Accessibility links

«Өзбек бандиттері Ғафур мен Сәлім» және Путин


Бұрынғы ФСБ офицері Александр Литвиненконың суретіне қарап тұрған адам. Мәскеу, 23 мамыр 2007 жыл. (Көрнекі сурет)
Бұрынғы ФСБ офицері Александр Литвиненконың суретіне қарап тұрған адам. Мәскеу, 23 мамыр 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұрынғы ФСБ офицері Александр Литвиненко «Лубянканың қылмыстық тобы» кітабында Ресей президенті Владимир Путиннің Өзбекстанның қылмыс әлемімен байланысы бар деп мәлімдеген.

Биыл қаңтарда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы офицері Александр Литвиненконың қазасына қатысты ашық тыңдауға төрағалық еткен ұлыбританиялық судья сэр Роберт Оуэннің баяндамасы жарияланды. Осыған байланысты бұрынғы ресейлік чекистің 2002 жылы шыққан «Лубянканың қылмыстық тобы» (Лубянка – Мәскеудегі федералдық қауіпсіздік қызметі штаб-пәтерінің ғимараты орналасқан орталық көшелердің бірі) баспасөз назарына тағы ілікті.

«ӨЗБЕК ІЗІ»

ФСБ-ның бұрынғы полковнигін радиоактивті полоний-210-мен улап өлтіруге байланысты жүргізілген тергеу қорытындысына ол кітаптың ағылшын тілінде «Uzbek file» («Өзбек ізі») деп аталатын тарауы тіркелген.

Александр Литвиненко бұл тарауда Ресей президенті Владимир Путин және ФСБ басшылығы Ғафур және Сәлім деген өзбекстандық «авторитеттермен» тығыз байланыста болған деп жазады.

«Өзбек ізі» деген тарауда Литвиненко аталған адамдардың тегін көрсетпейді, бірақ ол келтірген айғақтар оқырманды кітапта кімдер туралы жазылғаны жайлы қорытындыға жетелейді.

«Путин Өзбекстан қылмыс әлемі серкелерімен байланыста болған» деп мәлімдеген Литвиненко өз кітабында 1990 жылдары болған оқиғаларды сипаттайды.

Литвиненконы улауға қатысы бар деген күдікке ілінген ресейлік саясаткер Андрей Луговой. Мәскеу, 1 қараша 2007 жыл.
Литвиненконы улауға қатысы бар деген күдікке ілінген ресейлік саясаткер Андрей Луговой. Мәскеу, 1 қараша 2007 жыл.

Лондон соты баяндамасына тіркелген «Өзбек ізі» деп аталатын файлда 1990 жылдары Орталық Азиядан Ресейге, ал ол жақтан Батыс Еуропаға есірткі тасымалдауды Ғафур есімді бандит басқарған қылмыстық топ бақылауда ұстаған деп көрсетілген.

Литвиненконың мәлімдеуінше, Ғафур ФСБ басқармасы бастығы Евгений Хохольковтың көмегімен Өзбекстан арқылы Ресейге есірткі тасымалдауды реттеп отырған. Хохольков, Литвиненконың жазуынша, совет заманында Өзбек ССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде (КГБ) жұмыс істеген әрі сол кезде Өзбекстанның қылмыс әлемі басшылары Ғафурмен және «Тайванчик» деген лақап аты бар Алик Тохтахуновпен тығыз байланыста болған.

(Өзге дереккөздерде Евгений Хохольков 1950 жылы Өзбекстанда туып, 1990 жылдардың басына дейін Өзбек ССР КГБ--сында жұмыс істеген деп көрсетілген – ред.)

ҒАФУР МЕН ХОХОЛЬКОВТЫҢ ВИДЕОЖАЗБАСЫ

Литвиненконың жазуынша, Ғафур негізгі есірткі жеткізуші – Өзбекстанда туған ауған генералы Абдул Рашид Дустуммен тығыз байланысының арқасында бұл «салаға» толық бақылау орнатқан.

Литвиненко Совет одағы ыдырағаннан кейін Өзбек ССР КГБ-сынан Мәскеудегі ФСБ-ға ауысқан Евгений Хохольковтың есірткіні Ресей территориясы арқылы қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз еткенінің дәлелі ретінде бір эпизодты келтіреді.

Тәжік тобын бақылауында ұстаған, кейін Испанияда өлтірілген Алмаз лақап есімді қазақстандық авторитет Ғафурдың негізгі бәсекелесі болған.

Ресей ішкі істер министрлігіне (ІІМ) қарасты ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының Платонов деген лауазымды шенеунігіне сілтеме жасаған Литвиненко кітабында Хохольков пен Ғафур бірге отырып түскен видео туралы жазады. Оның жазуынша, тәжік тобын бақылауында ұстаған, ал кейін Испанияда өлтірілген Алмаз лақап есімді қазақстандық авторитет Ғафурдың негізгі бәсекелесі болған.

«Бұл топтар бір-бірімен үнемі егесіп қалатын, сондықтан авторитеттер жағдайды соғысқа жеткізбей, мүмкіндігінше ымыраға келу үшін жиын өткізетін. Хохольков сондай жиындардың бірінде «техникаға түсіп қалған». Әлгі техниканы РУОП (аймақтық ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы – ред. ) агенті орнатқан болатын. Платоновтың айтуынша, әлгі жиында өзбектер тәжіктерден «сатқан тауар мен Ресей арқылы өткізуден түскен табыстан үлес төлеңдер»деп талап еткен. Алмаз «бұл – тым көп әрі не үшін төлеуге тиіспіз» деп қарсы шыққан. Ал Ғафур оған «Ресейде бәріңді қорғаймыз, егер Алмаз келіспесе, пәлеге тап болады, өйткені өзбектердің Ресейде өз адамдары бар» деген. Екеуі сөзге келіп, Алмаз Ғафурдан «Бізді кім пәлеге ұрындырады? Сен бе?» деп сұраған. Осы тұста Хохольков «Бәріңе мен пәлені көрсетемін» деген. Платоновтың айтуынша, ІІМ басшылығы әлгі жазбаны сейфінде ұстаған» деп жазады Литвиненко.

Оның сөзінше, ІІМ-де сақталған өзге видеожазбалардың бірінде Ғафурдың ФСБ генералы Хохольковқа ақша беріп жатқан сәті түсірілген.

«ПУТИН ӨЗБЕКТЕРДЕН БАЯҒЫДАН БЕРІ ҮЛЕСІН АЛАДЫ»

«Ресей президентінің Өзбекстан қылмыс әлемі авторитеті Ғафурмен байланысы» жайлы мәлімдеген Литвиненко 1998 жылы ФСБ директоры болып тағайындалған Владимир Путинге генерал Хохольков пен өзбекстандық қылмыстық топқа қатысты қозғалған істі қалай бергенін еске алады. Путин әлгі материалдарды алған, бірақ көп ұзамай Литвиненконы ФСБ-дан шығарып жіберген. 1999 жылы Александр Литвиненко қызмет өкілеттігін асырды деген айыппен тұтқындалған.

«Путин мен Хохольков командасы Путин Питердің экономика жөніндегі вице-мэрі болып Собчактың жанында жұмыс істеген кезден бері жақын араласатынын анықтадым. Оның айтуынша, ол мұндай ұйғарымды өзінің жақын серігі әрі «Путиннің жақын адамдарының бірі, Путин президенттікке сайланғанан кейін оның экономика жөніндегі көмекшісі болған» Давид Двалиден естіген жайттардан кейін жасаған. Литвиненконың жазуынша, 1990 жылдары Давид Двали Путиннің Санкт-Петербург мэриясындағы сенімді өкілі болған.

«Екеуміз мен түрмеден шыққаннан кейін кездестік. Ол маған «Путин сені жаншып тастайды, саған ешкім көмектесе алмайды. Өйткені олар өзбек командасымен Питерден бері әріптес. Путин ол жігіттерден баяғыдан үлесін алып келеді. Ол жақта ортақ ақша, сондықтан олар сені құртады дейді» деп еске алады Литвиненко кітабында.

Давид Двалиді 2000 жылы сәуірде Мәскеудегі үйінің подьезі алдында атып кеткен.

ӘЙЕЛІ ГИМНАСТИКА ҚҰРАМАСЫНЫҢ ТРЕНЕРІ БОЛҒАН ӘЛІШЕР

Александр Литвиненко «Лубянканың қылмыстық тобы» деген кітабында Орталық Азиядан есірткі тасымалдау жолын бақылауында ұстаған Ғафур есімді криминалдық авторитеттің тегін көрсетпеген.

(Бірақ АҚШ үкіметі Орталық Азия аймағында заңсыз есірткі саудасын бақылауда ұстаған адам ретінде Өзбекстан қылмыс әлемінің басшысы Ғафур Рахимовқа санкция салған. Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметі Литвиненко кітабында дәл осы Ғафур Рахимов туралы жазды деп кесімді түрде айта алмайды – ред.)

Алик (Алимжан) Тохтахунов - "Тайванчик".
Алик (Алимжан) Тохтахунов - "Тайванчик".

Литвиненконың жазуынша, Алик Тохтахунов пен Әлішер деген адам Ғафурдың Мәскеудегі сенімді өкілдері болған. Бұрынғы чекистің кітабында Әлішердің де тегі көрсетілмеген. Бірақ Литвиненконың кітабында Әлішердің келіншегі гимнастика құрамасының аға жаттықтырушысы болғаны айтылады. «УСБ-ның (ішкі қауіпсіздік басқармасы – ред.) жедел ақпаратына сәйкес, Әлішер Сергей Ястржембскийдің (Ресейдің бұрынғы президенті Борис Ельциннің баспасөз хатшысы), Хохольков пен қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары әрі қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Андрей Кокошиннің жақын досы болған. Гимнастика құрамасының аға жаттықтушысы болған әйелі Әлішерді түрмеден сегіз жыл күткен. Ол Шамиль Тарпищевпен және спорт министрі Иванюженковпен, Подольск қылмыстық тобының лақап аты – Ратан деген мүшесімен әйелі арқылы хабарласып тұрған» деп жазады Литвиненко.

«ҰШАҚ ҚОНДЫ, АЛ СӘЛІМ ЖОҚ...»

Литвиненко кітабында Хохольковке 1993 жылы Ресей ФСБ-сына қарасты контрабанда және коррупциямен күрес басқармасында жұмыс істеген кезде алғаш назар аударғанын еске алады. Литвиненко ол кезде Мәскеуге Хохольков сияқты Өзбекстан КГБ-сынан ауысып келген полковник Костюков пен подполковник Вагановтың қарамағында жұмыс істеген.

Ол кезде оперативтік қызметкер болып жұмыс істеген Литвиненкоға бірде Өзбекстанның қылмыс әлемінің лақап есімі Сәлім деген жетекшілерінің бірін ұстауды ұйымдастыруды тапсырады.

«Сәлім Мәскеуге ұшып келе жатыр екен деген жедел ақпарат алдық. Оны ұстауға жиналып жатқанбыз. Ваганов «Қайда барасыңдар?» деп сұрады. «Сәлімді ұстауға» деп едік, ол «Кімді? Кімді?» деді де, біреуге телефон соғу үшін кабинеттен жүгіріп шығып кетті. Ұшақ келіп қонып, жолаушылардың бәрі шықты, ал Сәлім жоқ. Ұшақты түгел тінттік, жоқ болып шықты. Ваганов біреуге ескертіп үлгерген сияқты. Ұшақты орта жолдан кері қайтарғаны кейін белгілі болды. Ұшақты қондырып, Сәлім түскен соң қайта ұшырған» деп жазады Литвиненко.

(Александр Литвиненко «Лубянканың қылмыстық тобы» деген кітабында Сәлім есімді криминалдық авторитеттің тегін көрсетпеген. Бірақ АҚШ дипломатының WikiLeaks қолдауымен жарық көрген каблограммаларының бірінде өзбекстандық авторитет Сәлім Абдувалиевтің есімі көрсетілген. Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметі Литвиненко кітабында дәл осы Сәлім Абдувалиев туралы жазды деп мәлімдей алмайды – ред.)

ЛИТВИНЕНКО АЛҒАШҚЫ ҚҰРБАН ЕМЕС

Ресей ФСБ-сының бұрынғы полковнигі, 2006 жылы Лондонда радиоактивті затпен улап өлтірілген Александр Литвиненко «Лубянканың қылмыстық тобы» кітабының «Өзбек ізі» тарауында Путиннің наркомафиямен, оның ішінде Өзбекстан қылмыс әлемінің серкесі Ғафурмен байланысы туралы болжамдары өз пайымдауы екенін жазады. Бірақ оның жазуынша, әлгі пайымдаулары қолында бар оперативті деректерге негізделген.

Британ судьясы сэр Роберт Оуэн. Лондон, 20 қаңтар 2015 жыл.
Британ судьясы сэр Роберт Оуэн. Лондон, 20 қаңтар 2015 жыл.

Сэр Роберт Оуэн баяндамасында Литвиненконың «Лубянканың қылмыстық тобы» кітабы мен Ресей президентінің қылмыстары жайлы жазған өзге кітаптары оны қастандықпен өлтіруге түрткі болуы әбден мүмкін деген ұйғарым келтірілген.

Литвиненконың мәлімдеулерінің растығын көрсететін мәліметтер өзге дереккөздерде де бар. Ресей мемлекеттік думасының депутаты, «Новая газета» басылымы бас редакторының орынбасары Юрий Щекочихин 1998 жылы бас прокуратураға, президент әкімшілігі мен Ресей ФСБ-сы директорына Өзбек ССР-і мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Евгений Хохольковке қатысты сауал жолдаған.

Депутат Юрий Щекочихин жолдаған сауалда мына сияқты сұрақтар бар:

Ресейлік журналист Юрий Щекочихин.
Ресейлік журналист Юрий Щекочихин.

1. Е.Г.Хохольков ФСБ-ға басшылық қызметке тағайындалғанға дейін Өзбекстан КГБ-сында жұмыс істегені рас па?

2. Өзбекстан КГБ-сы ФСК (қазіргі ФСБ-ның сол кездегі атауының аббревиатурасы) басшылығының Хохольковты жұмысқа алу ниетін естігеннен кейін ФСК басшылығына әшкерелейтін материалдар барын ресми түрде ескерткені және ФСК-ның ішкі қауіпсіздік басқармасының бір топ қызметкері Өзбекстанға ұшып барып, тексеру жүргізгені рас па?

...

6. Хохольковты әшкерелейтін өзге материалдардың рас-өтірігі, атап айтқанда оның өзбекстандық «авторитеттер» Ғафур мен Сәліммен байланысы расталды ма?

Юрий Щекочихинді сол депутаттық сауалды жөнелткеннен бес жыл өткенде – 2003 жылы улап өлтірген.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG