Accessibility links

Ертісбаев Қазақстандағы саяси режимге интернеттен қауіп жоғын айтады


Ермұхамет Ертісбаев – Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі.
Ермұхамет Ертісбаев – Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі.

Президент сайлауы қарсаңында Қазақстанда интернет-ресурстарды пайдаланудың арта түскені байқалды. Осы үдерістің елдегі қоғамдық-саяси жағдайға тигізетін әсері Азаттық радиосының дөңгелек үстелінде талқыланды.

Әлеуметтік желілер жайында өткен сұқбатты тыңдаңыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:25:00 0:00
Жүктеп алу


Сәуірдің 3-іне мерзімінен бұрын белгіленген президент сайлауының қарсаңында Қазақстандағы интернет-кеңістіктің белсенділігі анағұрлым арта түсті. Мысалы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсыластары оны қызметтен кетіру үшін Интернетте қол жинау науқанын бастады. Қол жинау elbasy.net деп аталатын жаңа сайтта жүргізіліп жатыр. Олар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы сайлаудағы бәсекелестерін күрестен бас тартуға, ал азаматтарды сайлауға қатыспауға шақырады.

Қазақ оппозициясы бірінші рет интернет-технологияны пайдалана бастады. Мысалы, тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясы Youtube («Ютуб») интернет-сайтында алдағы сайлауға бойкот жариялауға шақыратын бірнеше бейнеклиптерді жариялады.

Қазақстанда онлайн-БАҚ-тарды қанша адам пайдаланады және бұл өнімдер қатардағы сайлаушыға жете ме? Онлайн-ресурстар мен дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын салыстыруға бола ма? Сайлау науқаны кезінде интернет-ресурстардың, оның ішінде беленділігі артқан электронды БАҚ-тың әсері қандай болады?

Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне қатысушылар осы және өзге де мәселелерді талқылайды.

Қатысушылар: Джоанна Лилис – тәуелсіз журналист, Орталық Азия бойынша сарапшы; Андрей Цуканов – «Еркін интернет үшін» қозғалысының Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысы бойынша үйлестірушісі, Қазақстан коммунистері қозғалысының өкілі; Сейітқазы Матаев – Қазақстан журналистер одағының төрағасы; Ермұхамет Ертісбаев – Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі.

ДӘСТҮРЛІ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ

Жүргізуші:

- Соңғы үш-төрт жылдың ішінде әлемде «электронды революция» жүріп өтті. Онлайн-БАҚ-тар медиа-кеңістіктен дәстүрлі БАҚ-тарды ығыстырып шығарып жатыр. Бұл үдеріс Қазақстанда қалай басталды және неге ол дәл қазір жүріп жатыр? Онлайн-БАҚ-тар мен дәстүрлі БАҚ-тардың айырмашылықтары неде?


Джоанна Лилис:

- Әрине, өзіңіз айтып кеткендей, дәл қазір онлайн-БАҚ-тар мен онлайн-ресурстардың ерекше бір белсенділігі байқалады. Және бұның барлығы сайлаулармен байланысты. Қазіргі уақытта саяси белсенді және өзінің азаматтық ұстанымын білдіргісі келетін адамдардың онлайн-БАҚ-тарға кіріп жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, өздеріңіз айтып отырған elbasy.net сайты арқылы. Сайлауға бойкот жариялауға шақыру үшін адамдардлың Facebook («Фейсбук») әлеуметтік желісін қалай пайдаланып отырғанын да байқап отырмыз.

Қазір бұл Қазақстан үшін өте маңызды үдеріс деп есептеймін. Адамдардың қазіргі уақытта онлайн-ресурстар мен әлеуметтік желілерге көбірек ден қоюы Қазақстандағы саяси кеңістік пен БАҚ-тарда биліктің үстемдік етіп тұруымен байланысты шығар. Біз оппозицияның дауысын есітпей отырмыз. Және қазір өте мықты жария пікірталастар дәл осы Интернетте – Facebook-те, әлеуметтік желілерде өтуде. Мен бұны өте қызықты құбылыс деп ойлаймын.

Сейітқазы Матаев:

- Біріншіден бұл араб елдерінде болып жатқан оқиғаларға байланысты деген ойдамын. Google-дің («Гуглдің») өкілі Дубайда отырып Twitter («Твиттер») арқылы Египеттің Тахрир алаңына шерушілерді жинауға көмектескені анықталды. Менің білуімше, америкалықтар Twitter, Facebook арқылы билікке қарсы шеруді ұйымдастыруға көмектескісі
Сейітқазы Матаев – Қазақстан журналистер одағының төрағасы.
келеді. Мысалы, бұндай жағдай Тунисте болды және соңғы кездері Ливияда болып жатыр. Қазақстанға келсек, бұл әзірге шешуші мәселе емес және сынақ ретіндегі қадамдар жасалуда.

3 наурызда сайлауалды насихат науқаны басталды. Президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың да жаңа технологияларды – жоғары жылдамдықты Интернет пен спутниктік телебайланысты пайдаланғанына өзім куә болдым. Мемлекет басшысы сенімді өкілдерімен осы жаңа технологиялардың көмегімен әңгімелесті.

Жаңа технологиялардың Қазақстанға келгеніне біраз болып қалды және билік те оны пайдалануға көшті. Мен бұны жақсы немесе жаман деп айтпаймын. Бірақ, бір жағынан қарағанда жаңа технологиялар адамдарды біріктіргісі келеді.

Мен elbasy.net атты онлайн-конференцияның құрылғанын білемін. Біз батыстың тәжірибесін алуға тырысып жатырмыз. Әрине, бізде өзге батыс елдеріндегі, мүмкін араб елдеріндегі сияқты ауқымды аудитория қамтылып отырған жоқ. Интернет Қазақстанға енді келіп жатыр. Оппозиция да, билік те болашақта жаңа технологияларды қолданады деп ойлаймын. Бірақ дәл бүгін оны шешуші фактор деп айтпас едім.

Сіздер онлайн-БАҚ-тар дәстүрлі БАҚ-тарды ығыстырып шығара ма деп сұрақ қойдыңыздар. Жоқ. Әзірге сайлаушылар үшін теледидар басымдыққа ие деп айта аламын. Өйткені адамдардың 90 пайызы жаңалықтарды теледидар арқылы біледі. Бұдан бөлек – қағазға басылатын газеттер, журналдар бар. Сайлау қарсаңындағы кезеңде барлық жаңа технологиялар сынақтан өтеді.

Андрей Цуканов:

- Қазіргі уақытта дәстүрлі БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерді салыстыруға келмейді деп есептеймін. Қалай дегенмен, сайлаушыларға әсер етуде дәстүрлі БАҚ-тардың, мысалы теледидардың ықпалы басымдау. Қазір онлайн-БАҚ-тар біртіндеп күшейіп келеді. Өткен сайлауларда Интернетте ешқандай белсенділік байқалмаған десе де болады.

Дәл қазір Интернет-БАҚ-тар ешқандай рөл ойнамайды деп есептеймін. Бірақ бұл шынайы өмір жағдайымен байланысты. Яғни, Қазақстанның халқы мүлдем тұралап қалмас үшін оларға азын-аулақ қаржы тастап отыруға қазақ үкіметінің әзірге мүмкіндігі бар. Бұл қуат көздерін сатудың есебінен жасалады. Сондықтан дәл қазір оппозициялық көңіл-күйлер бар деп айтпас едім.

Ермұхамет Ертісбаев:

- Мен Жоғарғы кеңестің депутаты болып тұрған кезде, 1991 жылдың маусым айында «Баспасөз туралы» заң қабылдадық. Бұл Қазақстандағы бірінші демократиялық заң болатын және ол бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына өте мықты серпін берді. Бірақ ол кезде Интернет жоқ болатын. Біз тек электронды бұқаралық ақпарат құралдары – радио мен теледидар және баспа өнімдері жайында айтқанбыз.

Айтпақшы, Қазақстанда Интернетті төрт жарым миллион адам пайдаланады. Бұл өте үлкен қауым. Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуындағы бұл үшінші бағытты жаңа сапалық деңгей деп есептеймін.

Бірақ бұл баспа өнімдеріне сұраныс болмайды деген сөз емес. Жақында Лондонда болдым және ағылшындардың барлығы таңертеңмен Times-ты («Таймсты») да, Daily Mirror-ды («Дейли миррорды») да, Daily Telegraph-ты («Дейли телеграфты») да оқитындығын байқадым. Бір сөзбен айтқанда бұл «газеттер елі».

Яғни, газеттер, журналдар, қағазға басылған басылымдар ешқашан жоғалып кетпейді деп ойлаймын. Бұл ерекшелік және адамның жалпы өмірді танудағы қарапайым ғана рационалды көзқарасы. Жерлесім Цуканов өңір өкілі ретінде бұл сұраққа барынша нақты жауап берді деп ойлаймын. Бұл мәселеде оған қосыламын.

ОНЛАЙН БАҚ-ТЫҢ ЫҚПАЛЫ

Жүргізуші:

- Қазақстандағы онлайн-БАҚ-тарды пайдаланушылар саны қанша және олардың өнімдері қатардағы сайлаушыларға жете ме? Онлайн-ресурстар мен дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдардың ықпалын салыстыруға болады ма?


Андрей Цуканов:

Андрей Цуканов – «Еркін интернет үшін» қозғалысының Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысы бойынша үйлестірушісі.
- Меніңше онлайн-БАҚ-тардың өнімдері халыққа жетпейді. Бізде онлайн-БАҚ-тарды саясат жайында бір нәрсені оқу үшін желіге арнайы кіретіндер ғана оқиды. Бұл жерде олардың оппозициялық пиғылдағы немесе билікшіл сайлаушылар екендігіне қатысты ешнәрсе айтпай-ақ қоямыз. Интернетті пайдаланатын төрт миллион адамның көпшілігі саясатқа қызығушылық танытпайды. Сондықтан қазіргі уақытта онлайн-БАҚ-тардың ықпалы өте төмен деп айтар едім.

Сейітқазы Матаев:

- Біз елімізде Интернет дамып жатыр деп айтып отырмыз ғой. Бір кездері мектептерді, жоғары оқу орындарын жаппай компьютерлендіру жүріп жатқан кезде бұған билік барынша күш салды.

Интернетті пайдаланатындар негізінен жас буын екендігін есімізден шығармайық. Менің білуімше, Қазақстанда Интернетті көбірек пайдаланатындар 15 пен 22 жас аралығындағы жастар. Олар қайда отырады? Мен олардың «Одноклассники», «В контакте» сияқты негізінен ресейлік желілерде отыратындығын білемін. Шешім қабылдайтын пайдаланушылар үшін «Зона.Кз» сияқты өзге де интернет-газеттер бар. Мен оларды жарнамалағым келіп отырған жоқ. Олар кейде осы сайттарға кіреді. Бірақ біздегілер Twitter-ді немесе Facebook-ті жаппай пайдаланып жатқан жоқ.

Алдағы бес жылда Қазақстанда интернет-ресурстар күрт дамиды деп ойлаймын. Біздің айырмашылығымыз, орасан үлкен территориямыз бар да, халқымыз бар болғаны 16 миллион адам. Интернет дамиды деп ойлаймын, өйткені бұл уақыт талабы. Менің білуімше билік бұған қолдау жасап отыр.

Қазір жылжымайтын мүлікті тіркеумен, тіпті некені тіркеумен байланысты операциялар интернет арқылы жасалады деп айтады. Бірақ бұл сала саясаттана ма, жоқ па, оның барлығы ел ішіндегі жағдайға байланысты болады. Әрине, көп мәселе сыртқы ықпалға да байланысты. Бірақ, әлгінде айтқанымдай, халықтың консервативті бөлігі әзірге баспа өнімдеріне, теледидар мен радиостансаларға көбірек бейімделген.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИНТЕРНЕТТІ ПАЙДАЛАНУШЫЛАР КІМДЕР?

Жүргізуші:

- Қазақстанда электронды БАҚ-тарды көбірек оқитындар шенеуніктердің орасан армиясы емес пе?

Сейітқазы Матаев:

- Шешім қабылдайтын адамдар, әрине, болып жатқан оқиғаларды қадағалап отырады. Ең болмағанда Қазақстанға қатыстысын. Өйткені бұл адамдардың барлығында компьютер бар, олар бұны қадағалап отырады – бұны дәл айтуға болады.

Мысалы, үкімет басшысы. Мен оны блогер деп айтпаймын. Бірақ қалай болғанда да оның өз парақшасы бар және ол әлдебір сұрақтарға жауап беруге талпынады. Өткен жолы мемлекет басшысы да интернетпен таныс екендігін, компьютерді білетіндігін және айфон мен айподты пайдаланатындығын айтты.

Шешім қабылдайтын адамдар жаңа технологиялармен таныс деп ойлаймын. Өйткені қазір мұнсыз ешқайда бара алмайсың. Әрине, олар бұқара халықтың көңіл-күйін толықтай білуге міндетті емес, бірақ олар халықтың тынысын біліп отырулары керек. Мен бұларды Интернетті пайдалантын көзі ашық халық деп есептеймін. Олар үшін бұл өте маңызды деп ойлаймын.

Ермұхамет Ертісбаев:

- Соңғы сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Бірақ, интернетті мемлекеттік аппарат, бизнес өкілдері, студенттер, оқушы жастардың пайдаланатындығын айта аламын. Әрине зейнеткерлер көп пайдаланбайды, бірақ олардың арасында да қызығушылық танытып, интернетті пайдалантындарды табуға болады. Интернет ең алдымен жаңа толқынның қолындағы қару. Оның пайыздық ара қатынасының қанша екендігін нақты айта алмаймын.

Мен негізінен интернетттегі қоғамдық-саяси мәселелерді қадағалап отырамын. Өйткені бұл менің жұмысым үшін, талдау жасап, мемлекет басшысын хабардар етіп отыру үшін қажет.

Қарағандылық Цуканов мырза қазір саясатқа халықтың өте аз ғана пайызы қызығушылық танытады деген ой айтты, осы пікірге қайта оралғым келеді. Тіпті демократиясы дамыған елдерде де халықтың екі-үш пайызы ғана саналы түрде саясатқа қызығушылық танытады. Бүгінгі дөңгелек үстелге қатысушылардың интернетті пайдаланушылардың басым бөлігі – тинэйджерлер деген пікірлерімен келісемін. Рок-музыка, түрлі көңіл көтеру тақырыптарына қатысты интернетте көптеген сайттар бар.

Әрине, адамдардың біраз бөлігін, оның ішінде ересек адамдарды білім беру мәселесі қызықтырады. Тек Wikipedia-ның («Википедияның») өзін айтсаңызшы; біле білсеңіз бұны сырттай оқитын университет десе де болады. Сондықтан Интернет, жалпы алғанда, адамның дамуы үшін орасан мүмкіндік береді. Бұл 20 ғасырдың аяқталар тұста адамзат ойлап тапқан керемет дүние.

Мемлекеттік аппарат интернетті пайдалантындардың ең белсенді тобы деп айта алмас едім. Мемлекеттік органдарда, қалалық, облыстық, аудандық әкімдіктерде, министрліктерде, мекемелерде, президент әкімшілігінде, үкіметте – осылардың барлығында компьютерлер бар десек, ол екінші әңгіме. Бұлардың барлығы біртұтас электрондық үкіметке біріктірілген. Осы тұрғыдан келгенде, әрине, біз интернетті барынша көбірек пайдаланамыз.

Джоанна Лилис:

- Қазіргі уақытта интернеттің Қазақстандағы ықпалы да оның қамтылуы да шектеулі деп ойлаймын. Жастардың университеттерде, мектептерде интернетке кіруіне мүмкіндік бар, олардың белсенді пайдаланушылар екендігіне келісемін. Бұл өте жақсы. Бірақ жастар интернетті негізінен бір-бірімен байланысу үшін, музыкаға, фильмдерге қатысты және т.с.с мәселелерді талқылау үшін пайдаланады.

Халықтың саяси белсенді бөлігі арасында интернеттің ықпалы қандай десек ол басқа әңгіме. Халықтың саяси белсенді бөлігі интернетке кіреді және қайда кіру керектігін, қандай сайттар мен әлеуметтік желілерді пайдалану қажеттігін біледі деп есептеймін. Бірақ қоғамның өзге бөлігіне Интернеттің ықпалы өте шектеулі және теледидар мен газеттердегі жаңалықтармен салыстыруға келмейді.

Жүргізуші:

- Сайлау алдындағы науқанда, оның ішінде Қазақстанда, онлайн-БАҚ-тар белсендібола түссе, оның әсері қалай сезілмек?

Сейітқазы Матаев:

- Алдағы сайлауға онлайн-БАҚ-тардың да, жалпы алғанда Интернеттің де аса бір үлкен ықпалы бола қоймайды деп ойлаймын. Бұны факті ретінде айтуға болады. Мүмкін болашақта әлдебір электоралды кезеңдер болатын шығар. Сонда Интернеттің дамуымен, пайдаланушылардың көбеюімен байланысты онлайн-БАҚ-тар пайдаланылатын болар. Қазір бұл жайында айту қиындау. elbasy.net интернет-сайтына негізінен екі қаланың, Алматы мен Астананың пайдаланушылары ғана кіретіндігін көріп отырмын. Өзге қалалар бұл жайында білмейді де, оған қатыспайды да.

Және осының барлығы Қазақтандағы пайдаланушылар санының көбеюіне және олардың саясатқа қызығушылық танытуына байланысты. Революцияны жас толқын жасайды деп үнемі айтады. Ендеше күтейік. Бірақ жақын арада Қазақстанда Интернеттің көмегімен аса ерекше ешнәрсе бола қоймайды деп ойлаймын.

РЕВОЛЮЦИЯ ҮШІН ҚАЖЕТТІ БІРНЕШЕ ФАКТОР

Ермұхамет Ертісбаев:

- Қазақстанның мемлекеттік-саяси құрылымын революциялық өзгерту, билікті өзгерту тұрғысында теріс ешнәрсе бола қоймайды деген Сейітқазы Матаевтың пікірімен толықтай келісемін. Біріншіден, әлеуметтік желілер арқылы мұндай оқиғаларды даярлау үшін бір ай жеткіліксіз. Мұндай іске, керек болса, бірнеше жыл бойы дайындалады.

Екіншіден, оппозицияның, мысалға алсақ «Азат» ЖСДП партиясының, Компартияның немесе тіркелмеген «Алға» партиясының қызметі соңғы бес жылда Интернетте жүрді. Олар саяси мәлімдемелер жасап, Мәсімов үкіметінің қызметтен кетуін талап етті, «Назарбаевсыз Қазақстан» деген ұрандарды мезгіл-мезгіл көтеріп отырды, Қазақстанның мемлекеттік-саяси элитасын, Назарбаевтың өзін қатаң сынға алып отырды. Барлық оппозициялық қызмет осымен келіп аяқталды десе де болады. Мүмкін соңғы бес жылда олар Алматыда екі митинг ұйымдастырған болар.

Сондықтан сіздер түсініңіздер, әлеуметтік желілер деген бір мәселе. Ал енді оның жұмыс істеуі үшін кем дегенде батыстық элиталық білімі бар, осында келген соң ешқандай жұмыс таппаған, елде ешқандай болашағы жоқ деп есептелетін 500 мың жас адам керек. Сонда ғана қоғамның осы бөлігі, дәл сол әлеуметтік желілер арқылы бірден белсенділік танытар еді.

Ал бұлардың ешқайсысы жоқ болған соң Цуканов та, Матаев та, мен де елеулі ешнәрсе бола қоймайтындығын айтамыз, әрине. Президент өзінің стратегиялық бағытын жалғастырады, біздің өзге елдерден айырмашылығымыз қандай да бір революцияларды айналып өтіп, еліміздің тұрақты дамуын жалғастырамыз. Менің айтатыным осы.

Андрей Цуканов:

- Алдымда сөйлеген адамдармен келісемін. Президенттік сайлау қарсаңында әлеуметтік желілердің ерекше бір белсенділігі арта қоймайды. Өйткені, кімнің жеңетіндігі барлығына да түсінікті. Келесі жылғы парламент сайлауында ғана әлеуметтік желілер аздап күшеюі мүмкін. Өйткені, ол кезде күресуге тұратын дүние болады. Ал президенттік сайлау қарсаңында ешнәрсе де, ешқандай күшею болмайды. Әлеуметтік желілер онсыз да өте белсенді жағдайда тұр. Бұдан ары ешнәрсе болмайды деп ойлаймын.

Джоанна Лилис:

- Онлайн-ресурстар, әлеуметтік желілер Қазақстанда қандай да бір революция жасай қоймайды деген пікірлермен мен де келісемін. Революция жасау үшін бірнеше факторлардың қажеттігін ескеру керек, әрине.

Ең бастысы революция жасау үшін халық наразы болуы керек. Қазақстандағы сұрау салулар халықтың негізгі бөлігі президенттің іс-әрекеті мен елдің бағытына азды-көпті разы екендігін көрсетеді. Twitter революциясы жайында айтқанда Таяу Шығыстағы революцияны тек Twitter ғана емес адамдардың көңіл-күйлері тудырғанын есте ұстау керек. Қазақстанда оппозициялық көңіл-күй соншалықты кең таралмаған.

Жүргізуші:

- Құрметті қонақтар, осымен дөңгелек үстелімізді тәмамдаймыз. Пікірталасқа қатысқандарыңыз үшін Азатық радиосы сіздерге алғыс айтады.
XS
SM
MD
LG