Accessibility links

Арнасайдан бері көшкендер күнкөріс қиындығына шағынады


Арнасай ауылынан көшіп келген Пердебай Күшікбаев. 16 мамыр 2018 жыл

Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекара белгіленген кезде өзбек жағында қалған Арнасай ауылынан осыдан сегіз жылдай бұрын көшірілген 68 отбасы қазір Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Қызылқұм ауылдық округінде тұрып жатыр.

Атақонысын еркісіз тастап кетуге мәжбүр болған тұрғындар мұнда көшіп келгендеріне біраз уақыт өтсе де, әлі күнге сіңісе алмай, қиналып жүргендерін айтады.

АТАҚОНЫСТАН КӨШУ

Арнасай ауылы Шардара қаласынан шамамен 50 шақырым қашықта, Шардара-Жетісай тас жолынан екі шақырым жерде орналасқан. 2001 жылы қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау кезінде Арнасайға алып баратын жол Өзбекстан жағында қалып қойған.

2010 жылы маусымда Арнасай ауылына баратын жолға өзбекстандық шекарашылар бекет орнатқаннан кейін, Арнасайдың 600-ден астам тұрғыны сыртпен қатынассыз қалған. Бір аптадан кейін қазақ ауылы тұрғындары еріксіз Қазақстан жағына жаппай көшкен.

Шардара-Жетісай тас жолының бойында орналасқан шекара мұнарасы. 16 мамыр 2018 жыл
Шардара-Жетісай тас жолының бойында орналасқан шекара мұнарасы. 16 мамыр 2018 жыл

Қазір шекараның бер жағынан алыстағы Арнасай ауылындағы бұзылған үйлердің қабырғасы ғана көрінеді. 2017 жылы қолданысқа берілген тас жолдың сол жағында Шардара су қоймасы жатыр. Оң жақ бетінде 20 метр жерден екі қатар шекара сымы тартылған. Арнасай ауылына алып баратын бұрынғы қысқа жол қазір жабық тұр.

Жаңадан салынған жол бойында бірі ат мініп, бірі велосипедпен, енді біреуі ескі мотоцикльмен мал жайып жүрген адамдар көрінеді. Олардың бірі Ақайдар Әбдиев 2010 жылға дейін Арнасай ауылында тұрған. Беті күнге тотыққан, бас киім киіп, қолына таяқ ұстаған Ақайдар Азаттық тілшісімен әңгімеде бұрын Арнасайдың екі бөлімшесі болғанын, екеуіне алып баратын қысқа жол Өзбекстанға қарайтын болғандықтан жабылғанын айтты.

- 2010 жылы өзбекстандық шекарашылар осы жолды жауып тастады. Азық-түліксіз, ауыз сусыз қалған соң бас-аяғы бір аптаның ішінде бірінші бөлімшедегі 68 отбасы атақонысын тастап, жаппай көшіп кетті. Ал екінші Арнасайдың тұрғындары 2016 жылға дейін отырды да, ақыры олар да көшті, - дейді ол.

Aрнасайдан Қызылқұм ауылына көшіп келген Ақайдар Әбдиев (оң жақта) пен Пердебай Күшікбаев. 16 мамыр 2018 жыл
Aрнасайдан Қызылқұм ауылына көшіп келген Ақайдар Әбдиев (оң жақта) пен Пердебай Күшікбаев. 16 мамыр 2018 жыл

Ақайдар Әбдиевтің сөзінше, ол отбасын Арнасайдан үш шақырым жердегі Қызылқұм ауылына есек арбамен көшірген. Жаңадан көшіп келгендерге әр адам басына 100 мың теңге шамасында ақша мен үй салуға жер телімін берген.

- Төрт жыл дегенде үйді салып бітірдік. Қазір 4 бөлмелі үйде үш отбасы бірге тұрамыз. Бес баласы бар інім мен бір баласы бар баламды бөлек шығаруға шама жоқ. Өмір бойы жер тырнап, егін салдық. Егіндік жер берілмеген соң жүрісіміз мынау - көрінгеннің малын бағып, шабығын шауып жүрміз, - деп қынжылады Ақайдар Әбдиев.

ТУҒАН АУЫЛДЫ САҒЫНУ

Ескі мотоциклімен малды қайырып тастап, Ақайдар Әбдиевтің жанына келген Пердебай Күшікбаев та Қызылқұм ауылдық округіне Арнасай ауылынан көшіп келген. Үш ұл, екі қызы бар. Бір қызы тұрмыста, бірі – студент. Үш ұлы да үйленген, келіндері мен 11 немересі қолында тұрады екен.

Оның айтуынша, Арнасай Өзбекстан жері деп танылып, шекара жабылатын болған соң ауыл тұрғындары тұс-тұстан есек арба, қоларба, жаяу-жалпылап заттарын арқалап көшкен. Жергілікті әкімдік үй салуға жер телімін берген.

Арнасай ауылынан Қызылқұм ауылына көшіп келген Пердебай Күшікбаев. 16 мамыр 2018 жыл
Арнасай ауылынан Қызылқұм ауылына көшіп келген Пердебай Күшікбаев. 16 мамыр 2018 жыл

- Шамасы келгендер үй салып алды. Үй сала алмағандары ағайын-туыс, құда-жегжатын жағалап, үй жалдап отыр. Сөздің шыны керек, Арнасайымызды әлі аңсаймыз. Егінімізді егіп, малымызды бағып, ешкімге зиянымыз тимей отырған ел едік. Арнасай – ата-бабамыздың қонысы. Ауылымызда кілең қазақ тұратын, мектебіміз де қазақ тілінде оқытатын. Базарымыз – Жетісайда болатын. Арнасай-Жетісай бағытында автобус қатынайтын. Өзбек шекарашылары бір күнде Жетісайға баратын жолға шекаралық бекет орнатып, «көшу керек» деген соң түн демей, күн демей ауыл жаппай көшті, - дейді ол.

Пердебай Күшікбаев қазір тұрып жатқан Қызылқұм ауылдық округінде не егін егетін жері, не қорада малы жоқ екенін айтып шағынады.

Өзбекстан территориясында қалған Арнасай ауылынан Қызылқұм ауылдық округіне көшіп келген азаматтың жеке тұрғын үйінің ауласы. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл
Өзбекстан территориясында қалған Арнасай ауылынан Қызылқұм ауылдық округіне көшіп келген азаматтың жеке тұрғын үйінің ауласы. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл

- Таңғы сағат бестен тұрып біреудің малын бағамыз, егінін шабамыз. Таңнан кешке дейін жұмыс істегенде күніне 1000-1500 теңге табамыз. Ол ішіп-жегенімізден артылмайды. Жастардың барлығы бала-шағасынан безіп жұмыс іздеп басқа қалаларға кеткен. Қыста бір мезгіл үйде болады, күн жылынған соң қайта кетеді. Әлі күнге топырлап ел бола алмай бір үйде отырмыз, - дейді тұрғын.

Пердебай Күшікбаев тұрмыс тауқыметін көрген бұрынғы арнасайлықтар кейде шекара сымына жақындап, алыстағы ауылдағы бұзылған үйлерге қарап тұратынын айтады.

- Анау ағарып тұрған ауылдың шеткі үйі болатын, - дейді ол шекара сымының арғы жағында алыстан көрініп тұрған бұзылған үйлерді нұсқап. - Шатыры көрініп тұрған екі қабатты үй – кеңсеміз еді. Он бір жылдық қазақ мектебіміз де бар еді. Бәрі бұзылып кетті, - дейді Пердебай күрсініп.

Өзбекстан территориясында қалған Арнасай ауылының шекара сымынан қарағандағы сырт көрінісі. 16 мамыр 2018 жыл
Өзбекстан территориясында қалған Арнасай ауылының шекара сымынан қарағандағы сырт көрінісі. 16 мамыр 2018 жыл

Сосын тартылған шекара сымының өзбек жағын көрсетіп:

- Мына жердің барлығы жайылымдық жер болатын. Қазір Арнасайда 3-4 өзбек отбасы тұрады. Әр кез малын бағып жүргенін байқаймыз, - дейді ол.

Пердебай Күшікбаев Арнасай ауылы тұрғындарына шекара жабылады деп алдын ала ескертілмегенін айтады.

- Аяқ астынан «көшу керек» деген кезде көпшілікті үрей басты. Туған жерін тастап кету әсіресе ақсақалдарымызға ауыр тиді. Көшіп үлгермей, бір-екі күннің ішінде кейбірі қайтыс болып кетті. Өзбекстан тарабы шекара бекетін орнатып қойғанда адамдар төбесінен мұздай су құйғандай әсерде қалды. Бұл өте ауыр кез еді, өте қиын болды. Сол күйзелістен әлі де болса шыққан жоқпыз, әлі күнге елге сіңісе алмай келеміз, - дейді Пердебай Күшікбаев мұңайып.

«ОЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ЕҢБЕКҚОР»

Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Есенгелді Алданияз Арнасай ауылынан көшіп келгендерді еңбекқор адамдар деп сипаттайды. Әкімнің Азаттыққа айтуынша, Арнасай ауылынан Қызылқұм ауылдық округінің Мақталы ауылына 26 отбасы, Қосқұдық ауылына - 19, Бірінші май ауылына - 23 отбасы көшіп келген. Оларға мемлекет тарапынан үй салуға тегін жер телімі берілген.

Өзбекстан территориясында қалған Арнасай ауылынан Қызылқұм ауылдық округіне көшіп келген азаматтың құрылысы бітпей тұрған жеке тұрғын үйі. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл
Өзбекстан территориясында қалған Арнасай ауылынан Қызылқұм ауылдық округіне көшіп келген азаматтың құрылысы бітпей тұрған жеке тұрғын үйі. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл

- Қазіргі таңда әрқайсысы үй салып алды. 2010 жылы шекара сымы тартылмастан бұрын Қостақыр ауылына да 12 отбасы өз қаражаттарына үй сатып алып, көшіп келген еді. Жұмыссыздық мәселесі барлық жерде бар. Көшіп келгендердің тұрақты жұмысы болмаса да, күнделікті бір реттік жұмысқа шығады. 19 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады, - дейді Есенгелді Алданияз.

Ауыл әкімі Арнасайдан көшіп келген 68 отбасына шаруашылық жер берілмеуінің себебін ауылда бос жер қалмағанымен түсіндірді.

Шекара аймағындағы трактор. 16 мамыр 2018 жыл
Шекара аймағындағы трактор. 16 мамыр 2018 жыл

- 1995 жылы жергілікті тұрғындардың әрқайсысына пайлық жер үлесі бөліп берілгендіктен ауылға жаңадан көшіп келгендерге жер беру мүмкін емес. Бұл отбасылар мал асырап, ауласындағы шағын жеріне, ал кейбірі жалға жер алып, егін салады. Шыны керек, олар – еңбекқор. Бізге келіп жылыжайға қызанақ пен картоп егуді үйреткен де солар, - дейді ауыл әкімі Есенгелді Алданияз.

Арнасайдан көшкендер
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:03:28 0:00

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG