Accessibility links

ҰБТ-ның бала психикасына әсері сөз болды


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҰБТ тапсыруға кіріп бара жатқан жастар. Алматы, 2 маусым 2015 жыл.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҰБТ тапсыруға кіріп бара жатқан жастар. Алматы, 2 маусым 2015 жыл.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қарсы болған белсенділер балалар сынаққа дайындық кезінде де, емтиханға кірер сәтте де қысымға ұшырайтынын айтады.

Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры Маргарита Өскенбаева елді жыл сайын өткізілетін ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) кезінде балалардың құқықтары бұзылады деп біледі.

– Тест тапсыруға келген баланы мәжбүрлеп, сырт киімі мен аяқ киімін шешкізеді. Бұл сынаққа келген баланың жағдайын тіпті күрделендіреді. Балалар психологы ретінде айтарым, баланы тінту арқылы оған сенбестігімізді білдіреміз, – дейді Маргарита Өскенбаева.

Оның пікірінше, «балаға ата-анасы мен жақындарынан өзге ешкім қол тигізуіне болмайды, сондықтан ҰБТ-ға кірерде оқушыларды бұлай тінту – қатігездік».

«ҚЫСЫМ» МЕН ТАҢДАУ ЕРКІ

Маргарита Өскенбаева ҰБТ тапсыруға дайындық та мектеп оқушыларының психикасына қатты әсер ететінін, емтихан тақаған сайын балалардың жүйкесі тозып, білімі нашарлай түсетінін айтады.

Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры Маргарита Өскенбаева.
Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры Маргарита Өскенбаева.

– Біз Алматы қаласының екі мектебінде – 48 және 68-мектептерде баланың интеллектісін тексеретін Амтхауэр тестін өткіздік. Ақпан айында жасаған тест оқушылардың ой-өрісі жоғары екенін көрсетті. Кейін мамыр айында өткізген тест оқушылардың ой-өрісі дамудың орнына жартылай түсіп қалғандығын көрсетті, – деді ол маусымның 4-і күні Алматыда өткен жиында.

Маман оқушылардың интеллектісі төмендеуіне олардың психологиялық ахуалы себеп болған деп болжайды.

– Мұның себебі – дәл осы кезеңде балаларды ҰБТ-ға қызу дайындады, сабақтар дұрыс өткізілмеді, педогогтар мен ата-ана тарапынан психологиялық қысым жасалды. Бала шаршайды, білімі төмендейді, шыдамағандары өз-өзіне қол жұмсайды, – дейді Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры.

Маргарита Өскенбаева «әлемдік тәжірибеде адам психикасына кесірі тиетін мемлекеттік бағдарлама тоқтатылуы тиіс, сондықтан Қазақстан да ҰБТ-ға қатысты мұндай мәселеге бейжай қарамағаны жөн» деп біледі.

Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) жиынына қатысушы азаматтық белсенділердің енді бірі балалар жоғару оқу орнына түсу үшін емтиханның қандай түрін (жазбаша не ауызша) таңдайтынын өздері шешуі керек деп біледі. «Шығармашылық бастама жасаушы әйелдер лигасының» төрайымы Әсия Хайруллина БҰҰ-ның «Бала құқығы» туралы конвенциясында балаларда таңдау құқығы бар екенін айтады.

«Шығармашылық бастама жасаушы әйелдер лигасының» төрайымы Әсия Хайруллина.
«Шығармашылық бастама жасаушы әйелдер лигасының» төрайымы Әсия Хайруллина.

– Соның негізінде біз балаларға ҰБТ-ға балама емтихан ұсынуымыз керек. Алайда бізде ол жоқ. Соның кесірінен бірқатар оқушылар шетелдік оқу орындарына кетіп жатыр. Оқуға түспей қалып жатқандары қаншама, – дейді ол.

ҮЕҰ өкілдері «білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ға қатысты мұндай мәселелерді өздері ғана емес, жергілікті мұғалімдермен және психолог мамандарымен ақылдаса отырып қолға алуы керек» деп біледі. Олар сондықтан білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің өздерімен кездесуін талап етті.

«АЛАҢДАУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ»

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің айтуынша, министрлік биылғы ҰБТ кезінде сынақ тапсырушы түлектердің «өздерін еркін ұстауы үшін толық мүмкіндіктер жасаған».

«Олар (емтихан тапсырушылар – ред.) ішетін сумен, кезекші медициналық персоналмен қамтамасыз етілді, температуралық режимі бақылануда. Барлық тәртіптер министрлік пен мемлекеттік комиссия бақылауына алынған. Тестілеу ашық, әділ және объективті түрде өткізіледі. Тесттердің мазмұны бірталай сараптамалардан өтті, барлық тапсырмалар мектеп бағдарламасы мен кітап мазмұны бойынша құрастырылған. Сол себепті, құрметті ата-аналар мен ұстаздар, алаңдаудың керегі жоқ» деді министр ҰБТ-ның бірінші күні – 2 маусымда Астанада сынақ тапсырған жастармен кездескенде.

ВИДЕО: Алматыдағы ҰБТ-ның алғашқы күні туралы репортаж.

ҰБТ басталды
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:56 0:00

Мектеп бітіруші жасөспірімдердің психологиялық ахуалы білім және ғылым министрі өкілдері ҰБТ басталардан бұрын Астанада өткізген жиында да сөз болған. Өкілдер 2015 жылдан бастап кәмелеттік аттестатқа ҰБТ мен пән бойынша жылдық бағаның қорытындысы негізінде орташа арифметикалық сомасындағы құрамдық баға қойылатынын айтқан. Министрліктің пікірінше, «мұндай аттестаттау мектептің жұмысын әділ бағалауға, мектеп бітірушілерге түсетін психоэмоционалдық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді».

Соңғы айларда Қазақстанның түрлі облыстарында өздеріне қол салып өлген жасөспірімдер туралы ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Бұл қайғылы оқиғаларға қатысты түрлі болжамдар жасалды, соның ішінде «оқушылардың суицидке баруына ҰБТ-ның да әсері көп» деген пікірлер де айтылған. Бірақ мамырдың 15-інде осы оқиғаға қарай мәлімдеме жасаған білім және ғылым министрлігі бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов «ҰБТ нәтижесіне байланысты бірде-бір суицид болмаған» деп мәлімдеген.

Қазақстанда ҰБТ орта мектеп бітірушілерінің білім деңгейін бағалау әдісі ретінде 2004 жылдан бері қолданылып келеді. Советтік кезеңдегі емтихан жүйесін жойып, ҰБТ енгізілгенде «парақорлық пен тамыр-таныстыққа» жол бермейтін әдіс ретінде бағаланған еді. Бірақ жыл сайын сынақты өткізу процесі сынға ұшырап, оған балама жүйе енгізу мәселесі жиі қозғалып жүр. ҰБТ мектептердің «көрсеткіш жақсарту науқанына» айналғанын айтып шағымданушылар да бар.

Қазақстан ҰБТ биыл 2-8 маусым аралығында (апелляция кезеңі 15 маусымға дейін) өтеді. Биыл мектеп бітірген 124 мың 346 түлектің (олардың үштен екісі – мектепті қазақ тілінде, қалғаны орыс тілінде аяқтаған) 87 мың 770-і ҰБТ тапсыруға өтініш берген.

XS
SM
MD
LG