Accessibility links

"Махмет ешкімге бейімделмейді". Қозыбаев Құлмағамбетті неге қаралады?


Азаттық радиосы Қазақ редакциясының бұрынғы қызметкері, советтік Қазақстаннан шыққан диссидент Махмет Құлмағамбет. Германия, Мюнхен, 2004 жылдың мамыр айы. Әбдіуақап Қараның архивіндегі сурет
Азаттық радиосы Қазақ редакциясының бұрынғы қызметкері, советтік Қазақстаннан шыққан диссидент Махмет Құлмағамбет. Германия, Мюнхен, 2004 жылдың мамыр айы. Әбдіуақап Қараның архивіндегі сурет

Жеті жыл түрме, үш жыл сүргін. Соңынан Еуропаға эмиграция. Мұның бәрі лекция курстарында және күнделіктерде совет режимін сынағаны үшін берілген жаза. Сөз советтік Қазақстаннан шыққан тұңғыш диссидент, саяси тұтқын, Азаттық радиосында қызмет атқарған Махмет Құлмағамбет туралы. Бұл эпизодта оның совет билігін әшкерелеген мақалалары жайлы айтылады.

"Лениннен жиіркендім". Совет кезінде Махмет Құлмағамбетті қалай қаралады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:53 0:00

Эмиграцияда жүргенде Махмет Құлмағамбет туралы Батыс баспасөзінде орыс, ағылшын және француз тілдерінде мақалалар жарияланды. Еуропа баспасөзімен қатар ол Азаттық радиосына да сұхбат берген. Оның бірқатары дерек қорларында сақталған.

Бұл жолғы хабарымызда советтік Қазақстаннан шыққан тұңғыш саяси диссидент, кейін эмиграцияда жүріп Мюнхенде, Азаттық радиосында қызмет атқарған Махмет Құлмағамбеттің Азаттық радиосы үшін әзірлеген сұхбаттары мен мақалаларына шолу жасаймыз. Өткен эпизодта Азаттық радиосында қызмет атқарған Әбдіуақап Қараның алған Махмет Құлмағамбеттің соңғы сұхбаты өз даусымен жарияланған. Әбдіуақап Қараның қолында сақталған сұхбат автордың рұқсатымен көпшілік назарына ұсынылды.

ИДЕЯЛАР ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ

Азаттық радиосы эфирден берген хабарлардың аудиотаспалары толық сақталмаған. Махмет Құлмағамбеттің эмиграцияға барған бетте берген алғашқы сұхбаты да табылмады... Дегенмен сол сұхбаттардың, немесе Махмет Құлмағамбеттің Азаттық радиосы үшін әзірлеген мақалаларының жазбаша нұсқалары бар.

Сол мақалаларының бірінде диссидент қазақ өзі туралы былай дейді:

"Мені Қозыбаев сияқтылар совет баспасөзінде "жалған профессор" деп атап келеді. Батыстағы түсінік бойынша, жоғары оқу орындарында сабақ бергендердің барлығы – профессор. Ал мен болсам, Чарджоу мен Фрунзеде диалектикалық материализмнен лекция курсын жүргізгенмін. Менің ассистентім де болған. Сол кезде мен совет пропагандасының өтіріктеріне көзім жеткен соң, мұғалімдікті тастап, өз еркіммен қара жұмысқа кеткен болатынмын. Соңыма түскен КГБ өзім үшін жазған күнделіктерімді тауып алып, жеті жыл лагерь мен үш жыл сүргінге соттап жіберген".

Махмет Құлмағамбет сойын атаған Қозыбаев деген кім? Ол туралы сөз соңында айтылады.

Азаттық радиосының тілшісі болған Досан Баймолда Махмет Құлмағамбеттің бастан кешкен ой азабы мен идея трансформациясы жайлы пікірін бөлісті.

– Махмет Құлмағамбет әуелде өзі оқытқан марксизм-ленинизм идеяларына имандай сенеді. Студенттерге сабақ беріп жүріп, кейін ол мұның бәрі өтірік екенін түсінеді. Соның бәрі адамдарды алдайтын амал екеніне көз жеткізіп, соңынан ол осы идеяларға қарсы шығады. Марксизм мен ленинизмді сынай бастайды, артына белгілі ұйымдар түседі. Алдымен қатаң бақылап, соңынан соттап, ауыр жұмыс істейтін лагерьлерден бір-ақ шығады. Көрмегенді көріп, қиналып жүрсе де, соның бәріне төзіп, төтеп берген. Босап шыққан соң бұл елден кету керек деген қорытындыға келеді, – дейді Досан Баймолда Азаттыққа.

СОВЕТ ҮКІМЕТІНІҢ АЙЛАСЫ, ҰЖДАН ТҰТҚЫНДАРЫН ЖӘБІРЛЕУ

Диссидент қазақ өзінің жеті жыл Мордовия түрмесінде және үш жыл Коми АССР-інде айдауда болғанын баяндай келіп, түрменің ішіндегі жағдайдан да хабардар етеді. Ол Комидегі өмірді Азаттық радиосына жазған мақаласында былай суреттеген:

Махмет Құлмағамбеттің Батыста жарық көрген мақалалары, сұхбаттары және ол туралы мақалалардың тізімі. Ресейдегі "Мемориал" орталығының Иофе қорынан алынды
Махмет Құлмағамбеттің Батыста жарық көрген мақалалары, сұхбаттары және ол туралы мақалалардың тізімі. Ресейдегі "Мемориал" орталығының Иофе қорынан алынды

"Коми жеріне табыс іздеп өз еркімен барып жатқан адамдар аз емес. Сонда да жұмысшы күші жетіспейді. Совет үкіметінің ондай жағдайға айласы дайын тұрады. Міне, сондықтан да Коми жерінде тұтқындардың лагерьлері көптеп салынған. Жарытып тамақ бермей, ағаш кесуге, газ құбыры жолдарын салуға пайдаланып жатқан тұтқындарды көргенде жаның ашиды", – дейді Махмет Құлмағамбет.

Газ құбыры демекші, Махмет Құлмағамбет Совет одағының құбыр құрылыстары туралы шаттыққа толы хабарындағы өтірікті әшкерелеп, шындықты айтып аймаңдай ететіні бар. Совет одағы мұндай жұмысқа тұтқындар еңбегін пайдаланатынын жоққа шығарып баққан. Алайда өзі де тұтқында болып, құбыр желісі бойында қара жұмыс атқарып, жағдайды көзімен көріп, басынан өткерген диссиденттің бұлтартпас сөзі Мәскеудің шамына әбден тиген.

Махмет Құлмағамбет мақалаларында өзі көрген жазалау орындарындағы жағдайды да баяндаған.

"Сталин өлгеннен кейін совет компартиясының жиырмасыншы құрылтайында Сталин заманындағы заңсыздықтар әшкереленсе де, Хрущев пен Брежнев кезеңінде де совет үкіметі мұндай келеңсіздіктен арылған жоқ. Сталин өлгеннен кейін алғашқы кездерде жүргізіліп келген айыпсыз адамдарды ақтау науқаны іле-шала аяқталды да, сескеніп қалған КГБ қайтадан бас көтере бастады. Хрущев кезеңінен бастап, совет түрмелері мен лагерьлерінде ұждан тұтқындары үздіксіз артумен болды. Хрущев кезінде ұждан тұтқындары жеке лагерьлер мен түрмелерде қамалған болса, Брежнев пен Андропов уақытында оларды шын қылмыстылармен, ұрылармен, бұзақылармен, сотқарлармен, адам өлтіргендермен бірге ұстау Сталин заманындағыдай кең таралып келеді. КГБ-ның сондағы мақсаты – ұждан тұтқындарына сотқарлар арқылы жәбір көрсету", – деп жазды Махмет Құлмағамбет Азаттық радиосына әзірлеген мақаласында.

"ТҮРМЕДЕН ДЕ АУЫР ЖАҒДАЙ"

"Халықтар түрмесі" аталған Совет одағында еркін ойлы адамдарды, саяси тұтқындарды, ар-ұждан тұтқындарын жазалаудың түрлі амалдары болған. Соның бірі – психиатриялық аурухана. Бұл туралы да Махметтің өз айтары бар.

"Совет КГБ-сі ұждан тұтқындарын жәбірлеудің тағы бір амалын ойлап тапты. Ол амал – психиатриялық ауруханаларға салу. Ұждан қайраткерлерін психиатриялық ауруханаларға қамау КГБ үшін өте қолайлы: лагерьге, не түрмеге салу үшін КГБ жасанды айып ойлап шығарады, ал психиатриялық ауруханаларға қамау үшін сот та, жасанды айып та қажет емес, КГБ ықпалындағы дәрігерлер есі ауысқан деген қорытынды шығарса болғаны. Ұждан қайраткерлері үшін психиатриялық ауруханадағы жағдай түрмеден де ауыр", – дейді диссидент қазақ.

"Президент Миттеранға тозақтан қашқандардың хаты". Францияның LE Meridional (La France) газеті жариялаған Махмет Құлмағамбеттің мақаласы. 28 қыркүйек, 1982 жыл. Иофе қорынан алынды
"Президент Миттеранға тозақтан қашқандардың хаты". Францияның LE Meridional (La France) газеті жариялаған Махмет Құлмағамбеттің мақаласы. 28 қыркүйек, 1982 жыл. Иофе қорынан алынды

"ЛИМИТТЕР" ҚАЙШЫЛЫҒЫ

Совет одағында саяси тұтқындар мен түрмедегі адамдарды атамаған күннің өзінде, қарапайым еңбекші адамдар үшін өмір сүрудің шарттары ауыр еді. Әсіресе, ауылдан қалаға, немесе шағын қаладан ірі қалаға көшіп барудың машақаты қиын болатын. Бұл үкімет мүшелері мен партия қызметкерлері тек өздеріне арналған арзан қызметті пайдаланып жатқанда қалыптасқан жағдай.

Махмет Құлмағамбет Совет одағында өзі көрген "лимит" тәртібі туралы да тоқталған. Бұл қолданыс Совет одағында екі түрлі топқа арналса керек. Бірі – жабық дүкеннен сауда жасауға құқық беретін мемлекеттік қызметкерлер болса, екіншісі жұмыс іздеп, шеткері өңірлерден келетін қарапайым адамдар.

"Лимиті бар адамдар партия мен үкіметтің жабық дүкендерінен азық-түлік пен өндіріс заттарын ала алады. Ондай адамдардың лимит кітапшалары болады. Одан басқа мағынада "лимит" деп зауыт-фабрика бастықтарына берілген, мысалы "прописка" (тұрақты тіркеу) беру құқығы сияқты ерекше құқықты айтады. Мен өзім де бір кездері Мәскеуге барып, "прописка" беруге лимиті бар өндіріс орындарын іздегенмін. Ондай өндіріс орындарының жатаханалары болады, олардан орын алу үшін ең ауыр және денсаулыққа зиян жұмысқа кіру керек. Өйткені Мәскеу тұрғындары ондай жұмыстан қашады. Қысқаша айтқанда, "лимит пропискасын" алғандар – ең сорлы адамдар. Тек қана милицияға берілген жабық нұсқауларда болмаса, олар туралы совет әдебиетінде де, газеттерінде де жазылмайды. "Лимитшілер" Мәскеуде ғана емес, Совет одағының барлық ірі қалаларында да жетіп артылады, – дейді Махмет Құлмағамбетол.

"СОВЕТТІК БАСПАСӨЗ КҮНІ – ЦЕНЗУРА МЕН КГБ МЕРЕКЕСІ"

Махмет Құлмағамбет Совет одағындағы шектелген сөз бостандығын да сынап, цензураны әшкерелеп жазған. Сол кезде 5 мамыр, компартияның орталық комитетінің баспа органы "Правда" газетінің шыққан күні Совет одағында баспасөз күні ретінде аталып өтілетін.

"Совет үкіметі орнағаннан бері совет баспасөзі цензорлар мен КГБ-ның (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) бақылауында. Сондықтан 5 мамыр күнін баспасөз, цензура және КГБ қызметкерлерінің мерекесі деп есептеген дұрыс болар", – деп жазды ол.

Махмет Құлмағамбет совет мемлекетіндегі сөз және баспасөз еркіндігінің жағдайын былай сипаттайды:

"Большевиктер баспасөз еркіндігі мен саяси бостандықты жойып, тек өзінің "Правда" газетін, "Ленинград правдасы", "Қазақстан правдасы", "Алматы правдасы" сияқты "Правда" газетінің жергілікті түрлерін қалдырды. Партияға бағынбайтын ешбір газет болмады. 1922 жылы маусым айының 6-сы күні Халық комиссарларының, яғни Совнаркомның қаулысы бойынша, Главлит құрылды. Оның мақсаты – баспасөзге түгелдей бақылау орнату. Главлиттің қызметкерлері – цензорлар".

Мұнда диссиденттің "Главлит" деп отырғаны – Совет одағының Әдебиет және баспа ісі бойынша бас басқармасы. Бұл мекеме елдегі бүкіл баспасөз бен баспа өнімдерін жарыққа шықпай тұрып мұқият сүзгіден өткізіп, күмәнді деп тапқан нәрсені қиып-жойып отырған. Главлит Совет одағы ыдырайтын 1991 жылы ғана таратылды.

"ТОЛЫҚТАЙ ЖУРНАЛИСТІК ЕРКІНДІГІМ БАР"

Махмет Құлмағамбет совет билігі шетелдік радиолар туралы қандай үгіт-насихат жүргізетінін де айтқан. Ол 1987 жылғы 26 қарашада берген сұхбатында былай дейді:

"Советтердің үгіт-насихаты бойынша Азаттық радиосында істейтіндер кілең сатқындар екен. Олардың айтатындарын алдын-ала Вашингтон дайындап беретін көрінеді. Мұндай сөздер Крыловтың ертегісіндегі айна алдындағы маймылды еске түсіреді. Өзіндегі кемістікті басқаларға жабу – совет пропагандасына тән қасиет. Мен өз мақалаларымды қалай жазатынымды білгісі келгендерге мынаны айтайын. Біріншіден, Совет одағында менің өз көзіммен көргенім де аз емес. Өйткені Украинадан Якутияға дейін аралап шыққанмын".

Азаттық радиосының қызметкері туралы Ш. Жолболсын жазған "Сатқынның сиқы" мақаласы. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан
Азаттық радиосының қызметкері туралы Ш. Жолболсын жазған "Сатқынның сиқы" мақаласы. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан

Махмет Құлмағамбет Совет одағы кезіндегі Азаттық редакциясы жайлы да айтады. Оның сөзінше, Азаттыққа советтің газет-журналдары жүйелі түрде жетіп тұрады. Яғни, мұның бәрі советтің ішінде болып жатқан оқиғалардан хабар береді, мәлімет көзі.

Бұған қоса советтік радиохабарларға мониторинг жасалып отырған. Ал Совет одағында баспасөзге шықпаған, қолмен таратылған мәліметтер де Азаттыққа жетіп отырған. Оны радиодағы "Самиздат" бөлімі зерттеп, жариялап отырған.

Азаттық радиосының құрылымы мен тарихын көрсететін кесте. Оң жағында Азаттықтың Түркістан редакциясын, кейін Қазақ бөлімін басқарған Мәулікеш Қайбалды, Уәли Зүннүн, Дәулет Тағыберлі, Жәкебай Бапыш мен Хасен Оралтайдың фотолары берілген. Әлихан Жаналтайдың жеке архивіндегі сурет
Азаттық радиосының құрылымы мен тарихын көрсететін кесте. Оң жағында Азаттықтың Түркістан редакциясын, кейін Қазақ бөлімін басқарған Мәулікеш Қайбалды, Уәли Зүннүн, Дәулет Тағыберлі, Жәкебай Бапыш мен Хасен Оралтайдың фотолары берілген. Әлихан Жаналтайдың жеке архивіндегі сурет

Махмет Құлмағамбет Азаттықтың ақпарат көзі ретінде Батыстағы ақпарат агенттіктерін атап, советтен шыққандармен де сұхбат берілетінін айтқан.

"Меніңше, тыңдаушыларды қызықтыратыны – Махмет ойындағысын шын айта ма, әлде тек біреудің бұйрығын орындап, өтірік айтып келе жатыр ма деген мәселе. Менің айтарым – Махмет ешкімге бейімделмейді, ешкімнің сойылын соқпайды. Менің өтірік айтпайтынымды, біреудің айтқанымен жүрмейтінімді Алматыдағы мені тыңдайтындар да, КГБ да біледі. Мұндағы бастықтардың талап ететіні – тек ұлттар арасында жорта және дөрекі түрде іріткі салмау; совет басшыларына жала жаппау, негізсіз фактілерді келтірмеу. Яғни, ақыл мен ар-ұждан тұрғысынан менің толықтай журналистік еркіндігім бар", – дейді диссидент.

"МАВЗОЛЕЙГЕ КІРУГЕ ЖИІРКЕНДІК..."

Советтік Қазақстаннан шыққан алғашқы диссидент Махмет Құлмағамбет Совет одағы ыдыраған соң көп өтпей Мәскеуге сапарлап барған. Бұл 1993 жыл болатын. Сол жылы Азаттық радиосының 40 жылдығын атап өтуге әзірлік үшін Ресейге барып қайтқан Махмет бір кезде өзі көрген, бірақ әлеуметтік жағдайы қатты өзгерген Мәскеуді аралайды.

Кейін Мюнхенге оралған соң, көрген-білгенінен көлемді мақала жазып, Азаттық радиосының эфирінен бірнеше күн әңгімелеп берген. Соның ішінде мынандай штрих бар:

"Мәскеудің қақ ортасында оның империялық саясатының бейнесі болып тұрған Василий Блаженный шіркеуінің іші әбден тозған, көптен бері жөнделмеген. Сыртқы қабырғаларының да шытынаған жерлері бар. Қазанды (Қазан қаласын) жаулап алу құрметіне салынған шіркеу Ресей империясының әлі де Қазаннан айрылмай тұрғанының көрінісі емес пе?! Лениннің мүрдесі жатқан мавзолейге кіруге жиіркендік", – дейді Махмет Құлмағамбет.

ҚОЗЫБАЕВТЫҢ КЕКЕТУІ МЕН "ӨКІНУІ"

Совет одағында және Махметтің өзі туып-өскен Қазақстанда сол кезде шетелдік радиоларға қарсы үгіт-насихат жүріп жатты. Мақалалар жазылды, кітаптар шықты, спектакльдер әзірленіп, кинолар түсірілді.

Азаттық радиосы жайлы Сағымбай Қозыбаев жазған "Оборотни" (Шибөрілер) мақаласы. "Казахстанская правда" газеті, 18 желтоқсан, 1983 жыл
Азаттық радиосы жайлы Сағымбай Қозыбаев жазған "Оборотни" (Шибөрілер) мақаласы. "Казахстанская правда" газеті, 18 желтоқсан, 1983 жыл

Журналистика тарихын зерттеуші ғалым, профессор Сағымбай Қозыбаев совет өкіметі кезінде Батыс радиолары туралы көп жазды. Оның тізбекті мақаласының бірі 1983 жылы "Казахстанская правда" газетінің бірнеше санында жарияланған.

Сонда ол Махмет Құлмағамбетті "Қазақстаннан шыққан "профессор" деп кекеткен.

Арада 4 жыл өткенде Сағымбай Қозыбаевтың "Лениншіл жас" газетінде "Эфирдегі іріткі" деген мақаласы жарияланады. Онда автор Махмет туралы "Азаттық радиостанциясының штатына жиналған азғындар коллекциясының ішінен Қазақ редакциясында істейтін бір субъектіні таныстыра кетейін...", – дейді үгіт-насихат тілінде.

Махметтің Қазақ мемлекеттік университетін бітіргенін айтқан Қозыбаев диссиденті "Бір қаладан бір қалаға ауысып, адал еңбекпен аз ғана шұғылданған ол отанында ғылыми дәреже ала алған жоқ. Әйтсе де Азаттықта Орталық барлау басқармасы оны құрметпен "профессор" деп атады", – деп сипаттаған. Оған Махмет Құлмағамбеттің қалай жауап бергені жоғарыда айтылды.

Совет кезінде де, одан кейін де баспасөз тарихын зерттеген, өзі де жергілікті радиода қызмет атқарған Сағымбай Қозыбаевтың осы жазғандарына қатысты қазіргі пікірін білмек болып, өзіне хабарластық. Бірақ ол денсаулық жағдайына сілтеп, сұраққа жауап бере алмайтынын білдірді.

Әбіраш Жәмішевтің "Шындықты тот баспайды немесе "Азаттықтағы" азғындарға айтылар сөз" мақаласы. "Социалистік Қазақстан" газеті, 14 маусым, 1985 жыл. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан
Әбіраш Жәмішевтің "Шындықты тот баспайды немесе "Азаттықтағы" азғындарға айтылар сөз" мақаласы. "Социалистік Қазақстан" газеті, 14 маусым, 1985 жыл. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан

Ал оның әріптестері, тіпті Азаттық радиосында қызмет атқарған адамдардың кейбірі Сағымбай Қозыбаевтың Азаттықты даттап жазған мақаласына кейін "өкінгенін" айтады.

– Сағымбай Қозыбаевтың "осы мақалаларды жазғаныма өкінем" деп айтқаны бар. Жазбаша емес, ауызша айтқан. Мұны ол Азаттық радиосының Қазақ редакциясын басқарған Хасен Оралтайға да айтқан, – дейді Азаттықтың Алматыдағы алғашқы тілшілерінің бірі болған Саясат Бейісбай.

Мұны шетелдегі қазақ тілінде хабар тарататын радиолар тарихын зерттеуші, университет ұстазы Рахима Нұридден де растайды.

Оразақ Смағұловтың Махмет Құлмағамбет туралы жазған "Қазақтың айбарлы диссиденті" кітабы. Алматы, AmalBooks баспасы, 2020 жыл
Оразақ Смағұловтың Махмет Құлмағамбет туралы жазған "Қазақтың айбарлы диссиденті" кітабы. Алматы, AmalBooks баспасы, 2020 жыл

Бұл шолуда Махмет Құлмағамбеттің құжаттары мен мақала-сұхбаттары сақталған "Мемориал" орталығының Иофе қорының электронды архивіндегі, Оразақ Смағұлов жазған "Қазақтың айбынды диссиденті" кітабындағы және Ұлттық академиялық кітапханаға өткізілген Хасен Оралтайдың жеке қорындағы деректер пайдаланылды.

Диссиденттің басқа да Батыс ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалары мен сұхбаттары туралы айту – уақыт еншісінде. Өйткені Махмет Құлмағамбеттің жазба мұраларын зерттеу үлкен дайындықты қажет етеді.

Шолудың кеңейтілген нұсқасы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының кезекті эпизодында берілген.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG