Accessibility links

Сахалинның солтүстігіндегі Пильтун шығанағы маусым айында бірнеше апта бойы майшабақтардың алып моласына айналды. Шығанақ жағалауын өлген балықтар тонналап басып қалды. "Бұған кім айыпты?" деген сауалға жауап беруге келгенде экологтардың пікірі екіге жарылды.

Балық шаруашылығы және окенография жөніндегі Сахалин ғылыми-зерттеу институты (САХНИИРО) "мұны - табиғи құбылыс" дейді. Ал "Сахалинның экологиялық вахтасы" тәуелсіз ұйымының белсенділерінің пікірі басқа. Олардың пайымдауынша, балық өліміне мұнай өндіруші компаниялар жауапты.

- Майшабақ кем деген 30 километр жағалауды алып жатыр. Мүмкін одан да көп шығар, тұтас аумақты зерттей алмадық. Бірақ 30 километрді анық айта аламын. Жалпы алғанда, мың тоннадан кем емес балық өлген. Майшабақтың ұсағы да, ірісі де бар. Өлшемі әртүрлі, ұсақтары 4-5 сантиметрден басталады, ірісі 35 сантиметрге дейін жетеді. Біз ашып көрген ірі балықтың бәрі уылдырықпен жатыр. Яғни, уылдырық шашып үлгермей өлген. Демек, тұтас популяция зардап шекті, - дейді "Сахалинның экологиялық вахтасы" жетекшісі Дмитрий Лисыцин.

Мемлекеттік САХНИИРО институтының мамандары "балық оттегі жетіспеуден өлді" деген пікірлерін жариялады. САХНИИРО ресми сайтында жарияланған баспасөз мәлімдемесінде "Сахалин аралының солтүстік-шығыс қайраңы Пильтун шығанағында маусымда болатын табиғи жағдайдың әсерінен майшабақтардың жаппай қырылған. Бұл жайтқа қалың мұз да себеп болған" деп жазылған.

Сахалиндегі өлген майшабақтар.
Сахалиндегі өлген майшабақтар.

Теңізбен өте тар қылта арқылы жалғасатын Пильтун шығанағын мекендеушілерге әр көктемде оттегі жетпейді. Шығанаққа су көтерілгенде ғана таза су келеді. Егер ол тұйықталып қалса, су айналымы бұзылып, кейін оттегі тез бітеді.

- Біз балық тұншығып қалды деп ойлаймыз. Мәселе "оттегі тапшылығына не әсер етті?" деген сауалға келіп тіреледі. Әр қыс сайын шығанақты мұз басып жатады. Әр көктемде майшабақ уылдырық шашуға келеді. Әдетте ол уылдырық шашқан соң ары қарай кетеді. Демек, осы көктемде қалыптан тыс құбылыс болды. Біз соңғы 18 жылдағы ғарыштан жасалған суреттерді талдай келе, өткен жылдармен салыстырғанда биыл ешқандай ерекше құбылыс болған жоқ деп сеніммен айта аламыз. Осыдан кейін биыл сәуір-мамырда жасалған спутник суреттерін қарадық, қол жете бермейтін суреттерді алдық. Landsat, PlanetScope, RapidEye, SkySat және басқа спутниктердің деректерін қолдандық. Нәтижесінде, оттегі тапшылығының антропогенді себебі бар деген қорытындыға келдік. Нақты айтсақ, америкалық Exxon Mobil компаниясының еншіліс ұйымы "Эксон Нефтегаз Лимитед" мұнай өндіру компаниясы жүргізген жұмыстар себеп болған деген шешімге келдік, - дейді ол.

Шілденің 9-ы күні "Сахалинның экологиялық вахтасы" "Сахалин-1" мұнай-газ жобасына қатысушы компанияны балықтардың жаппай өліміне айыпты" деп мәлімдеме жариялады. Бұл - Ресей аймағындағы тікелей шетелдік инвестициямен жұмыс істеп жатқан ең ірі мұнай-газ жобасының бірі. Жоба операторы - "Эксон Мобил" корпорациясының еншіліс "Эксон Нефтегаз Лимитед" компаниясы.

Тәуелсіз экологтардың пайымдауынша, "Эксон НЛ" шығанақ түбінен өтетін мұнай құбырына жөндеу жүргізгенде майшабаққа керекті оттегіні жауып қалған. Жөндеу жұмыстары кезінде шығанаққа кіретін жерде жасанды мұз бөгеті салынып, ол фарватерді жауып тұр. Спутниктен түсірілген ғарыш суреттерінде бөгет анық көрінеді".

Пильтун шығанағындағы дамба.
Пильтун шығанағындағы дамба.

"Эксон НЛ" жөндеу жұмыстарына қатысқан адам (есімін жарияламауды өтінді) "Эковахтаға" фарватер маңында (тереңдігі 4,5 метр болады) мұз жолының түбі мен төменгі шеті арасында небәрі 40 см су өтетін саңылау қалғанын айтты.

"Жұмыс сәуірдің 29-ында аяқталған. Бірақ жасанды мұз бөгетті ешкім алмаған. Ол маусым басында өздігінен қираған. Осындай бөгеттің кесірінен Пильтун шығанағының солтүстік бөлігіндегі оттегіге қаныққан теңіз суының келуі шектелген" деп жазылған "Сахалинның экологиялық вахтасы" мәлімдемесінде.

- Бұл жерде майшабақты ауламайды. САНХИИРО пікірінше, ол жерде осындай көлемде балық болмауға тиісті еді. Олар балық көлемі бұдан аз деп ойлаған. 1999 жылы балық күзеті видео жұмыстары түсірген, балықтардың жағаға шығып өлуі кезінде де олар осылай деген еді. Бұл екі жағдай арал экожүйесі үшін үлкен апат. Мұнайшылар мен Сахалин әкімшілігі біздің ескертпеге уақытында құлақ салғанда мұндай жағдай болмас еді, - дейді Лисицын.

Қырылған майшабақтар. Сахалин.
Қырылған майшабақтар. Сахалин.

"Эксон Нефтегаз Лимитед" болған жағдайға өздерінің қатысы бар екенін үзілді-кесілді терістейді. "Сахалинмедиа" ақпарат агенттігі "Эксон НЛ" қоғаммен байланыс жөніндегі спикерінің сөзінен дәйектеме келтіреді:

- Жұмыс экологиялық қауіпсіз тәсілмен бекітілген жобаға сай жүргізілді. Құжаттама бақылау-қадағалау мекемелерінің тиісті келісімін алды. Мұз жолы Пильтун шығанағының ортасына дейін ғана созылды. Жұмыс кезінде бақылау жасап, шығанақтағы су айналымы бұзылмағанын анықтадық, - дейді "Эксон НЛ" өкілі.

Көре отырыңыз: Кумыска су қоймасында балық қырылды

"Сахалинның экологиялық вахтасы" Пильтун шығанағындағы оқиға бойынша мемлекеттік тергеу жұмыстарын жүргізуді талап етпек. Экологтар "мұнай өндіру компаниясын жауапқа тарту керек" деп санайды.

Андрей Филимновтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG