Accessibility links

Салық төлеуі сұралатын шаруалар


Николай Чернояровтың малға шөп салып жатқан сәті. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. Ақпан, 2018жыл.
Николай Чернояровтың малға шөп салып жатқан сәті. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. Ақпан, 2018жыл.

Қазақстан үкіметі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға салық төлетіп, оларды "көлеңкеден" шығарғысы келеді, бірақ жүйеден тыс тіршілік етіп жатқан адамдар әлі көп. Бұл құбылыстың сыры неде?

СИЫРЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ЖАН БАҚҚАНДАР

Батыс Қазақстан облысындағы Үлкен Шаған ауылын жергілікті өлшем бойынша инфрақұрылымы дамыған және көркею мүмкіндігі бар елдімекен деп атауға болады. Ауылдың орталық көшелерінде тіпті 1990 жылдары төселген асфальт та бар. Кентте мектеп, мәдениет үйі, дәріхана, амбулатория, наубайхана, бірнеше азық-түлік дүкені, екі жанар-жағармай құю бекеті және үш кафе жұмыс істеп тұр. Ауыл адамдарының көбі ырзығын Қарашығанақ мұнай-газ кенішін Каспий құбыр желісі консоциумымен қосатын Қарашығанақ – Үлкен Шаған - Атырау мұнай құбырынан айырып отыр. Ауылдың кей тұрғындары мұнай құбырында жұмыс істейді (ауыл әкімдігі дерегінше, ол жаққа көбінесе күзетшілік жұмысқа алады - жалақысы жақсы). Бірақ ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көп, олар көбінесе ауыл шаруашылығымен және ұсақ саудамен айналысады.

Үлкен Шаған ауылының жалпы көрінісі. Батыс Қазақстан облысы. Ақпан, 2018 жыл.
Үлкен Шаған ауылының жалпы көрінісі. Батыс Қазақстан облысы. Ақпан, 2018 жыл.

50 жастағы Николай Чернояров еш жерде жұмыс істемейді, қорасындағы малы – бір сиыры мен екі бұзауының есебінен күн көріп отырн. Николайдың Т-28 маркалы ескі тракторы да бар. Бірақ отағасының сөзінше, несие алып, тағы бірер бас мал сатып алайын деп тіпті ойлап та көрмепті.

- Несиені қайдан аласың? Жұмыс істемейтін адамға кім несие береді? – дейді Николай. – Ақша алуға болатын да шығар, бірақ біз ол жаққа [әкімдікке] сирек барамыз. Өзімнің 20 гектардай шағын шабындық жерім бар. Жалғыз сиырды асырауға шөп жетеді. 15-20 гектардан 5-6 арба шөп түседі. Шөп бітік шықса, бір бөлігін сатамын. Бірақ үш тонна тартатын бір «тачанка» шөпті 16-17 мың теңгеден қымбатқа сата алмайсың. Бұл тым арзан - тіпті солярка, май, қосалқы бөлшектерге кеткен шығынымды да жаппайды. Құдай сақтасын, тракторым сынып қалса ше? Былтыр білігі омырылып қалғанда, жөндетуге 100 мың теңгем кеткен.

Николай Чернояров бұзауларын бордақылап, біраз өскеннен кейін алыпсатарларға өткізеді. Олар да қымбатқа ала қоймайтыны белгілі. Үлкен Шағанда алыпсатарлар килосына 1200 теңгеден артық төлемейді. Сондықтан 150 килограмм таза ет (бір жасар тайынша) өткізіп, 180 мың теңге алуға болады.

Николайдың ауылдасы Райса Сәрсенбаева (аты-жөнін өзгертуді сұрады – ред.) да шағын шаруашылық ұстайды екен. Оның үш сиыры, төрт бұзауы, он шақты қойы, тауығы бар. Күйеуі вахталық жұмыста - бір ай жұмыс істеп келіп бір ай үйде болады. Сондықтан малдың күтімі толықтай әйелдің мойнында деуге болады. Кейде жақын маңда тұратын бауыры келіп көмектеседі. Ал демалыс күндері Оралдан балалары келеді. Сиырларының сүті отбасына да жетеді, сатуға да артылады.

- Сүттің бір жарым литрлік баклажкасы - 300 теңге, бір банка кілегей – 750 теңге, бір килограмм сары май – екі жарым мың теңге тұрады, - дейді сүт өнімдерінің прайс-парағын тізіп шыққан Райса. – Бірақ қазір сүттен түсетін кіріс азайды, қыста сиырдан сүт аз шығады ғой. Бір сиыр 7-8 литр сүт береді.

Қора-жайдағы сиыр. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. Ақпан, 2018 жыл.
Қора-жайдағы сиыр. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. Ақпан, 2018 жыл.

Әйелдің сөзінше, сүт өнімдерін сатып алушыларды іздеп әуре болмайды - бәрін көршілері сатып алады. Райса Сәрсенбаева ресми жұмысқа тұрғысы келмейді.

- Биыл тамызда 58 жасқа толып, зейнет демалысына шығуым керек болған. Сондықтан биржаға тұрып қайтем? Бірақ зейнетке 58 жарым жаста шығатын етіп тастады. Енді тағы бір жыл күтетін болдым. Әкімдіктен адамдар келіп "еңбек биржасына тұрыңыз" деп кеткен, ал үйдегі тірлікті қайтем, малды кім қарайды? Бір жыл стажға бола сиырларымды қалай сатып жіберемін? Бүкіл отбасым тамақсыз қалады ғой, - дейді ол.

Қазақстан билігінің түсінігінде Райса Сарсенбаева мен Николай Чернояров – өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар. Статистика комитеті дерегінше, елде мұндай екі миллионнан көп адам бар әрі көбі ауылдық жерде тұрады. Бұлар - ресми түрде жұмыс істемейтін, сондықтан кірісін мемлекетпен бөліспейтін, салық төлемейтін азаматтар. Билік енді мұндай азаматтарды "көлеңкеден" шығармақ.

КООПЕРАТИВ, ОҚУ НЕМЕСЕ ЕҢБЕК БИРЖАСЫНА ЖОЛДАМА

Үлкен Шаған ауылы кіретін Көшім ауылдық округі әкімдігі өкілдері өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен жұмыс жүргізіп жатқанын айтады. Ауылда өндірістік кооператив ашып, оған тұрғындарды мүшелікке өтуге шақырған. Биліктің түсіндіруінше, кооперацияның бір артықшылығы – мемлекет қаржыландыратын қорлардан несие алу мүмкіндігі. Көшім ауылдық округі әкімінің орынбасары Ауған Әлмұрзин "ауыл тұрғындарын еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналастыруға тырысып жатырмыз" дейді. Әлмұрзиннің сөзінше, жұрттың бәріне жұмыс табылады. Мысалы, әкімдік біреулерге кентті сыпырып, тазалаумен, абаттандырумен айналысуды ұсынады, енді біреулерді көлік жүргізушісі, аспаз, дәнекерлеуші сияқты пайдалы мамандықтарды оқып алуға шақырады.

- Адамдарды оқуға жинамас бұрын оларды жұмысқа орналастыру жағын келісіп аламыз, - дейді әкімнің орынбасары Азаттыққа. – Мысалы, шаруа қожалықтары бізге аспаз, механизатор сияқты бос орындар бар деп хабарлайды. Маусымдық болса да, бұл - жұмыс. Осылай жұмыс тауып, аспаз болып тұрақты жұмыс істеп жүргендер де, тәжірибе жинап алғаннан кейін жақсы фирмаларға кетіп қалғандар да бар. Біліктілігін жетілдіргісі немесе қайта оқығысы, мысалы, жаңа комбайнға механизатор болғысы келетін жігіттер бар.

Көшім ауылдық округі әкімінің орынбасары Ауған Әлмұрзин. Батыс Қазақстан облысы. Ақпан, 2018 жыл.
Көшім ауылдық округі әкімінің орынбасары Ауған Әлмұрзин. Батыс Қазақстан облысы. Ақпан, 2018 жыл.

Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы дерегінше, қазір аймақта өзін жұмыссызбын деп мәлімдеген 17 561 адам және "өнімсіз жұмыс істейтіндер" санатына жатқызылған 35 468 адам бар. Биліктің пікірінше, соңғылары – айлық кірісі 2018 жылға 28 850 теңге деп белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін адамдар.

Басқарма өкілдерінің сөзінше, мұндай адамдарды жұмысқа орналастыру үшін қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр - "2018 жылы 20 269 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр, бұл өзін-өзі жұмыспен қамтып, өнімсіз жұмыс істейтіндер» мен жұмыссыз азаматтардың 37,6 пайызы". Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жандармен жұмыс жоспарында оларға кәсіпкерлік негіздерін үйрету қарастырылған. Басқарма басшысының орынбасары Самат Хангереев келтірген деректерге сәйкес, қазір кәсіпкерліктің қыр-сырын 938 ауыл тұрғыны үйреніп жатыр, олар болашақта өз кәсібін ашуға шағын несие ала алады. Хангереевтің сөзінше, былтыр Батыс Қазақстан облысынан 300-ден аса тұрғын шағын несие алған.

Бұған қоса, оның сөзінше, ауыл тұрғындары мыңдаған бос жұмыс орны қамтылған электронды еңбек биржасы сайтынан жұмыс іздей алады. Қазір https://www.enbek.kz сайтында Батыс Қазақстан облысы бойынша жалақы мөлшері 28 мыңнан 650 мың теңгеге дейін деп көрсетілген 4742 бос орынға 3900-ден көп хабарландыру жарияланған.

"КӨЛЕҢКЕДЕН" ШЫҒАРУҒА ТАЛАЙ ТЫРЫСҚАН

Қазақстан билігінің сәтсіз болса да, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды "көлеңкеден" шығаруға тырысып келе жатқанына көп болды. Ал "өзін-өзі қамту" терминін шенеуніктер елде зейнетақы жинақтау жүйесіне (жұмыс істейтін әр қазақстандық кірісінің 10 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндетті) көшу бастамасы көтерілген 1990 жылдардың аяғында қолдана бастаған. Миллиондаған жұмыссызды "өзін-өзі жұмыспен қамтығандар" деп дәл сол кезде атай бастаған әрі бұл санатқа жұмыс істеуге қабілетті, бірақ тұрақты кірісі жоқ, яғни ұсақ саудамен, жеке меншік көлігімен кісі тасумен айналысып, үйіндегі азын-аулақ малының, бақшасының арқасында немесе қызмет түрлерін көрсету саласында нәпақа тауып жүрген адамдарды жатқызған.

Жаңа министр елдің әр тұрғынының мәртебесін анықтап, бірінші кезекте өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға көңіл бөлуге уәде еткен.

Үкімет жаңа реформа – міндетті медициналық сақтандыру бастамасын көтергеннен кейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды көлеңкеден шығару әрекеттері кейінгі жылдары қайта жанданды. Жоспар бойынша, медициналық қызмет түрлерін енді міндетті медициналық сақтандыру қорына тұрақты негізде жарна аударып тұрған адамдар ғана пайдалана алатын болады. Балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, тұтқындар, көп балалы аналар, бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырғандарға бұл талаптың қатысы жоқ. Жарна төлеуден әскерилер мен күш органдары қызметкерлері де босатылған. Бұл жүйеге 2017 жылы көшу жоспарланған болатын, бірақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бәрін есепке алуға үкіметтің шамасы келмеген соң кейінге қалдырған. 2016 жылғы ақпанда Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева (ол кезде үкімет төрағасының орынбасары болатын) өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды "сараңданбай, табысын бөлісуге, салық төлеп, тыныш ұйықтауға" шақырған. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бюджетке салық төлемей тегін медициналық көмек алуы, қартайғанда зейнетақы дәметуі, ал балаларының мектепте тегін оқуы "әділетсіздік" деп мәлімдеген.

2017 жылғы қыркүйекте парламент отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтуды "салық төлеуден жалтару" деп атап, үкіметтен оларды көлеңкеден шығаруды тездетуді сұраған. Жыл басында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2017 жылы "азаматтардың мәртебесін нақтылау және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу" жұмысы аясында 5,7 миллион адам анықталды және бір жылға жетпейтін мерзімде үш миллионға жуық адамның мәртебесі анықталып, ресімделді, «2,7 миллион адамның статусы анықталған жоқ» деп хабарлаған болатын. Биыл қаңтарда министр Тамара Дүйсенова өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар әлі көп, көлеңкелі экономика, адамдардың ресми жұмыс істемей, кірісін жасыруы және әлеуметтік тұрғыдан қорғалмау проблемалары осыған байланысты туып отыр деген болатын.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен салалық министрлік жүргізіп жатқан жұмыс қарқынына Назарбаевтың көңілі толмайды. Сондықтан биыл ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында ол міндетті медициналық сақтандыруды кейінге шегеруге тура келгені үшін Дүйсенованы қатты сынаған. Назарбаев министрге қарата:"Не болды? Тамара, ал айтшы? Әлде шаршадың ба мына жұмыстан?» деген еді. Сол күні кешкісін Дүйсенованы отставкаға жіберіп, оның орнына Мәдина Әбілқасымованы тағайындады. Жаңа министр елдің әр тұрғынының мәртебесін анықтап, бірінші кезекте өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға көңіл бөлуге уәде еткен.

«КӨРІНБЕЙТІН» ЭКОНОМИКА

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры әрі экономист Рахым Ошақбаев бақыланбайтын экономика ауқымының үлкен болуы, көлеңкедегі адамдардың салық төлемеуі Қазақстан сияқты мемлекеттік экономика салалары әлсіз жас мемлекетке тән құбылыс деп санайды.

- Бұл бізде салық жағынан ресми жұмыс істейтіндерге ауыр салмақ түсіретін жағдай тудырады, - дейді экономист. – Бізде ресми жұмыспен қамтылмаған адамдар бар. Бірақ олар жалданып жұмыс істеп, ақшасын алады, бірақ жұмыс беруші де, жұмыскер де көп салық төлеуден қашып еңбек қатынастарын рәсімдегісі келмейді.

Экономистің пікірінше, бақыланбайтын экономика ең әуелі байыпты әрі терең зерттеуді қажет етеді. Бұл құбылыстың ауқымының дәлелі ретінде сарапшы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректерін келтіреді.

- Былтырғы дерек бойынша, дерек қорларында бес жарым миллион қазақстандық жоқ. Яғни, олардың ЖСН-і (жеке сәйкестендіру нөмірі – ред.) бар, бірақ өзге ешбір ресми деректер қорында жоқ. Егер зейнеткерлерді, студенттер мен мектеп оқушыларын алып тастасақ, 10 миллион жұмыс істеуге қабілетті халықтың жартысынан көбі осы бақыланбайтын секторда жан бағып жүр. Бұл - бақыланбайтын экономиканың ауқымы қандай зор екенін жанама түрде көрсететін дерек. Бұл сектордағы ахуалды, ондағы кіріс көлемін, қанша жиған-тергені бар екенін статистика да, үкімет те, тәуелсіз сарапшылар ретінде мына біз де білмейміз, - дейді ол.

Экономист Рахым Ошақбаев.
Экономист Рахым Ошақбаев.

22 ақпанда Қазақстанның қаржы министрлігінің кеңейтілген отырысында вице-премьер Ерболат Досаев қаржы министрлігі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды бақылауда ұстайтын заң жобасын әзірлей бастады деп хабарлады. Заңға енгізілетін өзгерістер өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды салық органдарында тіркеуге тұруға ынталандыратын болады деп мәлімделді. Досаевтың сөзінше, кез-келген азамат мемлекеттің «көз алдында» болуы тиіс. Егер азаматтар әлеуметтік қолдау мен игіліктер алғысы келсе , салық төлеулері тиіс, деді вице-премьер.

Үлкен Шаған ауылының өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындары биліктің оларды салық қызметіне тіркеуге қою идеясына сақсына қарайды. Қорадағы азын-аулақ малының есебінен күн көріп отырған Николай Чернояровтың айтуынша, егер «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелуге тура келсе, салық төлеу үшін шаруашылығын ұлғайтып, жем-шөпті көбірек дайындауға тура келеді, демек «тракторы тозғанша жұмыс істейтін болады». Мұндай перспектива оған ұнамайды.

Ал оның ауылдасы Райса Сәрсенбаева «мемлекетке не үшін салық төлеуім керек» деп дал болады. «Күніне сататыным - 3-4 бөтелке сүт, ал кілегей мен май сату үшін оларды әуелі әзірлеп алу керек. Бұдан жарытып салық түсе ме?» дейді ол.

XS
SM
MD
LG