Accessibility links

Атамбаев серіктерін қамауды "кек алу" деп атады


Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың серіктері (солдан оңға): Кубанычбек Кулматов, Осмонбек Артыкбаев және Сапар Исаков.
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың серіктері (солдан оңға): Кубанычбек Кулматов, Осмонбек Артыкбаев және Сапар Исаков.

Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) жетекшісі, экс-президент Алмазбек Атамбаев партиялас үш серігі – бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков, Бішкектің экс-мэрі Кубанычбек Кулматов және парламент депутаты Осмонбек Артықбаевты қамауға қатысты "саяси мәлімдеме" таратты. Ол аталған үш адамды қамауды – " коррупциямен күрес емес, кек алу" деп санайды. Саясаткерлерді қамауға қатысты қоғам пікірі әрқилы.

КЕК АЛУ МА?

Тұтқындалған Сапар Исаков, Кубанычбек Кулматов пен Осмонбек Артыкбаев - елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев жетекшілік ететін Қырғызстан социал-демократиялық партиясының мүшелері. Атамбаевтың маңайында болған бұл үшеуін кезінде Қытайдан алынған несие есебінен "Бішкек қаласының жылу энергетикалық станциясын (ЖЭС) жаңғырту" жобасымен байланысты коррупциялық қылмыстарға қатысы бар деп айыптайды. Исаков, Кулматов пен Артыкбаев өздеріне тағылған айыптарды теріске шығарады.

Қырғызстан экс-президенті Алмазбек Атамбаев мәлімдемесінде Исаков, Кулматов пен Артыкбаев үшеуін қамауға алуды атышулы Райым-миллионның достары мен қолдаушылары тарапынан "кек алу" ретінде бағалаған. Атамбаевтың пікірінше, Райым-миллион қызметінен қуылғаннан кейін оң өзгерістер болып, кеден төлемдері күрт ұлғайған.

Қырғызстан экс-президенті Алмазбек Атамбаев.
Қырғызстан экс-президенті Алмазбек Атамбаев.

"Қазір мен Сапар Исаков пен Кубанычбек Кулматовты кез-келген сылтаумен тұтқындаңдар деген міндет жүктелгенін байқап отырмын […] Президент аппараты бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Сапар Исаковтың да, Бішкек мэрі болып тұрған кездегі Кубанычбек Кулматовтың да тергеу тағып отырған айыптарға негіз болатындай өздігінен шешім қабылдау құқы болмағанын ресми түрде мәлімдеймін […] Бұған қоса, Жалал-Абад қаласының экс-мэрі Салайдин Авазов пен Жогорку Кеңеш депутаты Осмонбек Артықбаев сияқты ҚСДП-ның өзге белсенді мүшелерін қылмыстық қудалаудың саяси астары бар әрі оларды негізсіз қудалап отыр деп санаймын […]. АКС-тің (Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Коррупцияға қарсы қызмет – ред.) қазіргі директоры сияқты елпек достары ел президенті Сооронбай Жээнбековті қауіпті жолға итермелеп отыр. Бұл жайлы бұрын да ескерткенмін, ал биыл наурызда өзімнің баспасөз жиынымда айтуға мәжбүр болғанмын" делінген Атамбаевтың мәлімдемесінде.

Атамбаевтың сөзінше, тиісті мемлекеттік орган басшыларымен жан-жақты талқыланғаннан кейін Бішкек ЖЭС-ына жаңғырту жұмыстарын жүргізуге қатысты стратегиялық шешімдердің бәрін, оның ішінде Қытай тарапының мердігер таңдауына келісім беру, шетелден алынған гранттарды "Калыс Ордо" тұрғын үйлер ауданындағы мектеп құрылысына бөлу шешімдерін оның өзі – мемлекет басшысы және ел үкіметі қабылдаған.


Маусымның 5-і күні Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) "Бішкек қаласындағы ЖЭС-ті жаңғырту" жобасын іске асыру кезінде коррупциялық қылмыс жасады деген айыппен Сапар Исаковты қамауға алған болатын. Дәл сол күні "коррупция" бабымен, бірақ ЖЭС жаңғырту жобасы аясында бөлінген грантты заңсыз пайдаланды деген айыппен Кубанычбек Кулматов та тұтқындалған.

Маусымның 6-сы күні МҰҚК Бішкек ЖЭС-ін жаңғырту жұмыстары кезінде коррупциялық қылмыс жасады деген айыппен парламент депутаты әрі бұрынғы энергетика министрі Осмонбек Артықбаевты ұстаған.

Сәуірде "Электр станциялары" компаниясының бұрынғы бас директоры Салайдин Авазов ЖЭС-тегі апат фактісі бойынша ұсталған.

ӨЗАРА ТАРТЫС ПЕН "НАЗАРБАЕВТЫҢ МҮДДЕСІ" МЕ?

Аталған саясаткерлерді ұстауды Қырғызстанда қазіргі және бұрынғы президенттер Сооронбай Жээнбеков пен Алмазбек Атамбаев арасындағы тірестің зардаптары ретінде де бағалап жатыр. Қылмыс жасады деген күдіктілер тізіміне экс-президенттің бұрынғы кадрлары – Бішкек мэрі Албек Ибраимов пен парламент депутаты Асқарбек Шадиев те іліккен. Саясаттанушы Эмил Каниметов бұл қамаулардың саяси астары бары анық деп санайды.

Қырғыз саясаттанушысы Эмил Каниметов.
Қырғыз саясаттанушысы Эмил Каниметов.

- Бұл – қазіргі президенттің билігін нығайту, экс-президенттің командасынан құтылу, өз іргетасын қалыптастыруды көздейтін әрекеттер. Мұның ішкі ғана емес, сыртқы саясатпен де байланысы бар деуге болады. Бұған қоса, бұл Атамбаев сынаған Назарбаевтың (Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев - Азаттық.) Қырғызстанның экс-президентінің позицияларын әлсіретуді көздеген мүдделерімен де байланысты болуы керек. Бұған қоса, мұны фактілерге негізделіп қозғалған әрі қазіргі жағдайда Жээнбековтің билігін нығайтуға ұласатын қылмыстық істер ретінде де бағалауға болады. Ал егер оларды жымқырылған ақшаны бюджетке қайтару мақсатымен емес, саяси мақсаттармен қамаса, бұл президент үшін ұтымды жол емес.

Бірақ қоғамның өзге бөлігі бұрынғы шенеуніктерді қамау мен қылмыстық істерді коррупциямен күрес ретінде бағалайды. Парламеттің экс-спикері Мукар Чолпонбаевтың пікірінше, бұл – саяси тартыс және саяси астармен қудалау емес.

Қырғыз парламентінің экс-спикері Мукар Чолпонбаев.
Қырғыз парламентінің экс-спикері Мукар Чолпонбаев.

​- Қылмыс жасаған адам міндетті түрде түрмеде отыруы тиіс. Бұл – ешкім жоққа шығара алмайтын аксиома. Сооронбай Жээнбеков "туыстық жақындығына да, достығымызға да қарамастан коррупциямен күресемін" деп уәде еткен. Қазір сол уәдесін орындап жатыр, біз мұны қолдаймыз. Егер ол күресті жалғастырып, елді ұры-қарылардан тазартса, оны да қолдауға тиіспіз. Егер ол Атамбаевпен тағы тіл табысса, онда қарсы шығамыз.

Оқи отырыңыз: Атамбаев билік партиясы басшылығына оралды

ӨЗГЕ КҮДІКТІЛЕРДІ ҚАШАН ҰСТАЙДЫ?

Бішкек ЖЭС-дағы апат себептерін және оны жаңғыртуға арналған несие ақшаны тиімді пайдалануды тексеру үшін құрылған депутаттар комиссиясы өз ұйғарымында Қытайдан несие алуға құжаттарға қол қойған басшылардың әрекетіне құқықтық тұрғыдан баға беруді ұсынған. Олардың ішінде үкімет басшылары мен министрлер – жиыны 30 адам бар.

Тізімде Сапар Исаков пен Осмонбек Артықбаевтан бөлек, экс-премьер-министрлер Жанторо Сатыбалдиев пен Жоомарт Оторбаев, бұрынғы қаржы министрі Ольга Лаврова, қаржы министрінің бұрынғы орынбасары Мирлан Байгончоков, бұрынғы әділет министрі Алмамбет Шыкмаматов, бұрынғы экономика министрі Темир Сариев, экономика министрінің бұрынғы орынбасары Санжар Муканбетов, сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаев бар. Бұған қоса, тізімде Ұлттық энергетика холдингі мен "Электр станциялары" компаниясы басшылары да аталған.

Бұл шенеуніктердің ішінен қазірге дейін Ұлттық энергетика холдингінің экс-басшысы Айбек Қалиев, Жалал-Абадтың экс-мэрі Салайдин Авазов, "Электр станциялары" компаниясы басшысы және оның орынбасарлары ұсталған. Олардың бәрі МҰҚК-нің тергеу абақтысында қамауда отыр.

Бұған қарамастан, "несиеге алынған ақшаны дұрыс пайдаланбады деп айыпталатындар, шын мәнінде, жауапқа тартылған жоқ" деп мәлімдейтіндер бар. Олар "Егер коррупцияға қарсы күрес шынымен жүріп жатса, өзге салаларда неге мұндай қамаулар жоқ?" деп сұрайды.

Қырғызстандық азаматтық белсенді Бурул Усманалиева.
Қырғызстандық азаматтық белсенді Бурул Усманалиева.

- Қазір саяси қудалау жүріп жатыр ма әлде шынымен коррупцияға қарсы күрес жүріп жатыр ма – түсіне алмай отырмыз. Бір жағынан, қылмыстық істер қозғалып, қамауға алып жатқаны биліктің табандылығынан үміттендіреді. Бірақ ары қарай не болмақ? Кінәлілер жазаға тартыла ма? Халық осының жауабын күтіп отыр. Егер қылмысқа қатысы барларды, олардың артында тұрған адамдарды соттамаса, президент халық сенімінен айырылып қалуы мүмкін. Мысалы, ЖЭС жаңғырту жобасына экс-президент Алмазбек Атамбаев жетекшілік етті ғой, ал оған шара қолдана ала ма? Халық Икрам Илмияновтің "жүргізушісі" атап кеткен Райым Матраимовты жауапқа тарта ала ма? Егер тарта алса, онда президент Жээнбеков өзінің коррупционер серіктерін түрмеге отырғызған Сингапур премьер-министрі Ли Куан Ю сияқты реформатор ретінде тарихта қалады. Ал өйтпесе, президент халық сенімінен айырылады, - дейді қырғызстандық азаматтық белсенді Бурул Усманалиева.

2018 жылы қаңтарда Бішкек ЖЭС-інде апат болып, қала тұрғындары қақаған аязда бір аптадай жылусыз қалған болатын. Төтенше жағдай Қытайдан алынған 386 миллион доллар несиеге ЖЭС-ке жаңғырту жұмыстарын жүргізгеннен соң алты айдан кейін болған. Жаңғырту жұмыстары кезіндегі сыбайлас жемқорлық фактісі мен апат фактісі бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалған.

Бұған қоса, Бішкектегі тарихи мұражайды жөндеуге, Шолпан-Атадағы ипподром құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру күдігімен және Бішкектегі жер телімдерін заңсыз бөлу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG