Accessibility links

"Ұрып-cоғып, депортациялады". Ресейде тәжік мигранттарын Украинаға соғысқа баруға қалай мәжбүрлейді?


Мәскеу көшесінде адамдарға Ресей армиясына қызметке шақырған үгіт парағын таратып жүрген әйел.
Мәскеу көшесінде адамдарға Ресей армиясына қызметке шақырған үгіт парағын таратып жүрген әйел.

Тәжік мигранттары мен құқық қорғаушылар Ресей билігін Орталық Азиядан шыққан жұмысшыларға қысым көрсетіп, Украинаға соғысқа баруға мәжбүрлеп жатыр деп айыптады. Олардың сөзінше, полиция Ресей билігінің ұсынысынан бас тартқандарды ұрып-соғып, қудалап, депортациялауға көшкен.

Кей тәжік мигранттары өздерін Ресей полициясы ұрып-соғып, ойдан құрастырылған қылмыстық айыптар бойынша депортациялағанын айтады. Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, бұған олардың Украинаға соғысқа барудан бас тартуы себеп болған.

Мигранттар мен құқық қорғаушылар пікірінше, Ресей билігі Украинадағы қатары сиреген әскер санын толықтыру үшін Орталық Азиядан жұмыс істеуге келген адамдарды қудалай бастаған.

Душанбенің 30 жастағы тұрғыны Мансур Ходжиев қазанда Ресей әскеріне қосылу туралы келісімшартқа қол қоюдан бас тартқаннан кейін бірнеше аптадан соң, Тәжікстанға депортацияланған.

Ол қыркүйекте көші-қон қызметіне Ресей азаматтығын алу туралы өтініш берген.

– 12 қыркүйекте Пермь облысы Свердловск ауданының көші-қон қызметіне барғанымда, шенеуніктер Украинаға соғысқа бару туралы келісімшартқа қол қоюым керегін, әйтпесе, азаматтық ала алмайтынымды айтты, – дейді Ходжиев.

Мансурдың Ресейде тұрғылықты мекенжай анықтамасы бар. Енді азаматтық алғысы келген. Бірақ соғысқа бару туралы ұсыныстан кейін азаматтық алмай-ақ, жұмыс істеп жүре беремін деп шешкен.

Ресейдің Пермь облысы Свердлов аудандық соты Мансур Ходжиевтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша шығарған үкімнің көшірмесі
Ресейдің Пермь облысы Свердлов аудандық соты Мансур Ходжиевтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша шығарған үкімнің көшірмесі

Арада екі апта өткенде Ходжиевті көші-қон қызметіне шақырып, тыйым салынған есірткі түрін пайдаланғаны жөнінде хаттамаға қол қоюын талап еткен.

– Бетіне маска таққан төрт кісі қолыма кісен салып, басыма полиэтилен пакет кигізіп, үлкен көлікке мал айдағандай итеріп кіргізіп, орманға апарды. Қол-аяғыма сым жалғап, электр тоғымен азаптады, – дейді ол.

Ходжиев азаптаудан кейін "полиция есірткі пайдаланған жерімнен ұстады" деп хаттамаға қол қоюға мәжбүр болған.

Ертеңіне Свердловск аудандық соты полиция хаттамасы мен мигранттың "өз кінәсін мойындағанына" сүйеніп, Ходжиевті заңсыз есірткі пайдалану бабымен айыпты деп тапқан. Тәжік мигрантына айыппұл салып, Ресейден депортациялаған.

Азаттық Пермь облыстық полициясы мен сот өкілдеріне хабарласқанымен, олардан пікір ала алмады.

Ресейдегі мигранттар мен құқық қорғаушылар Орталық Азиядан шыққан жұмысшыларды қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, Украинаға соғысқа баруға мәжбүрлеу туралы ондаған фактіге куә болған.

Ходжиевке қарсы қудалау басталмай тұрып, құқық қорғаушы Татьяна Котляр 7x7 телеграм арнасына азаматтық алуға өтініш берген 5 мигрантқа әскери келісімшартқа отыру туралы ұсыныс жасалғанын айтқан еді. Олардың қатарында Калуга облысында жұмыс істеген тәжік мигранты да болған. Жұмысшы денсаулығына байланысты соғысқа бара алмайтынын ескерткен соң, Ресей азаматтығын алу туралы өтініші кері қайтарылған.

Котляр Facebook парақшасына тәжік мигранты ресейлік шенеуніктердің үстінен арыз бергенін жазды. Полиция бұған жауап ретінде мигрантқа қарсы ойдан шығарылған қылмыс бойынша іс қозғаған.

"Тонг Жахони" құқық қорғау ұйымының директоры Валентина Чупик шенеуніктердің қорқытып-үркіту, азаматтық аласың деп ынталандыру сияқты әртүрлі әдіспен мигранттарды Ресей жағында соғысуға көндіріп жатқанын бірнеше рет айтқан.

Украинадағы соғысқа Орталық Азияның қанша азаматы кеткені белгісіз.

Душанбе тұрғыны Анвардың (кейіпкер толық аты-жөнін айтпады) сөзінше, наурызда Мәскеудегі Сахаров көші-қон орталығының қызметкерлері оған әскери келісімшартқа отыруды ұсынған.

– Соғысқым келмейді дедім. Олар мені қорлап, ұрып-соқты, белімнен тепті, – дейді тәжік мигрант.

Мәскеудегі Сахаров миграциялық орталығында отырған адамдар
Мәскеудегі Сахаров миграциялық орталығында отырған адамдар

Анвар 17 күн қамауда отырып, Ресейдің көші-қон тәртібін бұзды деген айыппен Тәжікстанға депортацияланған.

– Құжаттарым таза еді. Тұрғылықты мекенжай анықтамасы мен жұмыс істеуге рұқсат мерзімін ұзарту үшін міндетті төлемдерді де өткіздім, – дейді Анвар.

Ол ресейлік шенеуніктер өзін Украинаға барудан бас тартқаны үшін жазалады деп есептейді.

Анвардың анасы ұлының денесі көгеріп келгенін, денесіндегі жарақатынан бөлек, психологиялық қысым көргенін айтады. Тәжік азаматы бірнеше ай бойы емделген.

Мансур мен Анвар Душанбеден жұмыс таба алмаған. Жұмыссыздық етек жайған Тәжікстаннан миллиондаған адам Ресейге барып жұмыс істеуге мәжбүр. Ресей мигранттардың әлжуаз топ екенін пайдаланып, оларды соғысқа жұмсау үшін қысымға алып отыр.

Мансур мен Анвар "ақшадан тарықсақ та, соғысқа бармағанымызға өкінбейміз" дейді.

Азаттықтың Тәжік қызметі мен Орталық Азия мигранттары жөніндегі орталықтың материалдары бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG