Accessibility links

"Ұлымызды өлтірді"


Артем Пахотиннің қабірі
Артем Пахотиннің қабірі

Жаттығу орталығында көз жұмған солдат Артем Пахотиннің ата-анасы "Артем өз-өзіне қол жұмсады" дегенге сенбейді. Олар ұлдарының қазасын өз бетінше зерттеп көрген.

Азаттықтың "Сибирь.Реалии" жобасы Ресейдің Свердлов облысы Еланский оқу орталығының атыс алаңында басына екі жерден оқ тиген күйінде табылған солдаттың қазасы туралы баяндайды.​

Тергеу дерегінше, қатардағы сарбаз Артем Пахотин өзіне Калашников автоматынан оқ атқан. Оқиғаға байланысты "өзіне-өзі қол жұмсауға мәжбүрлеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Алайда Артемнің ата-анасы ұлының өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Бес ай бойы солдаттың опат болған уақытын, басқа жағдайларын да дәл анықтай алмаған тергеушілер "ақиқатты ашу үшін барын салды" дегенге де сенбейді. Солдаттың ата-анасының қосымша сараптама жасау туралы өтініші де аяқсыз қалған.

- Соншалықты мүмкін емес бір нәрсені өтініп тұрған жоқпын. Бізге тек шындық керек: баламның қаза тапқан дәл уақыты, жағдайы мен себебі керек. Бір істе осыншама көп қате болуы мүмкін емес. Тергеуші де, патологоанатом да қателескен... Бәрі шатасып кеткен сияқты... Біз өтемақы алып, тынышталатын шығар деп отыр ма? Маған ақша керек емес, ұлымның орнын ештеңе де толтыра алмайды. Не болғанын анықтағандары керек, - дейді Артемнің анасы Рано Пахотина.

Тергеушілерден күдер үзген Артемнің ата-анасы өз бетімен зерттеу жүргізе бастаған. Олар ұзақ уақыт құқық қорғау мекемесінде істеген, қазір зейнеткер құқық қорғаушы Вячеслав Кушнировке көмектесуге өтініш білдірген.

- Құжаттарды қарадым, сот-медициналық сараптама қорытындысын оқыдым, содан соң көп сауал туындады. Ата-анасы сәуірдің 19-ы күні алған хабарламада "Артем қаруды абайсыз қолданып" қаза тапты делінген. Сәуірдің 20-сы күні деп белгіленген медициналық куәландыруда "өзіне-өзі қол жұмсады" деп жазылған. Ал шілденің 30-ы күнгі медициналық куәландыруда "өлім себебі белгісіз" деп тұр. Қалайша бұлай болуы мүмкін? - дейді Кушниров.

Құқық қорғаушымен бірге Артемнің әке-шешесі Сібір сараптамалық-құқықтық орталық директоры, КрасГМУ сот медицина кафедрасының жетекшісі, профессор Владимир Чикунге хабарласты. Ол іс материалын зерттей келе, құқық қорғаушының болжамын растады.

Артем Пахотин. Желтоқсан айы, 2017 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған
Артем Пахотин. Желтоқсан айы, 2017 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған

Профессор Чикун Артемнің оқтаулы автоматтан өлгенін растайтын белгілерді таппаған. Оның пікірінше, оқ жеке-жеке атылған. Ал өзін-өзі өлтірген адам қалайша өз басын екі рет атады? Қаруда Артемнің саусақ таңбасы жоқ. Қарудың қақпағында оның қолының таңбасы бар-жоғы тексерілмеген

Оқ та табылмады, демек ажал оғы Артемнің автоматынан шықты дегенді растау қиын. Ресми сараптама қорытындысы бойынша, оқты ешкім іздемеген. Ең бастысы, өлім уақыты дәл анықталмаған. Енді оны тек жағдайды сипаттайтын сараптама арқылы – әскери бөлімдегі барлық солдатты тергеу арқылы анықтауға болады.

Шілденің 9-ы күні Владимир Чикунның қорытындысы Свердлов облысындағы тергеушілерге жіберілді, бірақ одан еш жауап келмеді.

Артемнің ата-анасы ұлдары қызмет еткен бөлімнен денсаулығы бойынша жарамсыз болып кеткен Артемнің жолдасын тапты. Евгений Земсков бөлімде алым-салықтың етек жайғанын айтады. Артемнің әкесімен сөйлескен Земсков сержанттардың әр жаңа солдаттан ай сайын 3000 рубль жинағанын айтады. Жоғары басшылыққа шағымданудан еш пайда болмаған.

