Қазақстандық журналист Нәзира Дәрімбет "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жаңа президенті болып сайланды. Ұйымның хабарлауынша, Дәрімбетті 17 шілде күні қор құрылтайшыларының жалпы жиналысында сайлаған.
Нәзира Дәрімбет 2022 жылдың желтоқсан айынан бері қорды басқарып келген Қарлығаш Жаманқұлованың орнына келді. Жаманқұлова қор басшылығынан кететіні 13 шілдеде белгілі болған еді.
Жаманқұлова елде жаңадан құрылатын бір палаталы парламент - Құрылтай сайлауына түсетіндігіне байланысты осындай шешім қабылдағанын және бұл "мүдде қақтығысын болдырмауға" бағытталғанын жазған Facebook парақшасына.
10 шілде күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдайтын жаңа саяси ұйым – "Әділет" партиясынан Құрылтай депутаттығына ұсынылған 186 кандидаттың арасында Қарлығаш Жаманқұлова да бар.
Қордың жаңа президенті Нәзира Дәрімбет журналистика саласында ширек ғасырға жуық жұмыс істеп жүр. Ол негізінен тәуелсіз басылымдармен әріптес болып, орыс және қазақ тілдерінде материалдар дайындады. Қазақстан аумағында бұғатталған "Республика" басылымының жоба менеджері болды, біраз уақыт Азаттық радиосында веб-редактор болып еңбек етті.
"Қазір Қазақстандағы журналистер сот және әкімшілік қысымға ғана емес, сонымен қатар жаңа цифрлық қауіп-қатерге - кибершабуылдарға, бұғаттауға және онлайн қудалауға да тап болатыны белгілі. Сондықтан бізге журналистерді қорғаудың, кәсіби қауымдастықты біріктірудің және халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа, қазіргі заманғы тетіктер қажет" деп мәлімдеді "Әділ сөз" қорының жаңа президенті Нәзира Дәрімбет.
Қазақстандағы сөз бостандығын қорғаумен айналысатын тәуелсіз ұйым "Әділ сөз" қоры 1999 жылдың сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Қоғамдық қор елдегі сөз бостандығының жай-күйін бақылап, мониторинг жүргізеді, журналистерге құқықтық көмек көрсетіп, тренингтер мен семинарлар ұйымдастырып өткізеді. Қорды ресми тіркелген кезінен бастап 2022 жылға дейін Тамара Калеева басқарды.