Accessibility links

"Мобильді" һәм меншік баспанасыз буын


Советтік үлгідегі көпқабатты үйдің жанынан өтіп бара жатқан адам
Советтік үлгідегі көпқабатты үйдің жанынан өтіп бара жатқан адам

Қазақстан билігі пәтер жалдап тұрудың «қалыпты құбылыс» екені туралы мәлімдеп, жастарды «мобильді болуға» шақырады. Алайда баспанасыз жастың көпшілігі «мобильді тұрмыс» емес, «жағдайдың нашарлығынан» пәтер жалдап жатқандарын айтады.

Алматы тұрғыны Айбек отбасын құрғалы бері 15 жылда он шақты пәтерге көшіп-қонған. Алғаш жатақханада, кейін «Айнабұлақтан» бастап қаланың бірнеше ауданында пәтер жалдап тұрған. Мекен-жайы жұмысы мен балалары оқитын мектептің орналасқан жеріне байланысты жиі ауысады.

ТАЛАП ПЕН МҮМКІНДІК

Айбек әлі баспанаға қолы жетпей жүргенін «қойылатын талап пен мүмкіндіктің сәйкессіздігінен» деп біледі.

- Біз мемлекеттік қызметкер ретінде пәтер кезегінде он жылдай тұрмыз. Бірақ кезегіміз әлі келген жоқ. Ипотекаға алайын десең, оның пайызы көп, тіркеуде тұрып, айлық табысың болуы қажет. Мен оператормын, түрлі жобаларға қатысқаным болмаса тұрақты жұмыс жоқ. Сондықтан айлық табысты да көрсете алмаймын. Осыдан үш жыл бұрын депозитке ақша жинап, Алматының төмен жағынан жер алып, шағын үй сала бастадық. Бірақ қазір балам қаланың ортасындағы музыка мектебінде оқитындықтан қайтадан пәтер жалдап тұрып жатырмыз, - дейді ол.

Көпқабатты үйлердің бірінде
Көпқабатты үйлердің бірінде

38 жастағы жігіт тұратын екі бөлмелі пәтердің айлық ақысы – 150 мың теңге. Тұрақты жұмысы болмағандықтан пәтердің ақысын бірден оқу жылының соңына дейін төлеуге мәжбүр болған. Бірақ оның есесіне жол шығыны азайған.

- Алдын ала мерзімін келісіп, ақшасын төлеп, келісім-шарт жасамасаңыз, пәтер иесі түрлі сылтаумен «екі-үш күнде үйді босат» деуі мүмкін. Бірнеше жыл бұрын екі баламмен бір күнде далада қалғаннан кейін мен үшін бұл жайт өте маңызды, - дейді ол.

Алматыға бір жыл бұрын Ақтөбе қаласынан келген Арман айлығының тең жартысын пәтерге береді. 25 жастағы бойдақ жігіт үйленген соң жекеменшік баспана сатып алғысы келеді.

- Бұл менталитет факторы сияқты. Біздің Қазақстан мен Орталық Азияда жігіттің басында үйі, көлігі, қызметі болу керек. Ал оның бірі болмай жатса туған-туыс, жақындарың мен достарыңның сынына қаласың, - дейді ол.

Алматы шетіндегі жаңа үйлер
Алматы шетіндегі жаңа үйлер

Арман әзірге ипотекаға үй алуға дайын емес.

- Бәрін таразыға салдым. 20-25 жыл бойы [несие] төлеу қиын. Ертеңге сенім жоқ қазіргі уақытта алысты көздеп іс қылу қауіпті, - дейді ол.

Сондықтан айлығы жақсы жұмыс істеп, пәтер жалдап тұра бермек.

ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР БИЗНЕСІ

Айбек пен Арман сияқты пәтер жалдауды қолай көретіндер Алматыда мыңдап саналады. Оларға жалға пәтер тауып беруге көмектесетін риелторлардың да саны өсіп келеді. Сабыр Ахмедов (есімін өзгертуді сұрады - ред.) қаладағы 200-ге тарта риелторлық компанияның бірінде жұмыс істейді.

- Уақытыңыз бен ақшаңызды үнемдегіңіз келсе, риелторларға хабарласқан жөн. Әрине өзіңіз сайт, я таныстарыңыз арқылы іздей аласыз, бірақ оған уақытыңыз, ақшаңыз кетеді, - дейді Сабыр.

Оның сөзінше, айына ондаған адам хабарласып, жалға пәтер іздейді. Ал пәтер сатып алушылар үш-төртеу ғана.

- Әдетте пәтер иелеріне хабарласамыз. Қызметіміз 20 мың теңгеден бастап, клиент пәтерге төлейтін алғашқы төлемнің 20 немесе 50 пайызын құрайды. Егер екі жаққа да тиімді жағдай болса, екеуі де төлеуі мүмкін. Бірақ қазір риелторларға сенім аз, өйткені нарықта «лас ойыншылар» бар. Кейбір ақпарат агенттіктері тек ақпараты үшін ғана 15-20 мың теңге алып отыра береді, - дейді ол.

Пәтер сатып алуға қиналатындар үшін жалға алу құны да арзан емес. Риелтор Алматыдағы бір бөлмелі пәтерді жалға алу бағасы 50 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін баратынын айтады. Оның сөзінше, кейбір пәтер иелері үш жасқа дейін балалары бар отбасыларды үйіне кіргізуден қашады, «себебі пәтер ішіндегі дүниені бүлдіруі мүмкін». Ондай жағдайда келісім шартта бүлінген мүліктің құнын өтеу мәселесі қосымша көрсетіледі.

«ЕРКІН БОЛУ» ШАРТТАРЫ

2000 жылдардың басында президент Нұрсұлтан Назарбаев «2015 жылы әр қазақстандықтың қолында үш кілттің түйіні болады, біріншісі – өз пәтерінің, екіншісі – өз көлігінің, ал үшіншісі – өз бизнесінің кілті» деген.

Кентаудағы ескі үйлердің бірі
Кентаудағы ескі үйлердің бірі

Алайда соңғы жылдары Қазақстан билігі пәтерді жалға алудың «қалыпты» екенін насихаттауға көшті. Мәселен, жуырда президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең ыңғайлы баспана – жалдамалы пәтер екенін айтты. Сондықтан ол «елдегі үш ірі қала – Астана, Алматы, Шымкентте алдағы жылы мыңға жуық жалдамалы пәтер салуды» тапсырған.

Президенттің үлкен қызы, Сенат мүшесі Дариға Назарбаева да былтырғы бір сөзінде өзінің жас кезінде жатақханада тұрғанын есіне алып, жастарды «еркін болуға», тіпті пәтер сатып алмауға шақырды.

«Алматыда пәтер сатып алсаңыз – Алматыға байланып қаласыз. Жас кезіңізде өз орындарыңызды тауып, мобильді болыңыздар» деді ол.

Бұл көзқарасқа қатысты әлеуметтанушы Нұрболат Әйекешевтің пікірі басқаша. Ол қазақстандықтар үшін баспаналы болу «ертеңгі күні далада қалмаудың кепілі» екенін ескертеді.

- Барлық адам меншікке (жылжымайтын мүлікке – ред.) ие болғысы келеді, ол – инвестиция. Елімізде бизнес жүріп, оның акциясы болса, ол тұрақты, оның кепілі болса, ертеңгі күніне сенімді болар еді. Әзірге ол жоқ, сондықтан жерді немесе үйді, басқа да жылжымайтын мүлікті тұрақтылықтың кепілі деп біледі, - дейді әлеуметтанушы.

Досым Сәтпаев
Досым Сәтпаев

Саясаттанушы Досым Сәтпаев «билік түрлі мәселеге қатысты өз позициясын өзгертуге бейім» дейді.

- Билік шетелдік тәжірибені айтқанда әдетте азаматтарға қатысты тәжірибені мысал етіп алады, ал демократия мен жүйенің өзгеруіне қатысты сөз болғанда оны мысал қылмайды. Билік баспана мәселесінің өзекті екенін біледі, бірақ ол салада жетістік аз болғандықтан халыққа түрлі ұсыныс жасауға мәжбүр, - дейді саясаттанушы.

Қазақстан үкіметі 2017 жылдан бастап, жыл сайын сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 3000-ға жуық пәтер салуға бюджеттен өңірлерге 25 миллиард теңге бөліп, биылдан бастап бұл соманы 10 миллиард теңгеге арттыруды жоспарлап отыр. Ресми есепке сәйкес 2017 жылы Қазақстанда жалпы ауданы 146,5 мың шаршы метр 2620 жалдамалы пәтер салынған. Мұндай баспана әкімдіктердің тізімінде тұрған «халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына» сатып алу құқығынсыз ұзақ мерзімді жалға беріледі.

Билік кредиттік тұрғын үй салуды тоқтатпаған. 2016-2017 жылдары ауданы 592 мың шаршы метр 9278 пәтер салынған. Мұндай кредиттік тұрғын үйді алу үшін мұқтаж ретінде есепке тұру үшін тұрғындар әкімдікте тіркеліп, «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақБанкінде» депозит ашу қажет. Өйткені салынған кредиттік тұрғын үй әкімдік кезегінде тұрған осы банктің салымшыларына ғана қолжетімді бағамен сатылады. Үкімет бағдарламасымен кредиттік тұрғын үй алудың тәртібін мына сілтемеден білуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG