Accessibility links

Cириядағы химиялық шабуылды тексеру кешеуілдеп жатыр


Думадан табылған хлор құйылған газ баллоны.
Думадан табылған хлор құйылған газ баллоны.

Сәуірдің 18-і күні Химиялық қаруға тыйым салу халықаралық ұйымы инспекторлары Сирия астанасы Дамаск түбіндегі 7 сәуір күні химиялық шабуыл жасалды деп болжанатын Дума қаласына кіре алмады. Ал сириялық "Ақ каска" ұйымы химиялық шабуылдан 46-дан 70-ке дейін адам мерт болып, жүздеген адам зардап шекті деп мәлімдеді.

Сәрсенбі күні Думаға бармақ болған Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы миссиясын қорғамақ болған БҰҰ қызметкерлеріне белгісіз біреулер оқ атқан. Бұл деректі БҰҰ-ның ресми өкілі де растады. Зардап шеккендер жоқ. Сирия әскері оқ жаудыру фактісін жоққа шығарады. Reuters агенттігі Сирия әскері өкілінің "БҰҰ қызметкерлерін Батыстың әуе соққысына қарсы стихиялы наразылық шараға қатысушылар қарсы алуы мүмкін. Бұл оларға халқымыздың атынан жасалған жолдау болды. Бірақ халықаралық миссия жұмысын жалғастыра алады" деген сөзін таратты.

Егер Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы өкілдері Думаға жетсе Дамаск түбіндегі ықтимал химиялық шабуыл туралы қортынды жасауға мүмкіндік беретін материалдық айғақтарды жинауы тиіс.

Сирияның Башар Асад бақылауына алмаған аудандарында азаматтық қорғаныспен айналысып жүрген «Ақ каська» ұйымы БҰҰ инспекторына химиялық шабуыл құрбандары жерленген жерді көрсетпек болған. Бұл жайлы Reuters агенттігіне ұйым басшысы Раид Салех хабарлаған. Оның сөзінше, химиялық шабуыл алдында және одан кейін Дума қаласын бомбалап, зеңбіректен атқылаған. Сондықтан "Ақ каська" жасақтарының қаза тапқандар туралы дерек жинап, аты-жөндерін анықтауға мүмкіндігі болмаған.

Ертеректе "Ақ каська" өкілдері қаза тапқандардың денесінен цианоз (терінің түсі көкпеңбек болып кетуі) белгілері, ауыздарынан ақ көбік аққаны, көздерінің қасаң қабығы күйіп қалғаны байқалды деп хабарлаған. Зардап шеккендердің көз қарашығы кішірейіп, денесі тырысқан. Ұйым есебінде шабуыл құрбандары фосфор қосындыларынан уланған деп жазылған. Құрамында Францияның БҰҰ-дағы өкілі де бар кей бақылаушылардың сөзінше, Думадағы шабуылдан зардап шеккендерден хлор ғана емес зарин сияқты жүйке жансыздандыратын заттың да пайдаланғаны байқалған.

Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы инспекторларының Думаға жоспарланған сапары дипломатиялық тәжікелесуге ұласты. АҚШ пен Франция "Асад режимі мен Мәскеу шабуыл іздерін жою үшін халықаралық сарапшылардың болжамды шабуыл орнына жетуіне әдейі кедергі келтіріп отыр" деп мәлімдеген. Мұны ұлыбританиялық Guardian газетінінің "Думада Сирия билігі жергілікті дәрігерлерді қорқытып, химиялық қару туралы айтпауды талап етіп жатыр" деген мақаласы да шабуылды жанама түрде растайды.

Медициналық көмек және құтқару ұйымдары одағы (UOSSM) жетекшісі Ганем Тайяра Guardian басылымына "егер әлдебір мәлімдемелер жасайтын болсаңдар, отбасыларыңның қауіпсіздігіне қатер төнеді" деп, режим өкілдерінен ескерту алған бірнеше думалық дәрігердің куәлік сөздері бар деп хабарлаған.

"Әлгі шабуылдан кейін Думадан кеткісі келген дәрігерлердің бәрін мұқият тінткен. Бірінші кезекте оларда әлдебір биологиялық немесе химиялық заттар бар-жоғын тексерген. Медициналық пункттердің бірінен қаза тапқан жеті адамның мәйітін алып кеткен. Бұл жақтағы оқиғаларға ресейлік әскери полиция белсенді қатысып жатыр. Бәрін солар басқарып жүр" дейді доктор Тайяра.

Шабуылдан тірі қалып, Сирияның Асад режимі қарсыластарының бақылауындағы солтүстік аудандарына эвакуацияланған Әбу Валид есімді тұрғын: "Ұлым жөтеле бастағанын көрдім. Оған қашуымыз керек дедім. Сосын екіқабат келіншегімді қолынан ұстап алып, баспалдаққа жүгіріп шықтық. Сосын есімнен танып қалыппын. Есімді үстіме су құйып жатқанда жидым. Бес сағат ес-түссіз жатыппын. Маған химиялық шабуыл болды деді. Әйелім мен ұлым мерт болды. Мені де құтқармай қою керек еді" дейді.

Ал жергілікті тұрғын Раша Эдлиби: "Бәріміз жертөледе тығылып отырғанбыз, кешкі тамақ ішетін мезгіл болатын. Хлордың иісі мүңкіп кетті. Күйеуім мені медпунктке дейін сүйреп жеткізді. Сол жерде есімнен танып қалдым. Ал есімді күйеуім үстіме су құйып жатқанда жидым" деді.

Ұлыбританиялық Independent басылымы Роберт Фискінің Думадан жолдаған репортажын жариялады. Фиск мақаласында жергілікті дәрігердің "қатты жел көтеріліп, бұрқыраған шаң адамдар бомбылаудан тығылып отырған жертөлелерге енді. Мұнда (ауруханаға – ред.) гипоксия белгілері бар, оттегі жетпей тұншыққан адамдар келе бастады. Кейін есіктің жанында тұрған біреу "газ!" деп айқай салды да, дүрбелең басталды. Видео (7 сәуірден кейін әлем БАҚ-тары жаппай жариялаған) осы жерде түсірілген. Болған оқиға. Бірақ видеодағы адамдар газдан уланғаннан емес, ауа жетпей тұншығып жатыр" деген сөзін келтірген.

7 сәуірден кейін әлем БАҚ-тары жаппай жариялаған видео

Сирия мемлекеттік телевизиясы думалық бірнеше дәрігерден алынған сұхбатты көрсетті. Олар да химиялық қару қолданылғанын жоққа шығарады. Guardian басылымына аноним түрде сұхбат берген тағы бір дәрігер әріптестерін қорқытып тастаған деп санайды. Оның сөзінше, олардың кейбірі режимге бейіл танытып, Думада қалуды ұйғарған. Енді режим оларды пайдаланып отыр.

Сәуірдің басына дейін Дума бірнеше оппозициялық топтың бақылауында болған еді. Асад армиясымен жүргізілген келісімнен кейін олардың бір бөлігі Думадан кетуге келіскен. Ал өзгелері қалуға шешім қабылдаған. Өткен аптада "Жейш-әл-Ислам" тобы жасақтары химиялық шабуылға байланысты Думадан кеткендерін айтқан. Осыдан кейін қала маңы үкімет күштері бақылауына өткен. Ол жаққа Ресей әскери полициясы да барған.

Мәскеу мен Дамаск Думада химиялық шабуылды жоққа шығарады. Химиялық қаруға тыйым салу ұйымындағы Ресей өкілі Александр Шульгин ұйымның атқару кеңесінің арнайы жиынында Ресейдің қолында "7 сәуірде Думада химиялық шабуыл болмағанын дәлелдейтін айғақтар бар" деп мәлімдеді. Бірақ Ресей әлгі айғақтарды әлі көрсеткен жоқ. Шульгиннің сөзінше, "бұл - Ұлыбритания арнайы қызметі ұйымдастырған арандату. Оларға Вашингтон көмектесуі мүмкін".

Ресей сыртқы істер министрлігі өкілі Мария Захарова химиялық қаруға тыйым салу ұйымы инспекторларының Думаға жете алмай бөгеліп қалуын Батыс елдерінің сәуірдің 14-і күнгі операциясымен байланыстырады. Оның сөзінше, операцияның кесірінен БҰҰ-ның қауіпсіздік департаменті өкілдеріне, химиялық қаруға тыйым алу ұйымы сарапшыларына, Сирия билігіне және ресейлік әскери контингент өкілдеріне химиялық шабуыл жасалды деп болжанған жерге бару жоспарын дереу қайта қарауға тура келген.

Батыс елдері Сирия президенті Башар Асад режимін химиялық қару қолданды деп айыптайды. Сәуірдің 14-і күні АҚШ, Ұлыбритания және Франция Сириядағы химиялық қару өндіруге қатысты бар бірқатар нысандарды зымыранмен атқылаған.

"Это прямой результат того, что Россия не выполнила обещание"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00

Асад режимінің негізгі одақтастары - Иран мен Ресей Батыс елдерінің операциясын айыптаған.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Ярослав Шимовтың мақаласы орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG