Accessibility links

АҚШ-та газет редакциясына шабуылдан бес адам қаза тапты


Қарулы шабуыл жасалған Capital Gazette басылымы редакциясы маңында тұрған адамдар. Аннаполис қаласы, Мэриленд штаты, 28 маусым 2018 жыл.
Қарулы шабуыл жасалған Capital Gazette басылымы редакциясы маңында тұрған адамдар. Аннаполис қаласы, Мэриленд штаты, 28 маусым 2018 жыл.

АҚШ-та басылым редакциясына жасалған қарулы шабуылдан бес адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Полиция қылмысқа күдіктіні ұстаған.

Қарулы шабуыл маусымның 28-і күні Мэриленд штаты Аннаполис қаласындағы Capital Gazette басылымы редакциясына жасалған. Мылтық ұстап, түтіндеткіш құтылармен келген ер адам редакциядағы кісілерге оқ атқан.

Шабуыл салдарынан редакцияның бес қызметкері – екі тілші, екі редактор және менеджер қаза тауып, бірнеше адам зардап шеккен.

Полиция күдіктіні редакция ғимаратынан ұстағаны туралы хабарланды.

CBS телерадиокомпаниясы ұсталған адам – 2012 жылы Capital Gazette басылымындағы мақалаға байланысты редакцияны "жала жапты" деп сотқа берген Мэриленд штатының 38 жастағы тұрғыны Джеррод Рамос деп хабарлады. Сот Рамостың ол арызын қанағаттандырудан бас тартқан.

Бұған дейін жергілікті полиция өкілі Райан Фрейшур қылмысқа күдікті ретінде ұсталған адамнан ұзын ұңғылы атыс қаруы алынғаны туралы хабарлаған. NBC телеарнасының мәліметінше, аты-жөнін айтудан бас тартқан және өзінің саусақтарын зақымдаған күдіктіні полиция адамды бет-әлпетінен танитын технологияның көмегімен анықтаған.

Ұсталған адамнан қарумен бірге жалған гранаталар мен жарылғыш затқа ұқсас құрылғы табылған. Полиция ол құрлығыны зерттеуге жіберген.

АҚШ президенті Дональд Трамп Аннаполистегі шабуыл туралы хабардар болғаны туралы Twitter парақшасына:

"Мэриленд штатындағы Аннаполисте Capital Gazette басылымындағы атыс туралы маған хабарлады. Құрбан болғандар мен олардың отбасыларына дұға қыламын. Қазір оқиға орнында жүрген жедел қызмет өкілдеріне рахмет", - деп жазды.

Бұған дейін, мамырдың 10-ы күні АҚШ-тың Техас штатындағы Санта-Фе қаласында мектепке жасалған қарулы шабуылдан он адам қаз тауып, қылмысқа күдікті ретінде 17 жастағы жігіт тұтқындалған. Ақпанның 14-і күні Флорида штатындағы Поркленд қаласындағы мектепте 17 адам оққа ұшқан. Ол қылмысқа күдікті ретінде осы мектептің 19 жастағы бұрынғы оқушысы ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG