Accessibility links

Әскерилерге баспанаға ақша жинауды ұсынады


Қазақстанның әскери-теңіз флоты мерекесінде сап түзеген әскерилер. Ақтау, 2013 жылдың сәуірі.
Қазақстанның әскери-теңіз флоты мерекесінде сап түзеген әскерилер. Ақтау, 2013 жылдың сәуірі.

Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің баспана мәселесін «тұтынушылық жүйеден жинақтау жүйесіне көшу» қарастырылған жаңа модель арқылы шешуді ұсынады. Бұл модельге сәйкес, әскерилер баспана сатып алу үшін банктен есеп-шот ашып, ақша жинауы тиіс. Сарапшылар жемқор басшыларға пәтерден гөрі ақша ұрлау оңайырақ деп санайды.

БАНКТЕГІ ЕСЕП-ШОТҚА АҚША АУДАРУ

Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін баспанамен қамтамасыз етудің жаңа механизміне көшуді жоспарлайды. Тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі заңдарға әскерилердің баспаналық төлемдерін коммерциялық банктердегі есеп-шоттарына аударуды қарастыратын өзгерістер жобасын үкімет қазірдің өзінде әзірлеп қойған. Министрлік Азаттықтың ресми сауалына жолдаған жауабында «Жаңа модель тұрғын үй -құрылыс жинақ салымдары механизмі арқылы тұтыну жүйесінен жинақтау жүйесіне көшуге жағдай жасайды» деп хабарлайды.

Қазір әскери қызметшілер баспанамен 2013 жылғы қаңтардың 1-іне дейінқызмет еткен жылдарына қарай қамтамасыз етіледі. Қызмет еткен жылдары 10 жылдан кем әскери қызметшілерге қызметтік баспана әскери қызмет атқарған кезеңге ғана беріледі, ал қызметтік баспанасы жоқтарға баспанамен нақты қамтамасыз етілгенге дейін пәтерді жалға алуға ай сайын өтемақы төленеді. Қорғаныс министрлігі сайтында былтыр баспананы жалға алып тұрып жатқан әскери қызметшілерге мемлекет 22 миллиард теңгеден көп ақша бөлді деп көрсетілген.

Алматы облысы Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласындағы гарнизонның офицерлер тұратын үйлері. 9 маусым 2012 жыл.
Алматы облысы Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласындағы гарнизонның офицерлер тұратын үйлері. 9 маусым 2012 жыл.

Қазіргі нормаларға сәйкес, 10-15 жыл қызмет еткен әскери қызметшілер қызметтік баспананы қалдық құны бойынша жекешелендіру құқығымен қоса алады. 15 жылдан көп қызмет еткендерге 20 жыл қызмет еткеннен кейін қызметтік баспана тегін жекешелендіру құқығымен беріледі, ал егер қызметтік баспана тегін жекешелендіруге жатпаса, оларға бір реттік ақшалай өтемақы төленеді.

Қорғаныс министрлігі әзірленген заң жобасында баспананы жалға алғаны үшін төленетін өтемақыны баспаналық төлемге ауыстыруды ұсынады. Ұсынылған модельге сәйкес, баспана төлемдеріне еңбек еткен жылдарына қарамастан әскери қызметшілердің баспанаға мұқтаж санаттарының бәрі құқылы болады .

Болжам бойынша, мемлекет бюджетінен бөлінетін баспана төлемдерінің мөлшері аймаққа және әскери қызметшінің отбасы құрамына қарай белгіленетін болады. Заң жобасында төлемдерді екінші деңгейлі банктен әскери қызметшінің өзі ашуы тиіс жеке арнайы есеп-шотына ай сайын аударып тұруды ұсынады. Жобада қарастырылғандай, төлемдерді әскери адам қызмет атқарып жүрген мекеме аударуы тиіс. Жобаға сәйкес, әскери қызметші есеп-шотындағы ақшаны «баспана жағдайын жақсарту мақсатында ғана ала алады». Болжам бойынша, әскери қызметші қаза болған жағдайда жинақталған сома мұраға қалуы мүмкін.

Азаттықтың «Төлемдер әскери қызметшілердің жалақы мөлшеріне әсер етпей ме?», «Төлемдер олардың жалақысынан аударылмай ма?» деген сұрақтары жауапсыз қалды. Қорғаныс министрлігі жолдаған хатта редакция сұраған ақпаратқа қатысты «қызметтік мақсатта пайдалану үшін» деген шектеу бар деп көрсетілген.

Отан қорғаушылар күнінде өткен әскери парад. Астана, 7 мамыр 2015 жыл.
Отан қорғаушылар күнінде өткен әскери парад. Астана, 7 мамыр 2015 жыл.

Қорғаныс министрлігі ұсынылған жүйе «бөлінген қаражатты мақсатты пайдалану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, нәтижесінде әскери қызметшілер өзге мүмкіндіктерімен қатар ипотекалық несиені пайдаланып, меншігіне баспана сатып алу, баспананы жалға алу ақысын төлеу немесе жалға алған баспана құнын біртіндеп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігін де алады» деп мәлімдейді.

Бұған қоса, қорғаныс министрлігі жобасында 2013 жылғы қаңтардың 1-індегі есеп бойынша қызмет еткен жылдарының саны 10-15 жылға жеткен әскери қызметшілерге 20 жыл қызмет еткеннен кейін баспананы тегін жекешелендіру құқығын қайтару ұсынылған. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 2012 жылы қабылданған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң әскери қызметшілердің жоғарыда көрсетілген санаттарының жағдайын нашарлатып жіберген.

Бұған қоса, әскери қызметтен кеткен, бірақ жабық әрі оқшау әскери қалашықтарда тұрып жатқан тұлғаларға жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы төлеуді ұсынады. Әскери ведомство бұл амал қызметтік баспана қорын басқа әскерилерге босатуға мүмкіндік береді деп санайды.

Үшаралдағы шекаралық әскери бөлім басшыларының көлігі. Алматы облысы, 9 маусым 2012 жыл.
Үшаралдағы шекаралық әскери бөлім басшыларының көлігі. Алматы облысы, 9 маусым 2012 жыл.

Қорғаныс министрлігі сайтында келтірілген дерекке сәйкес, ішінде шекара қызметкерлері бар әскерилердің баспанаға мұқтаждығын өтеу үшін қазір 31 мыңдай пәтер қажет. Баспаналық төлемдер қарастырылған заң жобасын іске асыруға министрлік 2018-2020 жылдарға шамамен 41 миллиард теңге (шамамен 131 миллион доллар) бөлуді сұрайды.

ӘСКЕРИЛЕРДІҢ БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ

Отставкадағы полковник Амантай Молғаждаров «әскери қызметші - әлдебір ақшаның жайын күйттемей, қызметін ғана ойлауы тиіс мемлекет адамы» деп санайды. Сондықтан, оның сөзінше, әскери қызметшілер тап болатын баспана сияқты проблемаларды мемлекет олар «қызметінен өзге нәрсеге басын ауыртпайтындай» етіп шешіп беруі тиіс. Ол пәтерсіз 10 жылдан көп сандалып жүрген әрі әйелі қайтыс болғаннан кейін екі қызымен қалған әскери зейнеткер танысының көрген азаптарына мемлекет немқұрайды қарап отыр деп ашуланады.

"Дала қыраны" жаттығуларында жүрген әскери қызметкер. Алматы облысы, Іле полигоны, 22 тамыз 2013 жыл.
"Дала қыраны" жаттығуларында жүрген әскери қызметкер. Алматы облысы, Іле полигоны, 22 тамыз 2013 жыл.

Азаттықпен әңгімесінде қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары генерал Әмірбек Тоғысов әскери зейнеткерлерді тұрып жатқан пәтерлерінен шығаруға тырысқан қорғаныс министрлігінің әрекетіне қатысты былтыр Ақтөбе гарнизонында басталған сот процесін мысалға келтіреді. Оның сөзінше, қорғаныс министрлігі әскери зейнеткерлерді өзге баспана берместен шығаруға әрекеттенген.

Қорғаныс министрлігінің әскери зейнеткерлерді баспанасыз қалдыру әрекетіне байланысты шыққан ең атышулы жанжал запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков наразылық белгісі ретінде Алматыдағы құрылыс алаңында тұрған кранға шығып алған 2008 жылы болғаны еске түседі. Жанжал «Баспанасыз әскери қызметшілер одағы» («СВ БОМЖ») қоғамдық ұйымын құрған наразыларға баспана бөлгеннен кейін реттелген болатын. Кейін әлгі ұйым жоқ болып кетті, ал оның жетекшілері өзге әскери зейнеткерлердің қазіргі баспана проблемаларына қатысты комментарий беруден бас тартып жүр.

Әскери зейнеткер, подполковник Дәулет Жұмабековтің баспана мәселесінің шешілмеуіне наразылық ретінде кран мұнарасына шыққан кезі. Алматы, 28 қараша 2008 жыл.
Әскери зейнеткер, подполковник Дәулет Жұмабековтің баспана мәселесінің шешілмеуіне наразылық ретінде кран мұнарасына шыққан кезі. Алматы, 28 қараша 2008 жыл.

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Әмірбек Тоғысовтың сөзінше, заңда әскери қызметшілер әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы тиіс деп көрсетілгендіктен, әскери зейнеткерлерге деген мұндай көзқарасқа жол беруге болмайды. Оның сөзінше, тіпті ұтымды деген заңның өзін бұрынғы әскери қызметшілердің құқығын қорғаудың орнына, оны шектейтіндей етіп бұрмалап қолдануға болады. Генерал «бәлкім, жанжалға ұласқан мұндай оқиғалар қорғаныс министрлігінің баспана саясатының нәтижесі емес, қорғаныс министрлігінің беделін түсіретін кейбір әскери шенеуніктердің коррупциялық әрекеттерінің салдары шығар» деп нақтылайды.

«МЕХАНИЗМНІҢ МӘНІ»

Әмірбек Тоғысов кейінгі 10 жылдай қорғаныс министрлігінде жұртты шулатқан бірқатар коррупциялық жанжалдар шыққанын айтып, тіпті монетарлы концепция заңға айналған күннің өзінде, бұл әскери қызметшілердің баспана проблемасын автоматты түрде шешеді деген сөз емес деп алаңдайды. Тоғысов «әскери бюрократтар тіпті өте жақсы деген заңның өзін келешекте бұрмалауы мүмкін, ал әскери коррупционерлерге пәтерлерден гөрі қорғаныс министрлігі зейнеткерлерінің ақшасын жымқыру оңай болады» дейді. Оның сөзінше, бұған жол бермес үшін әскери зейнеткерлерге арналған баспана үшін бөлінетін ақша коммерциялық банктер емес, Ұлттық банкте жинақталуы тиіс.

Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Әмірбек Тоғысов.
Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Әмірбек Тоғысов.

- Әскери зейнеткерлерге арналған баспанаға бөлінетін ақшаны екінші деңгейлі банктерге ешбір жағдайда салуға болмайды, - деп санайды генерал Әмірбек Тоғысов.

Қорғаныс министрлігі ұсынған тұжырымдаманың монетарлық мәні туралы журналистерге сәуірдің 18-і күні Астанадағы орталық коммуникация қызметіндегі брифингінде бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов хабарлаған болатын. Бірақ ол «концепция» емес, «механизм» терминін қолданған еді. Оның сөзінше, әскери қызметшілер баспана сатып алуға ақша жинау арқылы түрлі мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысатын болады. Ол кезде генерал Таласов «бұл жүйе әскери қызметшілерге қызмет мерзімі аяқталғанын күтпей ипотекалық несиелендіруді пайдаланып меншігіне баспана сатып алуға мүмкіндік береді» деген еді. Генералдың сөзінше, ұсынылған механизмді іске асыру үшін 2018 жылы шамамен 13,6 миллиард теңге (44 миллион долларға жуық) қажет болады.

Сәуірдің 24-інде мәжілістегі үкімет сағатында қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов өз ведомствосында «кем шықты» деп атаған 15 миллиард теңгеден (48 миллион долларға жуық) бұл сома аз.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG