Accessibility links

Сайрагүл Сауытбайдың соты Астананың "бас ауруына" айнала ма?


Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай сот процесі кезінде. Алматы облысы,13 шілде 2018 жыл.
Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай сот процесі кезінде. Алматы облысы,13 шілде 2018 жыл.

Шетел баспасөзі Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың соты, Halyk Bank-тің Өзбекстан нарығына шығуы ықтимал екені, Арал теңізінен балық аулап күнелтетін ауылдардың тағдыры және Қарағанды облысынан табылған археологиялық олжа туралы жазған.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ "БАС АУРУЫ"

"Шекарадан заңсыз өтті" деген айып тағылған Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қатысты сот барысын әлем баспасөзі әлі бақылап отыр. Жапониялық Nikkei Asian Review журналының сайты бұл істі "Қытай мен өз халқы арасында екі оттың ортасында қалған" Қазақстан билігі үшін "орасан зор бас ауру" деп атаған.

"Қытай оны беруді талап етіп отыр, ал әйелдің адвокаттары Қытайға депортацияланған жағдайда оны мемлекеттік құпияны ашқаны үшін өлім жазасына кеседі деп мәлімдейді. "Бұл іс Қазақстандағы Қытайға қарсы көңіл-күйді өршіте түсті, сондықтан бұл істің нәтижелері ауқымды наразылық толқуларына ұласуы мүмкін" деп жазған Nikkei Asian Review.

Шыңжаң аймағында тұратын этникалық ұйғырларға қарсы қуғын-сүргін туралы әлем жұртына баяғыда мәлім болған. Nikkei Asian Review журналының жазуынша, "этникалық қазақтарға қысым әсіресе Коммунистік партияның аймақтағы хатшысы болып Тибеттегі қатал этникалық саясатымен танылған Чен Куангуо тағайындалған 2016 жылғы тамыздан кейін" басталған. Бұған қоса, басылымның жазуынша, ол билікке келгеннен кейін этникалық қазақтар Қытайдан Қазақстанға үдере көше бастаған. 2017 жылы 3184 адам, ал 2016 жылы 2103 адам көшіп кеткені хабарланған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин.

"Астана елдегі синофобияның өршуін қалай тежеуге болады деген проблемаға тап болды", – деп жазған Nikkei бірер жыл бұрын ауыл шаруашылығы жерлері қытайларға сатылуы мүмкін деген қауіппен бұрын-соңды байқалмаған әлеуметтік толқулар өршігенін еске салған. "[Жұрттың] ашу-ызасы ұлғайып келе жатқанын көрсететін белгілер бар" деп жазған Nikkei.

Вашингтонда шығатын Diplomat газеті "Сауытбайдың соты Қазақстанды Қытаймен текетірес режиміне тап қылды" деген мақаласында осы іске қатысты процесс кемінде тамыздың 1-іне дейін кейінге қалдырылғанын хабарлаған әрі бұл "қиын жағдайдан шығу амалын іздеу үшін Астанаға аз-кем мұрсат береді. Халықаралық қатынастардың ауыртпалығы мен ішкі жағдайдың өршіп кету қатері арасында қалған [Қазақстанға] тығырықтан шығатын оңай жол жоқ" деп жазған Diplomat. Астана бірнеше қазақстандық азаматты "онша шу шығармай" босатуға қол жеткізді, бірақ Сауытбайдың ісі мен оның Пекин жоққа шығарып отырған лагерьлер туралы ақпараты "Астанаға қысым болып, оны Пекинге қарсылық танытуға мәжбүрлеп отыр".


"Халықаралық қатынастар көп векторлы болуы мүмкін, ал Астанадағы басшылар саяси, экономикалық және әлеуметтік дәйектер шырмауында қалды, бірақ Қазақстанда әлеумет "Қазақстан қазақтарды емес, Қытайды таңдай ма?" деген мәселені төтесінен қойып, оны оңай шешуге болады деп санауы мүмкін" делінген мақалада.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ КҮШ"

Diplomat сайты тағы бір материалында Halyk Bank-тің Өзбекстанда заңдарды босаңдатуға байланысты осы елдің "қаржы нарығына кіруіміз ықтимал" деген мәлімдемесіне қатысты комментарий жариялаған. "Егер Өзбекстан ел нарығына жол ашса, қазақстандық банктер оған кіріп, тәжірибесі мүлде аз өзбекстандық мекемелер үшін қаржылық "тәлімгер" рөлін ойнай бастауы мүмкін. Бірақ бұл іске асуы үшін екі елдің экономикасы мен валютасы орнықты деңгейде қалуы немесе күшейе бастауы тиіс. Шикізат бағасы жаңа белеске шыға бастағандықтан, екі ел билігі жаңа дағдарыстарға ұрынып қалмаймыз деп үміттенеді" деп жазған Diplomat.

Америкалық Lowy Institute ғылыми-зерттеу орталығының сайты "Қазақстан күнге бет алды" деген мақаласында Қазақстан мен Мәскеу арасы және оның аймақтағы жағдайға ықпалын талдаған. Мысалы, латын әліпбиін енгізу, Сирия жанжалын реттеуге Қазақстанның қатысуы, өзге елдерге мұнай экспорттауды және АҚШ-пен арасының жақсаруы тәрізді қадамдарды атаған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путин.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путин.

"Батыс баспасөзінде Орталық Азия сирек көрінеді, сондықтан аймақтағы жетекші әрі тәуелсіз күш ретінде Қазақстанның үздіксіз нығаю процесін бақылаушылардың көбі байқамай қалды. Орталық Азиядағы жетекші рөлге ие болу үшін Қазақстан өзінің экономикалық, мәдени және дипломатиялық күшін өрістетіп келеді. Бұл Ресей есебінен ілгерілейтін қадам, бірақ Қазақстанның өз уысынан шығып бара жатқанын Мәскеу әзірше мойындағысы келмейді" деп жазған Lowy Institute.

Ұлыбританиялық BBC жаңалықтар агенттігі "Теңізге тіршілік берген ел" деген мақаласында Қазақстан мен Өзбекстанда Дүниежүзілік банктің көмегімен Арал теңізін қалпына келтіруге қатысты жағдайды жан-жақты сипаттаған. Қазақстан мен Өзбекстан жағындағы бұрынғы екі балықшының тағдырын салыстырған ВВС "Қазақстанда Арал теңізі балық аулаумен күнелтетін ауылдарға қайтадан береке кіргізе бастады, бірақ олардың Өзбекстан жақтағы көршілері азап шегіп отыр" деп түйіндеген.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ "РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА"

Ұлыбританиялық Daily Mail газеті "Құрбандыққа шалынып, о дүниеге аттанатын күйме жегілген екі жылқының қаңқасымен қатар жерленген 5000 жылдық Ромео мен Джульетта жұбы табылды" деген мақалада Қарағанды облысынан табылған сирек кездесетін археологиялық олжа – болжам бойынша Қола дәуірінде өмір сүріп, бес мыңдай жыл бұрын бірге жерленген екі адамның сүйегін сипаттаған. Көзі тірісінде екеуі ғашық жұп болып, бір мезгілде қайтыс болды ма, әлде о дүниеде де серігімен бірге болу үшін біреуі өз-өзін құрбан етті ме, я болмаса арнайы өлтірілді ме – бұл жағы әзірше жұмбақ.

Ал ұлыбританиялық The Sun газеті бұл жаңалыққа қатысты "абырой болғанда, мыңдаған жылдар бойы әлгі жер қорымдарды тонаумен айналысатын ұрылардың көзіне түспей келген, сондықтан археологтарға сол замандағы адамдардың тыныс-тіршілігінен дерек беруі мүмкін көптеген артефактер табудың сәті түсті" деген комментарий жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG