Accessibility links

Бес баланың қазасына қайғырған ақындар үні


Өрттен мерт болған бес баланы еске алуға жиналғандар алып келген гүлдер мен ойыншықтыр. Астана. 5 ақпан, 2019 жыл

Астанада бір отбасының бес баласы өрттен қаза болған қайғылы оқиға қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларымен қатар шығармашылық өкілдерін де күңірентіп, ондаған жырға түрткі болды. Ақындар өлеңдерінде түрлі әлеуметтік мәселе көтерді.

Ақпанның 4-іне қараған түні Астананың Көктал-1 шағынауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы кәмелетке толмаған бес қыз бала шетінеп кеткен. Осы қайғылы оқиғаға жыр шумақтарын арнаған ақындардың ішінде мемлекеттік сыйлық иелері мен жас шығармашылық өкілдері де болды.

«БОЛАШАҒЫМЫЗ ӨРТЕНІП ЖАТҚАНДА...»

Өртеніп өлді бес бала,

О, сұмдық, неткен масқара!

Жыламас бұған жәдігөй,

Жібімес бұған тас қана.

Қара түн алды – кешкі іңір,

Іңірден зауал есті бір.

Шыбындап біздер жүргенде,

Шырылдап кетті бес ғұмыр.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы Көктал-1 шағын ауданындағы ауыр қазадан соң іле-шала осындай жыр жазды.

- Бұл – үлкен трагедия, қайғы. Тұрмыс-тіршіліктің жоқтығынан болған оқиға. Біздің қоғамда тамыр-таныстық тереңге қанат жайып кетті. Қаражат талан-таражға түспесе, мұндай жағдай бола ма? Ақын болған соң қоғамда болып жатқан нәрселерге үн қосамыз. Бала біздің болашағымыз. Болашағымыз өртеніп жатқанда қоғамға қарсы пікір айтамыз, - дейді ақын Азаттыққа.

Ақын Несіпбек Айтұлы жазушылар одағының съезінде. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл.
Ақын Несіпбек Айтұлы жазушылар одағының съезінде. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Несіпбек Айтұлы осыдан оншақты жыл бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап «Бәйтерек» атты поэма жазған болатын. Ақынның билікті сынаған немесе «қоғамға қарсы пікір айтқан жырлары» көп еске түсе бермейді.

- Сендер «Бәйтерекке» дейінгі және кейінгі өлеңдерімді оқыңдар. Кезінде

"Шартараптың жанарында – патшамыз,

Тажалдардың тамағында – ақшамыз.

Соқыр тиын сығымдайды көз жасын,

Қайыршының жанқалтасын қақсаңыз" деп те өлең жазғанмын, - дейді Несіпбек Айтұлы.

Мемлекеттік сыйлыққа ие болған, Астанадағы қаралы оқиғаға жыр арнаған ақындардың тағы бірі – Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына екі бірдей өлең жазған ақын Азаттық тілшісіне: «Біз айтарымызды қашанда өлеңмен айтамыз ғой» деді.

Шайыр жырларының бірін:

Маңдайыма жазған сор анық!

Не екенін де білмей жатып моланың,

Көктей бастаған бес ғұмырдың

Өрт іші

Шыр-шыр еткені-ай, періштелік қанаттарына оранып!

Солармен бірге өзім де кеттім өртеніп,

Ұятымнан от қойдым да обалсызданған дәтіме,

Қайғымның ұшып-жетіп қара жындар ойнаған шетіне.

Уай, тірілер, қолдарыңнан келсе, бір-ақ өтініш:

сүйегімнің күлін шашып жіберіңдерші,

ақынсынғандағы суретімнің бетіне! - деп түйіндепті.

Маңғыстаулық танымал ақын Светқали Нұржанның «Өрт» деп аталатын бірнеше өлеңі ақпанның бесі күні Facebook әлеуметтік желісінде жарияланды.

Бес тал гүлі... жануда бес бүлдіршін,

Ай аңырап, жұлдыз шулап шыңғырсын –

Одан да өткен мәселе көп маңызды

Жеті түнде жанған отқа кім кірсін?!

Бәң ұмытқан өртенген бес ботамды,

Жан ұлытқан өртенген Хош-Отанды…

Өрт сөндіріп жүрсе түнде жүгіріп,

Кім құшады «өртенген» жас тоқалды?! – деп жазды ол.

Азаттық тілшісімен тілдескен ақын қайғыны естігенде «өзін қоярға жер таппағанын» айтты.

- Бұл қоғамды өзгерту, жаңартуға ешқандай себіміз тимеді. Қоқысқа күннен күнге батып бара жатырмыз. Қолымызда да, тілімізде де, жүрегімізде де ештеңе жоқ. Қазір біз тірілтуші күш емес, өлтіруші күш сияқтымыз. Сондай наладан шыққан запыран, іштен шыққан өрт болды. Өлеңнің аты – «Өрт». Ол бес бүлдіршінді ғана отқа ораған өрт емес, отанды да орап жатқан өрт секілді. Ол өртті тұтандырушы өте жаман күштер отыр бізде. Өйткені ешқандай заң жүзеге аспайды, адами қағидалар аяқ асты болды. Қазір өз отымызды өзіміз өшіріп, шаңырағымызды қолымызбен қиратып жатқан елге айналып бара жатқан сияқтымыз. Сондай қорқыныштан, ызадан, наладан туған жыр, - деді ақын.

Светқали Нұржан 2016 жылы «Жаңаөзен оқиғасы» кезінде де азаматтық позициясын білдіріп, өлеңдер жазған болатын.

«АЗАМАТТЫҚ ЛИРИКА»

2019 жылғы қаңтардың 23-інде Астанадағы «Жастар жылының» ашылу салтанатында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында тұрып өлең оқыған семейлік жас ақын Мерей Қарт та бес баланың қазасына арнап:

Қайран Әке,

от оранып өзегің,

аяз-қайғы қарыды.

Сорлы шешей,

тартылды ғой өзенің,

Кімге жетер зар үнің?! - деп басталатын қысқа жыр жазыпты.

Мерей Қарт. (Сурет ақынның жеке мұрағатынан алынды)
Мерей Қарт. (Сурет ақынның жеке мұрағатынан алынды)

- Қабырғаны қайыстырған қаралы xабар ел ішін елеңдетіп, жүректі езіп кетті. Қоғам пікірі екіге жарылып әр адамнан кінә іздеп жатты. Бұндай қиын жағдайда не деріңді де білмей абдырап қалады екенсің. Бес періштеге енді бұғанға дейін жасалмаған мемлекеттің еш көмегі қажет емес. Біздің қоғамда әрбір күрделі іс осылай құрбандықтар арқылы ғана шешіле бере ме?! Соған қозғаушы күш – елдік мүддедегі адамдар ат салысуымыз керек. Амал не, ажал айтып келмейді, қолдан да келер шара жоқ. Қайғыны жүректен өткізіп бөліссең, азаяды дейді ғой. Бір ауыз жырмен жылаған жүректерді жұбатқым келді, - дейді жас ақынның өзі.

Әдебиет сыншысы Амангелді Мырзабек саяси-әлеуметтік шиеленістер тұсында байқалатын мұндай шығармашылық еркіндікті «азаматтық лирика» деп атайды.

- Ақындардың азаматтық үнінің біртіндеп күшейіп келе жатқаны жақсылық. Кез-келген қоғамда азаматтық лирика бірінші орында болған. Біртіндеп қоғамды, қоғамдық сананы өзгертуге болады. Бес баланың бірдей отқа жанып кетуі – ұлтымыздың қиын жағдайда өмір сүріп жатқанының көрінісі. Бұл тек ақындардың ғана емес, қарапайым халықтың сезімін толқытып жіберді, - дейді ол.


Астанадағы уақытша баспанада шыққан өрттен бес бүлдіршіннің тірідей жанып кету оқиғасынан кейін әлеуметтік желіде аза жырлар жариялағандар ішінде Жарас Сәрсек пен Бейбіт Сарыбай сияқты жазба, Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаева сияқты суырып салма айтыс ақындары болды. Бұған қоса Мұрат Шаймаран, Асылбек Жаңбырбай, Аслан Тілеген, Рахат Әбдірахманов, Саян Есжан, Кеңшілік Тышқан, Жарас Кемелжан, Серік Елікбай, Ершат Қайболдин, Талап Таймасұлы, Асхат Сүйіндік, Нұрлан Сәдір секілді ақындар да осы оқиға әсерімен өлең жазды.

Солардың ішінде Кеңшілік Тышқанның төмендегі өлеңі әлеуметтік желіде қолдан-қолға өтіп кең тарап кетті.

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,

Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.

Жер бетінен жайлы орын таба алмай,

Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!

Уақыт боп, айырылдық жас жаннан,

Өміріміз тар бөлмеде басталған.

Барлық бала бақытты өмір сүрсінші,

Біз оларды бақылаймыз, аспаннан!

Қастарыңда болсын дайым анаңыз,

Әкетайың болсын дайым панаңыз,

Бұл өмірден пәтер көрмей кетсек те,

Ұжымақта зәулім сарай саламыз!

Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын,

Жауқазын гүл ашпай жатып солмасын!

Ұрпағыңның жарық болып маңдайы,

Отанымда еш жамандық болмасын!!!

Ақпанның 4-іне қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған. Қаза болған балалар ақпанның 5-інде жерленген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес баласынан айырылған отбасыға көңіл айтқан.

Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті: «Өрт болған кезде балалардың ата-анасы жұмыста болған» деп хабарлаған. Туыстарының сөзінше, балалардың анасы содан үш күн бұрып жұмысқа шыққан, әкесі көлік жөндеу орталығында жұмыс істеген.

Өрттен соң Астана әкімі Бақыт Сұлтанов шұғыл кеңес өткізіп, аудан әкімдерінен полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп дереу қаладағы жеке тұрғын үйлерді аралап шығуды және әр үйдің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруді талап еткен. Әкім «Бұл сіздердің қателіктеріңіз» деп төтенше жағдайлар қызметін сөккен.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG