократия мен реформа керек» дейтін жоғары дәрежелі шенеуніктер бұрын да болған. 2001 жылы осылай ұрандатқан бірнеше жоғары лауазымды қызметкердің соңы не болғанын білеміз, – дейді ол.

Бақытжан Төреғожина Жақып Асановты «президенттің қазіргі командасынан шықпаған адам сияқты» деп сипаттайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

- Оның дәл қазіргі бастамаларын мемлекетшіл тұлғаның бастамалары деуге болады. Оған басқа құқық қорғау органдарының басшылары да құрметпен қарайтыны аңғарылады. Коньюктуралық, корпоративтік мүддеден, жеке басының мүддесінен мемлекет мүддесін жоғары қоятыны байқалады, – дейді құқық қорғаушы.

Төреғожинаның айтуынша, «Асанов сияқты өзгеріске құштар басшылар аяқастынан емес, қоғам дамуы барысында қажеттіліктен пайда болады – өйткені жоғары билікте де қоғамның мұнан әрі бұлай өмір сүре алмайтынын, өзгеріс керек екенін түсінетін адамдар бар»

Оппозицияшыл саясаткер Әміржан Қосанов та бас прокурор Жақып Асановтың өзіне дейінгі прокурорлардан ерекшеленгенін айтады.

- Қазақстанда осы жылдар ішінде прокурорлардың тұрақты да тұрпайы имиджі қалыптасып қалды емес пе? Олар тек қана айыптау жағында көрінді. Жақып Асанов осы тізімнен тыс тұрған сияқты, қазіргі қатқыл жүйеде оның орны бір төбе болып тұр. Адами, елге жақын сөздер айтып қалады. Құқық қорғау саласында революция жасамаса да, біршама жаңалық енгізгісі келетін сияқты. Бірақ қатып-семіп қалған жүйе оған ондай мүмкіндік бере ме – мәселе сонда, – дейді Әміржан Қосанов.

Саясаткер Әміржан Қосанов.
Саясаткер Әміржан Қосанов.

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар «Жақып Асанов мұндай бастамаларымен бас прокурор қызметінде ұзақ отыра алмауы мүмкін» деп жориды. Олардың кейбірі бас прокурорды «қазіргі биліктегі кландарға енбейтін, бизнеспен байланысы байқалмаған адам» деп санайды.

53 жастағы Асановтың қызметтік өмірбаянында көбінесе прокуратура саласында қызмет еткені жазылған. Ол 2005-2006 жылдары «Атамекен» кәсіпкерлер одағы атқарушы директорының орынбасары, «Қазақстандық коммуналдық жүйе» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы, «Ордабасы» корпорациясының директорлар кеңесінің мүшесі және президенті болған. 2007-2012 жылдары парламенті мәжілісінің депутаты болған, одан кейін бас прокурордың орынбасары болып тағайындалған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG