Accessibility links

Селден соң үй жөндегендер «кем төледі» деп шағынды


Тасқыннан кейін қираған баспана орнына салынып жатқан жаңа үй. Қарағанды облысы Мұстафин кенті, 17 мамыр 2015 жыл.
Тасқыннан кейін қираған баспана орнына салынып жатқан жаңа үй. Қарағанды облысы Мұстафин кенті, 17 мамыр 2015 жыл.

Қарағанды облысындағы су тасқынынан кейін Мұстафин кентінде үй жөндеген бірнеше адам «ақшаны айтқаннан кем төледі» дейді. Жөндеу жұмыстарына қаражат мемлекет бюджетінен бөлінген.

Қарағанды облысындағы Ғабиден Мұстафин кентінің тұрғыны Жәлел Мінікеевтің айтуынша, бюджеттен бөлінген өтемақы биыл көктемде су тасқынынан бүлінген үйін жөндеуге жетпей қалған. Сондықтан ол су тасқынынан кейін кентте үй салып жатқан «Тавис» мердігер мекемесіне экскаваторшы әрі краншы болып жұмысқа кірген.

- Мұнда бізде басқа жұмыс жоқ қой. Әлгі фирмаға хабарландыру бойынша орналастым. Басына ауыртпалық (тасқынның зардабын айтады – ред.) түскен адамның еңбегін пайдаланып, кейін «лақтырып тастайды» деп тіпті ойламаппын, - дейді Жәлел Мінікеев Азаттыққа.

Ғабиден Мұстафин атындағы кент тұрғыны Жәлел Мінікеев. Қарағанды облысы, 17 мамыр 2015 жыл.
Ғабиден Мұстафин атындағы кент тұрғыны Жәлел Мінікеев. Қарағанды облысы, 17 мамыр 2015 жыл.

Оның айтуынша, бүкіл құжаттарын тапсырғанымен, онымен еңбек шартын бекітпеген. Ол жұмыстан кететінін хабарлаған кезде «есеп айырысуға кел» деген басшылық уәде еткен бірнеше жүз мың теңгенің орнына небәрі 20 мың теңге төлегенін айтады.

Қарағандылық Петр Дмитриев те «алданып қалдым» дейді. Ол мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген жұмыста жалақыға қатысты қиындық тумайды деп ойлап, «Тавис» фирмасына хабарландыру бойынша орналасқан».

- Мамыр айынан қыркүйекке дейін жүк көлігі жүргізушісі болып жұмыс істеп, құрылыс материалдарын тасыдым. Әуелі Мұстафин кентінде жұмыс істегенмін, кейін әлгі фирма мені Жезқазғанда салынып жатқан балабақшаның құрылысына жұмысқа жіберді. Айына 100 мың теңге төлейміз деген, бірақ жұмыс істеген бүкіл айларым үшін небәрі 250 мың теңге алдым. «Қалған ақша қашан болады?» деп сұрап едім, «қазір ақша жоқ, күте тұрыңыз, атқарылған жұмыстың ақшасын әлі аударған жоқ» деді, - дейді Петр Дмитриев.

«КІМ ЖҰМЫС ІСТЕДІ, СОЛ АҚШАСЫН АЛДЫ»

Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен айналысатын «Тавис» компаниясының кеңсесі Майқұдықта орналасқан. Компания басшылығымен хабарласу қиынға түсті. Жұмыс телефоны нөміріне хабарласқан қоңырауға бірнеше күн бойы ешкім жауап бермеді. Ақыры фирма өкілдерінен ұялы телефон арқылы ғана комментарий алудың сәті түсті. Қоңырауға жауап берген ер адам өзін «Тавис» фирмасы директорының орынбасары Андреймін» деп таныстырды, бірақ толық аты-жөнін атаудан бас тартты.

Селден кейін іргетасы бүлінген көпқабатты үй. Қарағанды облысы Мұстафин атындағы кент, 17 мамыр 2015 жыл.
Селден кейін іргетасы бүлінген көпқабатты үй. Қарағанды облысы Мұстафин атындағы кент, 17 мамыр 2015 жыл.

Ол «фирма Мұстафин кентінде төрт үй салып жатыр» деп түсіндірді. Бұрынғы жұмысшыларының наразылығына қатысты фирма директоры орынбасары:

- Риза немесе өкпелі қызметкерлер қашан болсын табылады. Жұмыс істегенімізге 15 жылдай болды, қалайша өз беделімізді түсіреміз? Жұмыс істегісі келген адам жұмысын істеп, ақшасын алды. Арақ ішіп, жұмысқа шықпаған, құжат жоғалтып, техника сындырғандар да болды, - деп жауап берді.

«Су тасқынынан кейін үй салуға тартылған адамдардың бәрімен еңбек шарты бекітілді ме?» деген сұраққа ол нақты жауап бермеді. Өзін «Тавис» фирмасы директорының орынбасары ретінде таныстырған адам «бұрынғы қызметкерлер қайда жүгінсе де, фирманың жасыратын ештеңесі, тексеруден қорқатын жөні жоқ» деп қысқа қайырды.

ӘКІМДІК: «БІЗДІҢ ҚАТЫСЫМЫЗ ЖОҚ»

Ғабиден Мұстафин кенті қарайтын Бұқар жырау аудандық әкімдігі қызметкерлері бұл проблеманы бірінші рет естіп тұрғандарын айтады. Олар «мердігер компанияға ақша аударылмауы себепті жұмысшыларға жалақы төленбеді» деп жүргендерге сеніп қажеті жоқ» дейді.

- Мердігерлердің бәрі ақшаны нақты атқарған жұмысы туралы акт бойынша алады. Сондықтан оларда ақша жоқ болуы мүмкін емес. Ал жұмысшылар «жалақымызды төлемеді немесе кешіктірді» деп шағымданса, бұл - жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы мәселе. Әкімдікке қатысы жоқ. Жұмысшылар сотқа немесе еңбек инспекциясына жүгінсін, - деді Бұқар жырау әкімінің орынбасары Асхат Әли Азаттыққа.

Ресми ақпаратқа қарағанда, су тасқынынан кейін кенттерді қалпына келтіру жұмыстары басталғалы Бұқар жырау ауданында ісіне жауапсыз қараған бірнеше мердігер компания ауысқан. Ауданда тасқыннан зардап шеккен үйлерді жөндеуге барлығы 50-ден аса мердігер компания тартылған.

ЗАҢГЕРДІҢ КЕҢЕСІ

Жұрт еңбек даулары мен жанжалдарды реттеу үшін жиі жүгінетін астаналық заңгер Әбілда Әбдікәрімовтің айтуынша, жұмыстан шыққан қызметкерлер тиісті ақшасын сот арқылы өндіріп алуына болады.

Заңгер Әбілда Әбдікәрімов.
Заңгер Әбілда Әбдікәрімов.

- Егер жұмысшылардың қолында ресми еңбек шарты немесе контракт жоқ болса, олар жалақыларын бірден сот арқылы талап етуі тиіс. Куәгерлер табылса, олардың сөздері де үлкен дәлел бола алды. Олар белгілі бір ұйым қызметкері ретінде тануды сұрап және тиісті ақшасын талап ету құқығы бар екенін жазып, сотқа азаматтық талап-арыз беруі керек. Мердігерлерге ақша бюджеттен бөлінетіндіктен бұл мәселе қоғам назарына ілігіп, ал әкімдік куратор ретінде мердігер компанияны қадағалап отыруы керек, су тасқынынан кейін кенттегі үйлерді жөндеуге тартылған жұмысшылармен келісім-шарт жасасқан-жасаспағанын тексеруі тиіс, - дейді Әбілда Әбдікәрімов Азаттыққа.

Заңгердің айтуынша, ауыл тұрғындары жұмыс берушінің сөзіне сеніп немесе кентте жұмыс жоқ болған соң шарасыздықтан көбінесе келісім-шартсыз жұмыс істеуге келіседі

«Тавис» фирмасынан кеткендердің кейбірі басқа жұмысқа орналасқан. Петр Дмитриев Қарағанды қаласынан жұмыс тапқан, ал Жәлел Мінікеев үйін жөндеп біткен соң іссапарға шығып, табыс көзін іздемек. Екеуі «тиісті ақшамызды істі сотқа жеткізбей алармыз» деп үміттенеді.

XS
SM
MD
LG