Accessibility links

Қазақ тілі интернет платформаларға орныға бастады


Facebook әлеуметтік желісін қарап отырған адам. Алматы, 23 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Facebook әлеуметтік желісін қарап отырған адам. Алматы, 23 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Интернет мамандары қазақ әріптерін мойындайтын Facebook әлеуметтік желісін қазақшалап жатыр. Қазақ тілінде жазуға мүмкіндік беретін Google+ әлеуметтік желісі Қазақстанда танымал болған жоқ. Ал Қазақстан тұрғындарының көбі қолданатын Mail.ru қызметі қазақ әріптерін қолданысқа енгізбеген.

Mail.ru порталын ең көп пайдаланушы елдер арасында Ресей мен Украинадан кейінгі орынды иеленген Қазақстанда бұл сайтқа аптасына 4,8 миллион адам кіреді. Ал Facebook-те, 2011 жылдың желтоқсанындағы дерек бойынша, 400 мыңға жуық қазақ тілді аккаунт бар.

ҚАЗАҚ ӘРПІ ЖӘНЕ «АҚПАРАТТЫҚ БОДАНДЫҚ»

«Интернетте қазақ тілінің қолданысына мүмкіндік беретін UTF-8 деген арнайы код бар. Ол әлем бойынша мойындалып, көптеген сайттарда қазақша жазуға жол ашады» дейді Азаттыққа берген сұқбатында Wikibilim қорының маманы Жалғас Ертай.

– Қазақстанда ең көп тұтынушысы бар Mail.ru сайтының өкілдері бұл кодировканы өз сайттарына енгізуге асықпай отыр. Оның не мақсатпен енгізілмей отырғанын білмедім, – дейді блогер Жалғас Ертай.

Ал әлеуметтік желілердегі тағы бір белсенді блогер Тимур Бектұр «Мой мир»
Блогер Тимур Бектұр.
Блогер Тимур Бектұр.
(Mail.ru қызметінің әлеуметтік желісі – ред.) қазақ әріптерін мойындамай отырғанда Facebook-тің өзі қазақшалауға әркімге рұқсат беріп қойды» дейді.

– Қазақ жігіттері мүмкіндікті пайдаланып, Facebook-ті ерікті түрде қазақшалап жатыр. Ал «Мой мирдің» жыры бөлек. Менің білуімше, интерфейсі қазақша аударуға ашық емес. Олар тіпті «Мой мир» әлеуметтік желісіндегі және Mail.Ru Agent-тің (чат алмасу эппликейшні) микроблогындағы кодировканы да қазақ әрпін оқи алатындай етіп жасауға мойындары жар бермей отыр. Дәл қазір ол техникалық жағынан түк қиын шаруа емес. Алайда олар сонда да оны шешуге әсте құлықты емес. Неге? Білмедім, – деді Азаттық тілшісіне блогер Тимур Бектұр.

Тимур Бектұрдың ойынша, «тап сол «Мой мирдің» қазақшаланбағаны да мақұл. Өйткені ол қазақшаланатын болса, сол Mail.ru-да жүрген барша қазақтар сол жақта түбегейлі қалады деген сөз».

– Бұл онсыз да ақпараттық бодандықта отырған біз үшін тиімді жағдай емес. Керісінше, біз өз қандастарымызды Mail.ru-дың бодандығынан босатуымыз керек.
Mail.Ru Agent бағдарламасының беті. (Көрнекі сурет)
Mail.Ru Agent бағдарламасының беті. (Көрнекі сурет)
Қалың қазақ енді орыстардың виртуалды боданы бола ма деген қаупім бар. Осы тұрғыдан алғанда олардың қазақ әріптерін қолдамайтындығы, бәлкім, қандастарымызды ол жақтан алып шығудың басты сылтауы болар еді, – дейді блогер.

САН МЕН САПА

Wikibilim қорының қызметкері Жалғас Ертайдың пікірінше, Mail.Ru Agent тұтынушылары көбіне таныс-достарымен хабар алмасу сияқты мобилді интернеттің бір ғана мүмкіндігін пайдаланып келе жатыр.

«Соның өзінде қазақстандық трафиктің көп мөлшері шетелдік ресурсқа кетіп жатқаны өкінішті» дейді ол.

– Алдағы жылдары қазақ тілді қолданушылар интернетті жылдам ақпарат алмасу орны деп қана емес, білім алу көзі әрі өз ойыңды жеткізу құралы ретінде қабылдаса, сонда ғана біз ыңғайлы құралды іздестіре бастаймыз. Бұл тұрғыда Mail.ru ыңғайлы болмай отыр. Сондықтан қазақ тілді интернет қолданушылар саны артқан сайын сапа да жоғарылай түспек, – деді Жалғас Ертай.

«GOOGLE TRANSLATE ҚАЗАҚ ТІЛІН ДЕ ҚОСПАҚ»

Әлемдегі 57 тілде аударма жасайтын Google Translate тегін қызметіне қазақ тілін де енгізу мәселесі қаралып жатыр.

«Бұл жайлы жақында Алматыда өткен түркі тілдес елдердің Wikipedia конференциясы аясында Google компаниясының Орталық Азия бойынша өкілі Тілек
Google іздеу қызметінің қазақша беті.
Google іздеу қызметінің қазақша беті.
​Мамутов пен Wikibilim қоры арасында келіссөздер өтті» дейді қор өкілі Жалғас Ертай.

Жалғас Ертайдың сөзінше, Google өкілдері «Google Translate-ке қазақ тілін енгізу үшін ең әуелі контентті дамыту керегін» айтқан.

– Google Translate тобының мамандарымен өткен әңгімеде өзбек, қырғыз сияқты түркі тілдерге қарағанда қазақ тілінің қазіргі таңдағы мүмкіндігі өте жоғары екені айтылды, – дейді Жалғас Ертай.

«Бірнеше тілдерден аударуға болатын Wikipedia сайты арқылы қазақ тілін Google-дің аударма қызметіне енгізуге мүмкіндік бар. Енді ол біздің болашақтағы жұмысымыздың нәтижесіне байланысты болады» деген Жалғас Ертай қазір қазақ Wikipedia-сындағы мақалалар саны 127 мыңға жеткенін айтты.

Жалғас Ертайдың cөзіне қарағанда, Қырғызстан Google Translate-ке ана тілін енгізу үшін қырғыз тілінде арнайы «Эне тил» («Ана тілі») деп аталатын сайт ашқан. Сол жерде қырғыз тілінен 57 тілге аударма жасап, Google Translate-ке қосылудың балама жолын қарастырып жатыр.
XS
SM
MD
LG