16 тамызға қараған түні Мәскеудің оңтүстігіндегі бірнеше ірі логистика нысанына дрондар шабуылдап, зақымдады. Олардың арасында Wildberries компаниясының Подольскідегі қоймасы да бар.
Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің мәліметінше, Рамен ауданындағы жеке үйге дрон түсіп, бір адам кісі қаза тауып, алты адам жараланған.
Губернатор Подольскідегі "Коледино" индустриялық паркінде орналасқан Wildberries қоймасы өртенгенін растады. Нысандағы барлық қызметкер дер кезінде эвакуацияланған, адамдар зардап шеккен жоқ деді губернатор.
"Коледино" – Wildberries маркетплейсінің Ресейдегі ең ірі логистика кешендерінің бірі. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде қойма аумағының ауқымды бөлігі өртеніп жатқаны көрінетін видеолар тарады. Онда өртті сөндіру жұмысына тікұшақтар тартылғаны көрінеді.
Бұдан бөлек, Домодедовода дәрі-дәрмек сақталатын қоймада да өрт шыққаны туралы хабар тарады. Сарапшылар бұл нысан "Северное Домодедово" логистика орталығындағы қойма болуы мүмкін деп болжайды.
Ресей әскері жексенбіге қараған түні болған шабуыл кезінде 822 дрон жойылды деп хабарлады. Алайда ресми мәлімдемеде шабуылға жалпы неше дрон қолданылып, қаншасы нысанаға жеткені нақтыланбаған.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин қала өңіріндегі әуе кеңістігінде 200-ден астам дрон атып түсірілген деп мәлімдеді.
Украина тарапы әзірге Мәскеу облысындағы бұл шабуылдарға байланысты ресми түсініктеме берген жоқ.