Accessibility links

Қара теңіздегі қарулану жарысының соңы не болады?


«Адмирал Григорович» әскери кемесі
«Адмирал Григорович» әскери кемесі

Қара теңізде әскери операциялардың жиілей бастауын сарапшылар әрқилы жориды. Кейбір мамандар теңіздің әскери тайталас ошағына айналып бара жатқанын айтады.

Ресей Қара теңіз флотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, флотилияның "Адмирал Григорович" фрегаты Қара теңіз акваториясында алғаш рет "Калибр" зымыранын атқан. Сынақ кезінде шартты қарсыластың "кемесі" 80 километрдей қашықтықта тұрған.

Бұдан бөлек, "Адмирал Макаров" фрегаты Балтық теңізінен Қара теңізге - Севастопольдегі тұрақты базасына қарай бет алған. Кеме "Калибр-НК" және "Штиль" қанатты зымырандарымен жарақтанған.

Ал Одесса облысында Украина құрастырып шығарған "Нептун" қанатты зымыранының тағы бір сынақ кезеңі өтті. Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысы Александр Турчиновтың сөзінше, бұл - "теңіз бен жердегі кез-келген нысананы жойып жіберуге қауқары жететін зымыран".

Сәл ертерек - 12 тамызда АҚШ-тың USS Carney эскадралық мина тасығыш кемесі Қара теңіз акваториясына кірген болатын. Әскерилердің сөзінше, кеме "қорғаныс сипатындағы операциялар" жүргізу және аймақтағы одақтастарымен әрекеттестік мүмкіндіктерін жетілдіру мақсатымен кірген.

Ресейлік әскери шолушы Александр Гольц Украинаның жаңа зымыраны Қара теңіз флоты үшін қаншалықты қауіпті екенін бағалаудан әзірше, тартынып отыр.

Қырым аннексиясы мен Ресейдің Украинаға қатысты әрекеті кесірінен қазір Қара теңіз әскери тайталас ошағына айналып барады
Александр Гольц

– Бәрі кез-келген қарудың қандай жағдайда қолданылғанына байланысты болады ғой. Біз украиналық зымыранның тактикалық және техникалық сипаттамасын білмейміз. Ең маңыздысы, әр кеменің аса маңызды қорғаныс элементі саналатын радиоэлектронды күрес құралдары тосқауылын айналып өтуге қауқарлы ма, жоқ па - әзірше, оны да білмейміз. Бұған қоса, біз Ресей кемелеріне әуе шабуылынан қорғанатын қандай құралдар орнатылғанын да онша жақсы білмейміз. Меніңше, "Қырымдағы нысаналарды атып түсіруге қауқарымыз жетеді" деген әңгімелер жиреніш тудырады. "Жақсы даудан жаман бітім артық" емес пе?! Ал Украина басшыларының "жайратамыз, жоямыз" деген сарындағы толассыз мәлімдемелері Украина халқын желіктіріп, жеңіске тез жетуге, проблеманы әскери жолмен шешуге болады деп бос үміттендіріп отыр. Мұның аяғы жақсылыққа апармайды. Қырым аннексиясы мен Ресейдің Украинаға қатысты әрекеті кесірінен қазір Қара теңіз әскери тайталас ошағына айналып барады, - дейді ол.

Александр Гольц
Александр Гольц

Александр Гольцтің сөзінше, Ресей кемесінің "Калибр" зымыранын атуы америкалық әскери кеменің Қара теңізге кіруіне символикалық жауап болуы мүмкін. Бірақ ресейлік әскери шолушы бұдан НАТО кемелеріне төнетін тікелей қатер жоқ деп санайды.

Defense Express ақпарат және консалтинг компаниясының директоры Сергей Згурец ресейлік "Калибр" зымыраны сынағын Украина да, Солтүстік Атлант альянсы да жіті бақылағаны жөн деп санайды.

"Нептун" зымыранын құрастыру Украина үшін маңызды қадамдардың бірі
Сергей Згурец

- Бірақ Украина армиясының қолындағы әуе шабуылына қарсы С-300 кешендері де, "Бук" қондырғылары да қанатты зымырандарды тойтаруға қабілетті - олар сол үшін құрастырылған ғой. Ресейдің де, өзге елдердің де ең жаңа қару-жарақ үлгілеріне тойтарыс беруге болады. "Нептун" зымыранын құрастыру Украина үшін маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан мұны Украина басшылығының қолдағаны өте құптарлық нәрсе. Кезінде "Луч" конструкторлық бюросы зымыран құрастыруды президент Виктор Ющенкоға да, кейін Виктор Януковичке де ұсынған болатын, бірақ екеуі де мойын бұрмай қойған. Сәтін салса, яғни оқыс бірдеңе болып қалмаса, келер жылдың алғашқы алты айында "Нептун" зымыраны сынағын мемлекеттік деңгейде өткіземіз. Ол кезде оның параметрлері жеке зымыран ретінде емес, жағадан да, әуеден де, теңізден де қолдануға болатын тұтас кешен ретінде сынақтан өтетін болады.

Сергей Згурец
Сергей Згурец

Сергей Згурецтің топшылауынша, Украинаның "Нептун" зымыранымен Ресейдің Қара теңіз флотының аннексияланған Қырымда орналасқан нысаналарына да соққы беруге болады.

Зымыран компонентінің болуы - Ресейдің тынышын кетіретін жақсы вариант
Сергей Згурец

– Бұл – елдің соғысқа қабілеттігі мәселесін ассиметриялық қимылдар есебінен шешу үшін жасалған қадам. Үлкен кемелер жасап үлгермей жатырмыз. Ал жағадан да, шағын қайықтан да, жойғыш ұшақтан да қолдануға болатын зымыран компонентінің болуы - Ресейдің тынышын кетіретін жақсы вариант. Бір жағынан, өзімізді "Нептун" зымыраны сияқты қуатты құралдармен қамтамасыз етеміз - бізде олар әзірше, аз ғой.

Украиналық саясаттанушы, әлемдік саясат институтының сарапшысы Николай Белесков "АҚШ пен оның одақтастары ақыры Қара теңізге назар аударды" деп олардың әрекеттерін құптайды.

Жұрттың бәрі ең үлкен қатер НАТО-ның солтүстік-шығыс шебіне, Балтық елдері мен Польшаға төніп тұрғанын айтып жүр, ал шын мәнінде, милитаризация Қара теңізде көбірек байқалады
Николай Белесков

– 2018 жылы НАТО кемелерінің Қара теңізде тұру мерзімін жылына 80 күннен 120 күнге дейін ұлғайту жоспары бар. Альянс бұл жоспарын негізінен, оның ішінде, АҚШ есебінен орындап отыр. Мен қорғанысты жоспарлаудағы парадоксты НАТО осылайша өтеп отыр деп айтар едім. Өйткені жұрттың бәрі ең үлкен қатер НАТО-ның солтүстік-шығыс шебіне, Балтық елдері мен Польшаға төніп тұрғанын айтып жүр, ал шын мәнінде, милитаризация Қара теңізде көбірек байқалады. Қазір НАТО Қара теңізге барынша назар аударып, нақты қатер мен іс-қимылы арасындағы алшақтықты Монтре конвенциясы мүмкіндік беретін шекте өтеуге тырысып отыр. Ал Ресей болса, Солтүстік альянс бұл аймақтан Мәскеуге қатер төндіре алмауы үшін Қырымға күш шоғырландыруға тырысып отыр. Сондықтан Украина да қорғаныс қабілетін жетілдіріп жатыр.

Николай Белесков
Николай Белесков

("Крым.Реалии" сайтының тілшісі Александр Голубовтың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG