Accessibility links

"Өкіметке керексіз, кедей жандармыз". Жайма базардағы зейнеткерлер


Зат сатып отырған зейнеткерлер. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.

Қартайғанда көше бойында сауда жасауға мәжбүр болған зейнеткерлер өздерін "елге керексіз" қалғандай сезінеді. Кей сарапшы зейнетақыны есептегенде инфляция дұрыс ескерілмейтінін айтса, тағы бір сарапшы "күнкөріс минимумының стандарты африкалық стандартпен" жасалғанын еске алады.

КӨШЕДЕГІ САУДА

Алматыдағы Абай мен Алтынсарин көшелері қиылысының төменгі жағында әр сенбі-жексенбіде адам әдеттегіден көбейе түседі. Екі көшенің қиылысынан бастап үш жүз метрдей жердегі "Сарыарқа" базарына дейінгі жаяу жол түске дейін жайма базарға айналып үлгереді.

Көше бойындағы сатушылардың көбі – қарт адамдар. Олар ескі киім-кешек пен мұқабасы тозған кітаптарын, ойыншықтар мен тұрмыс заттарын жердегі төсенішке жайып қойып, шүйіркелесіп отырады. Қызу сауда байқалмайды. Бірлі-жарым жастау сатушы өткен-кеткенді тауарын көруге шақырады, қартаң кісілер әлдекім затын сұрағанда ғана жанына барады.

Жол шетінде шөпке төселген пакеттердің бірінде ескі күртеше, балалар аяқ киімі мен төрт шанышқы жатыр.

– Бұл заттар өзімдікі, немерем мен қызымдікі, – деді әжей.

82 жастағы Разия Галиева Аягөзде туып, 1957 жылы Алматыға көшіп келген. Зейнеткерлікке шыққанша тоқыма фабрикасында тігінші болып істеген. Екі жылдан бері көшеде түрлі зат сатып жүргенін айтқан ол "сауда жүрмейді" дейді.

Зейнеткер Разия Галиева сатып тұрған заттар. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.
Зейнеткер Разия Галиева сатып тұрған заттар. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.

– "Малая станицада" зейнеткерлерге орын тегін берілетін базар бар еді. Оны тоқтатты. Ал бұл жерде сенбі күні сауда жасатпайды. Полиция қуады. Бұрын затымыз жақсы өтетін. Заттарым кейде – 100 теңгеге, кейде 50 теңгеге сатылады, – дейді.

Екі ұлы бар қызының қолында тұратын әжей 70 мың теңге зейнетақы алатынын айтады. Разия Галиева "тапқан ақшама азық-түлік аламын" дейді.

– Қызым "Мама, шықпа" дейді. Неге шықпаймын? Ақша жетпейді. Сүт аламын, нан аламын. Май мен қант қайда арзан – сол жерден аламын. Өте қымбат бәрі. Ет 1500 теңге болатын, қазір 2300 теңге тұрады. Ет алмаймыз мүлдем, кейде тауық аламыз. Қызымның жалақысы – 80 мың теңге, – дейді әжей.

ЖАНБАҒЫС

Сатушылардың көбі Азаттық тілшісімен ашылып сөйлесуге ықылас танытпады. Мектеп мұғалімімін деген орта жастан асқан әйел "ескі кітаптар қоқысқа кетпесін деп жай отырмын" деп қашқақтай сөйледі. Оның "жай отырмыз" дегеніне әйелдердің бірі шамданып қалды.

Алтынсарин көшесінің бойындағы сатушылар. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.
Алтынсарин көшесінің бойындағы сатушылар. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.

– Жетіскеннен отырған жоқпыз. Алатынымыз – 50-60 мың теңге. Мұндай ақшаға аштан қатасың. Біз – бақытсыз, кедей жандармыз, – деді ол.

Ескі күртеше мен ойыншық сатып тұрған егде әйел аты-жөнін айтудан бас тартты. Өмір бойы балабақшада жұмыс істеген, қазір 60 мың теңге зейнетақы алатын зейнеткер екен. Ол зейнетақыма ең болмаса 10 мың теңге қосылса деп армандайды.

– Алпыс алтыдамын. Денсаулығым сыр берді. Әйтеуір жанбағыспен жүрмін. Сенбі-жексенбі осында шығып, басқа күндері немере бағамын. Күнде шығатындар да бар. Жетіскеннен келіп тұр деймісің? – дейді ол.

Әйелдерден сәл әріде ірі денелі кісі ескі ойыншықтар мен аяқ киім, тұрмыс заттары мен темекінің ескі маркаларын сатып тұрды. "Алпысқа келіп қалған" Арыстан Вячеслав заң ғылымының кандидаты екенін айтады.

– Мемлекетіміз адамға шынайы қамқорлық көрсетпейді. Зейнетке шыққандар – керексіз адамдар сияқты. Адамдардың ертеңгі күнге сенімі азайды. Әркім өзінше жан бағып жүр, – дейді ол.

Ескі тұрмыстық заттарын сатып тұрған Арыстан Вячеслав. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.
Ескі тұрмыстық заттарын сатып тұрған Арыстан Вячеслав. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.

Азаттық тілшісі сөйлескендердің көбі зейнетақының аздығына, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қымбаттығына шағынып, билікті сынайды. "Сенбі күні көшеден қуып, ең болмаса сауда жасатпайтын" деп әкімдік пен полицияға ренжиді.

– Үкімет зейнетақыны күнкөріске жеткілікті етсе, мұнда бір сәт те тұрмаймыз, – дейді 63-тен асқанын айтқан әйел.

"ЕКІ ТҮРЛІ ИНФЛЯЦИЯ"

Алтынсарин көшесінің бойында сауда істеп тұрған бұл қариялар – Қазақстандағы 2 миллион 202 мыңнан аса зейнеткердің бір бөлігі. Олардың зейнетақысы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "зейнетақының орташа мөлшері" деп көрсеткен сомадан біршама аз. Министрліктің Азаттыққа берген жауабына қарағанда, Қазақстан зейнеткерлері орташа есеппен 85 650 теңге алады. "Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен шамамен 3 есе жоғары" деп жазады ведомство.

Қазақстанда мемлекет зейнетақыны екі деңгей бойынша біртіндеп көбейтеді. Алғашқысы – жұмыс істеген кездегі аударымына қарай берілетін ақы (билік оны "ынтымақты" деп атайды – ред.), екіншісі – барлық зейнеткерге төленетін базалық зейнетақы. Базалық зейнетақы күнкөріс минимумына тең, яғни 29 698 теңге.

Азаттық зейнеткер сатушылармен әңгімеден соң еңбек министрлігіне "Зейнетақы қалай өседі?" деп сауал жолдаған. Ведомство зейнетақы жыл сайын инфляция шамасына қарай артатынын айтады.

Алтынсарин көшесінің бойындағы сатушылар. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.
Алтынсарин көшесінің бойындағы сатушылар. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.

"Ынтымақты зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен (ақшаның құнсыздану шамасы – ред.) екі пайызға артық шамада есептеледі. Ал базалық зейнетақы мөлшері инфляция деңгейімен тең шамаға артады" деп жазады министрлік. Ресми дерек бойынша, 2019 жылдың басынан ынтымақты зейнетақы мөлшері – 7 пайызға, базалық зейнетақы 5 пайызға өскен.

Азаттық сөйлескен сарапшылардың ешбірі "зейнеткерлердің алатыны күнкөріске жетеді" дегенге сенбейді. Экономист Мақсат Халық "дүкендерге кіре қалсаң арзан тауар іздеп жүрген зейнеткерлерді көресің" дейді.

– Бұл – зейнетақының аз екенін көрсетеді. Әсіресе, дәрі-дәрмек алуға тіптен қиналады. Дәріханалар алдында қапаланып тұрған зейнеткерлерді көп көресіз, – дейді экономист.

Ол зейнетақының "жеткілікті көбеймеуін" ресми инфляцияның "дұрыс есептелмеуінен" көреді.

– Инфляцияны есептегенде тұтыну себетіне кіретін 50 тауардың бағасы қалай өзгергенін ғана ескереді. Бірақ жұртқа басқа тауар керек қой. Ал оның бағасы шарықтап өсіп жатыр, – дейді сарапшы.

Алтынсарин көшесі бойындағы зейнеткерлердің бірі сатып тұрған заттар. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.
Алтынсарин көшесі бойындағы зейнеткерлердің бірі сатып тұрған заттар. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.

Инфляцияны есептеу әдісіне қарай ақшаның құнсыздану көрсеткіші де әртүрлі болатынын бұған дейін билік те айтқан.

Қазанның 21-інде экономист Олжас Төлеуов статистика комитетінің инфляция туралы деректері екі түрлі екенін жазды. Сарапшының Азаттыққа айтуынша, статистика комитеті баға басқармасының дерегінше, 2019 жылы қыркүйекте инфляция 5,3 пайыз болған. "Ал тап сол – статистика комитетінің басқа бір ведомствосы – еңбек пен өмір деңгейі басқармасының жазуынша, инфляция 6,4 пайызға жеткен. Бұл Ұлттық банк көздеген 4-6 пайыздық шама мен Қазақстандағы ресми статистика деңгейінен жоғары" дейді сарапшы.

Статистика комитеті қазанның 25-іне берген жауабында "Инфляцияны есептеген кезде ескерілетін тауарлар әртүрлі. Сондықтан көрсеткіштер басқаша" деген.

"АФРИКА СТАНДАРТЫ"

Бұрын Жоғарғы кеңес депутаты, үкімет мүшесі болған 71 жастағы экономист, саясаткер Петр Своик "басшылық қызметте жұмыс істеп, қалың еңбек кітапшасымен зейнетке шықсам да, алатыным 65 мыңнан сәл-ақ асады" дейді. "Басқа табыс көзі бар" екенін айтқан ол "зейнетақым өмір сүруге жетпейді" дейді.

– Зейнеткерлердің көбі күнкөріс минимумына шамалас зейнетақы алады. Ол жан бағуға қажет сомадан әлдеқайда аз, – дейді Своик.

Алтынсарин көшесі бойындағы зейнеткерлердің бірі сатып тұрған заттар. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.
Алтынсарин көшесі бойындағы зейнеткерлердің бірі сатып тұрған заттар. Алматы, 27 қазан 2019 жыл.

Қазақстанда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс минимумына, яғни 29 698 теңгеге тең. Ресми дерек бойынша, оны зейнеткерлердің 44 пайызы алады.

Зейнеткерлерге ең төменгі күнкөріс минимумының маңызы зор. 2015 жылы қабылданған "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" заңның 17-бабы бойынша, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі күнкөріс минимумымен есептеледі. Күнкөріс минимумы, сол заңның 18-бабына сәйкес, "ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс".

Своик "күнкөріс минимумы орташа өмір сүруге жетпейді, өйткені оны белгілеген стандарт дұрыс емес" деп санайды.

– Дариға Назарбаева мәжіліс депутаты кезінде тұтыну себетінің қалай жасалғанын айтып берген. Оның сөзінше, тұтыну себетін әзірлеу тапсырылған тамақтану институтының мамандары Қазақстанға Африка елдерінің нормасын мысал ретінде көрсеткен. Үкімет сол норманы алған да, бекіте салған, – дейді ол.

Петр Своиктің Назарбаева айтты дегенін алты жыл бұрын, 2013 жылы қаңтарда қазақстандық басылымдар хабарлаған. "Тамақтану институтының мамандары мысал ретінде көрсеткен норманы министрлік стандарт ретінде бекітіп жіберген. Содан бері барлық әлеуметтік төлемді осы күнкөріс минимумымен есептейді" дейді Назарбаева. Қазақстан экс-президентінің үлкен қызы, қазір сенат спикері Назарбаева сол кезде "күнкөріс минимумын белгілейтін стандарттарды міндетті түрде өзгерту керек" деген еді. Одан бері алты жыл өтсе де өзгерген жоқ.

Алматылық зейнеткер базарлап жүр. 11 желтоқсан 2018 жыл, Алматы.
Алматылық зейнеткер базарлап жүр. 11 желтоқсан 2018 жыл, Алматы.

Экономист Петр Своик елдегі әлеуметтік қорғау жүйесінің ерекшелігін "үкімет әлеуметтік төлемді "қалдық" қағидасымен есептейді. Яғни, адамға шын мәнінде қанша әлеуметтік төлем керегіне емес, өзге салалардан қанша қаржы қалғанына қарайды" деп сипаттайды.

Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда күнкөріс минимумы жыл сайын баяу да болса көтіріліп келе жатқанға ұқсайды. Бірақ "африкалық стандарттармен" жасалған "минимум" қазақстандық күнкөрісті қуып жете алмай келе жатқаны байқалады.

Қазақстан билігі өкілдерінің Азаттыққа айтуынша, күнкөріс минимумын бірден өсіру "бюджетке салмақ түсіреді". Мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жетекшісі, депутат Гүлнар Ихсанованың сөзінше, әлеуметтік төлемдерге бюджеттің 50 пайызға жуығы жұмсалады.

Бюджет шығыстарының көбі әлеуметтік төлемдерге (оның ішінде зейнетақы да бар) кететіні рас. Алайда, ресми деректер бойынша, оның 50 пайыздан әлдеқайда аз екені аңғарылады.

2019-2021 жылға бекітілген бюджетте басқа министрліктерге қарағанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне көбірек қаржы бөлінген. 2019 жылы бюджеттің жалпы шығысы 10,7 триллион теңге болса, оның 3,04 триллионы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілген.


  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG