"ЗАҢДА ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН"
Озық демократиялы елдердің барлығында дерлік сайлау және референдумнан кейін әрбір округтегі, тіпті учаскедегі дауыс беру нәтижесін көруге болады. Оны не орталық және аймақтық сайлау комиссияларының сайтында жариялайды, не талап еткен зерттеушілер мен журналистерге береді. Бұл деректерді кейде интерактивті карта күйінде, кейде кесте немесе хаттаманың скан-көшірмесі күйінде ұсынады.
Қазақстан орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлау мен референдум өткен соң дауыс берудің нәтижелерін жарияларда республикалық және облыстық деңгеймен шектеледі. Аудандық немесе учаскелік сандар айтылмайды.
Мынадай бір шартты жағдайды елестетіп көрелік. Сіз бар болғаны 100 ғана дауыс берушісі бар шағын ауылда тұрасыз делік. Ауыл болған соң, бірі сыныптас, бірі ағайын, бірі көрші болатыны түсінікті және кімнің қалай дауыс беретінін де шамалап білуге болады. Кешке бюллетень саналып, сіз таңдаған кандидатқа нөл немесе бір-екі дауыс берілген болып шықса, сіз ол нәтижені даулайсыз. Өйткені ол кандидатқа кемі сіз және сіздің отбасыңыздағы шартты түрде бес адам дауыс бергені сізге белгілі. Сол себепті шағын учаскелердің нәтижесін ашықтан-ашық бұлай бұрмалау қиындай түседі.
Қазақстанда дауыс беру кезіндегі экзит-полды, яғни, кімнің қалай дауыс бергенін сұрайтын сауалнаманы мемлекет мақұлдаған ұйымдар ғана жүргізеді. Тәуелсіз зерттеу ұйымдары оған рұқсат ала алмай жатады. Оның үстіне байқаушы болуға да кедергілер күшейіп отыр. Байқаушы ұйымға қойылатын талап қатаңдатылып, кей учаскеде тәуелсіз байқау ұйымдарының өкілдерін "орын жоқ" деген сылтаумен кіргізбей қояды. Осындай қиындықтарға қарамастан, кей байқаушылар жекелеген учаскелерді бақылап жүр және кейде сол учаскелерде нәтиже республикалық көрсеткіштен едәуір өзгешеленіп қалады. Екі түрлі облыстағы екі учаскені салыстырғанда, статистика ғылымы бұл алшақтықты қабылдауы мүмкін. Бірақ мұндай алшақтық қатар тұрған екі учаскеде болса, онда статистикалық аномалия белгісі пайда болады. Әрі мұндай аномалияны барлық учаске нәтижесі жарияланса ғана байқай аласыз.
Яғни, барлық учаске нәтижесін бір жерге топтастырып жариялау бұрмалау белгілерін көрсетіп қояды. Демек, мұндай деңгейдегі ашықтық бұрмалауды белгілі бір деңгейде тежей алады. Сол себепті болса керек, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жанындағы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) Қазақстанға бұл деректі жариялауды ұсынған.
"Территориялық сайлау комиссиялары (ТСК) мен учаскелік сайлау комиссияларындағы (УСК) партиялар бойынша өкілдіктердің көрсетілуі, әр учаскедегі сайлаушы саны, әр учаске бойынша сайлау нәтижелері, мекенжай анықтамаларының саны, сайлау күні тізімге енгізілген сайлаушы саны және ТСК мен УСК деңгейлерінде қайта санауды жүргізу саны сияқты сайлауға қатысты маңызды мағлұматты ОСК заңды түрде жариялауға міндетті болмағандықтан, сайлау үрдісінің айқындығы шектеулі болды. Транспаренттік пен есеп беруге міндеттілікті нығайту үшін ОСК онлайн және қолайлы форматта сайлауға қатысты барлық ақпаратты топтастырылған және түйіндеме түрінде жариялауы қажет" деді ДИАҚБ Қазақстандағы 2019 жылғы президент сайлауы жайлы есебінде.
Бұл ретте Қазақстан көршісі Қырғызстанның тәжірибесін атап өтуге болады. Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының ресми сайтына кіріп, сайлау бөліміне өтсеңіз, кейінгі науқандардағы әрбір учаске нәтижесін хаттама күйінде көре аласыз. Ал Қазақстанға осылай істеуге не кедергі? Азаттық мұны 15 наурыздағы референдум қарсаңында ОСК басшылығынан сұрады.
– Заң бойынша, осы учаскелердің әрбірінде дауыс беруге қатысып отырған байқаушылар дауыс беру нәтижесі туралы хаттаманы сұрау бойынша ала алады. Сонымен қатар, дәл осы хаттаманың көшірмелері жұртқа көрінетін жердегі арнайы ақпараттық стендтерге, тақталарға қойылады. Біз учаскелерді аралаған кезде осы тақталардың болуын қадағаладық. Олардың барлығында осы тақталар бар, арнайы орындарды белгілеп қойған. Ал енді сіз айтып отырған барлық хаттамаларды жинақтап, оны электрондық бағытта жинақтау заңда көзделмеген, – деді ОСК мүшесі Азамат Айманақұмов комиссияның 10 наурыздағы жиынында.
Азамат Айманақұмов бұл жерде сайлау туралы заңның 43-бабындағы 8-тармақтың 3-бөліміне сілтеп тұр. Онда "Хаттаманың көшiрмесi жалпы жұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнiң үй-жайындағы арнайы белгiленген орынға дереу iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады" деп жазылған. Заңның бұл талабының өзі қаншалық орындалып отыр?
"ХАТТАМА ПЛОМБАЛАНҒАН ӘЙНЕКТІҢ АРҒЫ ЖАҒЫНДА ТҰРУЫ КЕРЕК"
Журналист Бақытнұр Әлібай 2023 жылы Астана қаласындағы №14 округтан мәслихат депутаттығына кандидат болып сайлауға түскен. Округта барлығы 23 учаске болса, соның 13-інде Бақытнұрдың сенімді өкілі болған. Дауыс беру аяқталғанда, "сол 13 учаскенің тек төртеуінің ғана хаттамасын ала алдық" дейді ол.
– Енді өзіміз келесі күні аралап, басқа учаскелерде заң бойынша ілініп тұруы керек болған соң, таңертең сайлау учаскесі тұрған мектеп ғимараттары, басқа да нысандар ашылғаннан кейін барып қарадық. Біз [ілінген хаттама] көрмедік. Сол күні таңертең көрдік, оның видеофиксациясы болды, түсте барып көрдік – болмады, кешке барып көрдік, болған жоқ. Келесі күні тағы бардық. Тағы да жоқ болды, – деді Бақытнұр Әлібай Азаттыққа.
15 наурыздағы референдумның ертесіне Азаттық журналисі Астанадағы 10 сайлау учаскесіне барып, оның бірде-бірінен стендке ілінген дауыс беру нәтижесі жөніндегі хаттаманы таппады. Азаттық Орталық сайлау комиссиясына осы жөнінде сауал жолдап еді, мекеме аталған 10 учаскенің бәрінде хаттама ілінгенін, референдум комиссиясы жұмыс уақыты аяқталған соң учаскедегі заттарға жауапты емесін айтты.
ОСК бұл жауабын Бақытнұр Әлібайға да айтқан. Ол бұған разы емес.
– Оны нақты бір сайлау заңына, конституциялық заңға кәдімгі бір регламенттеп бекіту керек сияқты. Ол міндетті түрде арнайы орында кәдімгі ашылмайтын, пломбаланған әйнектің арғы жағында тұруы керек сияқты. Сонда ол жауапкершілік белгілі бір тұлғаларда болады.
Бақытнұрдың сөзінше, Қазақстан билігі әзірге бұл деректі жария етуге құлықсыз болып отыр.
– Бұлар фальсификация кезінде кейбір жайттарды есептей алмай қаламыз ба деген ойдан қорқады. Бір адам отбасымен сегіз адам болып келіп, бір кісіге дауыс беріп кетуі мүмкін. Ол дауысқа сәйкес келмей қалса, шудың көкесі сонда шығады. Сондай сәттерден қорқады деп ойлаймын, – дейді ол.
"САЯСИ ЖҮЙЕ САЙЛАУДЫ АШЫҚ ЖӘНЕ ӘДІЛ ЕТКІСІ КЕЛМЕЙДІ"
Бұл пікірді сайлау процедурасын зерттейтін әлеуметтанушы Серік Бейсембаев та қуаттап отыр. Азаттық онымен осы мәселе жөнінде сұхбат құрды.
Азаттық: Қазақстан орталық сайлау комиссиясы сайлау және референдум кезінде жекелеген учаскелердің нәтижелерін топтастырып жарияламайды. Ал халықаралық ұйымдар бұл дерек ашықтық үшін керек дейді. Қазақстан бұл ұсынысты неге орындамайды?
Серік Бейсембаев: Мұның түпкі себебі – саяси мақсатында. Яғни, елдегі сайлаудың ресми нәтижелері, олардың бұрмалануына жол ашатын бірден-бір тәсіл. Сайлау нәтижелерін тек облыстық не қалалық деңгейде жариялау және әр учаске бойынша нәтижені білмеуіміз ол соңғы нәтижені азаматтық қоғам тарабынан тексеруге ешқандай мүмкіндік бермейді. Осылайша біз әр учаскеде қалай дауыс берілді, кім жеңді, кім жеңілді деген мәселеде ақпараттық тұрғыдан қолымыз байлаулы және ол ресми мәліметті тексеруге мүмкіндік бермейді. Осылайша сайлау комиссиясы жариялайтын сайлау нәтижесін тек қана шындық деп қабылдасын деп оны қайта қарауға мүмкіндік бермеудің бір жолы және бұл расында халықаралық стандарттарға қайшы дүние және, өкінішке қарай, елдегі сайлаудың әділ өтпеуін қамтамасыз етіп отырған жағдай да осымен байланысты.
Саяси жүйе сайлауды ашық және әділ еткісі келмейді.
Азаттық: Саяси себеп деп нені меңзеп тұрсыз? Тарқатып айтып бере аласыз ба?
Серік Бейсембаев: Бұл – жабық саяси жүйенің жалпы сайлау процесін барынша өз бақылауында ұстау мақсатында жасалған қадам. Саяси жүйе сайлауды ашық және әділ еткісі келмейді. Оның қоғам тарабынан, азаматтар тарабынан тексерілуіне мүмкіндік бермейді. Мұның ар жағында техникалық кедергіні көріп тұрған жоқпын. Қазақстан ақпараттандыру жағынан бірінші орында деп мақтанамыз. Бірақ дәл осы сайлауға келгенде мәлімет өте аз. Мәселе тек парламент немесе президент сайлауына ғана емес, кейінгі әкім сайлауында да ақпарат аз болды.
Азаттық: Мұндай учаскелік немесе шағын аудандық нәтижелерді жариялау не үшін маңызды деп ойлайсыз?
Серік Бейсембаев: Бұл – ең алдымен кез келген сайлаудың әділ өткенін, дауысымыздың ұрланбағанын тексеруге жол ашатын мүмкіндік. Ол сондай-ақ осы сайлауға деген сенімді қалыптастырады.
Әр учаскедегі дауыстарды тексеру арқылы тәуелсіз бақылаушылар, азаматтық қоғам, партиялар сайлаудың әділ өткенін құжат күйінде растай немесе терістей алады. Кейін апелляцияға беретін болса, жүгінуге жарайтын дереккөз болады.
Ал ол болмағаннан кейін біз тек қана тәуелсіз бақылаушылар жинаған материалдарға қарап қана баға бере аламыз. Бірақ соның өзіне, өкінішке қарай, қол жете бермейді. Тәуелсіз байқаушылар барлық учаскені бақылай алмайды. Екіншіден, ресми құжатқа қарағанда оның салмағы аз.
Қазақстан алда сайлау жүйесін өзгертуге бет бұратын болса, онда ең алдымен әр учаске бойынша деректер қол жететіндей әрі ашық болуын талап ету керек.
Азаттық: Әрбір учаске бойынша деректерді жинаған кезде өте ауқымды дерек шығады. Кейбір елдерде оны хаттамалардың көшірмесі түрінде жинайды. Кейде Microsoft Excel кестесі түрінде ұсынады. Интерактивті картада көрсететіндер бар. Мұндай деректің әлеуметтік зерттеу тұрғысынан маңызы қандай? Одан не білуге болады?
Серік Бейсембаев: Бұл, расында да, қоғамдағы көңіл күйдің бірден-бір индикаторы деуге болады. Өйткені мұндай мәліметтерге сүйене отырып, қоғамдағы саяси сұраныс қандай, протестік көңіл күй қандай, саяси белсенділік қандай, тіпті саяси құндылықтар қандай – осы сұрақтарға жауап алуға болады.
Басқа елдерде бұл дерек осы мақсатта жиі пайдаланылды. Ол жақта сайлау нәтижелері ондаған жыл бойы жинақталып, қоғамдағы көңіл күй динамикасын бағалауға мүмкіндік береді.
Бұл тек зерттеушілерге ғана емес, елдегі саяси күштер үшін де өте құнды мәлімет көзі болар еді. Сайлауға қатысамын десеңіз, өз электоратыңыздың көңіл күйін білуіңіз керек. Ал зерттеу жүргізу өте қымбат әрі қиын. Ал мұндай деректер болса, сайлау науқанын ұйымдастыруға зор мүмкіндік болар еді.
Біздің қоғам қара жәшік сияқты ғой.
Азаттық: Оның үстіне бір облыс бір партияға дауыс беріп, бірақ ішінен санаулы учаске, санаулы аудан басқа кандидатқа, басқа партияға дауыс берсе, сол партиялардың өзіне қызық болар еді дейсіз ғой.
Серік Бейсембаев: Әрине. Біздің қоғам қара жәшік сияқты ғой. Өкінішке қарай, қоғам ішінде не болып жатқанын, азаматтардың көңіл күйін біле алмаймыз. Ал сайлау — қоғаммен байланыстың тікелей механизмі. Демократиялық елдер үшін әрбір сайлау науқаны – қоғамдағы күн тәртібін, қоғамдағы талап-тілектерді анықтауға мүмкіндік беретін механизм. Осы механизм дұрыс жұмыс істеген кезде саяси жүйе мен адамдар арасында жақсы байланыс орнайды және осы байланыс арқылы мемлекет дамуға мүмкіндік алады. Өйткені мемлекеттің алға жылжуы осы қоғамдық сұранысты тікелей орындауға, соған сәйкес жұмыс істеуге байланысты.
Азаттық: Сондай-ақ, учаскелік нәтижелер статистикалық аномалияларды анықтауға мүмкіндік беретіні айтылады. Ол қандай аномалия? Мысал келтіріп түсіндіре аласыз ба?
Серік Бейсембаев: Сайлаудағы учаске нәтижелері статистикалық заңдылыққа бағынуға тиіс. Пайыз тұрғысынан дұрыс бөліну деген түсінік бар. Статистика заңы бойынша, үлкен сандар бар жерде пайыздың дұрыс не бұрыс бөлінгенін байқауға болады. Яғни одан бұрмалау болған-болмағанын біле аласыз. Оған арналған статистикалық өлшемдер мен құралдар бар.