Accessibility links

Каримовтің бейнесі бар зат сатушыларды ұстады


Самарқанда кәсіпкерлер сатып отырған Өзбекстан тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің бейнесі мен "сөзі" жазылған заттардың бірі.
Самарқанда кәсіпкерлер сатып отырған Өзбекстан тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің бейнесі мен "сөзі" жазылған заттардың бірі.

Самарқанда Өзбекстанның тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің бейнесі салынған кәдесый сатушыларға қарсы рейд жүргізілді. Саудагерлер табыс әкелетін әлгіндей заттарды сатумен күнкөріс үшін айналысатынын айтады.

КАРИМОВТІҢ БЕЙНЕСІ МЕН АЙТПАҒАН "СӨЗІ" БАР КӘДЕСЫЙ

Мамырдың 20-сы күні Самарқандағы Ислам Каримов атындағы көшеде (бұрын Ташкент көшесі болған) жүргізілген рейд барысында жергілікті билік өкілдері Өзбекстанның тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің бейнесі басылған күнтізбе, құттықтау хат (открытка), магнит тәрізді заттар сатып отырған кәсіпкерлерді заң бұзушылар ретінде ұстаған. Бірақ ертеңінде әлгі саудагерлер бұрынғы орындарына қайта жайғасқан.

Мамырдың 22-сі күні Самарқан облысы мәдениет және спорт басқармасының қызметкері Азаттықтың Өзбек қызметіне ("Озодлик") қалалық әкімдік, салық инспекциясы, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемесі және облыстық ішкі істер басқармасына қарасты жол-патруль қызметі қызметкерлерінің бірлескен рейді кезінде елдің тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің бейнесі басылған кәдесыйларды сатумен айналысқан 12 дүкен иесіне айыппұл салынды деп хабарлады.

– Рейд кезінде заңсыз саудамен айналысқан ондаған кәсіпкерге айыппұл салынды. Оларға бірінші президенттің бейнесі басылған сувенирлерді заңсыз сатумен айналысты деген айып тағылды. Олар сатып жатқан компакт дискілер, портреттер мен күнтізбелердің бәрі тәркіленді, - дейді облыстық мәдениет және спорт басқармасының өзін таныстырмаған шенеунігі.

Өзбекстанның тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің бейнесі салынған кәдесый заттарын сатушылар. Самарқан, мамыр, 2018 жыл. (Блогер Ташпулат Рахматуллаев түсірген фото.)
Өзбекстанның тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің бейнесі салынған кәдесый заттарын сатушылар. Самарқан, мамыр, 2018 жыл. (Блогер Ташпулат Рахматуллаев түсірген фото.)

Азаттық тілшісі сөйлескен Самарқанда тұратын блогер Ташпулат Рахматуллаевтың айтуынша, Өзбекстанның тұңғыш президентінің бейнесі басылған кәдесыйлар қолдан әрі сапасыз етіп жасалған.

Бір сөйлемде 12 қате бар екен. Бұған қоса, әлгі плакаттарда тұңғыш президент айтпаған сөздер жазылған

– Марқұм Ислам Каримовтің бейнесі басылған плакаттарға мән-мағынадан жұрдай сөздер жазып қойған, әрі орфографиялық қателер өріп жүр. Каримовтің бейнесі басылған бір күнтізбені фотоға түсіріп алған едім. Бір сөйлемде 12 қате бар екен. Бұған қоса, әлгі плакаттарда тұңғыш президент айтпаған сөздерді жазған. Мысалы, плакаттарда "Қош бол, халқым! 25 жылда бірге болуға нәсіп етпеді" деген сөздер бар. Майда-шүйдемен айналысатын типографиялар Каримовтің бейнесі басылған плакаттарды шығарады, ал фотосуретінің астына түркиялық басылымдардан алынған Құран-кәрім жазып қояды. Бұған қоса, Самарқанда "Каримовтің Меккеге қажылық сапармен барғаны туралы видео" делінетін дискілер де сатады. Бірақ оларда, әрине, ондай видеолар жоқ, - дейді блогер Ташпулат Рахматуллаев.

Оның айтуынша, жексенбі күні Самарқандағы Каримов атындағы көшеден де арзанқол кәдесыйлар сатумен айналысатын саудагерлер қуылған. Бірақ олар дәл сол күні әлгі орындарына қайта оралып, саудаларын жалғастырған.

"КҮНКӨРІС ҮШІН САТАМЫН"

Самарқандық журналист Каримберді Турамуродтың айтуынша, кей саудагерлер Ислам Каримовтің сүйегі жерленген орынды кіріс көзіне айналдырып алған.

– Мұндай саудаға мүлде қарсымын. Тұңғыш президентіміздің сүйегі жатқан орынға Өзбекстанның барлық облысынан қарапайым адамдар барып, зиярат етеді. Ал әлгі "кәсіпкерлер" қасиетті жерлерден әкелінген деп алдап, оларға мән-мағынасы жоқ сувенирлер сатады. Олар Ислам Каримовтің фотосуреттері басылған әрі "Сендерге ақ батамды беремін" деген сөз жазылған плакаттар сатады. Ал тұңғыш президентіміз ондай сөзді ешқашан айтпаған әрі қазір оның аруағы мұндай түкке тұрғысыз жарнамаға зәру емес. Мұндай заңсыз саудаға тыйым салу керек. Кей алақол саудагерлер Ислам Каримовтің сүйегі жерленген орынды кіріс көзіне айналдырып алған, - дейді журналист Каримберді Турамурод Азаттыққа.

Ислам Каримовтің аты берілген көшедегі жазу.
Ислам Каримовтің аты берілген көшедегі жазу.

Азаттық тілшісіне Самарқанда осындай кәдесыйлар сататын саудагерлердің бірімен сөйлесудің сәті түсті. Ол бұл бизнестің арқасында бала-шағасын асырап отырғанын айтады.

– Ташкенттен әкелінген әлгі сувенирлерді екі мың сумнан сатып алып, 2,5-3 мыңнан қайтадан сатамын. Жұрт оларды қасиетті тәбәрік санап сатып алады. Кәдесыйларға жазылған сөздерде орфографиялық қателер болса, менің кінәм емес қой. Осы бизнестің арқасында кешке қарай үйге екі тандыр нан апарамын, мен үшін бұл – күнкөріс көзі, - дейді Ислам Каримовтің бейнесі басылған қарабайыр кәдесыйларды сатумен айналысатын самарқандық саудагер.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың дүние салғаны туралы 2016 жылы қыркүйектің 2-і күні ресми хабарланған. 78 жасында инсульттен қайтыс болған Каримовті Самарқандағы Хазрат Хизр кесенесінде жерлеген.

ВИДЕО: Ислам Каримовтің бейітіне тәу ету (5 қазан 2016 жыл)

Каримовтің бейітіне тәу ету
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:45 0:00

Тұңғыш президент жерленгеннен кейін көп ұзамай Самарқандағы бейітіне елдің әр аймағынан тәу етіп барушылар көбейген. Каримовтің бейітіне көптеген шетелдік жоғары лауазымды тұлғалар да барған.

Өзбекстан билік орындары тіпті Ислам Каримов мемлекетті басқарып тұрған кезде түрлі айыптармен түрмеге қамалып, ол өлгеннен кейін бостандыққа шыққан бұрынғы тұтқындарды да Самарқан қаласына "зиярат етуге" ұйымдастырып апарғаны хабарланған.

Оқи отырыңыз: Түрмеден шығып, Каримовтің моласына бару салты

Сондықтан қазір ол жерленген Самарқандағы "Шахи-Зинда" тарихи кешені Каримовтің басына зиярат етуге барып жатқан туристерге "лық толы". Әзілкештер қазір Өзбекстанда "Самарқанға бару – шағын қажылыққа тең" деп әжуалайды.

2017 жылы сәуірде Ислам Каримовтің бейітіне барған Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев "бұдан былай тұңғыш президенттің бейітін ұлттық гвардия сарбаздары күзететін болады" деп мәлімдеген болатын.

(Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісі Шухрат Бабаджановтың мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG