Accessibility links

МН17 апаты есебі: кей сауалға жауап жоқ


​Нидерланд қауіпсіздік кеңесінің малайзиялық Boeing апатына қатысты есебінен алынған сурет.
​Нидерланд қауіпсіздік кеңесінің малайзиялық Boeing апатына қатысты есебінен алынған сурет.

Қазанның 13-і күні Нидерланд мамандары Malaysia Airlines компаниясына тиесілі Boeing ұшағының 2014 жылы шілдеде Украинаның шығысында апатқа ұшырау себебіне қатысты түпкілікті ресми есебін жариялады.

Нидерланд қауіпсіздік кеңесі Украинаның шығысында атып түсірілген малайзиялық Boeing апатына қатысты 15 айға созылған тексеру нәтижелері бойынша түпкілікті есебін жариялады.

Ресми есепте жаңа деректер келтірілгенімен, 2014 жылдың шілдесінде 298 адамның өмірін қиған трагедияға қатысты жайттар толық ашылмаған.

Белгілісі:

● Ұшаққа БУК зенит-зымыран қондырғысынан атылған 9М38 сериялы зымыранның 9Н314М (9N314M) оқтұмсығы тиген.

● Қондырғы Украинаның шығысындағы 320 шаршы километр аумақты қамтитын ауданда орналасқан. Есеп авторларының мәлімдеуінше, ұшаққа метеорит немесе әуеден атылған зымыран тимеген және бортта жарылыс болмаған.

● Снаряд ұшаққа бір метрдей жетпей, яғни ұшқыштар кабинасынан бір текше метрдей сол және жоғарғы жақ тұсынан жарылған. Кабинадағы үш экипаж мүшесі жарықшақ элементтері тиіп қаза тапқан, ұшақ әуеде күл-талқаны шыққан.

● Ұшақ сынықтары 50 шаршы километр аумаққа шашылған.

Қауіпсіздік кеңесі тексеруді кінәлі жандарды анықтау мақсатында жүргізбегендіктен, түпкілікті есепте мынадай маңызды екі сұраққа нақты жауап жоқ:

1. Boeing ұшағын дәл қай тұстан атқан?

Нидерланд қауіпсіздік кеңесі басшысы Чиббе Яустраның (Tibbe Joustra) айтуынша, зымыран атылған нақты орынды анықтау үшін қосымша тексеру жүргізу қажет.

Жүргізілген есептеулер мен өлшеулерге сәйкес, зымыран Украинаның шығыс жағындағы 320 шаршы километр аумақты қамтитын территориядан атылған:

Украина тарабының дерегінше, ұшақ апатқа ұшыраған күні шайқас аймағы картасы мынадай болған (сепаратистер бақылауындағы территория штрихталған):

Мына карта мен негізгі елдімекендермен (түрлі-түсті бояумен бөлінген) қиюластырғанда мынадай қорытынды шығады:

2. Boeing-ті кім атқан?

Яустраның сөзінде де, ресми есепте де ұшақты апатқа ұшыратқан зымыранды кім атқаны хабарланбайды. Тіпті зымыран кімнің территориясынан атылғанын көрсететін тікелей ақпарат жоқ.

***

Есеп жарияланғаннан кейін Малайзия премьер-министрі «енді біз ұшақты сепаратистер бақылауында болған территориядан және Ресейде жасалған БУК зымыранымен атып түсіргенін білеміз» деп мәлімдеді:

ТАСС агенттігі Ресей сыртқы істер министрі орынбасары Сергей Рядковтың есепті «біржақты қорытынды жасап, саяси тапсырысты орындауға тырысу» деп атаған сөзін келтірген.

***

БУК қондырғысын шығаратын әрі Батыс елдері санкциясына іліккен «Алмаз-Антей» концерні Нидерланд есебін жариялардан бірер сағат бұрын баспасөз жиынын өткізіп, апатқа қатысты өз болжамын мәлімдеді.

Концерн мамандарының мәлімдеуінше, апат болған сәтте зымыран Украина әскері бақылауында болған Зарощенское елдімекені маңынан атылған.

Украина тарапы зымыран ресейшіл сепаратистер бақылауында болған территориядан - Снежное қаласы түбінен атылған деп есептейді. Жария дерек көздер бойынша өз тексеруін жүргізген Bellingcat тобы сарапшылары да осындай қорытындыға келген.

Олардың дерегінше, Boeing ұшағын Ресейдің әуе шабуылынан қорғайтын 53-бригадасының (Курск) Ресейден жеткізілген БУК қондырғысынан атып түсірген.

***

2014 жылы шілденің 17-сі күні жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 16:20-да Украинаның Донецк облысының шығысында Malaysia Airlines компаниясының Амстердам - Куала-Лумпур, МН17 рейсі бойынша ұшып бара жатқан Boeing 777-200ER жолаушылар ұшағы күйреп, борттағы 298 адамның бәрі мерт болған.

"Настоящее Время" бағдарламасының материалы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG