Accessibility links

Балли Мажец: Шымкенттегі анама хабарласпағаныма жыл өтті. Оған зияным тиіп кете ме деп қорқамын


Польшалық адам құқығын қорғаушы қазақ қызы Балли Мажец Азаттық радиосының студиясында. 27 сәуір, 2009 жыл.
Польшалық адам құқығын қорғаушы қазақ қызы Балли Мажец Азаттық радиосының студиясында. 27 сәуір, 2009 жыл.

Азаттық радиосына берген сұхбатында польшалық адам құқығын қорғаушы қазақ қызы Балли Мажец "Варшавада өткелі отырған ЕҚЫҰ-ның мәжілісінде Қазақстан үкіметінің осы халықаралық ұйымның алдында алған міндеттемелерін орындамай отырғанын" айтқысы келетінін мәлімдеді.

Прагаға халықаралық конференцияға қатысуға келген Балли Мажец Азаттық радиосына арнайы кіріп, өз қызметі жайында әңгімеледі. «Прагаға келіп тұрып, Азаттық радиосын көрмей кетсем, онымды Польша мен Қазақстандағы әріптестерім де, достарым да кешіре алмас. Ең әуелі өзімді - өзім кешірмес едім», - деді ол сұхбат барысында.


«БІЗ САҒАН БӘРІБІР ВИЗА БЕРМЕЙМІЗ»


– Бали ханым, айтыңызшы, сіз Прагаға қандай мақсатпен келдіңіз?


– Мен Прагаға Еуропалық комиссия қарамағындағы және қаржыландыруындағы еуропалық құрылым ұйымдастырған халықаралық конференцияға қатысу үшін келдім. ENAR [Europian Network Against Rasism] деп аталатын ол құрылым бүкіл Еуропа бойынша нәсілшілдік және соның негізінде туындайтын төзімсіздік мәселелерімен шұғылданады. Конференцияға Польшаның өкілі ретінде келдім. Мен өзімнің ұйымыммен бірге ENAR-дың Польшадағы өкілі боп табыламын.

Қалайша қазақтың қызы Польшаның өкілі бола алады деп таңданатын шығарсыз? Біреулер революционер боп дүниеге келеді, ал енді біреулер жүре қалыптасады деген бар ғой. Мен, шамасы, бірінші топқа жататын шығармын, біз ешқашан әділетсіздікке төзбейміз. Польшада да сол себепті адам құқықтарымен айналысудамын.

Демократияның диктатурадан айырмасы да сол емес пе, егер адам құқығы бұзыла қалса, ол туралы еркін де жария түрде айтамыз, қарсы күресеміз.

– Қазақстанда соңғы рет қашан болдыңыз?

– Мен Қазақстанда соңғы рет шамамен бір жыл бұрын болдым, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының (ЕҚЫҰ ПА) сессиясына қатысқанмын. Қолымда ЕҚЫҰ ПА-ның шақырту қағазы болса да, қазақ билігі, яғни, Варшавадағы Қазақстан елшілігі менің атыма виза рәсімдегісі келмеді. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысында туған қазақ қызы – мен үшін естен тандырарлықтай жәйт болды. Өз Отаным маған виза бермейді деген үш ұйықтасам да түсіме кірген емес!

Бұл әсіресе поляктарға, менің поляк күйеуіме мүлдем тосын жағдай, әлдебір тағылық боп көрінді. Өйткені, поляктар Польшадан тысқары жерлердегі, әлем бойынша 10 миллион, поляктың әрбіріне асқан жанашырлықпен қарайды.

Ал, мұнда, Варшавадағы Қазақстан елшілігінде мені есікке жақындамай жатып таниды да, алыстан: «Балли Мажец, кірмей-ақ қойыңыз, бәрібір сізге виза бермейміз!» - деп айқай салады.

Лаж жоқ, ендігі жерде мен өз еліме – Қазақстанға кіре алмайтын - жат адаммын.


"ҚАЗАҚСТАН – ПОЛИЦЕЙЛІК ЕЛ, АЛ АСТАНА - ПОЛИЦЕЙЛІК ҚАЛА"


– Дегенмен, Балли ханым, бір жыл бұрын Астанаға барғандағы алған әсерлеріңізбен бөліссеңіз. Не көріп, не білдіңіз, неге таңдандыңыз, не нәрсе жирендірді?

– Қазақстанға келгенде, әсіресе демократия тамырын тереңге жайған елден келгенде ең әуелі, әрине, көшеде полицейлердің өте көптігі таңдандырады. Міне, осы бірден көзге түседі. Бәріне Астанада қанша тұрғын болса, сонша полицей бар секілді көрінді.

Мен іштей ойға қалдым: сонда осынша полицей кімді кімнен күзетеді – билікті қарапайым халықтан қорғай ма, әлде халықты биліктен бе?!

ЕҚЫҰ ПА сессиясының барысында Астанада нешетүрлі іс-шаралар өткізілді, біресе қала әкімі ұйымдастырды, біресе президент атынан өткізілді. Бірақ, осының бір де біреуінде жанына барып: «Сәлеметсіздер ме! Хал-жағдайларыңыз қалай?» дейтіндей қазақстандықтардың өздері, қарапайым қазақтар болған жоқ.

Олар еш жерде болған жоқ. Қазақстан халқы қалай күн кешуде, нендей жетістіктері мен қандай мәселелері бар екенін білуге келген қонақтардан шеттетіп тастады оларды. Және сол шараларда жиі-жиі әртістер өнер көрсетті. Бірақ, олар да бізден, ЕҚЫҰ өкілдерінен оқшау ұсталды.

Мұндайға жол беруге болмайды. Қазақтар өз елдерінде жүріп, тура бір резервацияда жүргендей оқшаулануға, бөлектенуге тиіс емес. Бұл алыстан көзге түседі. Тіпті, халқымды аяп, жүрегім ауырып, көзіме жас келді.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан – полицейлік ел, ал Астана – полицейлік қала боп көрінді.

Мен сессияға Польшадағы тәуелсіз үкіметтік емес ұйым өкілі ретінде қатыстым Мені экс-сенатор Зауреш Батталова қарсы алды, ЕҚЫҰ ПА сессиясында менің жанымда конференцияға қатысушы ретінде тіркелмеген Бақытжан Төреғожина, Айнұр Құрмановтар болды. Оларды Қазақстанның парламенттік тобы шақыруы керек еді. Алайда оларды шақырудан билік бас тартқан.

Мен оларды Польшадан келген қонақтар ретінде тіркеткіздім. Польшаның Сейм депутаттары алматылық үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің Астанаға ЕҚЫҰ ПА сессиясына қатысу үшін "Польша арқылы келгенін" айтып бір таңданды, бір күлісті.

«МЕНІҢ ҚОҢЫРАУЫМНАН КЕЙІН ОЛАР ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ТАП БОЛА МА ДЕП ҚОРҚАМЫН»

– Балли ханым, неге сіз Қазақстанда өте сирек боласыз?


– Мен сізге бір жыл бұрын ЕҚЫҰ ПА-ның сессиясына қатысу үшін Астанаға келгенімде болған бір жағдай туралы айтайын. Сонда сіз өзіңіз де ұғасыз мәселенің неде екенін.

Астанаға ұшып келіп, қонақ үйге жайғасқан бойда өзімнің келгенімді айтып, хал-жағдайын сұрау үшін Шымкенттегі шешеме қоңырау шалдым. Әдетте, мен Алматыға не Астанаға келгенімде ол кісі де келіп жететін қасыма.

Бұл жолы шешем: «Енді не істейміз? Далада қалатын болдық қой», - деп жылап қоя берді. Мен аң-таңмын, не айтып тұрсыз деп. Сөйтсем, органның адамдары келіп: «қызыңызды сабасына түсіріңіз!» деп ескертіпті.

Анам менен сұрап жатыр, сондайлық не істеп жүрсің, неге олар әлгіндей айтады дегендей. Мен түсіндіріп жатырмын, Қазақстанның халқы жақсы өмір сүру үшін жұмыс істеп жүрмін деп.

Әңгімеміз анамның жылауымен аяқталды. Ол биліктен құқай келеді, үлкен қиындықтар болады деп қорқады.

Содан кейін мен анама қоңырау шалған емеспін, міне бір жыл болды. Себебі, менімен сөйлескеннен кейін Қазақстанда оларға қарсы қуғын-сүргін басталады. Міне, менің жақын туыстарымның қазіргі жай-күйі осындай.

Шамамен үш жыл бұрын Польшада да мен үшін қолайсыз оқиға орын алды. Мен күйеуіммен және кенже ұлыммен бірге ірі супермаркетте кезекте тұрғанмын. Кенет бізге бір адам таяп келді. Қазақ екені көрініп тұр. Ұлымның иығынан ұстап, маған қарады да, дөрекілеу болса да айтайын: «Қысып жүр!» деді.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЛІК БҰҒАУДЫ ОДАН САЙЫН ҚАТТЫ БҰРАУДА»

– Бұрынғы Советтік елдер арасынан Қазақстан бірінші болып ЕҚЫҰ-на төрағалық ету құқығын алды. Сіз Қазақстанның атынан сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің Мадридте берген уәделерінің қалай орындалып жатқанын бақылап жүрген боларсыз?

– Бұл мәселені біз былтырғы жылдың күзінде ЕҚЫҰ-ның Варшавада өткен соңғы сессиясында көтергенбіз. Сол кезде мәселені мен және тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, сондай-ақ Қазақстаннан өзге де бірқатар адам құқығын қорғаушылары көтердік. Сол жерде ресми өкіл «Қазақстанның әлі бір жылдан астам уақыты бар» деп мәлімдеген еді.

Ал, уақыт болса, өтіп жатыр ғой. Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне бар-жоғы 8 ай қалды. Бірақ, біз не адам құқығын қорғау саласында, не сөз бостандығын, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету бағытында, ешбір саладан ешқандай өзгеріс көрмедік.

– Яғни, Ақорда өзінің «мадридтік уәделерін» орындамақ түгілі, сөз бостандығын одан сайын шектеуге күш салуда дегіңіз келе ме?

– Иә! Қазақстандағы билік бұранданы одан сайын қатайтуда. Бұл - бір.

Екіншіден, Қазақстандағы билік саяси партиялар, сайлау, БАҚ туралы заңдарға өзгеріс енгізетін болған. Көкірегі ояу ешбір адам Қазақстанда биліктің мәлімдеп жүргеніндей әлгі заңдарға елеулі түзетулер енгізілді деп айтпайды.

«БІЗ ҮНСІЗ ОТЫРА АЛМАЙМЫЗ»

Сіздер Ақорданы өз уәделерін, ЕҚЫҰ алдындағы міндеттемелерін толық орындауға мәжбүр ету үшін қандай шара қолданбақшысыздар?

– Ең анығы — Қазақстанның өзінде ғана емес, сонымен бірге қазақтар, қазақстандықтар тұратын әлемнің көптеген елдерінде өз Отанының тағдырына бейжай қарай алмайтындар саны күн санап артуда. Олардың үні, олардың наразылығы барған сайын күшеюде.

Сол себепті, біз де үнсіз отырмаймыз. Мамырдың 12-сі мен 14-і аралығында Варшавада ЕҚЫҰ мәжілісі өтпек. Ал, күзде кеңейтілген сессиясы болады. Сол жерде біз ресми Қазақстаннан: «Неге әлі күнге шынайы өзгерістер болмады? Неліктен билік елде адам құқықтарын өрескел бұзады? Неге сөз бостандығын шектеп отыр?» деп сұрайтын боламыз.

Өз берген уәделерін, ұйым алдындағы міндеттемелерін орындамайынша, Қазақстанға жайдан- жай ЕҚЫҰ орынтағында отыру мүмкін болмайды. Өйткені, біз Еуропада үн-түнсіз қарап отырмаймыз.

– Балли ханым, сұхбатыңызға рахмет!
XS
SM
MD
LG