Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев «Халық қаһарманы» атағын алды ма?


Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеп отыр. Астана. 9 ақпан, 2018 жыл. Баспасөз орталығының мониторынан түсірілген сурет.

2011 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Халық қаһарманы» атағынан бас тартты. Алайда президент әкімшілігі Назарбаевтың «Халық қаһарманы» деп санайды. Парламенттің бұрынғы депутаттары болса, «Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын алуға мүмкіндік беретін» заң қабылданғанын, бірақ оның ресми түрде берілмегенін айтады.

1990 жылы сәуірдің 24і-не Қазақ ССР-інің президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев 28 жыл ішінде түрлі атақтар мен марапаттарға ие болды. Оның кейбірін Қазақстан парламенті «президенттің еркінен тыс берді».

Қазақстан президенті 2011 жылы өзіне ұсынылған «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағынан бас тартса да, парламент оны арнайы заңмен бекітті. Бірақ Назарбаевтың бұл атақты алғаны жайлы заңдағы өзгерістерден өзге ресми хабарланбады. Осыған байланысты Азаттық тілшісі Нұрсұлтан Назарбаев «Халық қаһарманы» атағын алды ма, жоқ па деген сұрақты зерттеп көрді.

«ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» АТАҒЫНА ҰСЫНУ

Қазақстанда 2011 жылы 1 желтоқсан Тұңғыш президент күні ретінде бекітілді. Соның алдында сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов президент Назарбаевтың «тәуелсіз мемлекет құрудағы тарихи рөлін ескеріп» «Халық қаһарманы» атағына ұсынды.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов «өмірімде өзім қол қойған ең маңызды тарихи құжат» деп бағалаған бұл ұсынысты сол жылы желтоқсанның 1-інде парламент сенаты мақұлдап, «Ұлт лидері – Қазақстанның тұңғыш президенті туралы конституциялық заңға қосымша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын бірауыздан қабылдаған еді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы метросының ашылу рәсіміне келген кезі. 1 желтоқсан, 2011 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы метросының ашылу рәсіміне келген кезі. 1 желтоқсан, 2011 жыл.

Алайда желтоқсанның 10-ы күні президент Нұрсұлтан Назарбаев өзіне «Халық қаһарманы» атағын беру туралы жарлыққа қол қоймайтынын мәлімдеді. Ақпарат құралдары «Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ең жоғарғы атақтан бас тарту себебін «Егер бұл атақты мен алсам, ол болашақ президенттерге жаман үлгі болар еді деп түсіндірді» деп жазды.

Бірақ президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсылығына және қол қоймағанына қарамастан Қазақстан парламенті 2012 жылы қаңтардың бас кезінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңына толықтыру енгізу туралы» заң шығарған.

«Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру Брежневті еске салды" дейтін пікірлер «бас тарту жайлы мәлімдемеден» кейін бәсеңдеген болатын. Азаттық тілшісі сөйлескен кей депутаттардың Нұрсұлтан Назарбаевта «Халық қаһарманы» атағы жоқ деп санайтыны байқалды.

«ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» ЕМЕС»

Осыған орай Азаттық тілшісі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан президентінің әкімшілігі мен әділет министрлігінен және заңды талқылаған парламент мәжілісінің төртінші шақырылымының бірнеше депутатынан «Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді ме, жоқ па деген сұраққа нақты жауап беруді өтінді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы 16 желтоқсанда "Жаңаөзен оқиғасынан" кейін бірнеше күннен соң Жаңаөзен қаласына барған кезі. Маңғыстау облысы. 22 желтоқсан, 2011 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы 16 желтоқсанда "Жаңаөзен оқиғасынан" кейін бірнеше күннен соң Жаңаөзен қаласына барған кезі. Маңғыстау облысы. 22 желтоқсан, 2011 жыл.

Қазақстан президенті әкімшілігі кеңсесі мемлекеттік наградалар секторының кеңесшісі Балжан Қанатбекқызы «заң бойынша «Тұңғыш президент - Елбасы өзінің мәртебесі бойынша «Халық қаһарманы» атағының иегері» деп жауап берді.

Әділет министрлігінің жауапты қызметкері Алма Мұқанова да «Мемлекеттік наградалар туралы» заңда «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Халық қаһарманының иегері» екені нақты жазылғанын айтты.

Алайда заңға өзгеріс енгізген Қазақстан парламентінің сол кездегі депутаттары бұл сұраққа таңырқап қалды. 2009-2011 жылдар аралығында мәжіліс депутаты болған Ирак Елекеев пен Зейнолла Алшымбаев өздері қызмет атқарған уақытта Қазақстан парламенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын берілген дегенді Азаттық тілшісінен естіді.

- Нұрсұлтан Назарбаевта президент мәртебесі бойынша берілетін «Алтын қыран» ордені бар. «Халық қаһарманы» атағы берілсе, міндетті түрде еститін едік, ондай хабар болған жоқ,- дейді Зейнолла Алшымбаев.

Президентке «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесі қалай талқыланғанын бұрынғы депутат, жазушы Алдан Смайыл айтып берді. Әділет министрлігі мен Қазақстан президенті әкімшілігінің жауабына таңырқаған ол «Президент «Халық қаһарманы» атағын алмағанына сенімді екенін білдірді.

Оның сөзінше Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманын» беру мәселесі әуелі мәжілісте, содан соң сенатта талқыланған, ал заңға Тұңғыш президент-Елбасы «Халық қаһарманы» бола алады» деп жазу ұсынылған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы өзінің мәртебесі бойынша айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз және "Отан" ордені тапсырыла отырып, "Халық қаһарманы" (Народный герой) атағының иегері болады.

- Президент «Халық қаһарманы» атағынан бас тартты. Ал заңда «Халық қаһарманы» бола алатыны туралы айтылған. «Бола алады деген сөз «Халық қаһарманы» дегенді білдірмейді»,- дейді ол.

Алдан Смайылдың айтуынша заңға енгізілген өзгерістегі «тұңғыш президент өз мәртебесі бойынша «Халық қаһарманы» болады» деген ұғымды сөзбе-сөз ұғынбай, «президентке берілген мүмкіндік» деп түсіну керек».

- Осы атақ берілсе де Қазақстан президентінің, не болмаса мемлекеттік хатшының, басқа да өкілетті биліктің жарлығы болуы керек. Содан кейін ресми марапатталуы тиіс. Ондай жарлық та, марапаттау да болған жоқ,- дейді ол.

«Халық қаһарманы» атаған алғандар заң бойынша оны ұдайы тағып жүруге міндетті» деген Алдан Смайыл ғарышкер Талғат Мұсабаевтың, депутат Бақытжан Ертаевтың «Халық қаһарманы» белгісін үнемі тағып жүретінін мысалға келтірді. Алайда тағы бір ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің кейде таға бермейтінін айтып, «ережеге сыймайтын адам» ретінде сипаттады.

- Нұрсұлтан Назарбаев «Халық қаһарманы» атағын алған жоқ. Мүмкін, Қазақстан президентінің әкімшілігі білер,-дейді ол.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңына толықтыру енгізу туралы» заңды қабылдаған кезде мәжіліс депутаты болған Айгүл Соловьева да есіне түсіре алмады.

- Заңды парламент талқыласа, тек заң бойынша президентке мүмкіндік берген болар, әлде президент мәртебесі бойынша автоматты түрде берді ме екен, ол жағын білмеймін. Әдетте, президент қол қоймаса, заң күшіне енбейтін,- дейді ол Азаттыққа.

«ПРЕЗИДЕНТ ҚОЛ ҚОЙМАҒАН АТАҚТАР»​

Алайда «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» 1995 жылы қабылданған конституциялық заң бойынша парламент президенттің келісімінсіз де заңды күшіне енгізе алады.​

Аталған заңның «Республиканың заңдарын Республика Президентiне қол қоюға ұсыну» деп аталатын 19 бабында «Республика Президентi Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай iшiнде қол қояды, оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылау және дауысқа салу үшiн парламентке қайтарады» деп көрсетілген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарға қол қоюы үшін берілетін бір айлық мерзім Қазақстан Республикасының Президенті заңды алған күннен бастап есептеледі және келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Көрсетiлген мерзiмнiң iшiнде қайтарылмаған заң қол қойылды деп саналады» деп жазылған.

1995 жылы күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңның оныншы бабы 2012 жылғы өзгеріс бойынша «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы өзінің мәртебесі бойынша айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені тапсырыла отырып, «Халық қаһарманы» (Народный герой) атағының иегері болады» деп өзгерген. Ал заңның астына «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы заңға толықтыру енгізу туралы» заңға Қазақстан Республикасының Президенті қол қоймаған, бірақ оған «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 19-бабына сәйкес қол қойылған деп есептеледі, соған байланысты ол күшіне енді және қолданысқа енгізілді» деп ескерту жазылған. Конституциялық заң Парламент сенатының төрағасы және премьер-министрдің қолдарымен бекітілген.

Алматыдағы Назарбаев даңғылы. 30 наурыз 2018 жыл.
Алматыдағы Назарбаев даңғылы. 30 наурыз 2018 жыл.

Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың «тарихтағы айрықша орны мен еңбегін лайықты бағалап», оған жоғары мемлекеттік награда тапсыру, немесе басқадай жолдармен оның дәрежесін көтеру туралы бастамалар бірнеше рет көтерілген. 2008 жылы парламент сенаты Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беруді ұсынған. Бірақ ол ұсынысты президент қабылдамаған.

2010 жылы мамыр айында парламент мәжілісінің бір топ депутаты Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» мәртебесін беру туралы ұсыныс жасап, парламен заң қабылдағанда да Нұрсұлтан Назарбаев заңға қол қоймаған.

Бұл жолы Қазақстан халқы мен парламентіне және «НұрОтан» партиясына үндеу жолдап , «түрлі мақтау мен мадақтаудан биік тұруға тырысамын, бірақ болашақта ел тағдырына байланысты қосымша өкілеттік сұрайтын болсам, халықтың қолдауына ие боларына күмәнім жоқ» деген еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсылығына қарамастан «Қазақстан Республикасының парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» заңға сәйкес «Елбасы» мәртебесін заңдық күшіне енгізген.

Нұрсұлтан Назарбаевтың СССР-дің тұңғыш және соңғы президенті Михаил Горбачевпен кездесуі. Мәскеу. 25 қыркүйек, 1990 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың СССР-дің тұңғыш және соңғы президенті Михаил Горбачевпен кездесуі. Мәскеу. 25 қыркүйек, 1990 жыл.

Биыл 78-ге толатын Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1989 жылғы маусымнан бері басқарып отыр. 1990 жылы 24 сәуірде Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Назарбаевты республика президенті етіп бекіткен. 1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық президент сайлауы өтіп, сайлауға жалғыз кандидат болып түскен Нұрсұлтан Назарбаев [ресми мәлімет бойынша] сайлаушылардың 98,7 пайызының қолдауымен Қазақ ССР президенті болып қайта сайланды. Бұдан соң Қазақстанда президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу және референдум жасау "дәстүрге" айналды. Назарбаев жеңген барлық сайлауларды кей халықаралық бақылаушылар "әділ әрі ашық емес", "шынайы бәсеке жоқ және сөз бостандығы шектелген жағдайда өтті" деп сынап келеді.

Көре отырыңыз: Назарбаевтың билікке келуі. 1984 жыл

Назарбаевтың билікке келуі. 1984 жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:19 0:00

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG