Accessibility links

Қазақстан Африкада мұнай өндіруге ниетті


Мұнай кенішіндегі бұрғылар. (Көрнекі сурет.)
Мұнай кенішіндегі бұрғылар. (Көрнекі сурет.)

Батыс басылымдары Малавиде мұндай өндіруге қазақстандық мамандар қатысуы мүмкін екенін, ал мұнай бағасының құлдырауы Ресейді әлсіретіп, геосаясатқа әсер етіп жатқаны жайлы жазады.

Африканың AllAfrica.com жаңалықтар сайты Малави көлінен мұнай өндіруге 2014 жылы салынған тыйым алынып тасталғанын хабарлады. Бұл туралы Малави астанасы Лилонгва қаласында өткен баспасөз жиынында елдің сыртқы істер министрі Джордж Чапонда мәлімдеген. Оның айтуынша, Малави көлінен мұнай мен газ өндіруді қайта бастауға Қазақстан мен Грузия мамандары қатыспақ.

Сайттың жазуынша, Джордж Чапонда Қазақстан сыртқы істер министрі орынбасары Ержан Ашықбаев, Грузия сыртқы істер вице-министрі Давид Джалагания және Марокко сыртқы істер министрі орынбасары Зала Хеддин Мезуармен кездескен. Африка одағына мүше елдердің Эфиопиядағы 26-саммиті кезінде өткен кездесуден кейін Джордж Чапонда «бұл елдер мұнай өндіру саласында жинақтаған тәжірибе-білімдерін Малавимен бөліседі» деп мәлімдеген.

Ұлыбританияның Financial Times газеті мұнай нарығындағы ахуалды талдаған «Қымбат мұнай дәуірі аяқталып, ескі аксиомалар заманы өтіп барады» атты мақаласында мұнай бағасының арзандауының ықтимал зардаптары туралы жазады.

Баку іргесіндегі мұнай кеніші жанында ойнап жүрген балалар. Әзербайжан, 8 қараша 2005 жыл.
Баку іргесіндегі мұнай кеніші жанында ойнап жүрген балалар. Әзербайжан, 8 қараша 2005 жыл.

«2014 жылы бір баррель мұнай бағасының 100 доллардан түсіп кетуі [қазір 30 долларға дейін арзандаған] тұтынушы елдерді зор қуанышқа бөлеуі тиіс еді. Бірақ мұндай шаттық байқалмайды. Экономикасы тоқырап, босқындар нөпірі басып қалған Еуропа басқа шаруалармен әуре. Ал әрі өндіруші, әрі тұтынушы ел АҚШ экономикасының өсімі баяу қалпында тұр. Әлемде экономикасы ең ашқарақ Қытай болса қазір өз проблемаларына шырмалған. Мұнай бағасы әлемдік қор биржаларын дүрбелеңге салып қойды. Геосаясаттың беталысы да реттелер түрі жоқ. Мұнай бағасы тіпті Ирак, Сирия, Йемен, Ливиядағы ұрыс-шайқастар қызғанына қарамастан түсіп барады. Бұрын баға тұрақтылығын қырағылықпен қадағалап отыратын Сауд Арабиясы енді өнімінің жоғары сапасын Иранға қарсы қару ретінде пайдаланып жатыр» деп жазады Financial Times.

Мақала авторларының пікірінше, бұл факторлардың бәрі «ойын шарттары өзгергенін», сондықтан «саясаткерлерге геосаясат жайлы көбірек ойлану керектігін» көрсетеді. «Теориялық тұрғыдан қандай пайдасы болмасын, мұнай бағасының құлдырау ауқымы мен қарқыны қақтығыс тұтандырған күштерге тағы бір соққы болып қосылды». Экономикалық және демографиялық қиындыққа тап болған Ресей одан әрі әлсірей түседі. Бұл Путиннің ашуын үдете түсуі мүмкін екенін Сириядағы жағдай көрсетіп отыр» деп жазады мақала авторлары.

ТМД ЕЛДЕРІНДЕГІ ТАМАҚ САПАСЫ

Американың Канзас қаласында шығатын InfoZine газетінің жазуынша, жуырда климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланған конференцияда ТМД елдеріндегі тамақ сапасының жайы да сөз болған. Конференцияда халықаралық азық-түлік саясатын зерттеу институты, Еуразия азық-түлік қауіпсіздігі орталығы және дүниежүзілік банк сарапшылары әзірлеген «2015 жылғы әлемдегі тамақтану ахуалы туралы баяндама» талқыланған. Баяндама авторларының мәлімдеуінше, тағам өнімдері өндірісіне салынатын әр доллардың экономикалық қайтарымы 16 доллар көлемінде болуы мүмкін екенін дәлелдейтін деректерге қарамастан, әлемде теңгерімсіз тамақтанумен күрес баяу және ол біркелкі жүріп жатқан жоқ.

Баяндаманың ТМД елдеріне қатысты бөлігінде одаққа мүше елдердің көбі теңгерімсіз тамақтану түрлерімен байланысты проблемаларға тап болып отырғаны жазылған. Мысалы, Армения мен Тәжікстанда 5 жасқа дейінгі балалар арасында бойы дұрыс өспей қалғандар, артық салмақ проблемасына душар болған ересектер мен қан аздығына (анемия) шалдыққан репродуктивті жастағы әйелдер көбейіп келеді. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан әйелдері анемияға қоса артық салмақтан зардап шегеді. ТМД елдерінің бәрінде (Ресей мен Беларуспен бірге) ересек адамдар арасында семіздікке шалдыққандар саны өсіп бара жатқаны байқалады.

Соңғы 20 жыл ішінде ТМД елдерінде, мысалы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда баланың бойы өспей, тежеліп қалу проблемасының көрсеткіші біршама азайған еді. Бірақ соңғы кездері оған керісінше үрдіс байқалады. Мысалы, балалардың бойы өспей, тежеліп қалу жағынан Арменияда 1998 жылы 15 пайыз болған көрсеткіш 2010 жылы 21 пайызға дейін көбейген.

XS
SM
MD
LG