Accessibility links

Пашинян: Армения Еуроодақ пен ЕАЭО-ның бірін таңдау жайлы референдум өткізбейді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (оң жақта) пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян (ортада). Шолпан-Ата, Қырғызстан, 7 тамыз, 2026 жыл.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (оң жақта) пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян (ортада). Шолпан-Ата, Қырғызстан, 7 тамыз, 2026 жыл.

Армения Еуропа одағына қосылуға әзірге дайын емес және Еуроодақ пен Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) қатар мүше болудың мүмкін еместігін түсінеді. Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қырғызстанның Шолан-Ата қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында осылай деп мәлімдеді.

Пашинян сөзінде ЕАЭО-ға мүше төрт елдің басшылары 2026 жылғы 29 мамырда қабылдаған, Арменияда Еуроодаққа мүше болу мәселесі жөнінде референдум өткізуді қолдайтын мәлімдемені Ереван назарға алғанын айтты. Алайда Армения әзірге ондай референдум өткізбейді деді ол.

Армения парламенті 2025 жылы елдің Еуроодаққа қосылу процесін бастау туралы заң қабылдаған. Пашинянның сөзінше, ол заңның стратегиялық мақсаты – елдің сыртқы саяси бағытына балама қалыптастыру. Ол Армения Еуроодаққа мүшелік рәсімінің бастапқы кезеңдерінен әлі өтпегенін және Брюссельден келіссөздерді бастау туралы ресми шақырту алмағанын айтты.

"Біз Еуроодақ пен ЕАЭО-ға қатар мүше болу мүмкін емес екенін түсінеміз. Алайда аталған заңның қабылдануы Арменияның қазірден Еуроодаққа мүше болуға мүмкіндігі бар дегенді білдірмейді", – деді Пашинян.

Бұл жерде биыл мамырдың аяғында Астанада өткен ЕАЭО саммитінде Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан басшылары Арменияда жалпыұлттық референдум өткізіп, ел азаматтарына Еуроодаққа қосылу немесе ЕАЭО құрамында қалу жөнінде таңдау жасауды ұсынған мәлімдемесін меңзеп отыр. Пашинянның пікірінше, қазір азаматтарға әлі бастапқы рәсімі де басталмаған мәселе бойынша таңдау жасауды ұсынатын ондай референдум өткізу мағынасыз болмақ.

Астанадағы мәлімдеме: "Армения референдум өткізуі керек" Астанадағы мәлімдеме: "Армения референдум өткізуі керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Армения Еуроодаққа жақындау бағытына 2025 жылдан бастап бет бұра бастаған. Сол жылғы 26 наурызда ел парламенті Еуроодаққа қосылу процесін бастау туралы заң қабылдаған.

Сөйте тұра Пашинян бұған дейін Ереван Еуразия экономика одағынан шығуды жоспарлап отырған жоқ, ұйым мүшесі бола отырып, Еуроодақпен қарым-қатынасты мүмкіндігінше дамыта бермек ниетте деп мәлімдеген.

Ресей президенті Владимир Путин Арменияның Еуроодаққа толық кірігуі бұл елдің ЕАЭО-ға мүшелігі мен соның арқасында пайдаланып келген экономикалық артықшылықтары доғарылатынын білдіреді деп айтқан еді.

Ереван Еуроодаққа жақындауға бағыт ұстанғаннан кейін Ресей Арменияға қысымды күшейткен. Мәскеу Армениямен сауда-саттық саласында бірқатар шектеулер енгізіп, экономикалық ынтымақтастық шарттарын қайта қарастыра бастады.

Айдар
XS
SM
MD
LG