Командирлер бізге "жарғы бойынша борышты өтеу мүмкін емес, түсінік бойынша өтейсіңдер" деді

- Командирлер бізге "жарғы бойынша борышты өтеу мүмкін емес, түсінік бойынша өтейсіңдер" деді. Борышты өтеу кезінде шиеленісті жағдайлар болды. Шипажай емес қой. Бірақ оның бәрін шешуге болатын. Кейбір сержанттармен қарым-қатынасымыз нашар болды, бірақ солдаттардың бәрімен араласуға болатын, әркімнің моралдық құндылығы әртүрлі. Артем өте ақжарқын адам еді. Онымен достасып кеттік. Өзіне-өзі қол салғанына сене алмаймын. Олай болуы мүмкін емес. Әскерге ол үшін барған жоқ. Әлі күнге дейін моласына бармағанымды уайымдаймын, - дейді Евгений Земсков.

"БІЗГЕ ШЫНДЫҚ КЕРЕК"

Тергеу бірден "өзіне-өзі қол жұмсауға мәжбүрлеу" деген жалғыз нұсқаны басшылыққа алды. Свердлов облысының әскери прокуратура қызметкерлері Пахотиндер отбасына туралы дерек жинауға көп уақыт жұмсады. Шамасы, жағымсыз жайттарды қазбалағысы келсе керек.

Тергеушілердің Большемурт ауданы полициясына жіберген сұрақтары: "Бұл отбасының әл-ауқаты қандай? Отбасы мүшелері арасында әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылғандар бар ма?" деген сауалдардан құралған. Артемнің ата-анасының жұмыс орнынан мінездеме сұралған.

Артем Пахотин анасымен бірге. Жеке мұрағаттан алынған
Артем Пахотин анасымен бірге. Жеке мұрағаттан алынған

Атыс аймағында жауынгерге байқаусызда оқ тию немесе қарумен әдейі ату сияқты нұсқалар қарастырылмаған. Кушнировтың пікірінше, "істі барынша тез жабу үшін" солай істеп жатыр. Рано мен Евгений Пахотиндер талап еткен қайта сараптама БАҚ-та шу туған соң ғана тағайындалған.

- Тергеушіге көңіліміз толмайтынын айтып, өтініш бердік, оған сенбейміз. Бізге бұл әрекетіміздің "орынсыз" екенін айтты. Ресми түрде тергеу жүріп жатыр, бірақ 6 айдан соң істі жауып тастайды, ал шындық ашылмай қалады деп алаңдаймыз, - дейді Вячеслав Кушниров.

АНАЛАРҒА АШЫҚ ХАТ

"ВКонтакте" желісіндегі парақшасында Артемнің анасы ұлдарын әскерге жіберетін барлық аналарға арнап ашық хат жазды:

Басшылыққа бәрі сол қалпында қалып, әскерге алынғандар яғни, балаларымыздың ажал құшқаны тиімді сияқты

"2017 жылы қазанның 1-і күні әскери қызметке кезекті шақырту басталды. Ұлымыз Пахотин Артем 2018 жылдың желтосанында үйге оралуы керек еді, бірақ олай болмады. 2018 жылы сәуірдің 19-ы күні оны Еландағы әскери оқу бөлімінде жансыз жатқан жерінен тапқан, қарудан алған жаралары бар екен.

Осы кезге дейін оның опат болуына қатысты қылмыстық іс аяқталмады. Тергеу бөлімде болған жағдайды зерттейді, бірақ "қай уақытта өлді және оқ қандай қашықтықтан атылды" деген қарапайым сұраққа ешкім жауап бере алмады.

Артем "өзіне қол жұмсады" деген далбаса болжамды құжатпен растаған жоқ, автоматта оның саусақ таңбасы жоқ, ал атыс орнынан оқты іздеу орынсыз екен. Тергеушіні істен шеттету туралы талабымыз қабылданбады.

Оның орнына қазір тергеуші іссапарға шығып, ұлымызмен бірге борышын өтегендерді тергеп, өз нұсқасының дұрыстығын дәлелдемек. Орталық әскери округтің әскери прокуратура басшылығы қорғаныс позициясына көшті, "өзіне-өзі қол жұмсауға мәжбүрлеу" деген бір нұсқаны ғана ұстанып отыр. Тәуелсіз сот-медициналық сарапшы мен танымал профессордың пікірі есепке алынбады. Басшылыққа бәрі сол қалпында қалып, әскерге алынғандар яғни, балаларымыздың ажал құшқаны тиімді сияқты" деп жазды Артемнің анасы.

(Азаттықтың "Сибирь.Реалии" сайтының мақаласы​)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG