Accessibility links

Шағым айтқан науқастарын сотқа тартқан СПИД орталығы жеңіліс тапты


СПИД-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың Теміртаудағы бөлімі. Архив
СПИД-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың Теміртаудағы бөлімі. Архив

Қарағандыда ВИЧ дертіне шалдыққандар мен СПИД орталығы арасындағы азаматтық іс аяқталды. Орталық науқастардың шағымында ұйымның беделіне нұқсан келтіретін мәлімет бар деп сотқа жүгінген еді. Сот үкімі шықты: істе жауапкер болған науқастар жеңіп шықты.

"БЕДЕЛІНЕ НҰҚСАН КЕЛТІРМЕДІМ"

Бұл оқиға ВИЧ дертіне шалдыққан әйел СПИД орталығындағы қызмет сапасына шағым түсірген соң басталған. Ол көмек сұраған соң, бұл іске қоғам белсенділері де араласқан. Содан кейін СПИД орталығы оларды "ұйым беделіне нұқсан келтірді" деп сотқа жүгінген.

Жауапкер атанған әйел сот ісі басталардың алдында дімкәстігі меңдеп, өлім аузында болғанын айтады.

– Ем сапалы болса, бұлай жиі жазбас едім. Қазір бет әлпетім бүлінген, көзім көрмейді, құлағым естімейді. Орталық мені терапевтке жіберді, ол ВИЧ-ке шалдыққанымды айтып, қайтадан орталыққа "лақтырды". Бәрі менен қорықты. Олардың "беделіне нұқсан келтіріп" жатқан жоқпын, олардың жұмысқа жауапты қарағанын ғана қалаймын. Орталық мынаған міндетті емеспіз, ананы істемейміз дейді, сонда немен айналысады? – дейді сот ісіне үшінші тарап ретінде тартылған науқас.

СПИД-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық сотқа арыз бергенде оны үшінші тарап ретінде көрсеткен. Орталық жауапкер ретінде "Қанатты жүрек" қоғамдық қоры мен оның екі өкілін атаған. Ол екеуінің бірі осы орталықтан ем алады.

ВИЧ дертіне шалдыққан науқастар мен қоғам белсенділері шағымы Қазақстан президентінің көмекшісі Тамара Дүйсеноваға, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасына жолданған еді. Орталық ондағы деректер ұйымның "абырой-беделіне нұқсан келтіретінін" айтып, оны жоққа шығаруды талап еткен.

СОТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Сот отырыстары эмоцияға толы болды. Қазақстанда ВИЧ инфекциясына шалдыққан науқастарды көбіне сотқа бермейтіндіктен, бұл іс қоғамда резонанс туғызды.

Сотта орталық өкілі қоғам белсенділері мен науқастар жазған шағымдағы деректер СПИД орталығының беделіне нұқсан келтіретінін, сот бұл ұйымды "бассыздықтан" құтқаруға міндетті екенін айтты.

– Бұл жазасыз қалмауы керек, дәрігерлер жұмысын істеп, борышын атқарып жатыр. Ал бұл – жақсылықты бағаламау, – деді сот отырысында орталық өкілі.

Сот отырысында СПИД орталығының қызметкері ұйымның тек ВИЧ инфекцияны емдеумен айналысатынын айтты. Оның пікірінше, шағым түсірген қоғамдық қор "орталық жұмысына араласуға тырысқан".

– Бізге қатысы жоқ аурулар бар, бұл процеске өз еркімізбен араласа алмаймыз. Тек адамды емханаға жіберу арқылы жанама әсер ете аламыз. Науқастар (шағым айтып. – Ред.) жүгіне алады, бірақ алдымен осында келеді, оларға түсіндіреміз, анықтаймыз, содан кейін олар әрі қарай жазады. Бұл шағымдардың бәрі негізсіз, сондықтан да сотқа берді, – деді СПИД орталығының өкілі.

Жауапкерлердің адвокаты өз кезегінде орталықтың дәлелі эмоцияға негізделгенін, шағым мен өтініштердің СПИД орталығы мен дәрігерлердің беделіне нұқсан келтіретініне дәлел жоқ екенін айтты.

– Ресми органдарға жүгіну беделге нұқсан келтіретін нәрсе емес. Адам өзінің жеке пікірін білдіріп жатыр. Егер бұл пікір расталмаса, жақсы — расталмайды. Адамдар тиісті мемлекеттік органдарға жүгініп, олардың жұмысына көңілі толмайтынын білдіру деген сияқты құқығын жүзеге асырады. Дәрігерлер Гиппократ антын қабылдаған, олар емделушіге тілеулес болуы керек, адамдардың шағым түсіруіне дейін жеткізбеуі керек, – деді жауапқа тартылғандардың өкілі.

24 қаңтарда сот орталықтың арызын қанағаттандырмады.

– Шағымдардың расталмағанына қарамастан, бұл – азаматтардың өз құқығы аясындағы әрекет. Сұрақ қою сипаты бар. Сот отырыстарында бұл шағымдардан соң СПИД орталығы қызметкерлерінің жауапқа тартылмағаны анықталды, бұл шағымның ешқандай салдары болмаған. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, азаматтар [мемлекеттік органдарға] әртүрлі мәселелермен жүгіне алады, ал мемлекеттік органдар шағым расталмаса да, жауап беруі керек, – деп түсіндірді сот шешімін судья Динара Таңсықбаева.

Орталық апелляцияға бере ме, ол жағы белгісіз.

Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған адамдар медицина сапасына, дәрі-дәрмекпен қамтуға және оларға заң аясында көрсетілетін басқа да қызметтерге сирек шағымданады. Қоғам белсенділерінің айтуынша, науқастар ВИЧ дертіне шалдыққанын жариялағысы келмейді.

2021 жылғы 1 қарашадағы ахуал бойынша, Қарағанды облысында ВИЧ дертіне шалдыққан 3720 адам бар (Ал Қазақстан бойынша 2020 жылдың соңында 26 709 науқас болған). Кейінгі он айдың ішінде науқастар саны 342 адамға көбейген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG