Accessibility links

Назарбаевтың Мұхамедханов туралы сөзін әрқилы топшылайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының дамуына қатысты жиында. Астана, 5 сәуір 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының дамуына қатысты жиында. Астана, 5 сәуір 2018 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әдебиеттанушы Қайым Мұхамедханов және оның атындағы көше туралы айтқан сөзі қызу талқыланды. Сарапшылар арасында Назарбаев сөзін қолдағандар да, қарсы шыққандар да бар.

Сәуірдің 6-сы күні өткен Астана қаласын одан әрі дамыту туралы жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «адамды шатастыратын көше атауларын реттеуді» талап етті. Ол үлкен таблодағы қала картасынан көрініп тұрған Мұхамеханов көшесін мысалға алып: "Мұхамедханов кім, айтшы маған?" деп Астана әкімдігінің өкілдеріне сұрақ қойды.

Президент сұрағына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев "Қайым Мұхамедханов - абайтану ғылымының негізін қалаған белгілі академиктеріміздің бірі" деп жауап беріп жатқанда, Назарбаев оның сөзін бөліп: "Абайтану, әуезовтану, басқатану... Соның барлығына Астанадан көше аттарын бере бересіңдер ме? Астанаға қандай қатысы бар? Астанаға қатысы жоқ адамдардың аттарын өзгертіңдер" деп бұйыра тапсырды.

Назарбаев: Қайым Мұхамедханов кім, айтшы маған?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:18 0:00

Назарбаевтың бұл тапсырмасы жайлы қазақстандық ресми ақпарат құралдары жаппай жазған. Бірақ кейін көпшілігі бұл тақырыптағы жаңалықтар мен мақалаларды алып тастады.

"БҰЛ СӨЗ ӨЗГЕЛЕРГЕ ЗИЯНЫН ТИГІЗУІ МҮМКІН"

Қайым Мұхамедхановтың есімі Астана қаласындағы көшелердің біріне берілгені жайлы ақпарат 2018 жылдың қаңтар айында жарияланған. Осыған орай салтанатты жиын өтіп, оған "Қайым Мұхамедхановтың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегін жетік білетін" зерттеушілер қатысқаны баспасөзде жазылды.

Азаттық тілшісі осы жиында болған және Астана қаласы бойынша ономастикалық комиссия мүшелері ақын Несіпбек Айтұлы мен Қайым Мұхамедханов мұраларын зерттеушілердің бірі, журналист Сұлтан Оразалинге хабарласты.

Сұлтан Оразалиннің айтуынша, Қайым Мұхамедхановтың атын Астана қаласындағы көшелердің біріне беру мәселесі бірнеше жыл талқыланған. Мұхамедхановтың есімін беруге ономастика комиссиясының жиырма мүшесі қарсы болмаған. Кейін көше атауы Астана қалалық мәслихат шешімімен бекітілген.

- Президентке Қайым Мұхамедханов туралы қате ақпарат беріліп, ыңғайсыз жағдайда қалдырған сияқты. Бірақ ол "Қайым Мұхамедхановтың есімін алып тастаңдар" деген жоқ. Осыдан кейін ескеруді айтты. Бірақ бұл тапсырма көше атауларын бергенде өзгелерге зиян тигізуі мүмкін, - дейді ол.

Астана қаласының дамуына қатысты жиын. Астана, 5 сәуір 2018 жыл.
Астана қаласының дамуына қатысты жиын. Астана, 5 сәуір 2018 жыл.

Оразалиннің айтуынша, жоғарыдан тапсырма болса ономастикалық комиссия Қайым Мұхамедханов атындағы көше атауын қайта өзгерте алады, бірақ бұл үлкен дауға ұласуы мүмкін.

Астана қалалық ономастика комиссиясының мүшесі, ақын Несіпбек Айтұлы Назарбаевтың көше атауларын реттеу туралы тапсырмасын "қолдайды".

- Өйткені қалада бір көше әр жерден бөлініп, әркімнің атымен аталып жүр. Астана көшелеріне Абай, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев деңгейіндегі тұлғалар есімін берген дұрыс. Барлық қайраткерлерге Астана көшесі жетпейтін болар. Қайым Мұхамедханов - үлкен тұлға, егер оның есімін алып тастау керек болса, елге еңбегі сіңбеген кейбір большевиктердің де атын алып тастау керек. Тек қана Қайым Мұхамедхановтың есімін алып тастау көңілге қонбайды, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: «Қайым қинаудың барлық сатысынан өтсе де, Әуезовті сатпады»

Азаттық тілшісі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы қалай орындалатыны туралы Астана қаласының әкімдігінен білмек болған еді. Алайда әкімнің орынбасары Ермек Аманшаев және Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Тілеуғали Қышқашбаевпен сөйлесу мүмкін болмады. Екі шенеуніктің қабылдау бөлмесінде отырған қызметкерлер "басшыларының жеке-жеке жиналыс өткізіп" жатқанын хабарлады. Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасына қарасты ономастика бөлімінің қызметкерлері де телефон тұтқасын көтермеді.

"ҚЫЗУМЕН АЙТЫЛҒАН СӨЗ БОЛАР"

Азаттық тілшісімен сөйлескен әдебиет зерттеушісі Тұрсын Жұртбай да президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көше атауларын реттеу туралы ұсынысына қосылады. Бірақ ол көше атауларын өзгерту бұдан әрі науқанға айналып кете ме деп қауіптенеді.

Тұрсын Жұртбай ғалым Қайым Мұхамедхановтың Назарбаев сөзінде аталуы "кездейсоқтық болар" деп топшылайды. Оның пайымдауынша, Назарбаевтың сөзін Мұхамедхановтың есімін алып тастау туралы бұйрық деп емес, бір-біріне жалғасып жатқан көшелерді реттеуге жасалған ұсыныс деп түсіну керек.

- Нұрсұлтан Назарбаев Қайым Мұхамедхановты біледі. Қазақ ССР-інің 1945 жылдан 1990 жылдарға дейін қолданылған гимнін Қайым Мұхамедханов жазды. 1996 жылы Нұрсұлтан Назарбаев оған мемлекеттік сыйлықты өз қолымен тапсырған. Демек, президенттің жиын кезінде Мұхамедханов туралы сөзі – қызумен немесе мысал үшін айтылған сөз, - дейді ол.

ВИДЕО: Президент Назарбаевтың Қайым Мұхамедхановқа мемлекеттік сыйлықты табыс еткен сәті. 1996 жыл.

​Зерттеуші Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Қайым Мұхамедхановтың Астана қаласына қатысы бар.

- Мұхамеджанов соғыстан кейінгі сталиндік саяси-қуғын сүргінге ұшырап, Ақмола өңіріндегі Карлагта қамауда жатқан. КарЛАГ-ты, АЛЖИР-ді мәңгілік есте қалдырамыз десек онда Қайым Мұхамедханов секілді тұлғаларды ардақтауымыз керек, - дейді ол.

Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедханова президенттің айтқанына әуелде таңғалғанын айтады. Совет дәуірінде көп қуғын көрген әкесінің тәуелсіздік алған соң мойындалғанын айтқан ол кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік сыйлықты әкесіне өз қолымен табыстап, құттықтағанын еске алды.

- Сол кезде президентке халық игілігіне қызмет етсін деп бата берді. Президенттің мұны ұмытуы мүмкін емес, - дейді Дина Мұхамедханова Азаттық тілшісіне. Оның айтуынша, әкесінің 100 жылдығы құрметіне Астанада көше атын беру кезінде де дау болған.

- Қоғамда бұл ұсынысты құптамайтын тарихи шындықтан сескенетіндер бар. Сталиннің репрессивті режимін жақтайтындар да кездеседі, - дейді Дина Мұхамедханова.

Азаттық тілшісімен сөйлескен зерттеушілер Қайым Мұхамедхановты "Абай мұрасының текстологиялық зерттеулерінің негізін салушы, Абайдың ақындық мектебінің өкілдері: Ақылбай, Көкбай, Мағауия еңбектерін жинаушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург және Шәкәрімтанудың негізін қалаушы, Семейдегі Абай мұражайын ұйымдастырушы және Алаш қайраткерлері туралы нақты ақпарат берушілердің бірі" деп сипаттайды.

Қайым Мұхамедханов 1916 жылы Семей қаласында туып, 2004 жылы 88 жасында қайтыс болған. Әдебиеттанушы 1947 жылдан кейін қайта басталған саяси-қуғын сүргінге ұшыраған. Қайым Мұхамедхановтың Абайтануға арналған ғылыми жұмысы "саяси қателікке ұрынды" деп сыналған. Кейін ақталып шыққан Қайым Мұхамедханов ондаған көркем шығарма мен ғылыми зерттеулер жазды.

Видео: Қайым Мұхамедхановтың қызы не дейді?

Дина Мұхамедханова: "Президенттің әкемді ұмытуы мүмкін емес"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:09 0:00

XS
SM
MD
LG