Accessibility links

Назарбаевқа хат жазған соң жарық өшпейтін болды


Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.

Жатақхана ережесіне наразы жүзден астам студент президентке хат жазып, түнде жарық жағу құқығын қайтарып алды. Ал университет басшылығы «студенттерге хатты біреулер жаздырғанына» сенімді.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті (ҚазҰАУ) студенттері жатақханада ыстық су жоқтығын, басшылық түнгі 11-ден кейін жарық жағуға рұқсат етпейтінін айтып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазған еді. 147 студент қол қойған ол хат қыркүйектің 14-і күні қазақстандық сайттардың бірінде жарияланған.

«КЕШЕДЕН БЕРІ ЖАРЫҚТЫ ӨШІРГЕН ЖОҚ»

Осы университеттің 4-курс студенті, ашық хатқа қол қойғандардың бірі Қуаныш Қошанәлі жатақханадағы ыстық судың жоқтығына бес айдай болғанын айтады.

– Біз жатақханадағы жарық пен ыстық су жүйесіне наразылығымызды білдіріп қолымызды қойған болатынбыз. Былтыр үшінші курсты бітіре бергенде, маусымның басына дейін берілмей келген ыстық су үш ай жаз бойы әскери құрамда оқып жүрген кезде де болған жоқ. Күн жылы болғандықтан суық сумен жуынып жүре берген едік. Қазір күн суып кетті ғой, – дейді ол.

Қуаныш Қошанәлі өзі қол қойған хаттың сайтта жарияланған нұсқасын әлі көрмегенін айта келе:
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.

– Сайтта «проректор Әділхан Сәмбетбаевқа теріс мінездеме беріліпті, ыстық су туралы айтылмаған» деп деканымыз айтқан соң президентке жазған ашық хаттан қолымды қайтарып алған болатынмын. Енді бүгін барып, [сайтта жарияланған ашық хатты] өз көзіммен оқимын ғой, – деді.

Хатта жазылған мәселелерді университеттегі басқа студенттер де Азаттық тілшісіне қайталап айтты.

– Сағат түнгі 11-де жарықты өшіреміз. Сабағымызды оған дейін оқып алуға тырысамыз. Жарықты қосып қойсақ, тез арада кезекші қыздар келіп, есікті қағып ескертеді. Сабақ басталғалы ыстық судың жоқ екендігі рас, – дейді екінші курс студенті Гүлзат.

Ал 1-жатақхана тұрғыны студент Нұрсұлтан Құдайғұл кешеден бері жарық ерте өшпегенін айтып қуанып отырды.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің №1 жатаханасы. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің №1 жатаханасы. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.

– Сабағымызды оқып, басқа жұмыстарымызды реттедік. Бұрын таңғы алтыларда тұрып сабақ қарауға мәжбүр едік. Енді ыстық су реттелсе, тіптен жақсы болар еді, – деді Нұрсұлтан Құдайғұл Азаттық тілшісіне.

Жатақхана маңынан өтіп бара жатқан бір топ студент қыз да «жарық кешеден бері өшпегенін» айтып, «бірақ сағат 11-де ұйықтап үйреніп қалғандықтан пәлендей әсер ете қоймады» десті.

«БІРЕУ РЕЖИССЕР БОЛЫП ОТЫР»

Студенттердің президент Назарбаевқа жазған хатында ҚазҰАУ-дың тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Әділхан Сәмбетбаевтың «1-жатақханадағы 70 және 71-бөлме студенттерінің көрпе-жастығын лақтырып, оларды жатақханадан қуып шыққаны» да айтылған.

Бірақ проректор Әділхан Сәмбетбаев ол айыпты жоққа шығарды.

– Біз комиссиямен бірлесіп жатақханаларды тексеруге барғанбыз. Ол бөлмедегі студенттердің қолында «жатақханаға тұруға болады» деген жолдамада ешқандай басшылық мөрі жоқ, не «медициналық сараптамадан өтті» деген құжаты болмай, рұқсатсыз тұрған. Хатта жазылғандағыдай «көрпе-жастығын лақтырды» деген – өтірік, тек акт жазып кеткенбіз, – деді ҚазҰАУ-ның тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Әділхан Сәмбетбаев Азаттық тілшісіне.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің сыртқы түрі. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің сыртқы түрі. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.

Проректордың сөзінше, «басшылықтың бар кінәсі – жатақханаға түнде барып қарап кеткені».

– Бізде бірінші курс студенттері 65 пайыз жатақханамен қамтамасыз етілді. Жаңа келген осы бірінші курстарды сыртан келіп тонайтындар болады. Балалардың қауіпсіздігін ойлап, ғылыми кеңеспен бірлесіп, түнгі 11-де жарық сөндіру туралы шешім қабылдадық, – деді Әділхан Сәмбетбаев.

Проректор «ыстық судың жоқтығына екі-ақ апта болды» дей келе, хат жазған студенттерге ешқандай жаза қолданбайтынын айтты.

– Ашық хатқа қол қойған студенттер нендей қағазға қол қойғандарын білмейді. Мұны студенттер жазған жоқ, біреу жақсылап тұрып режиссер болып отыр, – дейді проректор.
Мұны студенттер жазған жоқ, біреу жақсылап тұрып режиссер болып отыр.
Проректор Әділхан Сәмбетбаев

Хатта аты аталған 1-жатақханада меңгерушісі Нұргүл Мырзабекқызына жолығып, жарық пен су жайлы сұрадық.

– Жарықты түнгі 11-де өшіру – жатақхана ережесі. Ал ыстық су бүгіннен бастап келді, – деп қысқа қайырды ол кісі.

Бірақ студенттер әзірше жатақханаға ыстық су берілмегенін айтты.

Қазақстанда жатақханада тұратын студенттер ара-кідік жеке бостандықтарының шектелуі мен тұрмыстық жағдайларының нашарлауына қатысты наразылық танытып тұрады. Ал ҚазҰАУ-дағы сияқты жүзден астам студенттің президент атына шағым жазуы сирек болатын оқиға. Ресми статистика бойынша Қазақстанда 104 жоғары оқу орнының жатақханалары бар. Онда 70 мыңнан астам студент тұрып жатыр.
XS
SM
MD
LG