Accessibility links

Ресейлік кинорежиссер Алексей Учительдің «Матильда» фильмі айналасындағы айтыс-тартыс жаңғырығы Қазақстанға да жетті. Кинопрокат желілері басшыларына фильм прокатынан бас тартуға шақырған электрондық хаттар түсіп жатыр.

КИНОЖЕЛІ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ ӘР ҚИЛЫ

"Арман" кинотеатрлар желісі директоры Бауыржан Шүкенов электрондық почта арқылы алған хаттың мәтінін Facebook желісіндегі парақшасында жариялады. Хат ірі киножелі президенттеріне, кинотеатр директорларына, кинопрокат, дамыту, маркетинг мәселесімен айналысатын менеджерлерге арналған үндеу түрінде жазылған.

Хатты жолдаушылар "Ресей Федарациясы азаматтары, православ дінін ұстанушылар" деп қол қойған. "Матильдадан" (прокатынан — А. А.) бас тартуға шақырған үндеуде– "Бұл былғаныштан аулақ болыңдар. Өздеріңнің жан-дүниелеріңді және патшаны өлтіру жорасын қайталау арқылы еліктірген өзгелердің жан-дүниесін былғау арқылы пайда таппаңдар" делінген.

"Арман" кинотеатрлар желісі директоры Бауыржан Шүкенов.
"Арман" кинотеатрлар желісі директоры Бауыржан Шүкенов.

Бауыржан ШүкеновFacebook желісінде "күтпей-ақ қойыңдар" деп жауап бердім, бұған қоса,"Енді қарғыс жауғанын күтіп отырмын"деп жазған. Бауыржан Шүкенов Азаттық тілшісіне:

- Егер прокат куәлігін берсе, ал оны бізде Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі береді, фильмді көрсетеміз. Ресейде мәдениет министрлігі Матильданы көрсетуге прокат куәлігін берді, - деді.

Егер прокат куәлігін берсе, ал оны бізде Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі береді, фильмді көрсетеміз. Ресейде мәдениет министрлігі Матильданы көрсетуге прокат куәлігін берді.
Бауыржан Шүкенов

Ресейде "Матильда" фильмінің премьерасы қазан айының 23-іне белгіленген, бірақ оны прокатқа шығаруға тыйым салдыру науқаны 2016 жылдың аяғында басталып кеткен болатын. Фильм сюжетіне балерина Матильда Кшесинская мен тақ мұрагері Николай Александровичтің (болашақ император ІІ Николай) арасындағы махаббат хикаясы арқау болған. "Царский крест" ("Патша кресі") аталатын әлдебір қоғамдық қозғалыс "Матильда" фильмін "Ресейге қарсы және дінге қарсы арандату" деп атап, мемлекеттік дума депутаты Наталья Поклонскаяға жүгінген. Депутат бас прокуратурадан картинаны тексеруді өтінген. Сол кезден бері «Матильданың» айналасындағы айқай-шу әлі басылмай келеді, ал «Матильданы» прокатқа шығармауды Наталья Поклонскаяның өзі өзгелерден ерекше талап етеді.

Ресей мәдениет министрлігі жуырда "Матильдаға" прокат куәлігін берген сәттен бастап фильмнің жарыққа шығуына қарсылық тіпті күшейді. "Матильданың" қарсыластары рұқсатты қайтарып алуды ғана талап етпей, кинотеатрларда көрсеттірмейміз деп сес көрсетіп жатыр. Фильмнің қарсыластары «білек сыбанып отырғанын» жуырда Алексей Учительдің көлігін өртеп жіберген фактіден байқауға болады.

Ресейдің мәдениет министрі Владимир Мединский ішкі істер министрінен "Матильда" фильмін көрсету кезінде тәртіпті қамтамасыз етуін өтінгенімен, осы айда ресейлік "Синема Парк" пен "Формула кино" бірлескен кинотеатрлар желісі "көрермендердің қауіпсіздігіне алаңдаймыз " деген уәжбен фильм прокатынан бас тартты. Прокаттан Ресейдің тағы бірқатар аймақтары бас тартты. Мысалы, Ингушетия киноэкрандарға ашық көріністері бар фильмді жібере алмаймыз, бұл мұсылмандық моральға қайшы деп мәлімдеді.

Алматыда кинопрокат желілері басшыларының позициясы екіге жарылды. "Арман киноорталығының" "Матильда" фильмі прокатынан бас тарту ниеті жоқ, ал sayassat.org сайты хабарлауынша, KinoPark желісі "Матильдадан" бас тартқан.

Азаттық тілшісі Chaplin, Sulpak Cinema желілеріне де телефон соғып хабарласқан еді. Екеуінде де администраторлармен сөйлесудің сәті түсті. Chaplin администраторы «Матильданың» премьерасы Ресейдің өзінде өткенге дейін әлі уақыт бар, сондықтан фильмді желі кинотеатрларында көрсетеміз бе, жоқ па - айтуға әлі ерте» деді. Ол келісім-шартқа қол қойыла ма, жоқ па - соған байланысты болмақ.

Sulpak Cinema желісінің администраторы жуырдағы бірер айда көрсетілетін фильмдер тізімінде "Матильда" жоқ деп жауап берді.

ДІНДАРЛАР ПОЗИЦИЯСЫ

Бір апта бұрын Алматыда өткен шаралардың бірінде Азаттық тілшісі жергілікті православ діни семинариясының шәкірттері – қара түсті арнайы киім киген жігіттерді жолықтырған болатын. Мақала авторы олардың "Матильда" фильміне қатысты айғай-шу жайлы пікірін сұраған еді. Семинаристер жауабы әлгі айтыс-тартыстан жақсы хабардар екенін көрсетті. Олардың бірі бірден "пікіріміз Тихонның пікіріне ұқсайды" деді.

Епископ Тихон (Шевкунов).
Епископ Тихон (Шевкунов).

Ол Ресей президенті жанындағы мәдениет және өнер кеңесінің мүшесі, епископ Егорьевский Тихонды (Шевкунов) меңзеген еді. Ол алғашқы пікірін фильм трейлері негізінде жариялаған болатын. Былтыр желтоқсанда ол "Матильданы" тарихи фильм емес, фэнтези деп атаған. 2016 жылғы желтоқсанның 13-інде "Ресей газетіне" берген сұхбатында ол «Трейлердің тақырыбын "Жылдың басты тарихи блокбастері" деп атапты. Бірақ оны көріп шыққаннан кейін шынымды айтсам, авторлар оны неге дәл осылай етіп түсіргенін түсіне алмадым. Бұл тақырыпты бұлай қозғағандары несі? Олар неге көрерменді "махаббат үштағаны" жайлы ойдан шығарған әрі жан түршігерлік көріністердің тарихилығына сенуге мәжбүрлейді?» деп мәлімдеген болатын.

Алматылық семинаристер фильмге қатысы жағдайды өздері қалт жібермей бақылап отыр немесе семинарияда тәлімгерлері олармен тиісті әңгіме өткізген. "Матильданы" көруге барасыңдар ма? " деген сұраққа семинаристер бір кісідей бас шайқады. Сосын біреуі "Мүмкін, кейінірек бірдеңе етіп көретін шығармыз. Өйткені ерте ме, кеш пе интернетке бәрібір шығады ғой" деді.

КОНСПИРОЛОГИЯЛЫҚ БОЛЖАМ

Алматылық кинематограф, кинотанушы, киносыншылардың "Матильда" айналасындағы айқай-шу жайлы пікірін білу оңай шаруа болмай шықты. Біреуі жұмысбастылығына сілтеп комментарий бергісі келмеді, енді біреуі комментарий берді, бірақ өте шетін тақырып екенін түсініп, бес минуттан кейін айтқан сөздерін жариялауға рұқсат бермейтінін мәлімдеді. Енді біреулерге хабарласу мүмкін болмады. Бірақ Азаттық фильм емес, "Матильданың" айналасындағы шуға қатысты ойларын айтуды өтінгеніне қарамастан, хабарласудың сәті түскен мамандардың бәрі әу бастан "әлі көрмеген дүниеге қатысты комментарий бере алмаймыз" деді.

Қазақстандық белгілі тұлғаларға (мысалы, жазушылар Мұхтар Әуезов, Морис Симашко) арналған бірнеше деректі фильм түсірген алматылық кинорежиссер Александр Головинскийден комментарий алудың сәті түсті. Телефон арқылы әңгімеміздің басында режиссер кезінде Борис Пастернактың "Доктор Живаго" романына қатысты шыққан шуды есіне алды. Пастернак кітабы үшін әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған, бірақ СССР-дің өзінде совет билігінің нұсқауымен роман қатты сынға ұшыраған. "Пастернакты оқығаным жоқ, бірақ айыптаймын" деген қанатты сөз кітапты талқылаған партия жиналыстарында айтылғанын Александр Головинский де есіне алды.

Маған мына жағдай ұнамайды, Поклонскаяның бұл іске не үшін араласты деп қайран қаламын. Поклонскаяға ұнайтын Екінші Николай маған ұнамайды.
Александр Головинский

- Маған мына жағдай ұнамайды, Поклонскаяның бұл іске не үшін араласты деп қайран қаламын. Поклонскаяға ұнайтын Екінші Николай маған ұнамайды. (Орыс православ шіркеуі. — А. А.) оны әулиелер санатына император ретінде емес, айуандықпен өлтірілген адам ретінде қосқан. Өмірінің ақыры бір жағынан трагедия, бірі жағынан қылмыс. Меніңше, император ретінде ол ешқандай игі іс істеген жоқ. Ол Ресейдің даңқын шығарған жоқ деп санаймын, - дейді Александр Головинский.

Православ діндарларының кей бөлігі Екінші Николай патшаның жеке өмірін тыйым салынған тақырып етуге тырысатындықтан, Азаттық тілшісі Головинскийден тыйым салынған тақырыптар жайлы пікірін, ондай тақырыптар бар ма деп сұраған еді.

- Егер адам ақша тауып, ешкімді қорламайтын фильм түсірсе, егер фильмде нақты адамдарды қорлау жоқ болса, тыйым салынған тақырып болмауы тиіс,. Бірақ егер фильміңді мемлекет ақшасына түсірсең, оның талаптарын орындау керек. Асын ішіп, табағына түкірме. Өзім порнография, педофилия тақырыптарына ешқашан жоламаймын. Олар мен үшін жиренішті тақырыптар, - дейді кинорежиссер.

Кинорежиссер Александр Головинский. Алматы, 19 наурыз 2010 жыл.
Кинорежиссер Александр Головинский. Алматы, 19 наурыз 2010 жыл.

Мақалада аты-жөнін атамауды өтінген, өзге елге көшіп кеткен бұрынғы қазақстандық сарапшы "Матильда" фильмін Ресейде көрсетуге қарсылардың әрекеттеріне түрткі болған себептер жайлы өз болжамын айтты. Оның пікірінше, "Матильда" төңірегіндегі айтыс-тартыс -Кремльдің саяси технологияларының бір түрі, Поклонскаяны Ресей басшылығындағы ықпалы мықты күштер айдап салып отыр. Бұл айқай-шудың мақсаты – наразылық көңіл-күйді қазіргі Ресей билігіне қажет арнаға бұру, жұрт назарын әлеуметтік-экономикалық проблемалардан бұрып әкету. Сарапшының пікірінше, мұның бәрі 2018 жылы Ресейде өтетін президент сайлауы қарсаңында әдейі жасалып жатқан әрекеттер.

Сонымен, Қазақстанда көрермендер "Матильданы" кей кинотеатрларда ғана көруі мүмкін. Бірақ елде прокаттық куәлікті ешкімге бермеген күннің өзінде нарықта фильмнің дискідегі көшірмелері тарайды, картина интернеттегі әлдебір сайттарға шығады . Ал фильмнің айналасындағы шу әзірше оны жарнамалап жатыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG